Жаңалықтар

Жарқын ӨТЕШОВА: ҚАЗАҚ ҮШIН ҚАРЖЫ БӨЛЕТIН ҚЫРЫҚ АЗАМАТ ТАБЫЛАР...

ашық дереккөзі

Жарқын ӨТЕШОВА: ҚАЗАҚ ҮШIН ҚАРЖЫ БӨЛЕТIН ҚЫРЫҚ АЗАМАТ ТАБЫЛАР...

Жарқын Қоңырбайқызы – Мәскеудегi Халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердiң дамуын қолдаудың "Астана" қорының президентi. Ол нәзiкжанды әйел заты болса да, Мәскеудегi 10 мың қазақтың жұтылып кетпесi үшiн бiраз шаруа тындырып келедi. Бос уақытында жергiлiктi қазақ балаларына, студенттерге қазақ тiлiнен тегiн дәрiс беретiн Жарқын апайдың ендiгi арманы – қазақ тiлiн үйрететiн орталықтың ашылуына күш салу.

– "Астана" қоры кiмнiң бастамасымен құрылды?

– Мәскеуде "Астана" қорын құрудағы басты мақсат – Мәскеу қазақтарының ғана емес, бүкiл қазақстандықтардың басын қосу. Осы қордың орталығына келген әрбiр азаматтың: "Шiркiн-ай, Қазақстаныма оралғандай болдым-ау!" деп қуанғаны есiмде. Қор жеке бастамамызбен ашылды. Құрылтайшы да өзiмiз. Ол үшiн ешкiм ақша бермейдi, керiсiнше, аяқтан шалмаса. Халқымыздың тiлiн, салт-дәстүрiн сақтау, халық мәдениетiн шетелде уағыздау қордың басты жұмысы. Сондықтан да тiлiмiздi, салт-дәстүрiмiздi жергiлiктi қазақ жастарына үйрету үшiн әр салада қоғамдық жұмыстар жүргiзiлуде. Бiрақ, бұлар әзiрше қоғамдық ғана. Себебi, "Астана" қоры өте жас. Қор деп аталғанымен, әзiрге қорда халыққа қызмет көрсететiн қаражат жоқ. Жалаң азаматтық борыш, адами тұрғыдан жұмыс жасайтын жандардың қолдауымен құрылған қор. "Эндаумент-фонды" деген ұғым бар. Мемлекет бұл жерде салық алмайды. Ресейде бұл 2007 жылға дейiн заң жүзiнде қабылданбағандықтан iске аспай келген. Үстiмiздегi жылдың 11 ақпанында Томск қаласындағы политехникалық университетте Ресей Президентi Дмитрий Медведев студенттермен кездесiп, осы унверситеттiң эндаументке тiркелгенi туралы естiп, өзiнiң бiр айлық жалақысын оқу орнының эндаументiне жiберуге уәде берген. Президенттiң уәдесiнде тұрғаны жайлы университеттiң баспасөз қызметi хабарлады. Сол студенттерме кездесуде Д.Медведев: "Жеке демеушiлер және басқа азаматтар оқу барысына болсын, мәдениет саласына болсын көмектессе, өте керемет болар едi ғой" деген едi.

– Сонда сiздерге мемлекеттен еш қаржылай көмек жоқ па?

– Әзiрге жоқ. Қазақстандық үкiмет орындары да эндаумент саласындағы жұмысты бастаса, бiздiң Президентiмiзден бастап, қаржылы кәсiпкерлер, шаруасы дөңгеленген азаматтарға дейiн бұл iске өз үлесiн қосатынына сенiмiм мол. Сырттағы қырық екi елде тұратын бес миллион қазақтың тiлiн, мәдениетiн сақтау жұмысына өз қалтасынан қаржы бөлер елден қырық азамат шықпас дейсiз бе? Әлде мәжiлiсте тiлiм деген қырық депутат жоқ па? Сонда қырық елде бiздiң тiлiмiздi үйрететiн оқу орталығы, мәдениет ошағы болар едi. Мұндай ошақтар елiмздiң имиджiн өсiрiп, жер шарындағы қазақ деген халықты әлемге паш етерi сөзсiз. Сонда, тiлдi оқыту, мәдениетiмiздi сақтау жұмыстары iлгерi басады ғой.

– Қорды ашудағы ең негiзгi көзделген мақсат қайсы?

– Бiрiншiден, тiлдi оқыту. Бұл жұмысты Мәскеуде бiзден бұрын да, бiзден басқалар да қолға алған. Солай бола тұрса да, әлi күнге белгiлi жүйеге түспей келедi. Оның себебi – тұрақты оқытатын мұғалiм-маман және тұрақты бiлiм беретiн орталық жоқ. Қазiргi iстеп жатқан жұмыстың бәрi қуыршақ ойнаған баланың ойыны iспеттес. Мәнсiз жұмыстың сапасы болмайды. Сондықтан да жергiлiктi тұрғындардың тiлдi үйренуге деген ниетiн де жоғалтып барамыз. Тағы да қайталап айтатыным, қанша отаншыл болсаң да, қаншалықты қаржы бөлсең де, үкiмет басшылары, тiлге жауапты орындар қолға алмай, қолдамай бұл iс оң жолға түспейдi. Бұл мәселенi былтыр қыркүйекте Қазақстаннан Мәскеуге келген Қазақстан Халқы ассамблеясының өкiлдерiмен кездесуде ең басты мәселе етiп айтып, Қазақстандағы жауапты бес үкiмет орындары атына хат жазып, тiкелей осы шаруамен Астанаға барып, Мәскеуде тiл оқыту мәселесiн күнтәртiбiне енгiзудi өтiндiм. Одан соң "Ел бiрлiгi" жобасын талқылауға келген делегаттарға тағы осы мәселе жайлы айтылды. Тiптi, доктринада да: "Государство должно создавать условия для изучения государственного языка" деген жолдар бар. Сонда, мәжiлiс депутаты Хочиева Людмила ханым бұл сұрақты тiкелей өз бақылауына алатынын айтып уәде еткен едi. Бiрақ бәрi әлi қағаз, сөз түрiнде ауада қалықтап жүр. Ең қызығы, осы жауапты орындардың бiрде-бiрi хатқа не "иә", не "жоқ" деген жауап жазбайды. Ол хаттар бiр жерде, бiреулердiң жамбасының астында жатқаны сөзсiз. Тiлiмiзге соншалықты немқұрайлы қараймыз. Егер өзiмiз солай етсек, басқа жұртқа не керегi бар? Неге соншама адам үкiметтiң қаражатын шашып, Мәскеуге iссапарға келдi? Сол қаражат бiзге бөлiнсе, бiз оны тiл оқуға жұмсар едiк деп ойлаймын.

– Жарқын апай, сiздiң қазақ тiлiнен олимпиадаға оқушылар дайындайтыныңызды бiлемiз. Нәтижесi көңiл көншiтерлiк пе?

– Биыл Қазақстанда жетiншi рет қазақ тiлi мен әдебиетiнен "Қазақстан – атажұртым, қасиетiм ана-тiлiм" атты халықаралық олимпиада Орал қаласында өттi. Жылда олимпиада жаз айында өтетiн едi. Бұл жолы Мәскеуден бiраз оқушы бармай қалды. Себебi, "Қазаншының өз еркi қайдан құлақ шығарса" деп, олимпиаданы өткiзушiлер оның өтетiн мерзiмiн ертерек хабарламады. Бiр апта қалғанда ғана естiдiк. Дайындалып жүрген оқушылар дер кезiнде құлақтанып үлгерген жоқ, әрi олардың мектептерiндегi оқу жоспарының кестесiн өзгертуге үлгермедiк. Бұл хабар елшiлiктегi мәдениет бөлiмiне келiп түскен, бiрақ бiзге ешкiм хабарлаған жоқ. "Дарын" орталығы да үнсiз. Мәскеу қазақтарының қазақша сөйлегенi кiмнiң жанына батады? Мәскеу ғана емес, Омбыдағы, Қырғызстандағы бiрнеше қоғам хабарламаны кеш естiген. Олар жанталасып бала жинайды. Дайындықсыз көшеден бала жетелеп баратындай тiлiмiзге арналған халықаралық олимпиада ойыншық па, әлде тiлiмiз ойыншық па? Бiзге тiл үйрену керек пе, әлде олимпиада өткiздiк деген атақ керек пе?

– Негiзiнен Мәскеуде қазақтың бет-бейнесiн паш ететiн қандай жәдiгерлер бар? Оларды жергiлiктi халықтың, оның iшiнде қазақ отбасыларының тамашалай алуына мүмкiндiк бар ма?

– Мәдениетiмiздi, салт-дәстүрiмiздi сақтауда талай жұмыстар жүргiзiлуде. Жасыратын несi бар, әр ұлт өкiлдерiнен отау құрған қазақ отбасының көпшiлiгi дәстүрiмiзден бейхабар. Өткен жылы "Астана" қорының өтiнiшi бойынша, Тұрар Рысқұловтың қызының сүйегiн елге жеткiзудi Қазақстан елшiлiгi ұйымдастырды. Осы жерде айта кетейiн, Мәскеуде сонау 50-жылдардан берi тұрып келе жатқан қарияларымыз бар. Олар өзiнiң үшiншi буын ұрпағын өсiрiп отыр. "Ертеңiн ойламаған еркектен, кешкiсiн ойламаған әйелден без" деп халқымыз айтқандай, қарттарымыздың алды 87-ге келiп отыр. Бәрiнiң ойлайтыны – ертеңгi мәңгiлiк жолға аттану сапары. Осы жайға байланысты қазақтарға арнап бейiттiк жер алып, ол жерге мешiт орнату мәселесi бар. Ол да Қазақстан үкiметi тарапынан заңды қолдау қажет ететiн, әрi үлкен қаражат жұмсалатын жұмыс. "Астана" қоры жанынан қарттардың "Ақсақалдар кеңесi" құрылған. Бұл кеңесте алды 87-де, соңы 65-тi алқымдаған ата-апаларымыз бар. Жоғарыда айтқан мешiт, жер жайлы жұмыстар өз кәсiбiн шетелде ашқысы келетiн қазақстандық азаматтарға ой салар деп ойлаймын. Мәскеуде мұражай, мейрамхана жоқ. Осында кезiнде Қазақстан президентi сыйлаған қазақтың бiр киiз үйi бар едi. Бүгiнде ол жинаулы тұр. Облыс әкiмдерiнен бастап, Қазақстанның Мәдениет министрлiгiне дейiн хат жазып, қабылдауында болып, көмек сұрап, қол жайдық. Елшiлiкке де бұл жайлы хат жазылды. Көмектесемiз дегенiмен, ешкiмнiң басы ауырған жоқ. Қазiр қордың қарамағында халқымыздың мәдени, ұлттық заттары бар. Оны елге көрсететiн арнайы орын жоқ. Әсiресе, жасауымен тұрған екi бесiктi қоярға жер таппадық. Бесiгiн жұртқа тастамайтын халықпыз ғой деп, үйiмде ұстап отырмын. Орыс халқының сыртта жүрген зиялы қауымы Америкада да, Қазақстанда да өз мұражайларын ашып отыр. Оларға орыс үкiметi бар жағынан қолдау көрсетедi. Тiптен, Ресей үкiметiнiң соңғы қаулысы бойынша, шеттегi отандастарының денсаулығын сақтауға көңiл бөлiп, олардың емделуiне де арнайы қаражат бөлуде. Ал, бiз әлi күнге халықтық рухани мұрамызға көңiл бөлмей-ақ келемiз. Өзiмiздi-өзiмiз менсiнбеймiз. Киiз үйiмiздi, ұлттық заттарымызды елге көрсетуден ұяламыз.

– Ал жергiлiктi қазақтар Жаңа жылымыз – Наурыз тойын қалай тойлайды?

– Мәскеу қазақтары алғаш Наурыз тойын өз дәрежесiнде тойлаған ұлттардың бiрi десем артық айтқаным емес. Ол кезде елден қаражат бөлiнiп, орасан жұмыстар атқарылатын едi. Соңғы он шақты жыл көлемiнде бұндай көмектер сап тыйылды. Одан бергi 5-6 жыл көлемiнде Мәскеу үкiмет орындары Наурыз тойын өткiзуге арнайы қаражат та бөлiп жүрдi. Ойын-сауық, концерттiк бағдарламаны қазақтың қоғамдық орындары өз күшiмен ұйымдастырды. Соңғы жылдары Мәскеу үкiметi барлық Наурыз мерекесiн тойлайтын ұлттарға (бүгiнде 16 ұлт өкiлдерiне) Бүкiлресейлiк көрме қарамағындағы бiр павилионды босатып жүрген. Әрине, мұнымен Наурыз мерекесi өз дәрежесiнде өттi деп айта алмаймын. Биыл БҰҰ шешiмiмен Наурыз – халықаралық мереке ретiнде аталғандықтан Мәскеу үкiметi концерттiк бағдарламаға көңiл бөлiп, кеңiрек жер бердi. Сонымен қатар Наурыз мерекесiнiң жақсы өтуi әр ұлт өкiлдерiнiң ұйымдастырушыларына да байланысты. Мәскеулiк "Астана" қоры үш жыл қатарынан Наурыз мерекесiн өз күштерiмен ұйымдастырып келедi. 2008 жылы 250 адамға Нахабинодағы Қазақстан Елбасы сыйлаған киiз үйде, ал 2009 жылы Мәскеуде 300 адамға арналған мейрамханада Ақтөбе облыстық филормониясының ұлт аспаптар оркестрiнiң концертiмен өткiздi. Ал, биыл бесiктегi баладан бастап, еңкейген қариямызбен бiрге, барлығы 250 адамның қатысуымен өз қаражатымызбен мейрамханада өткiздiк. Бесiк салар, тұсау кесер сияқты ұлттық салт-дәстүрлерiмiзбен қатар, ұлттық ойындар көрсеттiк. Студент жастар концерт қойды. Ұлттық тағамдар жасалып, апаларымыз дайындаған Наурыз көжелер жарысы өткiзiлдi. Латвиядан, Алматыдан, жергiлiктi үкiмет орындарынан қонақтар келiп қатысты. Көрмелер ұйымдастырылып, шағын кәде-сый, кiтаптар, "Рахат" фабрикасы өнiмдерi сататын жаймалар жұмыс iстедi.

– Осы тұрғыда Қазақстанның Мәскеудегi елшiлiгi қандай жұмыстар атқарып келедi? Олармен байланыстарыңыз қандай?

– Елшiлiк Мәскеу қазақтар қауымдастығымен бiрге қоян-қолтық жұмыс жүргiзуде. Бұның бәрi, әрине, елшiлiкке келген басшыға байланысты. Осы уақытқа дейiн сегiз елшiмен жұмыс iстеппiз. Әр елшiнiң жұмысының нәтижесiн оның артында қалған iзi айтып тұрады. Мәскеуде батыр қызымыз – Ә.Молдағұловаға, ұлы ақынымыз – А.Құнанбаевқа ескерткiштер орнатылды. Сол кезде Мәскеу қазақтарына арналып арнайы мәдени орталық ашылады деген үмiт болды. Жеңiстiң 65-жылдығына байланысты Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп ашылды. Ол мектеп алдына ескерткiш орнатылып, мұражай ашылмақ. Ә.Молдағұлова атындағы мектепте жөндеу жұмыстары жүргiзiлiп, жаңа заманауи техникалық оқу құралдарымен жабдықталмақ. Тверь қаласында қазақстандық соғыс құрбандарына арналған үлкен мемориал, Мәскеу метросында "Қазақстан" аялдамасы ашылды.

– Қазақ жастарымен байланыстарыңыз қандай? Мәскеуде "Болашақ" бағдарламасымен оқитын студенттер жайында не айтасыз?

– Қазақстанның түкпiр-түкпiрiнен келiп Мәскеуде оқып жатқан студенттер өздерi оқитын оқу орындарында арнайы орталықтар құрып, Мәскеу қоғамдық орындарымен байланысқа шығып тұрады. "Болашақ" жобасымен келiп оқитын студенттер негiзiнен осы жобаның Мәскеудегi орталығына топтасады. Бұл орталықтың директоры Шайкенова Лидия Алексеевна осы студенттердiң анасындай боп кеткен қамқоршы жан. "Астана" қорына "Болашақ" жобасымен оқитын студенттер мен аспиранттар жиi келiп тұрады. Жиын кештерiн қалай өткiзу туралы ақыл-кеңес сұраумен қатар, көрмеге қоятын барлық ұлттық заттар мен киiмдердi, кiтаптарды бiздiң қордан алып отырады. Олардың жас та болса, елден келгендiгiн бiлдiрiп, халқымыздың тәрбиесiн, өнерiн Мәскеуде туып-өскен жастарға үлгi етуi бiздер үшiн үлкен қуаныш. Бiз де өз тарапымыздан жастарға барлық қолдан келген көмегiмiздi көрсетемiз. "Болашақ" бағдарламасы – болашағы бар жоба. Бiрiншiден, осы жобамен ауыл жастарын көбiрек оқытса, олардың осы жобамен оқуына жағдай жасалса екен. Екiншiден, қазақ тiлiн бiлмейтiн баланы бұл жобамен оқуға жiбермеу керек. Өз тiлiн, өз мәдениетiн бiлмеген жас өзгенi де сыйламайды. Талай студенттi де көрiп жүрмiн, қазақша бiр ауыз сөйлемейдi, мүлдем түсiнбейдi. Мәскеуде ғана емес, басқа мемлекетте оқитын осындай студенттер туралы естiп, баспасөз беттерiнде оқып жүрмiн. Өкiнiштi! Өтiрiк айтқым келмейдi, жергiлiктi қазақ балалары, Қазақстаннан Мәскеуге оқуға барып жатқан студенттердiң 60 пайызы қазақша түсiнбейдi.

– Жергiлiктi қазақтар түбегейлi орыстанып бара ма?

– Көп қазақтар әрине, орыстанып кеттi. Себебi, қазақ тiлiнде оқитын мектебi жоқ. Қазақша баспасөз бармайды, қазақша теле-радио жоқ. Соңғы бiр жылда аптаның бейсенбi күнi телеарнаның мәдениет бөлiмiнде 15 минуттық қазақша ақпарат берiп келедi. Өзiмiз қазақша үйретемiз. Сондықтан тiлдi үйренетiн бiр орталық болмай, тiлдi меңгеру мүмкiн емес. Бiрақ тiл үйренуге Қазақстандағы қазақтарға қарағанда, шеттегi жүрген қазақтардың ұмтылысы жақсы.

– Тiл үйрететiн орталық ашуға елшiлiктiң көзқарасы қандай?

– Бiрнеше рет айттық. Елшiлiктiң өзi бюджеттегi ұжым. Олардың қолынан келмейдi-ау деймiн. Әуелi бiздiң кiтаптарды, ұлттық заттарды қоятын жер жоқ. Бiрде елшiге кiрiп: "Мұражай ашайық. Ұлттық нақыштағы заттардың бәрi үйiмде тұр. Оны елге көрсету керек" дедiм. Соған елшiлiктен қуықтай бiр бөлме берсе деп армандаймын. Одан бөлек елге келгенде кiтап алып барамын. Оның бәрiн үнемi өз қаражатыммен тасимын. Мұны мемлекет жағынан ойластыру керек. Құдайға шүкiр, екiжақты қарым-қатынас бар. Қазақ тiлiн оқытуға Ресейдiң мемлекеттiк органдары қарсы емес. Әрбiр жоғары оқу орнында арнайы топтарға бөлiм ашып қойған. Тек мемлекет тарапынан мұғалiмге сағат үшiн аз қаражат бөлiнген. Әл-Фараби атындағы Қазақ университетi Мәскеудегi Тiлдер университетiмен арнайы келiсiмге отырған. Екi жылда бiр рет мұғалiм жiберiп тұрады. Ол мұғалiмнiң тұратын жерi, айлығы, барлық құжаты мемлекетаралық келiсiмшартпен шешiлген. Бiрақ бiр мұғалiм неге жетедi? Басқа ЖОО-да ашылып жатқан топтарға мұғалiм жоқ. Бар бiр мұғалiмнiң өзiне айлық аз төленедi. Еңбегiн жемеу керек. Ал, бiз Қазақстанда орыстарға арнап қаншама мектеп, мұражай, орталық ашып жатырмыз. Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан облысында өзбектiң 200-ге тарта мектебi бар екен. Бiздiң намысымыз жоқ па? Бiзге тек жалға алған ақшаны төлеп берсiн, мұғалiм берсiн. Күнi бүгiнге дейiн айына 1 мың доллар жалдық құнды өзiм төлеп отырмын. Бар болғаны бiздi қолдаса болды.

– Жалпы, Мәскеудегi қазақтардың Отанына оралғысы келе ме?

– Олар қайтып келу үшiн елiмiзде жағдай жасау керек. Кiм жылы орнын суытқысы келедi?! Бiрiншiден, мәскеулiк қазақтардың баласы тiл бiлмейдi. Мұнда келгенде жұмыс көзi табыла қоймайды. Әрине, қаны қызады, келгiсi келедi, жүрегi ауырады. "Болашақ" бағдарламасымен оқуға барған басқа ұлт студенттерi азаматтығын ауыстырып, қалып та қояды. Мұндағы қазақтар: "Өзiмiздi жарылқай алмай жатқанда неге бар жағдайды сыртта жүргендерге жасаймыз" деп айтады. Мәселе онда емес. Қазақстан үшiн бiр қазақ та үлкен байлық. Бiр қазақ болса да, тарта беру керек.

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы