Ерғали ӘБДIРАЙЫМОВ: "ЖIГIТТЕРДЕ" АРМАН КӨП...
Ерғали ӘБДIРАЙЫМОВ: "ЖIГIТТЕРДЕ" АРМАН КӨП...
Бiздiң мақсатымыз – қазақтың әнiн шет елдерге танытсақ деймiз
"Жiгiттер" продюсерлiк орталығы құлашын кеңге жайып келедi. "Жiгiттер" тобы, "Жалын", Асқар Жүнiсбеков, Болатбек Досыбаев та осы орталықтың өнерпаздары. Продюсерлiк кәсiптi меңгеру де оңай емес. Бiр әншi емес, бiрнеше әншi жiгiттерден құралған топ пен жеке-жеке әншiлердi қанатының астына алып, қамқорлық жасау кез келгеннiң қолынан келетiн дүние емес. Ал, бiрақ, Ерғали Әбдiрайымов осы қиындықты меңгерудi өзiне басты мақсат етiп алса керек.
"Жiгiттер" продюсерлiк орталығының концертiн өткiзгелi де бiр-екi айдың жүзi болды. Бүкiл Қазақстанды жеке концерттiк бағдарламаларымен аралап шыққан "Жiгiттердiң" продюсерiмен аз-кем тiлдесудiң сәтi түскен едi.
– Ерғали, "Жiгiттер" тобының басын қосып, квартет болғанына да бiраз жылдың жүзi болды. Әуелде, бiрнәрсенi бастаудың өзi қиын. Құдайға шүкiр, сiз ол баспалдақтардан өттiңiз. Қазiр сол қиындықпен бастаған дүниеңiз құлашын кеңге жайып келедi. Мұның бәрi продюсер ретiнде қиындығын тудырмай ма?
– Негiзi, әр жұмысты бастаудың алдында кез келген адамның сескенетiнi рас. Мүмкiн, бүгiнгi продюсерлер үшiн бәрi оңай да шығар. Бiрақ, бiз бастаған уақытта өте қиын болды. Продюсерлiктiң қыр-сырын да ұқпадық ол шақта. Тiптi, продюсер боламын деген ой да болған жоқ. Әйтеуiр, дарынды жас жiгiттермен кездестiм. Оның бiрi өзiмнiң бауырым болып келедi. Алғаш, бiр отырысқа барғанымда тыңдадым олардың дауысын. "Осы жiгiттерге көмектессек қалай болады?" деген ой келдi басыма. Белдi бiр азаматпен бiрге ол жiгiттердi Алматыға, мәдени шаһарға алып келдiк. Қиындықтың бәрi осында келгеннен кейiн басталды. Тұратын жерi, киiмi, материалдық жағдайы, оқуы, бәрi ақшаға келiп тiрелетiнiн алғашында бiлген жоқпыз. Әлгi менiмен келген азамат осындай қиындықтардың бәрiн көргеннен кейiн, "мен жұмыс iстей алмаймын" деп бас тартты. Ал, маған бас тартуға тiптен ұят. Осында келердiң алдында барлығының ата-анасын шақырып алып, "осылай да осылай, бәрiн жасаймыз" деп уәде берiп қойғанбыз. Барлығын оқудан шығарып алып, Алматыға қайта тапсыртқанымыз және бар. Ендi не iстеймiз?! Оның бәрi бiр адамға оңай жұмыс емес. Ер азамат болғаннан кейiн, мойныңа бiр мiндеттi жүктегеннен кейiн, тастап кету оңай болмайды екен. Қиындықтарға қарамастан, тәуекелмен жұмысты бастап кеттiк. Дәл сол сәтте, шоу-бизнестен пайда тапсам, пайдалансам деген ой мүлде болған жоқ. Әйтеуiр, орта жолда қалдырмай, осы балалардың жолын ашсам, елге танымал етсем деген оймен ғана күндiз-түнi жұмыс iстедiк. Мақсатымыз да осы болды. Қазiр Құдайға шүкiр, сол көрген қиындығымыз өз жемiсiн бердi. Еткен еңбегiмiз, төккен терiмiз далаға кеткен жоқ. Жiгiттер еңбектi ақтап келедi.
– "Жiгiттер" тобымен ғана шектелiп қалғыңыз келмедi ме?
– Әуелде продюсер болам, әншiлермен жұмыс iстеймiн деп ойлағам жоқ. Күндiз-түнi жасаған еңбегiмiздiң нәтижесi болатынына да көзiмiз жеттi. Алла разы болсын, "Заңғар" сауда орталығында басшылықта отырған жiгiттер де көмектесе бастады. "Жiгiттердiң" құрамындағы Ердос пен Еркiн бiр ауылдың балалары. Асқар да олардың жерлесi. Ол бұрыннан осы балалармен араласып, бiрге жүрген жiгiт. Концерттерде, гастрольдерде үнемi басымыз қосылып жүрген соң, Асқарға бiр күнi: "Одан да бiзге кел. Бiрiгiп жұмыс iстейiк" деп өтiнiш айттым. Екi-үш жылдың көлемiнде "Жiгiттердiң" де, Асқардың эстрада көгiнде өзiндiк орны, қолтаңбасы қалыптаса бастады. Шоу-бизнестiң қыр-сырын ептеп түсiне бастағаннан кейiн, халықтың алдында жүрген, тыңдарманға ұнайтын жас жiгiттердi бауырымызға тартсақ деп ойладық. Сондай оймен "Жалын" тобын қанатамыздың астына алдық. Болатбек Досыбаев бұрын "Жiгер" тобының әншiсi болған екен, ол жеке әншi болып жүргеннен кейiн, маған келiп, қолқа сала бастады. Осылай бәрiмiздiң басымыз бiр жерге тоғысты. Ендiгi бiздiң басты мақсатымыз – "Жалын" тобы мен Болатбек Досыбаевты тыңдарманның алдына көбiрек шығарып, елге таныстыру, қабiлет-қарымын көрсету.
– Орталықтағы қай әншiлерге сұраныс көп түседi?
– Әрине, "Жiгiттер" тобына көп сұраныс түседi. Сосын Асқар Жүнiсбековтi көбiрек iздейдi. "Жалын" мен Болатбекке де өтiнiштер келiп тұрады. Ақырындап, ол жiгiттерде елдiң алдына шығып келедi.
– Бiрнеше адамды қаржыландыру, әрi олардың жеке концертiн өткiзу бiр адамға оңай соқпайтыны рас. Мемлекеттен қаржы алатын мемлекеттiк мекеме де емессiздер. Орталық өзiн-өзi ақтай ала ма?
– Қазiргi кезде мемлекеттен қаржы сұрағанымызбен, мемлекеттiк мекеме болып саналмағаннан кейiн, бере қояды деп ойламаймын. Бұл жерде қаржы тек қана өзiмiздiң қалтамыздан шығады. Продюсер ретiнде менiң ұққаным, жалпы, кез келген жоба өзiн-өзi ақтау үшiн тынбай жұмыс iстеп, еңбек ету қажет екен. Бiр ақынның сөзiн алсаңыз да, бiр композиторға ән жаздырсаңыз да, оған қаламақы төлеуiңiз керек. Онсыз болмайды. Өйткенi, авторлық құқық деген бар. Соның бәрiн шешiп, одан бөлек күнделiктi тамағымызды айырып, киiмiмiздi тiктiрiп, жеке кешiмiздi жасап жатырмыз. Бұған да тәубе деймiз. Бiрақ, әйтеуiр болашақта жасаған еңбегiмiз нәтижелi болады деген ойым бар.
– "Жiгiттер" продюсерлiк орталығындағы әрбiр әншiмен жеке келiсiмшарттар түзiлген бе?
– Құқықты мемлекет болғаннан кейiн, келiсiмшарт жасау да дұрыс деп ойлаймын. Келiсiмшарт дегенiмiздiң өзi өмiрдегi сабақ. "Жалын" тобы алғаш маған келген кезде: "Ереке, бiз сiзге келдiк. Ендi келiсiмшартқа отырайық. Егер бiз жүз теңге тапсақ, оның жартысын сiзге берiп отырамыз ба?" деген де әңгiмелер туындаған. Сосын мен: "Жiгiттер, сендердiң ойларың ең алдымен қаржыда болмасын. Қаржы дегендi ең соңғы орынға қою керек. Қаржыны табу үшiн адам ең алдымен күндiз-түнi жұмыс iстеу керек" дедiм. Әуелi еңбек етсе ғана, оның қайтарымы болады деп түсiндiрдiм. "Алдыңғы қатарға жетейiк, халыққа қызмет етсек, халықтың сұранысына iлiнемiз бе, жоқ па, соны байқайық" дедiм. Мәселе, тек ақшада емес. Мәселен, менiң продюсер ретiнде шығарған қаржым қайтпай қалса, мен олардан сұрай алмаймын ғой. Бұл да сол сияқты. Кез келген дүние нағыз еңбекпен келедi.
– Қарапайым ғана мысал, сiз продюсер ретiнде талантты бiр жастың көзiн аштыңыз делiк. Оны елге танымал ету үшiн қаншама қаржы-қаражат та құйдыңыз. Ол орта жолда сiздi тастап кетсе немесе жеке өзi бөлiнiп кетсе, қалай болады?
– Мұныңыз да рас. Бiрақ, әрбiр адам бiр жобаны қолға алғаннан кейiн, оның да iшкi қауiпсiздiгiн ойлайсың. Менiң де iшкi қауiпсiздiк үшiн жасалған дүниелерiм бар. Қазiр елдiң бәрi "жұлдыз" деген сөздi тауып алды ғой. Менiң ойымша, "жұлдыз" деген көкте ғана. Елдiң алдына шығып, көптiң ықыласына бөленгеннен кейiн, танымалдылық пайда болуы мүмкiн. Бiрақ, ол "жұлдыз" боп ауру деген сөз емес. Адам өзiнiң қалай шыққанын, қандай адам болғанын, болмысы қандай екендiгiн еш уақытта ұмытпағаны ләзiм. Бiр адамның есiмi көбiрек айтыла бастаса, оның досы да көбейедi екен. Жанындағы жұрттың әзәзiл сөздерi де болады екен. "Жiгiттерден" Еркiн бөлiнiп кеткенiмен, топтың жұмысы тоқтап қалған жоқ. Мырзахан келдi, топқа сiңiсiп кеттi. Еркiнге де еш өкпе айта алмаймыз. Ол да өзiнiң жұмысын жасап жатыр. Оған да жұмысы жандана берсiн дегiмiз келедi.
– "Жiгiттер" продюсерлiк орталығының жеке концертiнен соң, Асқар туралы да әңгiмелер жиi айтылып кеттi.
– Асқармен арамызда өзiмiздiң келiсiмшартымыз бар. Ол "бөлiнiп кетедi" деген сөз емес. Мүмкiн, арамыздағы келiсiмшарт кiшкене өзгеретiн шығар. Бұрын "мына концертке барасың, мына концертке бармайсың" деген сияқты әңгiмелер туындайтын болса, қазiр кiшкене Асқардың өз еркiндiгi мол. Жолдарын жеңiлдетiп қойғанымыз болмаса, бiржола бөлiнiп кеттi деп айта алмаймын.
– Қыдырәлi Болманов әншiлердiң құқығын қорғайтын бiрлестiк құрды. Сiздер сол бiрлестiкке мүше болдыңыздар ма?
– Қыдырәлiнiң жасап жатқан жұмысы орынды. Бiрақ, "Демеуден" де басқа, бiрнеше бiрлестiктер құрылып жатыр. Қазiргi уақытта өзге бiрлестiкпен келiсiмшартта отырмыз. Мүмкiндiк болып жатса, Қыдырәлiмен де келiсетiн шығармыз. Қайсысымен бiзге жұмыс iстеу тиiмдi, сол бiрлестiкпен жұмыс iстейтiн боламыз. Кейбiр бiрлестiктердiң көңiлден шықпайтын тұстары да бар. "Көш жүре түзеледi" дейдi ғой, Қыдырәлiнiң жасап жатқан еңбегiнiң де жемiсi болады деп ойлаймын.
– Қазiргi дағдарыс шоу-бизнес өкiлдерiне өз салқынын тигiзiп жатқан жоқ па? Сiздерге дағдарыс қалай әсер етуде?
– Алғашқы кездермен бүгiнгi күндi салыстыруға болмас. Бiрақ, Құдайға шүкiр деуiмiз керек. Бұдан да қиын күндердi бастан кештiк. Екi-үш жыл бұрынғы мерзiммен салыстырғанда, кiшкене қиналыс бары рас. Бiрақ, сондайлық сезiнiп жатырмыз деп айта алмас едiм.
– Әншiлердiң көбi өз нәпақасын тойдан тауып жүргенi жасырын емес. Әншiлерге салық салу керек деген де әңгiмелер бар. Бұған сiз қалай қарар едiңiз?
– Салық төлегенге менiң еш қарсылығым жоқ. Ол үшiн салықты салатын жүйенi дұрыс жолға қою керек. Мәселен, бiр тойға барып, менiң әншiлерiм тегiн ән айтып жатқан шығар, не болмаса, бағасы арзандау шығар, сонда олар салықты қалай төлейдi?! Ол үшiн патент деймiз бе, әлде басқа бiр нәрсе ме, әйтеуiр, белгiленген бiр нақты дүние қажет. Әйтпесе, оларға қандай бақылау жасайсың?! Осы мәселенi ойлану керек.
– Продюсерлiктiң бiраз жыл дәмiн татып қалдыңыз ғой. Сiз басқаратын орталықтың жiгiттерiнiң конкурстық бағдарламаларға шығуына, алыс-жақын шет елдерге баруына мүмкiндiгi бар ма?
– Майра Iлиясова сияқты апаларымызды, Қыдырәлi Болмановты алайық, ол кiсiлердiң өнерде жинаған тәжiрибесi көбiрек. Қазiргi шақта, шет елдерге шығу жағын да ойлап жүрмiн. Ақырындап, оған да келетiн боламыз. Мұның бәрi келешекте жүзеге асырылатын дүниелер. Шет елге шыққанда, олардың әндерiн өз тiлдерiнде орындап бермей, қазақтың әнiн соларға жеткiзсек, сонда ғана қазақ әнiнiң бағын асыра аламыз деп ойлаймын.
– Сiзге жас әншiлерден "продюсер болыңызшы" деген ұсыныстар жиi түсе ме?
– Өте көп. Қолға алғаннан кейiн, онымен жұмыс iстеу керек. Орталықтағы жiгiттер үшiн де атқарылатын шаруа көп. Келешекте өзгеше бiр жолмен, өзгеше бiр жоба жасау ойымда бар. Бiрақ, бұл келешектiң мәселесi.
– "Жiгiттер" продюсерлiк орталығы қазiр немен айналысып жатыр?
– Орталықтың әншiлерiнiң елiмiздi аралап, концерт қойып жүргенiне бiр жарым жылдай болды. "Жiгiттер" тобының бiр жылдан асты, жеке концертi болған жоқ. Барлық қалада төрт жобаны толығымен таныстыру мақсатында концерт берiп келдiк. Ең соңғы концертiмiздi Алматыда 23 мамырда өткiздiк. Ендi, "Жiгiттер" квартетiнiң жеке концертiн өткiзсек пе деген ойымыз бар. Ол мүмкiн, аналардың мерекесiнiң қарсаңында болатын болар, әзiрге құпия болып қалсын.
– Орталықтың жеке студиясы бар ма?
– Жеке студия ашу – негiзгi мақсатымыз. Әзiрге көбiне өзiмiз жұмыс iстеп жүрген ән өңдеушiлерiмiзге барып жүрмiз. Әрине, бiр студиямен тоқтап қалғымыз келмейдi. Өйткенi, бiр өңделген дүние кейде бiр-бiрiне ұқсап кетiп жатады. Сондықтан, әртүрлi студияда жаздырған да жөн болар едi.
– Жiгiттерiмiздiң алды шаңырақ көтерiп, отау құрып жатыр. Олардың әрқайсысына жеке-жеке пәтер беру де оңай емес шығар. Мұның жолын қалай шешiп жатырсыздар?
– Жiгiттердiң бәрi иманды, бес уақыт намазын қаза қылмайды. Екiншiден, мұндай жетiстiктерге жетуiмiз, бiздiң ауызбiршiлiгiмiздiң арқасы деп ойлаймын. Былтыр Айдар мен Ердос үйленiп, жеке отау құрды. Ердос жақында әке болды. Биыл да орталығымыздың жаңалығы көп. Жуырда Болатбек үйлендi. Құдай қаласа, Бағлан да тамыз айында жеке шаңырақ көтерейiн деп жатыр. Әзiрге, жiгiттерде той көбейiп тұр. Ылайым, тойдан айырмасын дейiк!
Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАСОВА