Жаңалықтар

РЕСЕЙ ФИНЛЯНДИЯНЫҢ СҮТIНЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ

ашық дереккөзі

РЕСЕЙ ФИНЛЯНДИЯНЫҢ СҮТIНЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ

Мәскеу шiлденiң 23-iнен бастап Финляндияның 14 сүт өндiретiн зауытының өнiмдерiн тасымалдауға тыйым салды. "Россельхознадзор" мекемесi мұндай тоқтамға сүт және ет өнiмдерiн импорттайтын финляндиялық 23 кәсiпорнын тексергеннен кейiн келiп отыр. Арнайы тексеру нәтижесi бойынша, сүт өндiретiн кейбiр зауыттар сүттi қайта өңдеуге орташа есеппен 50 сағат жұмсаған. Ал қалыпты жағдайда бұл бiр сөткенiң iшiнде қайта өңделiп шығуы қажет. Сондай-ақ, тексеру шарасының салдарынан "Atria", "HK Ruokatalo", "Snellman" және "Saarioinen" сынды ет өндiретiн мекеме мен "Valio", "Ingman Ice Cream" брендiмен танымал балмұздақ шығаратын кәсiпорын өнiмдерiне шектеу қойылды.

"Шетелден келетiн тағам өнiмдерiнiң сапасыздығы анықталды. Бiр айта кетерлiгi, бұдан сүт және сүттен жасалатын өнiмдерге тапшылық туындап отырған жоқ. Қала және облыс орталығындағы сүт зауыттары нарықты сапалы сүт өнiмдерiмен қамтамасыз етiп келедi", – дейдi Санкт-Петербургтағы Азық-түлiк кәсiпорындары одағының вице-президентi Игорь Подлипенцев.

Соңғы он жыл iшiнде екi ел арасындағы тауар айналымы бес есеге дейiн артса, финляндиялық компаниялардың Ресейдiң экономикасына құйған инвестициясы сегiз есеге дейiн жетiп жығылған. Ал, өткен жылы тауар айналымы 13,1 млрд. доллар болса, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында екi жақты тауар айналымы 20 пайызға артып, 5 млрд. долларды құраған.

Ресейге финляндиялық сүт және ет өнiмдерiн әкелуге қойылған шектеуден соң Ресей президентi Д.Медведев бұл мәселенi Финляндия президентi Тарья Халоненмен болған екiжақты әңгiме барысында сөз еттi. Келiссөздер барысы кезiнде Медведев финляндиялық сүт пен ет өнiмдерiн Ресейге импорттау мәселесiн екi аптаның iшiнде шешетiнiн жеткiздi.

Ресей соңғы бес ай iшiнде iрiмшiк, май және құрғақ сүт өнiмдерiн импорттауды арттырды. Яғни, сүт өнiмдерiн тұтыну осы уақыт iшiнде 11 пайызға өскен. Негiзiнен Ресейге құрғақ сүт өнiмдерiн жеткiзушi ретiнде Белоруссияны айтуға болады. Бiрақ құрғақ сүт шығаруда еуропалық мемлекеттердiң үлесi артып келетiнiн ескерсек, белорустiк зауыттар Ресейдi толығымен қамтамасыз ете алмай отыр.

Динара ДҮРМӘН