Жаңалықтар

ТYРКИЯ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ТӨБЕГЕ КӨТЕРЕДI

ашық дереккөзі

ТYРКИЯ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ ТӨБЕГЕ КӨТЕРЕДI

Алматы қаласында өткен "Бiлiм мен тәрбие беруде сапа және өнiмдiлiк" атты тақырыптағы халықаралық конференцияда әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен бiлiм саласында тер төгiп жүрген ғалымдар бас қосты. Онда бүгiнгi заманның жастарын тәрбиелеуде кездесiп отырған мәселелер сөз болды. Соңғы технологиялық үрдiстердi қалт жiбермейтiн еуропалық ғалымдардың өзi "үйрен де жирен" дейтiн дәстүрге көшкен. Ал, елiмiзге инвестиция салуда алдыңғы қатардан көрiнiп келетiн түрiктердiң өзi бiлiм саласындағы жаңашыл өзгерiстерге қатал талаппен қарайтын көрiнедi. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу жағынан өздерiн көш басында санайтын түрiктiң мақтанатын жөнi бар. Өйткенi, Қазақстанның кез келген телеарнасын жаулап алған түрiктiң телехикаяларынан бiз тек өз ұлтын сүюдi арман ететiнiн байқаймыз.

Түркиядағы Бiлiм және ғылым министрлiгiнде шетелдегi бiлiм беру саласының жетекшiсi қызметiн атқаратын Хасан Каплан конференцияға арнайы шақырылған. 1996-2000 жылдар аралығында Алматы қаласында Түркияның Бiлiм министрiнiң кеңесшiсi ретiнде жұмыс iстеген ол бiлiм және ғылым саласында жинаған тәжiрибесiмен бөлiсуге келiптi.

Оның айтуынша, Түркияда бала тәрбиесi жөнiнде түйткiлдi мәселе жоқ көрiнедi. Өйткенi, мемлекет бiлiм беру саласындағы жүйенi түбiрiмен өзгерткен. Арнайы қабылданған бағдарламаның негiзгi мақсаты – балалардың сараптамалық түрде ой-өрiсiн дамыту. Өз ойын толық жеткiзу мақсатында сұраққа жауап беру, сұрақ қоя алу дәрежесiне дейiн көтеру. Түркиядағы Бiлiм және ғылым министрлiгiнде шетелдегi бiлiм беру саласының жетекшiсi қызметiн атқаратын Хасан Каплан: "Бiз оқушыға ыңғайлы бiлiм жүйесiн таңдадық. Мұндағы көзделген нәрсе – оқушының не студенттiң өзiн-өзi дамыта алуына жол көрсету. Бiз оларға ақыл айтпаймыз, тек тура жолды көрсетемiз" дейдi.

Расында да, Түркия Бiлiм министрлiгi кез келген отбасыны оқу-бiлiм, ағарту жағынан қамтамасыз етуде күш салып келедi екен. Бар болғаны оқушы не студент өз қабiлетiн көрсете алып, өмiрден өз орнын табуға ұмтылса болды.

Тәрбиенiң негiзгi көзi – кино саласы. Түрiк сериалдарын қарап отырсаңыз, негiзiнен ұлтшыл болу, елiн сүю, мемлекеттiң әрбiр түйiр тасын қастерлеу, Отанын қорғау секiлдi адамгершiлiк қасиеттерiн сiңiруге бағытталып келедi. Алайда, "Соңғы кездегi экранға жол тартып жатқан кинотуындыларыңыз батыстық мәдениетке ойысып жатқан сияқты" деген бiздiң сауалымыздың астарына үңiлген Хасан Каплан мырза мұнымен келiсетiндiгiн бiрден айтты.

– Мүмкiн солай да шығар. Оның үстiне өмiрдiң өзi соған әкеле жатыр. Бiрақ бiз балаларымызға Түркияның негiзгi отбасылық мәдениетiн, түрiктi түрiк жасаған әдет-ғұрып пен салт-дәстүрiн үйретемiз. Әрбiр түрiк отбасындағы бала өзiнiң ұлттық құндылықтарынан еш айрылған емес. Бiз батыстық мәдениетке бет бұрғанымызбен, керектi нәрсенi ғана алып жатырмыз. Жалпы, баланың бойына түрiк ұлтының қандай, қалай болу керектiгiн сiңiремiз. Бiз Еуропа бiрлiгiне кiрсек те, көптеген салада олардан озық тұрмыз. Яғни, еуропалық мемлекеттер iшiнде алдыңғы ондыққа iлiктiк, – деп ағынан жарылды.

Жасыратын несi бар, жаһандануға бет бұрған қазақ отбасы ұлттық құндылықтардан қол үзiп баратындай көрiнедi. Соңғы кезде қоғамның әрбiр саласына сiңiсiп бара жатқан интернет бала тәрбиесiне керi нұқсан келтiрiп жатыр. Бүгiнде ғаламторға еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейiн кiре алады. Тiптi, кейбiр интернет пункттерiнде таңның атысынан күннiң батысына дейiн бейпiл сайттар мен ойындарға елiгiп отыратын жасөспiрiмдердi уысымыздан шығарып алғандаймыз. Әрине, интернет БАҚ-тың бiр түрi болып есептелгендiктен оған арнайы бақылаудың керегi сезiлуде. Өйткенi, бүгiнде кез келген тақырыптағы ақпараттың жедел түрiн бiз тек ғаламтордың көмегi арқылы бiлiп, көрiп отырмыз.

Ал, қазiр Түркияның шалғайдағы ауылдарына дейiн соңғы технологиямен жабдықталған. Интернеттi тек жеткiзiп ғана қоймай, оны қалай қолдану мәдениетiне де де ыждаһатты түрде көңiл бөлiнедi. Тiптi, белгiлi бiр мекеме Түркиядағы бiлiм беру саласы бойынша интернеттi қадағалаумен айналысады. Айта кететiн жайт, Түркия мемлекет, билiк iстерiн интернет арқылы көрiп, бақылап отыруда Англияның алдына шыққан көрiнедi. Мәселен, Түркияның әрбiр ауылындағы азамат интернет арқылы құжат жинап, жұмысын жедел түрде тындыра алады. Жолға шығудың қажетi жоқ. Ол ол ма, кез келген ата-ана мектептегi баласының тәрбиесiн интернет арқылы бiлiп отырады. Бұл 2002-2010 жылдар аралығында бiлiм беру саласында қабылданған маңызды реформаның нәтижесiнде жүзеге асып келедi. Яғни, Түркия электроника арқылы бiлiмдi дамыту және адамға ең қолайлы бiлiм беру жүйесiнде алдыңғы сапқа шығып отыр.

Әрине, технологияның пайдалы жағымен қоса, зияны да жетерлiк. Мұнда интернет сiз ойлағандай, шексiз емес. Оның тек бiлiм жолында пайдалы болуына аса мән берiлген. Таяқтың екi ұшы барын ескерген Түркия мемлекетi мектепте, бiлiм ошақтарында күннiң белгiлi бiр уақытын кiтап оқуға арнаған. Бұл қаулының арқасында мұғалiмнен бастап оқушыға дейiн жаппай қолына кiтап алып, рухани қорын кеңейтуге мүмкiндiгi мол.

Түркиядағы Бiлiм және ғылым министрлiгiнде шетелдегi бiлiм беру саласының жетекшiсi қызметiн атқаратын Хасан Каплан: "Қазақстан дамып келе жатқан мемлекет. Әрбiр мемлекеттiң өсiп-өркендеуiнде кемшiлiктер болады. Алматыға 1996 жылы келген едiм. Салыстырмалы түрде айтсам, қазiр бiлiм саласында көп жетiстiк байқадым. Ең алдымен, Қазақстанда бiлiмнiң қазақ тiлiнде берiлу мәселесiн қолға алғанын құптаймын. Әрбiр қазақ өз тiлiн жақсы бiлiп, сол арқылы өркениеттер қатарына қосылуына қуанамын. Оқулықтардың да жаңадан жазылып жатқанынан хабардармын. Жаһандану дәуiрi Қазақстанға да келдi. Қазақстан тек сырттан келген өзгерiстердi қабылдап ғана қоймай, өздерi технология дамытып, әлемге танылуы керек. Жаһандану – аққан су сияқты. Қазақстан сол жаһанданудан өзiне арна жасап, келген жаңалықтарды тиiмдi түрде пайдаланса құба-құп. Ал, ол арнаны дұрыс пайдаланбаса, бiр сәтте топан су сияқты басып алуы мүмкiн" деп өмiрлiк, кәсiптiк тәжiрибесiнен кеңес бере кетудi жөн санады.

Иә, бiлiм саласын жетiлдiре түсуде түрiк бауырлардан үйренетiн тұстарымыз көп сияқты. Өйткенi, бiзде әлi күнге ғаламтор сайттарын қолдану мәдениетi дұрыс жолға қойылмаған. Егер түрiктер сияқты бұл мәселенi дер кезiнде қолға алсақ, бала тәрбиесi жайында, оның ертеңгi болашағы хақында уайымымыз сейiлетiнi сөзсiз.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ