САЛҒЫРТТЫҚ ЖАСТАРҒА ЖАРАСПАЙДЫ
САЛҒЫРТТЫҚ ЖАСТАРҒА ЖАРАСПАЙДЫ
Көпке мәлiм, "Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенiмен айналысады" деген қанатты сөз бар. Әдетте бiзде бiреулер "саясат" десең, көз алдына оппозицияны елестетедi. Дұрысында саясатпен айналысқанның бәрiнiң бiрдей ресми билiкке қарсы болуы мiндеттi емес. Әңгiме өзiңнiң қоғамдық қарымың мен бiлiм-бiлiгiңдi iс жүзiнде танытуда.
Ал қазақ қоғамының кемiнде жартысын құрап отырған отызға дейiнгi жастар бүгiнде саясатқа самарқау ма, қалай өзi? Теледидардан түрлi iс-шаралар мен жиындар өтiп жатқанда немесе сан алуан қозғалыс өкiлдерiнiң баспасөз-мәслихатында көбiне көзiмiздiң шалатыны – ақсақалдар мен қырма сақалдар. Балғын жастар атымен жоқ немесе некен-саяқ…
Күнi кешегi кеңестiк дәуiрде жастардың комсомол сынды күштi де мемлекеттiң жан-жақты қолдауына сүйенген саяси ұйымы жұмыс iстедi. Елбасымыз Н.Назарбаев, Астана қаласының әкiмi И. Тасмағамбетовтен бастап, жер-жердегi көптеген әкiмдерге дейiн кезiнде комсомолдың "шекпенiнен" шыққан қоғамдық-саяси кадрлар, билiк иелерi. Мiне, сол комсомол жастарды түрлi саяси үйiрмелер мен мектептерге тартып, билiктiң бағытына берiк жандар ретiнде тәрбиеледi. Бүгiнде соның бәрi көзден ұшты. Саяси тәрбие мен бағыттау болмағасын, жастардың кейбiрi қоғамдық тұрғыдан меңiреудiң күйiн кешсе, белгiлi бiр бөлiгi жат дiни ағымдардың қанжығасында кеттi. Өйткенi, дiн де белгiлi бiр дәрежеде саясат немесе соның алмас қылыштай өткiр құралы. Соңғы он жыл шамасында құрылған жастар ұйымдары бұрынғы комсомолдың тiптi ширегiне де келмейдi.
ҚАРАМА-ҚАЙШЫ ҚОС ПIКIР
Сонымен жастар саясатқа неге енжар? Осы сұрағымызға жауапты жастардың өзiнен iздегенiмiзде, бiр-бiрiне қарама-қайшы екi пiкiр, қос пайымдау естiдiк. Жастардың саясатқа қатысына орай, оларды шартты түрде екi топқа бөлген жөн,-дейдi "БҚО Жастар қауымдастығы" ЗТБ-iнiң маманы, облыстық жастар мәслихатының депутаты Ранида Әшенова. — Бiрiншi топтағылар – қоғамдық ортада белсендi, белгiлi бiр деңгейде саяси сауатты, өмiрге өзiндiк пiкiрi қалыптасқан жас азаматтар. Екiншiлерi – бiлiмi болса да немесе қызмет iстесе де, қоғамдағы өзгерiстер мен сан алуан саяси-әлеуметтiк жағдаяттарға мән бермейтiн, өмiрлiк ұстанымы бiржақты замандастарымыз. Соңғы топқа жататындар шамамен жастардың 70 пайызын құрайды. Қазiргi кейбiр қазақ жастарының "Бұл – менiң iсiм емес", "Пiкiрiммен ешкiм санаспайды" сыңайлы түсiнiктерiн мақұлдау қиын. "Саясат" деген ұғымға жастар тек билiк немесе басқарушы ұйымдардың iс-әрекетi деп қарамай, соған араласу арқылы құқықтары мен бостандықтарын айқындап, замандастарының мәселелерiн қозғап, соларды шешу жолдарын ұсынса, өздерi де ат салысса, қандай жақсы.
— Ал менiңше, — дейдi "Нұр Отан" ХДП БҚО бөлiмшесiнiң жастар саясаты жөнiндегi кеңесшiсi Афиза Семғалиева, –қазiр жастар саясаттан қашпайды. Бiр ғана мысал, өңiрiмiз бойынша ресми тiркелген 54 жастар ұйымы болса, соның отыздан астамы белсендi әрекет етедi. Сондай-ақ, жоғары оқу орындарында да жастарды саяси iс-әрекетке баулу талап деңгейiнде дер едiм. Алысқа бармай-ақ, өзiм оқу бiтiрген М. Өтемiсов атындағы БҚМУ-ды алайын.
Осында көп жылдан берi "Жас саясаткер мектебi" жұмыс iстейдi. Аталған мектепке әдетте тiлге, дiнге, жалпы қоғамдағы саяси ахуалға қатысты өзiндiк ой-пiкiрi мен ұстанымы бар жастар тартылып, тәрбиеленiп келедi. Онан басқа, БҚМУ-дағы өзiн өзi басқару бөлiмiнiң де жастарды саясатқа, басқару үрдiсiне тартуда берерi мол. Бүгiнде облысымызға танылып қалған Асыланбек Сарқұлов, Әлiбек Сүндетов және басқалары сол БҚМУ-дың шекпенiнен шыққандар.
Махамбет Өтемiсов атындағы БҚМУ-дың тарих факультетiнiң оқытушысы, саясаттанушы Тұрар Шайхиевтың ойы да Афизамен үндес болып шықты: "— Бүгiнгi жастар белсендi, — дедi ол бiрден. — Оның мынадай себептерi де бар. Бiрiншiден, жыл өткен сайын үкiметтiк емес ұйымдардың беделi де, жұмыс ауқымы да, әлеуетi де нығайып келедi. Онда жұмыс iстейтiндердiң басым көпшiлiгi – жастар. Екiншiден, "Нұр Отан" да және өзге де саяси партиялар, соның iшiнде ресми билiкке қарсы ұстанымдағы ұйымдар да жастарға қарай бетiн бұрды. Яғни, "Жас қанат" сынды бөлiмдерiн құрып, отызға дейiнгiлердi саясатқа кеңiнен тартуға күш салуда. Үшiншiден, нарықтық экономиканың күш алуына байланысты бизнестiң саясатқа, соның iшiнде мемлекеттiк құрылымдарға ықпалы артып, ол сан тарапты жүйеге айналды. Бизнесте де қазiр жастардың үлес салмағы едәуiр қомақты. Сондықтан бизнестегi жастар өздерi қаласа да, қаламаса да саясатпен айналысуға дiлгер. Бұдан басқа, бүгiнде ғаламтордың алдында отыратындардың денi жастар болғандықтан, олар одан күн сайын жан-жақты және кейде бiр-бiрiне қайшы ақпараттар қабылдап, меңгередi. Демек, бұл бұрынғы қоғаммен салыстырғанда, жастардың тап қазiр саясаттан ешқашан шет қалмайтындығының, тiптi қала да алмайтындығының айқын дәлелдерi.
ТИТТЕЙ ТҮЙIН
Сөздiң түйiнi сол, тәуелсiз қазақ елiне де келешекте мемлекет тiзгiнiне ие болатын, бұрынғы коммунистiк қоғамның санадағы қалдықтарынан ада, жаңаша ойлайтын жастар аса қажет. Соның iшiнде ұлт мүддесiн қаузайтын, мемлекетшiл жастар болса, тiптен құба-құп. Рас, қазiр оларға терең бiлiм мен сұңғыла тәжiрибе жетiспейдi. Оқасы жоқ, ол уақыт пен еңбектiң еншiсiндегi нәрсе.
Серiк ЫҚСАНҒАЛИ