Жаңалықтар

ХАЙУАНАТТАР БАҒЫ: БIР ҚУАНЫШ, БIР ӨКIНIШ

ашық дереккөзі

ХАЙУАНАТТАР БАҒЫ: БIР ҚУАНЫШ, БIР ӨКIНIШ

Жазғы демалыс балаларға мереке сыйлайтын шақ. Бұл мезгiлде кез келген отбасы баласын түрлi демалыс орындарына апарып, көңiлiн көтеруге асығады. Баланың қиялына жететiн нәрсе бар ма? Олар бәрiн де өз көзiмен көрiп, қолымен ұстап көргендi қалайды емес пе?

Алматының көркi мен келбетiнiң бiр белгiсiне айналған "Алматы хайуанаттар бағы" мемлекеттiк коммуналдық қазыналық кәсiпорны 1937 жылдан берi қызмет етiп келедi. Қытай аллигаторлары мен бенгал жолбарыстарын алматылықтар 1954 жылы көрген. Iрi ара тотықұстары 1957 жылы, адам тәрiздес маймылдар мен ламалар 1961 жылы, бегемоттар 1962 жылы сатып алынды. Сейшель алып тасбақалары 1967 жылы, қара пантера мен гепардтар 1970 жылы хайуанаттар бағынан орын алды. Бақ 70 жылдық тарихында-ақ 200-дей жан-жануардан тұратын шағын бақтан әлемдегi ең iрi хайуанаттар бағының бiрiне айналды. Мұнда қазiр жан-жануарлар, құстар мен бауырмен жорғалаушылардың 500-ге жуық түрi, 4 жарым мың аң мен құс, балықтар бар. Яғни, жануарлардың кейбiрi бұл бақты ұзақ жылдар бойы мекендеп келедi.

Әсiресе, сонау шалғайдағы елдi мекендерден қалаға қыдырып келетiн отбасы әсем саябақтар мен балаларға қуаныш сыйлайтын мекенге атбасын бұруға, жақсы әсер жинауға асық. Ең әуелi олар үшiн Алматыдағы Хайуанаттар бағын тамашалау, теледидар арқылы танып-бiлетiн аңдар мен құстың түр-түрiн көрудiң өзi бiр бақыт.

Олардың тiршiлiгiмен танысу балалар тұрмақ ересектердiң де құштарлығын арттырмай қоймайды. Бiрақ аталмыш баққа бас сұққан сайын жұрттың шекесi тырысып, қабағын кiрбiң шалып қайтатынын байқап қаламыз. Өйткенi, аңдар тұрған орынға жақындамай жатып, жағымсыз иiс қолқаны жарып кетедi. Ол ол ма, тақыр жердi тырмалап жатқан кейбiр аңдардың селқос қимылдауынан олардың әбден зәрезап болғанын аңғару қиын емес. Ал, кейбiрi қаптаған адамдардан шаршап, бiр мүйiсте тығылып, пыр-пыр ұйқыға кiрiскен.

Аң мен құс табиғаттың ерекше жаратылған тiршiлiгi. Олар да ерекше күтiм мен қамқорлықты талап етедi. Бiздiң түсiнiгiмiзше, әлемге әйгiлi Хайуанаттар бағындағы аңдар мен құстардың күтiмi жақсы болуға тиiс. Әрине, солай болуы мiндеттi. Оларды тамашалауға Алматы қаласының тұрғындары ғана емес, елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнен келушiлер де ағылады. Мәселен, мұнда кiру үшiн 6 жастан 12 жасқа дейiнгi балалар 100 теңге, ал ересектер 400 теңге төлейдi. Жазғы демалыс күндерi бақтың iшi адамнан үзiлген емес.Тек жұрттың наразылығын тудыратын бiр кiлтипан – тазалықтың ойдағыдай еместiгi. Бәлкiм, аңдар орналасқан тордың iшiн дер кезiнде залалсыздандырып, уағымен тазалап тұрса, ел-жұрт та қайта айналып соғуға асығар едi. Әйтпесе, қазiр Хайуанаттар бағы десек, әп-сәтте оның жағымсыз иiсi мен тазалығының көңiл көншiтпейтiндiгi тiлге орала кетедi.

Биылғы көктем айларында Хайуанаттар бағы жаңа тiршiлiк иелерiмен толықты деген ақпарды естiгенбiз. Шынында да, бақта маймылдың түр-түрi көбейiптi. Мойны ұзын керiктiң де бiрнешеуi төбе көрсетiп жүр. Бiрақ та, Хайуанаттар бағының тазалығы көңiлге кiрбiң ұялататын сияқты. Аңдар патшалығына баратын жолдың үстi, көптеген тордың айналасы басқан аяқты керi кетiредi.

Әрине, соңғы жылдары баққа мемлекеттен айтарлықтай көмек бөлiнiп, қайта әрлеу жұмыстары жүргiзiлiп, қала тұрғындары мен қонақтарының демалатын сүйiктi орнына айналғаны анық. Бiрақ мұндағы аңдар мен құстардың жағдайы, тазалық мәселесi кiмдi алаңдатып отыр? Әйгiлi бақтың мемлекетке қарайтынын көпшiлiк бiледi. Бiрақ нелiктен мұнда келiп-кететiн жұртқа, балаларға оңтайлы жағдай жасалмаған? Осы мәселе бойынша Хайуанаттар бағының ветеринарлық жөнiндегi директорының орынбасары Жанат Ахметовамен тiлдескенiмiзде, Алматы Хайуанаттар бағына шетелден келетiн қонақтардың "ең таза әрi жап-жасыл жер" деп баға бергендiгiнен бастады әңгiмесiн. "Өйткенi, бiз СЭС мамандары мен ветеринарлармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеймiз. Бiзде жұмысшылар күнделiктi тазартып отырады. Мал тұрған жерде иiс болмай тұрмайды. Әлемнiң барлық Хайуанаттар бағында солай. Бiздегi аңдардың бәрi өзiндiк спецификалық иiсi бар жабайы жануарлар. Оларды шомылдыра алмаймыз. Егер адамдар тазалыққа көңiлi толмаса, бiзге келiп неге айтпайды?" дейдi ағынан жарыла. Жанат Шегебайқызының Хайуанаттар бағына келушiлерге де айтар назы аз емес. "Әрбiр аң тұсына "Тамақ беруге болмайды!" деп жазылса да, келушiлердiң бұл аңдатпаға құлақ аспайтыны қарын аштырады. Оның бәрi суға, жерге түседi де, ластанады. Мысалы, анасы баласына ұйықтап жатқан аңды таспен ұршы десе, бұл бiздiң мәдениетiмiздiң төмен екендiгiн бiлдiредi. Көптеген азаматтарымыздың мәдениетi өте төмен. Батыста өзiн-өзi сыйлайтын адам бұлай iстемейдi. Бiз баққа келген адамның сөмкесiнде не бар екенiн сұрауға құқымыз жоқ. Оның үстiне әр аңның жанына бiр қызметкер тұрғызып қоятын болсақ, жұмысшы жетпейдi", – дейдi ол кiсi. Ол – рас. Көптеген адамдар мұндайды жеңiл-желпi нәрсе деп санап, өздерiнiң тағылығын танытып қалады.

Бiр өкiнiштiсi, баққа күнiне қанша адам келетiндiгiнен бейхабар Жанат Шегебайқызы баққа жыл сайын мемлекеттен қанша қаржы бөлiнетiндiгiн де бiлмейтiн боп шықты. "Бiз баққа келушiлерден түскен ақшаға жан-жануарлардың азығын аламыз. Бүгiнде бақ Канададан 20 қызыл қоқи қаз, 10 пингвиннiң баласын алуға, сондай-ақ, сирек кездесетiн қара мойынды аққулар әкелуге келiсiм шарт жасап жатыр. ТМД бойынша бiрде бiр Хайуанаттар бағы екi керiктi өсiре алмай жатқанда, Алматы Хайуанаттар бағында тұңғыш рет бесiншi төлi өмiрге келдi. Ол тек климатқа ғана емес, тамақтануына да байланысты", – деп қорытты өз сөзiн Жанат Шегебайқызы.

Бiз бұл күнi бақтағы аң-құстарды, жәндiктердi тамашалауға келген ата-ана мен балаларды сөзге тартып, ой-пiкiрiн бiлген едiк.

АЙЖАН, Алматы қаласының тұрғыны:

– Жазғы демалыста балалар үйде отырғысы келмейдi. Сондықтан отбасымызбен ара-тұра Хайуанаттар бағына жиi келiп тұрамыз. Бұл – балалардың олардың дүниетанымын кеңейтiп, тiршiлiк иесiне деген қамқорлық сезiмiн оятады деп бiлемiн. Алайда, осы баққа келген сайын демалып қайтудың орнына шаршап-шалдығып шығамыз. Тордағы аңдардың маңайына жолау мүмкiн емес. Екi қызым мұнда келгенше, "Хайуанаттар бағына барайықшы…" деп асықса, келген соң "Анашым, үйге қайтайықшы. Мына жер сасық қой", – деп айнып қалады. Неге? Себебi, анадайдан мүңкiп жатқан жағымсыз иiс балалардың да көңiл-күйiн түсiрiп жiбередi. Шын мәнiнде, тазалыққа бақ әкiмшiлiгi неге назар аудармайды? Басқа мезгiлдi айтпағанның өзiнде, жазғы демалыс кезiнде баққа келушiлерге оңтайлы жағдай жасауға болады ғой. Бiздi қойыңызшы, сирек кездесетiн жан-жануарлар мен құстарды тамашалауға басқа облыс, қалалардан әдейiлеп келетiн қонақтар мен балаларға аяушылықпен қараймын. "Алматыдағы Хайуанаттар бағына барамын" деп келген бүлдiршiннiң есiнде не қалады екен?

Рашид ӘЛIМЖАНОВ, 4-сынып оқушысы, Ұзынағаш қаласы:

– Алматыдағы Хайуанаттар бағы туралы жиi еститiнмiн. Биыл анам екеумiз бардық. Шынымды айтсам, менiң ойымдағыдай болмай шықты. Темiр тордың ар жағындағы жануарларды қатты аядым. Адамдардың қолына ентелей бередi, соған қарағанда хайуанаттарды дұрыс тамақтандырмайтын сияқты. Оған қоса тұрған орындары тым лас екен. Мәселен, ақ аюлардың шомылатын суы лас әрi бiртүрлi жаман иiс шығады. Қасқырлардың да торы сондай екен. Ал, баққа кiре берiсте қоқыс тастайтын жер бар. Мұны көрiп баққа екiншi рет келуге құлшынған жоқпын. Бұрыннан берi армандап жүрген Хайуанаттар бағы маған аса ұнаған жоқ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ