Жаңалықтар

ӨЗ АҚПАРАТЫМЫЗ "ӨЗ АУЗЫМЫЗҒА" ЖЕТСЕ...

ашық дереккөзі

ӨЗ АҚПАРАТЫМЫЗ "ӨЗ АУЗЫМЫЗҒА" ЖЕТСЕ...

Тағы да ұлттық қауiпсiздiк туралы

Отандық телеарналар ендiгi жерде Қазақстанның жағымды имиджiн жасауға және жастарға рухани тәрбие беруге атсалысу жөнiнде мойындарына үлкен жауапкершiлiк алмақ. Бұл жауапкершiлiк шiлде айының соңында Байланыс және ақпарат министрлiгi мен республикалық телеарналар басшылары арасында келiсiлген Меморандумға қол қойылғаннан соң күшiне ендi. Сонда Ақпарат министрлiгi "желкелемесе", отандық телеарналар жас буынға рухани тәрбие беру жөнiнде бас қатырмас па едi?

Осы орайда, алты-жетi жыл бұрын ресейлiк "НТВ" телеарнасына жасалған сараптамалық талдау қорытындысы еске түседi: зерттеу нәтижесiнде осы арнадан берiлетiн телефильмдер мен көрсетiлiмдердiң басым көпшiлiгi зорлық-зомбылық, зұлымдық, қастандық, кiсi өлтiруге қатысты екенi анықталған. Мұны бiлген сарапшылардың өзi жағасын ұстаған көрiнедi. Телевидениенiң жас буын тәрбиесiне ықпалы жөнiнде ресейлiк қоғамда сол кезден берi оқтын-оқтын түрлi мәселелер көтерiлiп, талай шындық ашық айтылып жүр.

Ал бiздiң телеарналар жас жеткiншек ұрпаққа не көрсетiп, ненi үйретiп жатыр? Өз алдымызға ел болған он тоғыз жылда ақпарат құралдарының ұлт болашағы мен қауiпсiздiгiне тигiзер әсерiн бағамдай алдық па?

Министрлiк пен телеарналар арасында қабылданған Меморандумнан кейiн не өзгермек?

Отандық телеарналардың жауапкершiлiгi қалай сақталмақ? Бұл Меморандум шарттарын орындамаған телеарналарға қандай шара қолданылуы мүмкiн? Олардың лицензиясы қайтарылып алына ма, әлде министрлiк оларға ескерту берумен ғана шектеле ме?

Әлде осы бiр жапырақ қағаздың дабырасымен тағы да "жабулы қазан жабулы" күйiнде қала ма?

Биылғы жылдың 1 желтоқсанынан бастап Қазақстанда сандық телевизия дәуiрi басталмақ. Ал сәуiр айында Үкiмет Байланыс және ақпарат министрлiгiне сандық телевидение стандарттарына сай келмейтiн спутниктiк сигнал қабылдағыштарды елге кiргiзудi шектеу мәселесiн қарауды тапсырған едi. Оның үстiне, елiмiздiң кейбiр аймақтарында тұрғындардың қазақстандық телеарналарды тамашалауға мүмкiндiгi жоқ екенi бiрқатар ақпарат құралдарында, "Түркiстан" газетiнiң бетiнде ұлттық мәселе деңгейiнде көтерiлдi. Бұл жөнiнде бiз "Орысша сайрап, өзбекше "гәпiрген" ақпараттық кеңiстiгiмiздiң жетiм баладан несi артық?!" (11.03.2010 ж.) атты мақалада егжей-тегжейлi жазғанбыз.

Қызметке жаңадан келген министр қазақ телеарналарын республика аумағында түгел таратудың бiр жолын тапқан сияқты. Жақында Байланыс және ақпарат министрлiгi спутниктiк сигнал қабылдағыш құрылғыларды сертификаттаудан өткiзу қажет екенiн мәлiмдедi. Асқар Жұмағалиев бұл жөнiнде "Бұл халықаралық тәжiрибе. Бiз ойдан ештеңе шығарған жоқпыз. Сертификаттау жұмысы басқа техникалық құрылғылар мен жүйелер жұмысына кедергi келтiрiп, қоршаған ортаға және адамдарға зианын тигiзетiн сапасыз құрылғыларды елге кiргiзбес үшiн қажет" дедi.

Министрдiң айтуынша, Қытайдан әкелiнген кейбiр сигнал қабылдағыш құрылғылар адам денсаулығына зиян радиожелiлер таратып, кей жағдайда тiптi өрт тұтандыру қаупiн туғызуы мүмкiн.

Бұған дейiн республикада 1 миллионға жуық спутниктiк "тарелкалар" бар деген ақпарат таратылған едi. Бiрақ сертификаттау жұмысы бұрынырақ елге әкелiнiп, қазiр жұмыс iстеп тұрған "тарелкаларға" қатысы жоқ көрiнедi.

Ендiгi мәселе – сертификаттау стандарттары енгiзiлгеннен соң, қабылдағыштар бағасының қаншалықты өзгеретiнiне қатысты. Министрдiң айтуынша, баға оншалықты қымбаттамауы керек.

Ал сертификаттаудан өткен қабылдағышты орнатқан көрермендер ендi тек ресейлiк емес, қазақстандық телеарналар көрсетiлiмдерiн де тамашалай алады.

Ал бұрынғы "тарелкалардың" сигнал күшейткiш құрылғысын ауыстырса, ол арқылы да қазақстандық телеарналар сигналдарын қабылдауға болады. "Бұл кiшкентай құрылғы онша қымбат емес" дейдi министр.

Болашақта спутниктiк телевизия антенналарын Қазақстанда шығару жоспарлануда.

Асқар Жұмағалиев тағы бiр сөзiнде "Ауылдарға байланыс пен телерадио хабарларын таратудың жаңа түрлерi келiп жатыр. Желтоқсан айында бiз спутниктiк телевидениенi iске қосуды жоспарлап отырмыз. Ауыл адамдары 35 телехабарды көретiн болады, олардың бр бөлiгi қазақстандық телеөнiм болмақ" дедi.

Бұл жұмыс ойдағыдай атқарылса, қазақстандық телеарналар ел аумағын түгел қамтығаннан кейiн, олардың мазмұны мен қай тiлде хабар тарататындығына да назар аудару керек. Өйткенi, ақпараттың басым бөлiгi мемлекеттiк тiлде болуы да – ұлт қауiпсiздiгiн ойлаған елдiң тiрлiгi.

Телеарна басшыларымен басқосу үстiнде министр Асқар Жұмағалиев отандық телеарналардың "Тiл туралы" Заңда бекiтiлген мемлекеттiк тiл нормасының сақталуын қатаң қадағалайтынын ескерттi. Ең бастысы, министрлiк алдағы уақытта мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың сапалы жасалуына мән бермек. Ай сайын осы бағытта арнайы мониторинг жүргiзiлiп, оның негiзiнде сараптама жасалып отырады.

Байланыс және ақпарат министрлiгi заңның сақталуын әкiмшiлiк пәрмен арқылы қадағалап отырмаса, жағдай өзгермейтiн сияқты. Өйткенi кейбiр отандық телеарналар мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың көбеюiне кедергiнi қолдан жасап отырғандай көрiнедi. "Шахар" телеарнасының бас директоры Қуат Домбай "Егер "Тiл туралы" Заңның мемлекеттiк тiл нормасы толықтай сақталатын болса, онда бiз кабельдiк телевидениемен бәсекеге түсе алмаймыз" деп мәлiмдедi. Бiрақ "КТК" телеарнасының бас директоры Арман Шораев "Қазақтiлдi телеарналар сапалы жасалса, оларға деген сұраныс та жоғары болады" деген пiкiрде. Бұлтартпас дәлел ретiнде Шораев мырза "КТК" телеарнасындағы қазақ тiлiндегi сапалы да сұранысы мықты бiрнеше бағдарламаларды мысал еттi.

Қазiр Министрлiкте "Телерадиохабарлар тарату туралы" заң жобасы жасалу үстiнде. Бұл заң жобасында жастарға рухани тәрбие беру мәселесi мен мемлекеттiк тiлдегi сапалы хабарлардың санын арттыру мәселесi анық көрсетiлсе игi едi…

Өз ақпаратымыз "өз аузымызға" жететiн күн қашан туар екен?

Гүлбиғаш Омарова