МАЙЛЫҚОЖА АҚЫНҒА КӨРМЕ АШЫЛДЫ

МАЙЛЫҚОЖА АҚЫНҒА КӨРМЕ АШЫЛДЫ

МАЙЛЫҚОЖА АҚЫНҒА КӨРМЕ АШЫЛДЫ
ашық дереккөзі

Қазақтың халық ақыны Майлықожа Сұлтанқожаұлы 1835 жылы қазiргi Оңтүстiк Қазақстан облысы, Отырар ауданы, Қожатоғай ауылында дүниеге келген. 1898 жылы Ордабасы ауданы, Бадам ауылында қайтыс болған. Ауыл молдасынан сауат ашып, ескiше хат таныған. Майлықожа өлеңдерiн ауызша шығарған, өзi жазып қалдырған мұралары да кездеседi. Майлықожаның әдеби мұрасын жанры мен мазмұнына қарай төрт тақырыпқа бөлуге болады: ғибрат, нақылдар, арнау өлеңдер, дастан, мысалдар, айтыстар. Ақын ауыз әдебиетi үлгiлерiн жазып алып, жинаумен де шұғылданған фольклоршы Ә.Диваев мол деректi Майлықожадан алғанын жазып қалдырған.

Майлықожаның аузынан шыққан көп сөзi мақал-мәтелге айналып кеткен. Ол өз өмiрiнде халқымыздың барша ұлағатты ұғым-түсiнiгiнiң алтын күмбезiн айшықтап тұрғызып берiп кеткен ұлы тұлға. Есiмi елiне көп жылдар белгiсiз болып келген, қайта оралған қаламгер Жүсiпбек Аймауытұлы "Өлеңi өлмейтiн ақын" деп бағаласа, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов қазақ айтыс өнерiне жаңа жанр енгiзген ақындар қатарында Майлықожаны атаған.

Майлықожаның бiраз өлеңдерi "XVIII-XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары" (1961), "Өсиет" (1983), "Үш ғасыр жырлайды" (1964), "Бес ғасыр жырлайды" (1984-1989), "Ай заман-ай, заман-ай" (1991) жинақтарында жарияланды. Ал 1972 жылы жарық көрген "Нақыл" атты жеке жинағы Майлықожа мұрасының аз ғана бөлiгiн қамтиды.

1883 жылы Ташкентте Я.Я.Лютштың құрастыруымен шыққан "Қырғыз хрестоматиясына" Майлықожа Сұлтанқожаұлының 54 өлеңi ғана енген.

1993 жылы Шымкент қаласында "Шымған" кәсiпорнында Майлықожаның еңбектерi шағын кiтаптар болып басылып шықты. Бiрiншi кiтап "Нақылият" – термелер, өлеңдер, көңiл айтулардан тұрады. Екiншi кiтап "Дүние-ай" – мұнда өлеңдер мен сықақтар енген. "Қара сөз" деп аталатын кiтапқа ертегiлер, аңыздар, батырлық хикаяттар кiргiзiлген. Мұнда Майлықожаның айтуынан жазып алған Ә.Диваев оларды орыс тiлiне аударып жариялаған екен. "Тымсал" (1993) кiтабына мысалдар, айтыстар мен дастандар енсе, ал "Әмiр Әмзе" (1996) кiтабына дастандар, өлеңдер, нақылдар кiргiзiлген.

Халқымыздың аңыз-әңгiмелерi iшiнен ақын назарын айрықша аударғандары Алдаркөсе мен Жиреншеге байланысты болған. Бұған "Жиренше" аңыз-әңгiмесiнiң Майлықожаға тән нұсқасының өзi-ақ дәлел. Қазақ халқының ауыз әдебиетi шығармаларынан Майлықожа өңдеп, өзiнше айтып, ел арасында кеңiнен насихаттап жүрген салалардың бiрi – батырлық жыры. Ақынның "Шора батыр" жырын қара сөзбен баяндаған нұсқасы ерекше шығарма. Ауыз әдебиетiмiздiң осы бiр жәдiгерiн қазақ көркем қарасөзiнiң даму жолындағы бастапқы белестерiнiң бiрi деп бiлiп, халық роман-хикаяты сипатында қарастырамыз. Шығарманың там-тұмдаған ертегiлiк, аңыздық белгiлерi барлығына қарамастан, құрылымы, кейiпкердi бейнелеу, мiнездеуi, сөз қолданысы тұрғысынан жазба әдебиетiмiздiң хикаят (повесть) – роман түрлерiне жақын тұрғандығын байқаймыз.

Майлықожа ақын "Жақсы iсiң" деген өлеңiнде былай деген екен:

Бағасы адамзаттың ақыл болар,

Ақылы жоқ бейдауа қапыл болар.

Бiлмейдi надан адам не қылғанын

Өзiнiң қылған iсi мақұл болар.

Жақсыға айтқан сөзiң ем болады,

Ақылы надандардың кем болады.

Жамандарға насихат айтқан сөзiң,

Жаңғыртқан жарменен тең болады.

Майлықожаны жан-жақты зерттеп, оқырманға жеткiзуде ғалым Ә.Оспанұлының еңбегi ұшан-теңiз десе болғандай.

Ақын, жырау, жыршы Майлықожа Сұлтанқожаұлының шығармашылығына арналған көрме Ұлттық кiтапхананың сирек кездесетiн бөлiмiнде ашылып, жұмыс iстеуде. Оқырмандарымызға Майлықожа ақынның патшалық, кеңестiк кезеңдегi және тәуелсiздiк жылдарда жарық көрген жаңа туындылары қойылды.

Гүлдария БОЛАТОВА, Ұлттық кiтапхана кiтапханашысы