АҚОРДАДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АХУАЛЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
АҚОРДАДА АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ АХУАЛЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ақордада Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ауылшаруашылығының елеулi проблемаларына арналған отырыс болып өттi. Елiмiздегi астықтың жиналуында туындайтын келеңсiздiктер мен биылғы ауа райының қолайсыздығын еңсеру үшiн алдын ала қарастырылған жеңiлдiктер талқыланды.
“Егiс науқаны сәттi аяқталса, мемлекет қамбасына 14-15 миллион тонна астық түсуi ықтимал. Астық оруға дер кезiнде кiрiсiп, ысырапсыз жинап алынса, республиканың iшкi қажеттiлiктерiн өтеуге әбден жетедi” деп отыр Ауыл шаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев.
Күздiк және жаздық бидай салынатын егiстiктердiң көлемi биыл 16,7 миллион гектарды құраған. Республика өңiрлерiндегi барлық егiн алқаптарында астық пiсiп жетiлдi. Бiрақ әзiрге егiн ору Алматы, Ақтөбе, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Оңтүстiк Қазақстан облыстарында ғана жүзеге асырылып жатыр. 2-тамызда берiлген деректер бойынша, бүгiнге дейiн 450 мың гектар егiстiк бидайы қырманға жеткiзiлген. Қазақстан бойынша әр гектардан алынған өнiм 9,4 центнердi құрауда.
Диқандардың жыл сайын бас ауруына айналатын жанар-жағармай тапшылығы мен бағасын реттеу де назардан тыс қалған жоқ. Әуелде жанармай арзан бағамен алыс аудандарға жеткiзiлсе де, кейiннен жетiспеушiлiк жиi байқалатын. Алайда Ақордада өткен жиында ауылшаруашылық өнiмдерiн шығарушыларға 408 мың тонна дизель жағармайы алдын ала бөлiнiп қойды.
Ал күрт көтерiлетiн бағаны алқымдауға мемлекеттiк және жекеменшiк жанармай құю бекеттерiнде 62 теңгеден болады деп бекiтiлдi. Сондай-ақ, нан өнiмдерiн алатын кәсiпорындар жұмысын iске қосу үшiн бiрлесе жұмыс жасалып жатыр. Азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында және қуаңшылық шалған аудандарда бағаны тұрақты ұстау үшiн солтүстiк және шығыс өңiрлерден 400 мың тонна бидай өзге аймақтардағы элеваторларға жеткiзiлетiн болды.
Бүгiнде астық жинайтын технологиялардың 90 пайызы сақадай сай тұр. Республикалық бюджеттен өткен жылы ауылшаруашылық өнiмдерiн өндiрушiлерге 80 миллиард теңге көлемдегi несие қарастырылған болса, "ҚазАгро" холдингiне қарасты кiшiгiрiм компаниялар арқылы ауылшаруашылық өнiмдерiн шығарушыларға 42,5 миллиард теңге сомасы берiлген. Жалпы, республикалық қазынадан көктемгi егiстiк алқаптарын суару және күздi күнгi астық жинау жұмыстарына 96 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалмақшы.
Иә, былтыр мемлекеттен бөлiнген қаржының барлығы рәсуасыз игерiлгенiмен, шешiмiн таппаған мәселелер жетерлiк. Мәселен, елiмiзде шiлденiң аяғында астық алқаптарының 83,1 пайызы оруға жарайтын. Бұл дегенiңiз 13 миллион га жердiң егiнiн жинау деген сөз. Бiрақ шiлдемен келген құрғақшылық Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының бидайлы алқаптарын күйдiрiп, орны толмас шығынға ұшыратқаны аян. Елбасының айтуынша, су қоры және су сақтайтын технологиялары бар, сондай-ақ бидайдың таңдаулы сұрыптары пайдаланылған шаруашылықтар қуаңшылықтың қаһарын көре қоймаған.
– Егiн орағы барлық жерде жылдағыдан ерте басталып отыр. Астықтың пiсуi жылдам жүруде. Сондықтан да алдын ала қамдану қажет. Техникамен және жанар-жағармаймен қамтамасыз етуге тиiспiз. Бұл барлық облыстарға қатысты. Бұл барлық әкiмдер мен барлық ауыл шаруашылығы тауар өндiрушiлерiнiң мiндетi. Мемлекет ең алдымен өздерi тырбанып, қимылдап жатқандарға көмектесетiн болады, — деп атап көрсеттi Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов.
Қуаңшылыққа байланысты қалыптасқан күрделi жағдайға қарамастан 2010-2011 маркетингiлiк жылдың экспорттық әлеуетi 8 миллион тоннаны құрайды. Қалыптасып отырған жағдай қазақстандық ұн-жармашылардың шетелдiк нарықтарды жаулап алуына таптырмас мүмкiндiк болуы мүмкiн. Осыған байланысты Президент Үкiметке астықтың және оны өңдеу өнiмдерi экспортының ұнды экспорттау үлесiн арттыру жөнiндегi шараларды қолға алу жөнiнде нұсқау бердi.
Республикада орын алған ауылшаруашылығы келеңсiздiктерiне қарамастан ұн мен бидай бағасының көтерiлуiн, сондай-ақ нарықтағы бағаның күрт өзгеруiн қадағалау қолға алынып отыр. Сонымен қатар Елбасы алыс аудандарға жағармайдың жылдам жеткiзiлуiн, төрт түлiкке дайындалатын жем-шөптi дайындауды және қуаңшылықтан зардап шеккен алқаптарға көмек көрсетудi қатаң тапсырды.
Ақниет ОСПАНБАЙ