Жаңалықтар

"ТIЛДI БАЛТАМЕН ЕМЕС, БАЛМЕН КҮШЕЙТКЕН АБЗАЛ"

ашық дереккөзі

"ТIЛДI БАЛТАМЕН ЕМЕС, БАЛМЕН КҮШЕЙТКЕН АБЗАЛ"

Қазақ тiлiн зерттеушi америкалық ғалым осылай дейдi

Қазақ тiлiнiң мәселесiн "қазақтiлдi саясаткерлер мен журналистер ғана қаузауы тиiс мәселе" деп қарау – өткеннiң iсi. Шындығында, Қазақстандағы қазақ тiлiнiң мәселесi – егемен елдегi мемлекеттiк тiлдiң мәселесi екенiн ұғыну керек. Оны сырт елдерден келген ғалымдар арнайы зерттеп, диссертация қорғап, ғылыми айналымға енгiзiп жүр.

Қазақ тiлiн зерттеушi мамандардың бiрi – АҚШ мемлекетiнiң Индиана университетiнiң профессоры, Орталық Еуразияны зерттеу кафедрасының қызметкерi Уильям Фиерман. Ғалымның Қазақстанға жақында келген бiр сапарында онымен кездесiп, қазақ тiлiнiң дамуына қатысты пiкiрiн бiлген едiк.

Фиерман мырза қазақша тәп-тәуiр сөйлейдi екен. Сұхбат-әңгiмемiздiң өзегi қазақ тiлiнде өтсе де, ара-тұра ойын орысша жеткiзуге мәжбүр болды. "Қазақ тiлiн 90 жылдардың басында, кiтап пен сөздiк арқылы үйрене бастадым" дейдi ғалым. Өзi – орыс және қытай тiлдерiнiң маманы. "Менi кейде миссионер деп те атайды. Бiрақ мен иудаиспiн" дейдi күлiп.

"Ә" дегеннен қонақтан қазақ басылымдары туралы пiкiрiн сұрадық. "Қазақ газеттерiн оқып көрген емеспiн, бiрақ ендi елшiлiк арқылы алып тұратын болдым" деп жауап бердi. Ал қазақ газеттерiнiң барлығында дерлiк интернетте веб-ресурстары бар екенiн, онда мұрағат арқылы газеттердiң бұрынғы сандарын да оқуға болатынын естiгенде, "А? Рас па? Керемет!" деп қалбалақтап, қуанып қалды.

"Қазақ ақын-жазушыларын оқып көрдiңiз бе?" деген де сұрақ қойдық. "Жоқ, оқып көрген жоқпын, оған уақытым жоқ" деп жауап бердi.

Уильям Фиерман Орталық Азияға алғаш рет 1976 жылы, АҚШ мен КСРО арасындағы айырбас келiсiм-шарты бойынша келiп, бiр жыл Ташкентте тұрған. Бұдан соң Гарвард университетiнде "Өзбекстандағы 20-30 жылдардағы тiл саясаты" тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғаған.

Отыз жылдан астам уақыт Орталық Азиядағы тiл саясатын зерттеп келе жатқан ғалымның Қазақстандағы тiл саясатына қатысты пiкiрi өзгеше. "Қазақстандағы тiлдiк жағдай ешкiмге ұқсамайды. Былай қарасақ, мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi. Мемлекеттiң аты – Қазақстан. Азияның өзге елдерiне қарағанда, сауаттылық та жоғары деңгейде, мемлекет те бай. Бiрақ мұндағы тiлдiк жағдайды ешбiр елмен салыстыруға келмейдi" дейдi ол.

Одан соң сырт көзге байқалған елден ерекше жағдай – Қазақстанда басқа мемлекеттермен салыстырғанда сауаттылық деңгейi өте жоғары, бiрақ оқымыстылардың басым көпшiлiгi – басқа тiлде бiлiм алғандар. "1991 жылдан бастап Қазақстан егемендiк алғаннан берi елдегi сауаттылық деңгейi өте жоғары болатын. Яғни бұл көрсеткiш 95 пайыздан асатын. Бiрақ бұл сауаттылық мемлекеттiк тiлде емес едi".

Бұдан соң Фиерман мырза Қазақстандағы мемлекеттiк тiлдiң жағдайына қатысты пiкiрiн кеңiнен таратып айтып бердi:

– 80-шi жылдарда қазақ тiлi көптеген салалардағы статусынан айрылды. Iрi қалаларда қазақ тiлi өте аз қолданыста едi. Мұның себептерi әртүрлi. Бiрiншi себеп – демографиялық жағдай. Қалаларда қазақтар аз тұратын. 1959 жылғы халық санағы бойынша, Алматыда қазақтардың саны 8-9 пайыздан аспаған. Қалада қазақ ортасы қалыптаспады, орыстар қазақша сөйлейтiн. Ауылдан қалаға келген азаматтар орысша сөйлеуге мәжбүр болды. Оның үстiне, қалада қазақ мектептерi аз болатын.

Екiншiден, Орталық Азияның басқа да елдерiне қарағанда, қазақ тiлi пәнi орыс мектептерiнде маңызды пән ретiнде оқытылмады. Қазақ тiлiне екiншi, үшiншi деңгейлi пән ретiнде қарап келдi. Есесiне, қазақтар арасында орыс тiлiн бiлетiндер саны әлдеқайда көп болған. 1989 жылғы халық санағы бойынша, Қазақстанда тұратын қазақтар арасында орыс тiлiн жетiк меңгергендер саны 65 пайыз болса, Қырғызстанда бұл сан 35 пайыз, ал Өзбекстан, Түрiкменстан, Тәжiкстанда жергiлiктi ұлт арасында орыс тiлiн бiлу деңгейi 20-25 пайыздан да аспаған.

Бүгiнде iс қағаздарын жүргiзу 80 пайызға жуық мемлекеттiк тiлге көштi деп айтады. Бiрақ мұның шын мәнiнде қалай жүзеге асып жатқанын бәрiмiз де бiлемiз ғой. Құжаттарды орыс тiлiнде жазады да, қазақшасы аударма ретiнде қалады.

Қазiр қазақ тiлiн бiлетiн өзге ұлт өкiлдерiнiң жалақысын көбейту әрекеттерi бар. Бiрақ қазақтарды ысырып, тек өзге ұлт өкiлдерiне үстеме жалақы төлеу дұрыс емес. Менiңше, қосымша жалақыны ұлтына қарамастан бәрiне бiрдей беру керек. Теңсiздiк неде? Бiз Қызылордада тұратын Ваняға тiлдi бiлгенi үшiн қосымша жалақы төлеймiз, бiрақ Петропавлда туған Азаматқа төлемеймiз бе? Кешiрiңiз, мұнда тiлдi бiлу үшiн кiм көбiрек еңбектенедi? Менiңше, бұл – қазақтарға жасалып отырған дискриминация.

Түптiң түбiнде, Қазақстанда тұрғысы келетiн азамат қазақ тiлiн бiлуге мiндеттi. Бұл орайда қазақ тiлi – тек қазақтардың емес, Қазақстанның тiлi болуы керек.

1989 жылы "Тiл туралы" Заң қабылданды. Орыс тiлiнде бұл заң "Закон о Языках" деп аталды. Байқасаңыз, қазақшасы "Тiл туралы", ал орысшасы "О Языках!" Неге? – дейдi ғалым.

Ал қазақ тiлiнiң өз елiндегi мүшкiл жағдайын Уильям Фиерман тiлдi оқыту әдiстемесiнiң әлсiздiгiнен, сапасыздығынан көредi. "Сапасыз оқулықтар мен сөздiктер, бiлiктi мамандардың жетiспеушiлiгi қазақ тiлiнiң беделiн түсiрiп, оның мазмұндығына, шұрайлылығына күмән келтiрiушiлердiң қатарын арттырды" дейдi.

Ғалымның "Егер де 15 жыл бұрын балаларға арнап сапалы қазақтiлдi бағдарламаларды көптеп шығарғанда, қазiр 11 сыныпта оқитын Таня, Маша мен Олег қазақ тiлiн бiлiп шығар едi" деген пiкiрi көкейге қонады. "Жақында мен Моңғолияда болдым, – дедi Фиерман мырза ойын жалғастырып, – Былай қарасаңыз, Моңғолия Қазақстан сияқты бай мемлекет емес. Бiрақ Моңғолияның кiтап дүкендерiнде балаларға арналған оқулық-кiтаптар өте көп. Қазақстандағы жағдайды мұнымен салыстыруға да келмейдi. Мемлекет балаларға арналған сапалы кiтаптардың көптеп шығарылуына мүдделi болуы тиiс. Өкiнiшке қарай, Қазақстанда қазiр шығып жатқан кiтаптардың бағасы өте қымбат".

Әңгiмемiздiң түйiнi ретiнде "Қазақстандағы тiл саясаты алдағы уақытта қалай өзгередi деп ойлайсыз?" деп сұрадық. "Менiңше, тiлдiң жойылу қаупi жоқ, қазақ тiлi даму үстiнде. Орыс тiлi қолданыста қалады, ал ағылшын тiлiн меңгергендер саны артады" деп болжам жасады қонақ. Одан соң "Қазақ тiлiн балтамен емес, балмен күшейту керек" деп түйдi.

P.S. Индиана университетiнде қазiргi таңда 50 шақты қазақ студентi бiлiм алып жүр. Олардың басым көпшiлiгi – "Болашақ" бағдарламасы арқылы оқуға түскендер. Оның бiреуi Уильям Фиерман мырзаның аспиранты көрiнедi. "Осы студенттермен қазақша сөйлесесiз бе?" деген сұрағымызға "Жоқ, ағылшынша, негiзiнен орысша сөйлесемiз" деген жауап алдық…

Гүлбиғаш Омарова