Жаңалықтар

"Бiз тiлеген "орыс революциясы" бiздi қапыда қалдырды" деген Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарасы жайында

ашық дереккөзі

"Бiз тiлеген "орыс революциясы" бiздi қапыда қалдырды" деген Мұстафа Шоқайдың саяси көзқарасы жайында

Былтыр Мәскеуде "Шетелдегi орыстардың қоғамдық ой-пiкiрлерi: Энциклопедия" атты ғылыми-анықтамалық басылым жарық көрдi. Онда Мұстафа Шоқай туралы көлемдi мақала басылды. Мақала авторы – Ресей Ғылым академиясы Ресей тарихы институты Ресейдiң жаңа тарихын зерттеу және саясаттану орталығының аға ғылыми қызметкерi, РҒА Ғылыми кеңесiнiң әлеуметтiк реформалар, қозғалыстар мен революциялар тарихы бойынша ғалым-хатшысы, тарих ғылымдарының докторы Салават Мидхатович Исхаков. Ғалым "Мұстафа Шоқайдың 1917 жылғы революция туралы естелiктерiнен үзiндiлерiн" орыс тiлiнде 2001 жылы Токиода, Мәскеуде бастырып, өзi "Мұстафа Шоқай Орта Азиядағы 1917 жылғы революция туралы" деп аталатын көлемдi мақала жазған.

Әлемге әйгiлi Мұстафа Шоқайдың өмiрi мен қоғамдық-саяси қызметiнiң жаңа қырлары ашылған осы мақаланың қысқартылған нұсқасын саяси ғылымдарының докторы Әбдiжәлел Бәкiрдiң аудармасында ұсынып отырмыз.

Мұстафа Шоқаев (эмиграцияда — Шоқайұлы) — 1917 жылы Түркiстан мұсылмандары басшыларының бiрi, Уақытша үкiметтiң түркiстандық комитетiнiң және Құрылтай жиналысының мүшесi. 1918 жылдың қаңтар айында орнап, ақпан айында қарулы күшпен талқандалған Түркiстан автономиясы ("Қоқан автономиясы") Үкiметiн басқарған. Адмирал А.В.Колчак Комучты жойғаннан кейiн Грузия Республикасына барып, онда Түркiстан құрылтай жиналысын шақыру жөнiндегi Комитеттi басқарған. "Әрбiр халықтың ұлт және егемен мемлекет ретiнде танылу құқығын қорғау", "бұрынғы Ресей аумағындағы жаңа мемлекеттiк құрылымдарды реакциялық, большевиктiк режимдерге қарсы күрес негiзiнде" экономикалық, саяси және дипломатиялық жолмен бiрiктiру үшiн күреседi.

Большевиктер Грузия Республикасын талқандағаннан кейiн М.Шоқай 1921 жылы Түркия арқылы Францияға өтедi. Ол "Жаңа Түркiстан" (Стамбұл, 1927-1931) журналының негiзiн қалаушы, "Жас Түркiстан" (Берлин, 1929-1939) журналының редакторы болады. Сонымен бiрге Түркiстан ұлттық бiрлестiгi (ТҰБ) Орталық комитетiнiң мүшесi, 1929 жылдан бастап оның жетекшiсi, Кавказ, Украина және Түркiстан халықтарын ұлттық қорғау органы — "Прометей" (Париж, 1926-1938) журналы редакциялық алқасының мүшесi. 1928 жылы Варшавада Польшаның Бас штабы мен Сыртқы iстер министрлiгiнiң Шығыс бөлiмi эмигранттардың барлық топтарын бiрiктiру және КСРО-ға қарсы пайдалану туралы Ю.Пильсудскийдiң алға қойған мiндеттерiне байланысты құрылған "Прометей" (Ресейдiң езгiсiндегi халықтар лигасы) халықаралық ұйымының мүшесi. Бұл ұйымға Әзiрбайжан, Дон, Карелия, Грузия, Волга бойы, Қырым, Кубань, Солтүстiк Кавказ, Түркiстан, Украинаның және басқалардың өкiлдерi кiрген.

Немiс әскерлерi Парижге басып кiрген кезде, Шоқай "ағылшын барлаушыларымен байланыста болды" деген айыппен бiр жылдай Компьен лагерiнде тұтқынға алынып, Германия КСРО-ға шапқыншылық жасағаннан кейiн бiрнеше күннен соң босатылады. Ол Орта Азия мен Қазақстаннан шыққан әскери тұтқындар арасында Кеңес Одағына қарсы үгiт жүргiзу мақсатында Германияға жiберiледi. Алайда, көп ұзамай белгiсiз жағдайда кенеттен қайтыс болады.

Мұстафа Шоқай ХIХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бас кезiнде Ресей мұсылмандарының мәдени реформаторлық қозғалысы — жадитизмнiң ықпалында болды. Петербор университетiнде оқып жүрген жылдары ол орыс зиялы қауымының революциялық-демократиялық және либералистiк топтарының ықпалымен өзiн материалистер, вольтершiлдер санатына жатқызды, саяси еркiндiк пен "әлеуметтiк әдiлдiктi" бiрiншi кезекке қойды, "халықтың сенiм-нанымына аса құрметпен" қарағанымен, шариғаттан ұлт азаттықтың амалын көре алмады.

Ресей мен Түркiстан тарихына баға бергенде, Шоқай орыс үкiметi, бiр жағынан, патша тағының тiрегi болып табылатын помещиктердiң "ғасырлар бойғы құқығын" қорғайды; екiншi жағынан, өкiметке шаруалар бұқарасының революциялық көңiл-күйiмен күресу қиындап барады деген қағидаға сүйенедi. Егер Ресейде жер мәселесi "әлеуметтiк, таптық-саяси" мәнге ие болса, Шоқайдың ойынша, ол Түркiстанда көбiне саяси, оның үстiне "ұлттық-саяси" мәселе болып табылады. Егер Ресейдегi революция орыс шаруаларының жер жөнiндегi мүдделерiмен үндессе, Түркiстандағы революция келiмсек орыс шаруаларының мүддесiне қарсы сипатта болып, шұрайлы жерлердi оларға берудi едәуiр қысқартуды немесе түркiстандықтарға жердi түгелдей қайтаруды ашық қолдады.

Түркiстан халықтарының тарихындағы билiк пен қоғамның өзара қатынасының сипатына баға бере отырып, Шоқай: "Бiздiң хандарымыз қатыгез болды және олардың ел билеу тәртiбi аса қарапайым едi. Бiрақ бiздiң халқымыз құл болған емес. Оларды ешқашан сатпаған, сондай-ақ ит-құсқа айырбастамаған" деп жазды.

Ресейдiң Түркiстандағы рөлiн баға бере отырып, Шоқай "Ресейдiң Шығыстағы маңызды "мәдениетгерлiк" рөлiн жоққа шығарды, сонымен бiрге ол: "Түркiстандағы отаршыл орыс режимi қаншалықты ауыр болғанымен, ол Бұхарада салтанат құрған жалаң деспотизммен салыстырғанда, еуропалық мәдени тәртiптiң биiгiндей көрiнедi" деп атап көрсеттi.

Салыстырмалы-тарихи талдау Шоқай әдiстемелiгiнiң маңызды сипаты болатын. Оның ойынша, Түркiстандағы "нағыз революция" 1916 жылы "жаппай көтерiлiс" арқылы бой көрсеттi. Оны өкiмет аяусыз жаншыды. Ал "Бiз тiлеген "орыс революциясы" бiздi қапыда қалдырды", — деп жазды Шоқай 1933 жылы.

Большевиктердiң Түркiстандағы жеңiсiн ол, бiрiншiден, "объективтiк себептермен: "ұлан-байтақ қуатты Ресей және оған мүлдем қаруланбаған, жарты ғасырға жуық империалистiк және отарлық саясаттан әлсiреген Түркiстанның қарсы тұруымен"; түркiстандықтардың күреске өзiнiң Ресей тарихы барысымен "маталған" кезеңде түсуiмен; екiншiден, субъективтiк себептермен: "түркiстандықтар ұлт-азаттық күрестiң қажет екенiн айқын сезiнiп отырса да, өздерi iштей күш бiрiктiре алмағанымен" түсiндiрдi. "Егер түркiстандықтар төңкерiстi қабылдауға, оны жүзеге асыруға жақсы әзiрленгенде, олар Ресейдiң басқа бөлiктерiне қарағанда өздерiнiң көптеген ұлттық талап-тiлектерiн жеңiл жүзеге асырған болар едi. Бiрақ, зор бақытсыздығымызға орай, бiз техникалық жағынан дайын болмадық" деп жазды.

Мұстафа Шоқайдың жалпы мұсылмандардың және олардың көшбасшыларының психологиясын сынауы Түркiстан қоғамының қоғамдық-саяси дамуындағы екi негiзгi бағыттың күресiмен байланысты: "Өздерiн халықтың "жанашыры" деп есептейтiн әлеуметтiк-консервативтiк элементтер өмiрдiң барлық көрiнiстерiнде шариғаттың қағидаларына толық және түпкiлiктi бас июдi халықтың бақыты деп санады. Осы үшiн молдалар Түркiстанда кез келген режимдi қабылдауға дайын едi. Ал мұсылман зиялыларының бiрқатары, оның iшiнде Шоқай да: "Ресей демократиялық республикасының құрамындағы автономия зор ұлттық бастаулардың дамуына шариғат негiзiндегi бостандықтарына қарағанда әлдеқайда мол мүмкiндiктер жасайды" деген пiкiрде болды. Шоқай 1932 жылы еске алғандай, мұндай балама қоғамдық ойда кеңiнен тарай қоймаған едi.

1917 жылғы революция жағдайында орыстан басқа, оның iшiнде түрiк және мұсылман халықтарының бiрлiгi проблемасы Шоқайдың тарихи тәжiрибенi талдаудағы маңызды мәселелердiң бiрi болды. Оның пiкiрiнше, "Ресейдiң қол астындағы халықтардың күрес майданында ұлтаралық бiрлiк болмады… Әрбiр шет аймақ өзiмен-өзi болып, бөлек әрекет еттi. Өзара қолдау болмады…".

1932 жылы Парижде прометейшiл қайраткерлердiң алдында сөйлеген сөзiнде Шоқай: "Егер бiз сол кезде ақылға келгенiмiзде, егер "орыс демократиясының шындығына сенудiң" орнына, бiздiң санамызда ұлттық аймақтарда революцияны меңгеруге және оны iске асыруға батыл ұмтылғанымызда, егер бiздер бүгiнгi прометейшiл майданның өкiлдерi сол тарихи кезеңде Украинаның үлгiсiмен бiрiккенiмiзде, бiздiң халықтарымыз қазiргi кеңестiк ұлттық, материалдық және ұлттық-мәдени мағынадағы езгiден гөрi тәуiр тағдырға ие болар едi" деп көрсеттi. Түркiстан халықтарының бiрлiгi Шоқайдың шетелдегi шығармашылығындағы басты тақырыптардың бiрi болды.

Шоқайдың тарихи-публицистикалық еңбектерi батыс тарихнамасында қоғамдық екi жүйенiң қырғи-қабақ соғыс жолына түсе бастаған жағдайында аса маңызды туындылардың қатарында болса, КСРО-да олар идеологиялық сынға ұшырап, Шоқай "опасыз", "сатқын", "нағыз пантюркист" және "панисламист" ретiнде сипатталды. Шоқай Еуропада""мұсылман эмигранттарының сөзсiз көшбасшысы" болды, өзiнiң жарияланымдарында "КСРО-дағы ұлттық саясатты аяусыз сынға алды". Шоқай "өз өмiрiнiң соңына дейiн тәуелсiз ұлттық мемлекет құру идеясын жақтады және ол алға қойған мақсатына қол жеткiзу жолында өзiнiң абырой-беделiне нұқсан келмейтiн кез келген қолайлы мүмкiндiктердi пайдалануға ұмтылды". Шоқай "егемендi дамудың ұлттық идеясын ұстана отырып, барлық түркi халықтарын большевиктiк отарлауға жан-жақты қарсылықты ұйымдастырушылардың" арасында болды.

Шоқай Еуропада халықаралық саясат пен кеңестiк Орта Азия мен Қазақстандағы iшкi жағдайдың өзектi мәселелерi жөнiнде баяндамалар жасап, мақалалар жариялады, кiтаптар шығарды, бiрқатар журналдар мен газеттердi шығаруға қатысты. "Дни", "Последние новости", "Борьба", "Вольный горец" және басқа эмиграциялық басылымдарда еңбектерi жарық көрдi. Ол орыс эмигранттарының газеттерiмен ынтымақтастықта болуды маңызды деп санады. 1927 жылы мұндай ынтымақтастықты тоқтату туралы ТҰБ ОК қаулы қабылдады. Осы шешiммен келiспеген Шоқай ТҰБ құрамынан шыққан болатын, бiрақ 1929 жылы ОК құрамына қайта кiрiп, оны басқарады. Әрiптестерiнiң айтуынша, Шоқай сөздерi терең ғылыми талдауларымен және философиялық пайымдауларымен, өзгеше ой-түйiндерiмен, кейде таңқаларлық қорытындыларымен еуропалық қоғамдастықтың және орыс эмигранттарының арасында үлкен беделге ие болды. 1954 жылы Нью-Йоркте мемуарлары шыққан, белгiлi ақын және прозашы А.Шполянскийдiң орыс эмигранттарының әдеби салондарындағы "барлық кешкi 5-тегi шәй дастарқанының басында тәуелсiз Түркiстанның өкiлi, шабыттанған Мұстафа Шоқайды" есiнде бөлек сақтап қалыпты.

1923 жылдың 19 наурызында Шоқай Парижден Б.Николаевскийге "Түркiстандағы төңкерiс жылдары туралы естелiктер" жазу жөнiндегi оның ұсынысын қуаттайтынын бiлдiрiп жауап жазған. 1923 жылғы 20 маусымдағы хатында ол былай деп жазады: "Ойыма күннен-күнге жаңа деректер оралуда… "Төңкерiс шежiресiнiң" бiрiншi томын мұқият оқып шықтым. Құдай соларға қиған сабырлылықты маған да берсiн" деп жазады.

Шоқайдың Париждiң "Orent et Occ-ident" журналындағы (1923 жылдың мамыр айы) мақаласы Еуропа баспасөзiндегi Түркiстанның толық тәуелсiздiкке жету жолындағы мiндеттерi туралы ашық айтылған бiрiншi жарияланым болды. 1925 жылдың 29-мамырында И.Сталин "ақгвардияшы баспасөзге бейтаныс емес Шоқайдың" қазақ басылымдарынан алынған мәлiметтердi пайдаланып жазған мақалалары туралы РКП(б) Қырғыз өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне жолданған хатқа қол қойды. "Бiз өкiметтi, — деп жазды Сталин, — жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi буржуазиялық партияда жоқ интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда — С.М.) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең".

Шоқайдың кеңестiк ұлттық саясатты талдаудағы әдiстемесi кеңес басшыларын қатты қауiптендiрдi. 1928 жылы Парижде француз тiлiнде жарық көрген Шоқайдың кiтабы Кеңес өкiметiнiң Орта Азиядағы iс-әрекетiн, оның саясатының отаршылдық сипатын айыптаған Еуропада басылған тұңғыш еңбектердiң бiрi саналды. Француз Социалистiк партиясының органы "Le Populaire" газетiнде (1928 жыл) осы партияның көшбасшыларының бiрi Ж.Лонге (К.Маркстiң немересi) аталған кiтапқа "Түркiстандағы орыс империализмi" деген тақырыппен рецензия жазды. Француз социалистерi жетекшiленiң бiрi П.Ренодель 1928 жылы осы кiтапқа жазған кiрiспе сөзiнде "Шоқай мырзаның бұл кiтабы — көптеген негiздердiң құжаты болуымен бiрге, 1917 жылғы наурыздағы революция аса үлкен үмiтiмiздi оятса, ал большевиктердiң Қазан төңкерiсi сол үмiтiмiздiң күлiн көкке ұшырғанын дәлелдейдi" деген пiкiр айтады.

Германия, Англия, Франция, Польша секiлдi мемлекеттердiң КСРО-ның ұлттық проблемаларына қызығушылығының күрт өсуiне байланысты Шоқай түрлi мемлекеттiк құрылымдардың, сондай-ақ еуропалық ұйымдар мен институттардың қолдауына ие болса, оның қатарында "Prance-Orint" комитетi, Халықаралық iстер жөнiндегi корольдiк институт және басқалар болатын. Оларды КСРО-ны ұлттық құрылымдарға бөлудiң мүмкiндiктерi қызықтыратын. Дүниежүзiлiк қоғамдастықтың назарын кеңестiк Орта Азияға аудару бағытындағы Шоқайдың әрекетiне орыс эмигранттарының жетекшiлерiнiң көзқарасы қарама-қайшылыққа толы болатын. Оның пайымдаулары мен тұжырымдарын өзiмен жақсы таныс эмигрант қайраткерлер де әрқашан оң қабылдай бермейтiн. 1930 жылдың 8-сәуiрiнде Ф.Данға жазған хатында айтылғандай, бұған дейiнгi екеуара әңгiмеде Николаевский Данға Шоқайдың "Прометей" ұйымы аясындағы "ынтымақтастығы", оның ағылшын консервативтiк баспасөзiндегi мақалаларына және басқа да iс-әрекетiне қатысты көңiлге секем туғызатынын айтқанда, оған жауап ретiнде Дан "Шоқайдың "ниетi адал адам емес" ("шығыстықтарға тән қу") сияқты көрiнгенiн айтып қалады, мұны Николаевский "Шоқай туралы пiкiрiмен толықтай келiседi деп қабылдағанын" егжей-тегжейлi жазған.

Шоқай — кеңестанудың негiзiн қалаушылардың бiрi. Шоқайдың Түркiстандағы түрiк халықтарын интеграциялау жөнiндегi идеялары кеңестiк кезеңнен кейiнгi кеңiстiктегi Орта Азия мемлекеттерiнiң қоғамдық ой-пiкiрлерiнде қолдау тапты. Шоқай Түркiстандағы төңкерiстiң тарихи нақты тәжiрибесiн және жастүркiстандық реформаторлардың большевиктермен күрестегi жеңiлiсiнiң себептерiн философиялық тұрғыдан пайымдауға ұмтылды, сөйтiп Кеңес өкiметiнiң ортаазиялық аймақта түпкiлiктi орнамағанын дәлелдедi.

Салават ИСХАКОВ,

Мәскеу қаласы