Жаңалықтар

АТАҚТЫ БАБОЧКИННЕН ДӘРIС АЛҒАН АКТЕР

ашық дереккөзі

АТАҚТЫ БАБОЧКИННЕН ДӘРIС АЛҒАН АКТЕР

Нұрлыбай ағаның болмыс-бiтiмiнiң өзi актер екендiгiн бiрден аңғартады. Қапсағай бойлы ұзын денесi, әдемiше келген түр-тұлғасы, мейiрлене қарайтын сұлу жанары, бәрi-бәрi теледидардың экранынан ғана көретiн бейнеге ұқсайды. Барлық болмысыменен, айрықша келбетiменен Нұрлыбай аға өзгеше әртiс…

Нұрлыбай ағаның әртiстiк кезеңi тоқырау жылдарына тап келдi. Нарық жылдарындағы қиындық киностудияны да айналып өткен жоқ. Қаржының жетiспеуi, қысқартулар, ұлттық фильмдердiң болмауы да Нұрлыбай ағаның шығармашылығына әсерiн тигiзбей қоймады. Сондай қиындықтар бола тұрса да, Нұрлыбай Есiмғалиев әртiс. Сол баяғы өзiнiң қара шаңырағы, "Қазақфильм" киностудиясы оның өнердегi айрылмас серiгi.

ТЕКТI ӘУЛЕТТIҢ БАЛАСЫ ЕДI

Ол кiсi де бала болды. Болашақ әртiс сонау Орал облысында, қазiргi Бөкей ордасында дүниеге келдi. Балалық шағы сонда өттi. Өзiнiң балалық шағы туралы Нұрлыбай аға былай әңгiмелеген едi. "Бiр жағы мидай жазық дала болатын болса, бiр беткейi бұйрат-бұйрат құмдар. Жалаңаш құм емес, оның үстiне неше түрлi шөптер өсетiн. Қазiр бiреу бiлсе, бiреу бiлмес, құмаршық деген өсiмдiк болған. Кешегi Ұлы Отан соғысы жылдары талай жерде аштық орнап жатқан кезде, әке-шешелерiмiз Нарын құмында құмаршықты терiп алып, оны диiрменге тартып, сонымен қоректенген екен. Керемет өмiр сүрдi деп айтпаймын, бiрақ соның арқасында аштық көре қойған жоқ.

Кешегi өткен Исатай, Махамбеттiң жүрген жерлерi, кешегi өткен Дина апамыздың жүрген жерлерi, Құрманғазы атамыздың жүрген жерлерi, қайсiбiрiн айтайын, қазақтың маңдайалды мықтылары шыққан жерде тудым. Сол жерде орталау мектептi бiтiрiп, арман қуып, Алматыға келiппiн. Бұл 1968 жыл болатын. Менi ару астанаға сол жылдары ешкiм қолымнан жетелеп алып келген жоқ. Сол жылдары Алматыда эстрада-цирк студиясы ашылған екен. Оның директоры Гүлжаһан Галиева деген апайымыз болды. Бұл кiсi Жетiсу өңiрiндегi танымал болған Гали байдың қызы болыпты. Әкесiн төрт-бес шаруа носилкаға салып алып жүредi екен. Қазақтың атақты 28 байын конпескiлеген кезде, соның қатарына Гүлжаһан апайдың әкесi де iлiгiп кеттi. Әкесiн конпескiлеген соң, оның тұқымын қоя ма? Бiздiң апайымыз да көп қиындық көрiптi. Сол қиындықтарға қарамай, мықтының аты мықты емес пе, қиындықтың бәрiн жеңiп шығады. Гүлжаһан апай сөз жанрына аса икемдi кiсi едi. Орыстар ондайды "чтец" дейдi. Ондай адам актерден де жоғары болатын. Театрдың сахнасында он-он бес адам адам орындайтын болса, оны Гүлжаһан апай жалғыз өзi алып шығатын. Рахия Қойшыбаева, Құрманбек Жандарбеков, Ғарифолла Құрманғалиев, Роза Бағлановамен қатар жұмыс iстеген Гүлжаһан апайдың негiзгi қызметi концерт жүргiзушiсi екен. Мен сол кiсiнiң тәрбиесiн көрдiм, сол кiсiден дәрiс алдым. Ол кiсi маған: "Балам, сенiң дауысың да, бойың, бiтiмiң, бәрi актерлiкке келедi. "Чтец" дегендi мен ғана ұстап жүрмiн. Сол себептi саған актерлiк мамандықты игеру керек. Шолпан Жандарбекова деген апайың бар. Соның класына барып түс" дедi. Мен солай консерваторияға Шолпан апайға келдiм. Шолпан апам да қазiр дүниеден өттi. Иманды болсын, бiрден оқуға қабылдады. Оның үстiне дайындығым да болды. Шолпан апамның қолынан талай рет дәм таттым. Бiр рет тiптен қызық болды. Шолпан апа: "Үйге мебель алып едiк. Соны кiргiзуге курстарыңмен көмектесiп жiберсеңдер" дедi. Бардық, үйге кiргiздiк. Шолпан апа шәй дайындап қойыпты. Ол кезде Құрманбек аға да консерваторияда сабақ беретiн. Он шақты баламыз. Арамызда қыздар да бар. Шәй iшiп отырғанымызда Құрманбек аға кiрiп келдi. Шолпан апайымызға қарап: "Мынауың не?" дегенi. Апай да бiртүрлi сасып қалды. "Ендi, балаларға шәй берiп отыр едiм" дедi. "Шәйiңдi жина да, балаларға ет ас"– дегенi Құрманбек ағаның. Содан ет жеп, бiр-ақ қайттық қой. Бiз сондай мықты-мықты адамдардың алдын көрдiк. Консерваторияның 1-курсын жақсы бiтiрдiм. Үздiк оқыған студентке Шәкен Айманов атындағы стипендия берiледi. Соған ұсынып жатты. Бiрақ ғайыптан ғайып, Мәскеудiң Бүкiлодақтық кинематография институтынан екi жолдама келдi. Соған мен iлiгетiн болдым. Менiң кететiнiмдi бiлгенде Шолпан апа ренжiдi. "Сенiң болашағың үлкен, кетпе" дедi апам. Бiрақ жастық қой. Албырттық басым. Көңiлде Мәскеудi көрсем деген арман тұрды. Мәскеудiң аты – Мәскеу. Ондағы театрлар, ондағы музейлер… Ол жерде бiзге орыстың мықты-мықты сахна тарландары сабақ бердi. Бабочкиннен сабақ алдым. Бiзде мәселен, "Шолпан Жандарбекованың класы" дейтiн болса, онда "мастер" дейтiн. Шеберханадан шыққан деген сөз. Он төрт бала оқыдық. Чухрай, Бабочкин, Геросимовтерден сабақ алдық. Ол кездерi ВГИК-ке түсу де оңай болмайтын. Кемi екi-үш дипломмен келiп, оқитын едi. Сондай оқу орнында дәрiс алу деген оңай емес. Сол институтты бiтiргеннен кейiн, 1974 жылы Алматыға "Қазақфильм" киностудиясына жұмысқа келдiм. Театрға да баруға болатын едi. "Мен кино актерi мамандығын оқыдым ғой. Осыған қабiлетiм жетедi ғой" деген ой болды. Сол оймен киностудияда қызмет етiп келе жатқаныма, мiне, 40 жылға жуық уақыт болыпты.

ОРЫСТАР БӘРIН КӨРСЕТIП ЖАТЫР

Нұрлыбай аға осыншама уақыт iшiнде отыз шақты фильмге де түсiп үлгерiптi. Ол фильмдердiң арасында актердiң көңiлiнен шыққаны да, шықпағаны да бар. Бiрақ, әр фильмдегi әр роль Нұрлыбай ағаның жүрегiнен шыққан бейнелер деп айтсақ та болады. "Қазақфильмге" келген жылы, яғни 1974 жылы Жәрдем Бәйтенов деген талантты азаматтың "Бәйшешектер" атты киносына түстiм. Онда мен мұғалiмнiң ролiн ойнадым. Драматургиясы нашарлау болды ма, фильм дұрыс шықпады. Одан кейiн 1986 жылы "Сайтан көпiр" фильмiнде Аспан ролiн ойнадым. Менiң шал кезiмдi Ыдырыс Ноғайбаев сомдады. Фильмдi қойған режиссер – Дәмiр Манабай. Одан кейiнгi жақсы рольдерiмнiң бiрi – "Жамбылдың жастық шағы" фильмiндегi Сүйiнбайдың ролi. Бұл фильмнiң сценарийiн жазған Мырзатай Жолдасбеков. Фильм шыққаннан кейiн оны бiраз депутаттар тамашалапты. Арасында Шерхан Мұртаза да бар. Бiрде Қордай ауданына барып, фильмге түсiп жатқанымда Шерағаңмен жолықтым. Ол кiсi маған: "Фильмде шаруам жоқ, Нұрлыбай. Сенiң ролiң ғажап екен. Атаңның әруағы қолдап жүрсiн!" деген едi. Одан кейiн де бiрқатар фильмдерге түстiм. Оның арасында Қаныбек Қасымбековтiң "Қызыл отау" деген фильмi болды. Бұл фильмде комиссар Айдосовтың бейнесiн сомдадым. Бұл роль Ораз Жандосовтың прототипi болатын. Бiрақ, бұл фильмдi көрсетпедi. Көрсетуге де болатын едi. Орыстар қазiр бәрiн көрсетiп жатыр ғой. Революциясын да, көтерiлiстерiн де, бәрiн-бәрiн… Неге бiзге көрсетуге болмайтынын түсiнбедiм?!

АМЕРИКАЛЫҚ ҮНДIСТI ДЕ ОЙНАЙТЫН БОЛҒАМ

Аса жолым болған жiгiт емеспiн. Өнердi айтам. Ауырдым, сырқадым, кейде арнайы жасалған бөгеттерге жолықтым. Сөйтiп жүргенiмде, менiң өмiрiмде күтпеген бiр ғажайып дүние болды. 1986 жылдың аяғы. "Сайтан көпiрге" түсiп жатқанбыз. Бiр күнi актерлiк бөлiмнен қоңырау шалады. Сөйтсем, Германиядан белгiлi режиссер, әншi, продюсер Дин Рид келiптi. Ол кiсi индеецтер туралы бес-алты фильм түсiрдi. Онда көбiне еуропалық актерлер ойнайтын едi. Сол қалыптасқан үрдiстi бұзғысы келдi ме екен, кiм бiлсiн, ол кiсi жаңа сценарий жазып, сондағы басты рольге, яғни үндiстiң ролiне Орта Азиядан актер iздеп жүр екен. Өзбекстанда болыпты, Қырғызстанға барған. Ең соңында Қазақстанға келедi. Сол кiсi келген соң, киностудиядағылар актерлердi көрсетейiн деп ойлаған болуы керек, менi де шақырды. Келсем, кабинетте шашы аппақ қудай бiр кiсi отыр. Жiгiттер жиналып қалыпты. Есiкке қарама-қарсы отыр екен. Кiрiп келдiк. Кiрiп келе жатып, ол кiсiнiң көзiнiң маған түскенiн байқадым. Сонымен, ол кiсi менi таңдады. Алдымда әлi төрт сынақ бар. Фильм қазiргi заман үндiстерi туралы екен. Қасында қырғыздың екi баласы бар. Содан бiздi алып, Мәскеуге алып келдi. Ол жерде де сынақтан өттiм. Ригаға келгенiмiзде, екi-ақ адам қалдық. Ригадан соң, Берлинге алып барды. Сөйтiп, режиссер ақырында маған тоқтады. Бiр айдан кейiн құжат дайындауым керек болатын. Ол жылдары шет елге барып ойнау деген болған емес едi. Түсiрiлiмде жүргем. Бiр күнi таңғы жаңалықтарды қарап отырсам: "Белгiлi әншi, режиссер Дин Рид белгiсiз жағдайда қайтыс болды" деп хабарлап тұр. Сiлейiп отырып қалдым. Iштей қатты қиналдым. Соның да әсерi тиген болуы керек, Аспан ролiн өте ерекше ойнап шықтым. Шығармашылық өмiрiмде жолымның аса болмағанына, өз потенциалымды дұрыс көрсете алмағаныма iштей жыламасам да, өкiнiшiм бар.

ӨЗIМIЗ БАРЫП, "КИНОҒА ТҮСIРШI" ДЕП ЕШҚАШАН АЙТПАЙМЫЗ

Қазiр киноға көп шақырып жатқан жоқ. Жарнамалық роликтерге, бейнеклиптерге түскенiм болмаса… Актердiң өмiрi солай… Өзiмiз барып, киноға түсiршi деп ешқашан айтпаймыз. Шақырса барамыз. Қазiр "Қазақфильмге" басшылыққа Ермек Аманшаев келгелi жақсы өзгерiстер болып жатыр. Ол кiсi бiздi қайта шақырды. "Шашылып қалған фильмдердi жинасаңыз, қор құрайық" деп, Кино қор құрды. Қазiр соны басқарып отырмын. Оған да рахмет!" дейдi Нұрлыбай аға ағынан жарылып…

"Өнерде аса жолым болған жiгiт емеспiн. Ауырдым, сырқадым. Кейде фильмге шақырып жатқан кезде ауырып қалдым. Кейде барғым келген рольдерге түсе алмадым" дейдi аға мұңайып. Қалай десек те, Нұрлыбай аға дарынды актер, талантты әртiс екенiн мойындатқан жан.

Ешқандай атақ-дәрежесi жоқ талантты өнер иесiнiң кино ғұмыры осылай өтiп жатыр. Санаулы ғана қазақ киносын көрiп үйренген қазақ көрерменiне Нұрлыбай аға сомдаған кейбiр кейiпкерлер жете де қойған жоқ. Актер үшiн ең өкiнiштiсi де осы. Бiрақ, Нұрлыбай аға ойнаған рольдер де күнi ертең экранға жол тартатынына кәмiл сенемiз…

Гүлзина Бектасова