ПАМПАСТАРДА ҚАР ЖАТЫР
ПАМПАСТАРДА ҚАР ЖАТЫР
Оңтүстiк Америка қашанда ерекше табиғатымен тамсандырған ғажайып құрлық. Әлемде кездеспейтiн көзiлдiрiктi аю, тау ламалары мен тылсым пампастар жергiлiктi халықтың айбынын асқақтата түсетiнi сөзсiз. Жанға жайлы осы оңтүстiк жартышардағы қыс мезгiлi биыл жайсыз болды. Әдетте бұл маусымда қар қылаулап қана жауатын, ал температура 0 градустың ол жақ, бұ жағында. Бiрақ биыл қыс қаһарын аямады, қалың жауған қар мен аяздан 100– ден астам адам үсiктен көз жұмды.
Адам айтса сенгiсiз?! Тропиктiк және экваторлық белдеуде орналасқан құрлықтың тек оңтүстiк мемлекеттерiнде ғана суық болып, ылғал байқалатын. Оңтүстiк Американың шығыс жағалауымен Фолкленд суық ағыстары ағады. Бұл ағыстардың мұхит суына әсерi мол. Антарктидамен арасын жалғастырған дүниежүзiндегi ең үлкен Дрейк бұғазынан соққан мұхит желдерi Аргентина халқын әбiгерге салды. Қалың қардан 12 адам үсiп, мерт болса, 12 адам жылыну үшiн жағылған оттың түтiнiнен қаза тапқан.
Ал теңiз жағалауындағы Чили, Бразилия және Перуде минустық температураның өзгеретiн түрi жоқ. Синоптиктердiң айтуынша, мұндай суық оңтүстiк жартышарда бұрын-соңды болмаған. Перуде – 112 адам үсiкке шалынса, оның 42-сi жас балалар көрiнедi. Сонымен қатар өкпеден тиген суықтан аурухана есiгiн қағушылар жиiлеген. Айналдырған бiр аптаның iшiнде 172 адамның өкпесi қабынған деген диагноз қойылды. Ал Чили қалың қардың астында қалып отыр. Елдiң ауыл шаруашылығына үлкен шығын келдi. Мал басын сақтап қалу үшiн өкiмет алыс өңiрлерге гуманитарлық көмек ретiнде жем-шөп жеткiзуде.
Жалпы Латын Америкасында ауа райы қатты суытып, кем дегенде 175 адам қаза тапты. Мамандар "биылғы қыс Оңтүстiк Америка үшiн соңғы он жылдағы ең суық мезгiл болып отыр" дейдi. Ал Боливия президентi Эво Моралес өндiрiстiң тоқтап тұрғанын айтты. "Қалың қар өндiрiске керi әсерiн тигiзiп жатыр. Себебi жазықтарды омбы қар алып қалған" дедi ол .
А.ОСПАНБАЙ