БАЯН-ӨЛГИЙ АЙМАҒЫ – БҰЗЫЛМАҒАН ҚАЙМАҒЫ

БАЯН-ӨЛГИЙ АЙМАҒЫ – БҰЗЫЛМАҒАН ҚАЙМАҒЫ

БАЯН-ӨЛГИЙ АЙМАҒЫ – БҰЗЫЛМАҒАН ҚАЙМАҒЫ
ашық дереккөзі
Моңғолияның қазақ ұлттық Баян-Өлгий аймағының құрылғанына 70 жыл
 

Осы аптаның соңында Моңғолияның қазақ ұлттық аймағы – Баян-Өлгийдiң 70 жылдық мерейтойы аталып өтпек. Қазақ шаңырағынан жырақ – алыс бiр ауылда жеке отау көтерген баянөлгийлiктер үшiн осы бiр қара шаңырақтың маңызы мен мәнi ерек. 1940 жылы Баян-Өлгий аймағы ұлттық статусын алған кезде ондағы қазақтардың саны 30 мыңның айналасында болыпты. Ал, 1991 жылы Моңғолиядан Қазақстанға көш басталғанда қазақтың саны еселеп өсiп, 200 мыңға жуықтаған. Демек, Баян-Өлгий аймағы қазақтардың алтын бесiгi, құт ұясы болғандығы осыдан-ақ айқын көрiнiп тұр.

Тарихи деректердi сөйлетсек, Моңғолияға қазақтар алғаш 1860 жылдары, яғни Ресей мен Қытай империясы қазақ жерiн бөлшектеп, алғаш шекара бағанын қадай бастаған тұста, Моңғолияның Маньчжурияның бұғауынан босап жеке шаңырақ құруға ұмтылған кезеңiнде қоныс аударған екен. Моңғолия мен Қытай арасындағы шекара 1930 жылдарға дейiн ашық болғаны белгiлi. Осы уақытта мал жағдайына орай Алтайдың күңгейi мен терiскейiне көшiп-қонып жүрген қазақтың бiр бөлiгi Моңғол билеушiсiнен арнайы жер сұрап, Алтайдың арғы бетiнде қонақтап қалған делiнедi. Баян-Өлгий аймағы саяси-әкiмшiлiк бағыныштылығы жағынан Моңғолияға тиесiлi болғанымен, осы 70 жыл iшiнде ондағы идеология қазақы идеология болды. Қазақтың жырақта тiгiлген жеке отауындай күй кештi. Алыс шетелдегi дәл осындай өзгеше құрылыммен жасақталған, жеке мәдени автономиясын құрған қазақтар бiрден-бiр деп айтуға болады. Кейде маркстiк-лениндiк коммунизмнiң қазаққа бергенiн де жоққа шығармау керек сияқты. Олай дейтiнiмiз, Моңғолиядағы азғана қазақтың өсiп-өркендеуiне, өзiнiң дара ұлттық мәдениетiн жасақтауына бiрден-бiр септiгiн тигiзген осы маркстiк-лениндiк ұлт саясаты. Сол жылдардағы ұлттардың өзiн-өзi басқару идеясы 40 мыңға толмайтын қазақтардың жеке ұлттық аймақ құруына мүмкiндiк тудырды. 1940 жылы тамыз айында 20 киiз үймен алғашқы құрылтайы болып өткен. Осы құрылтайда Қазақтың ұлттық Баян-Өлгий аймағын құру туралы Қаулы қабылданып, оның басшысы ретiнде Бежеұлы Қабиды сайлау туралы шешiм шыққан. Баян-Өлгий аймағы жасақталғанда, 10 аудан (сұмын), 56 ауылдан (бақ) тұрған екен. Бұнда 7063 отбасы, 32 мыңнан астам адам, 9 миллионнан астам малы болған екен. Осы кезеңнен бастап, Баян-Өлгий аймағына Қазақстаннан арнайы мамандар келiп, әр саланың көркеюiне, дамуына өз үлесiн қосты. Әр ауылда жаңадан сауат ашу мектептерi ашылып, ұлттық газет-журналдар шыға бастады, ұлттық баспахана салынды, ұлттық музыкалық драма театр ашылып, алғаш 40 адамнан құралған ұлт аспаптар оркестрi құрылды. Осы кезде Қазақстаннан Абай Қасымов, Шәрiп Өтепов секiлдi саяси қайраткерлер келсе, Алдаберген Мырзабеков, Хабиболла Тастанов секiлдi өнер қайраткерлерi қазақ ұлттық театрының шаңырағын тiктеуге ат салысты. Ал, Төлеубай Қордабаев, Тiлеубердi Сауранбаев секiлдi оқу-ағарту саласының мамандары әр ауылда мектеп ашуға кiрiстi. Тағы бiр айта кетерлiгi – мектептердегi оқу-ағарту iсi, идеологиялық iс-шаралардың барлығы Қазақстанның бағдарламасымен жүргiзiлiп отырды. 1990 жылға дейiн Қазақстанда жарық көретiн мерзiмдi басылымдардың барлығы Баян-Өлгийге жеткiзiлiп тұрды. Оқулықтардың барлығын дерлiк Қазақстаннан алатынбыз. Тек қана Моңғолияның жағрапиясы мен тарихын, әдебиетiн моңғол тiлiнен қазақ тiлiне аударып шығаратыны есiмiзде. Бастауыш сыныпта оқып жүргенiмiзде, бiз "Балдырған" журналы мен "Қазақстан пионерi" газетiн, "Пионер" журналдарын тапсырып оқитын едiк. "Балдырған" журналының iшiнде "Балдырғанның кiтапханасы" сериясымен "Қазақстанға" қатысты кiтапшаларды арнайы қиып алып, жаттап жүретiнбiз. Сонда "Қазақстан жалауы" атты өлең есiмде қалыпты. Бiз өзiмiздiң болашағымызды да, рухани әлеуетiмiздi де Қазақстанмен байланыстыратынбыз. Оның қасында тiлiн жақсы түсiне бермейтiн моңғолдармен ара-қатынасымыз тым етене бола қоймаған едi. 7-класта оқып жүргенiмде, саяси сабақ өткiзiп тұрған класс жетекшiм маған социалистiк мемлекеттердi жазып шығуды бұйырды. Тiзiмнiң ең басына – Кеңестер Одағын жаздым да, оның астына Қазақстанды жеке жазып қойдым. Сонда ұстазым: – Жоқ, Қазақстан өз алдына жеке мемлекет емес, ол Кеңестер одағының құрамында, – деп өзi өшiрiп тастады. Көңiлiм бiр түрлi құлазып қалды. Бiз арқа сүйейтiн, сүйенiш көретiн Қазақстанның жеке мемлекет еместiгi көңiлiмдi бiразға дейiн су сепкендей басып тастаған едi. Бiрде мектепте көңiлдi тапқыштар ойыны өткiзiлдi. Ойын қазақ тiлiне қатысты болды-ау деймiн. Оның сценариiн бастан-аяқ әкем жазып шыққан болатын. Сонда Расул Ғамзатовтың өлеңiнiң желiсiмен: Қазақ тiлi тiл болудан қалса егер, Жүрегiмдi суырып-ақ алыңдар. Бұл сөзiмдi Ленинше ұғыңдар, – дей тiнi есiмде. Бiз осындай қазақтың жарқын патриоты болып тәрбиелендiк. Оған себеп – Баян-Өлгийдегi ұлттық саясат. БАЯН-ӨЛГИЙДЕГI ҚАЗАҚ МЕКТЕПТЕРI Моңғолияның ең алғашқы мектептерiнiң де тарихы осы кезеңмен тұспа-тұс келедi. Алғашқы мектептер аймақ орталығы секiлдi киiз үйлерде ұйымдастырылыпты. Менiң әкем Баян-Өлгий аймағының Баяннур ауылындағы мектептiң 2 киiз үймен ашылғандығы жайында айтады. Алғашқы ұстаздары Қазақстаннан арнайы жiберiлген маман Тiлеубердi Сауранбаев деген кiсi болыпты. Бүгiнде Алматыда Түркiсiб ауданында Сауранбаевтың атында көше бар. 1991 жылы Қазақстанға алғашқы көш легi ағылғанда Баян-Өлгийде 36 қазақ мектебi бар едi. Осы мектептерде жыл сайын 30 мыңнан астам оқушы бiлiм алатын. Сол жылдары бүкiл Баян-Өлгийде моңғол тiлiнде бiлiм беретiн бiр ғана мектеп бар едi. Кейбiр ауылдарда мектептер аралас тiлде бiлiм беретiн. 1991 жылы Өлгий қаласында қазақ колледжi ашылды. Онда бастауыш сынып мұғалiмдерi даярланады. 2001 жылдан берi Баян-Өлгий аймағында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттiк университетiнiң филиалы жұмыс iстейдi. Онда баянөлгийлiк қандастарымыз екi жыл бiлiм алады да, қалған екi жылын Өскеменде жалғастыратын болады. Мұнда орыс филологиясы, информатика, есеп және аудит, қазақ филологиясы мамандықтары бойынша 4 факультет бар. Демек, осы филиал арқылы көптеген қазақтар балаларының Қазақстанда бiлiм алуын қамтамасыз ете алып отыр әрi олардың келешегiн атажұртпен байланыстыруға таптырмас мүмкiндiк жасалған. Жергiлiктi бiлiм басқармасының бастығы Тоқтархан Төлеубайұлының айтуы бойынша, 2004-2005 оқу жылында 1500-дей бала мектеп бiтiрсе, соның 20%-ы Қазақстанның жоғары оқу орындарында оқуға мүмкiндiк алыпты. Қазiр Баян-Өлгий аймағы бойынша 42 мектеп, 28 бала-бақша жұмыс iстейдi. Осы мектептiң бiреуi ғана моңғол тiлiнде дәрiс бередi, қалғандары қазақ мектептерi. Тоқтархан Төлеубайұлы осы мектептерде 24 мың баланың бiлiм алып жатқанын жеткiздi. АҚПАРАТ ҚҰРАЛДАРЫ Бала күнiмiзден үй-iшiмiзбен кешкi сағат 9-ды асыға күтушi едiк. Өйткенi, дәл осы сағатта Баян-Өлгийдегi жалғыз электронды ақпарат құралы – бiр сағаттық радио эфирге шығатын. "Баян-Өлгийден сөйлеп тұрмыз" деген диктордың жағымды дауысы аймақтағы барлық қазақ атаулыны өзiне үйiрiп алатын. Бұл үрдiс бүгiнге дейiн жалғасын тауып келедi. 1965 жылы әуелi күнiне 15, кейiн 30 минуттық хабар таратыла бастаған. Қазiр 1 сағаттық эфирiн бермей келедi. Осы радио қазақ өнерiнiң алтын кенiн сақтап келе жатқан бiрден-бiр алтын қор. Бұл жерде көне сарындағы сыбызғы және домбыра күйлерiнiң сан мыңдаған қорларын тауып алуға болады. Әсiресе, Қазақстанда ұмыт болып, қайта жаңғыра бастаған сыбызғы күйлерiнiң неше атасын осыннан естисiз. Баян-Өлгий радиосының күн сайын эфирден түспеуiне Моңғол үкiметi кепiлдiк берiп отыр. Олай дейтiнiмiз, бұл Моңғолияда мемлекет тарапынан қаржыландырылатын жалғыз ақпарат құралы. Радиомен қатар, Ақпарат орталығында "Жаңа дәуiр" газетi мен "Шұғыла" журналы шығып тұрады. "Жаңа дәуiр" 24 бетпен айына бiр рет, "Шұғыла" журналы 4 баспа табақ көлеммен үш айда бiр жарық көредi. Бiр-екi жылдан берi осы ақпарат орталығы жанынан "Өлгий" телеарнасы ашылды. Бұл телеарна аптасына екi рет екi сағат хабар таратады. Бұл телеарна тек аймақ орталығы Өлгий қаласына ғана көрсетiледi. Баян-Өлгийге қазақ газеттерi мен журналдары келмейдi. Олардың көз қуанышы болып отырғаны тек қазақстандық телеарналар. Эфирiнiң 50%-дан астамын орыстiлдi бағдарламалар иеленетiн қазақ телеарналарының барлығы дерлiк мұнда спутник арқылы көрсетiледi екен. Сондай-ақ, 24 сағат қазақша сөйлейтiн Үрiмжi телеарнасын да тамашалай алады. Алайда, Үрiмжi телеарнасының төл туындылары тым аз, көбi қытай тiлiндегi хабарлардың аудармасы екен. Мұнда қытай идеологиясы жүрiлiп жатқандығының куәсi болдық. Бұл телеарналар Өлгий қаласының тұрғындары мен Баян-Өлгиймен жапсарлас бiрнеше ауылдың көзайымына айналып отырғандығы мәлiм. Ал, алыс ауылдарда мұның бiрi де жоқ, яғни халық ақпараттық вакуумде тiрлiк етедi десек те болады. Баян-Өлгийдегi қазақтардың тең жарымы сол алыс ауылдарда тұрады. КӨРКЕМ ӘДЕБИЕТ Моңғолияда қазақ көркем әдебиетi Ақыт Үлiмжiұлы шығармаларынан бастау алады. Филология ғылымдарының докторы Қабидаш Қалиасқарұлының айтуынша, Ақыт туындылары мұсылман дiнiн, оның шариғаттарын кеңiнен дәрiптеп, насихаттай отырып, өз халқының бастан кешiрген тағдыр-талайын да молынан қамтиды. А.Үлiмжiұлынан кейiнгi көркем әдебиеттегi үлкен тұлға – Ақтан Бабиұлының шығармалары 1916 жылдардан бастап өмiрге келдi. Моңғолия қазақтарының көркем әдебиетiнiң жаңа кезеңi 1940 жылдан басталды. 1942 жылы Баян-Өлгий ақын-жазушыларының тұңғыш жыр-жинағы "Өлеңдер" деген атпен басылды. Осы жылдан бастап көркем әдебиет кiтаптарын басып шығару iсi 1991 жылға дейiн қарқынды жүрдi. Мәселен, тек Ақтан ақын шығармалары 6 рет қайталап басылды. Оның соңғы 39 баспа табақ жинағы 2500 данамен 1987 жылы оқырманға жол табады. Арғынбай Жұмажанұлының алғашқы жинағы "Тақпақтар" деген атпен 1949 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрдi. Даниял Дiкейұлы "Жетiлген жетiм", "Таң алдында", "Солдат сөзi", "Алтай аясында" секiлдi поэмаларын жазды. Жалпы Моңғолия қазақтарының жазба поэзиясының дамуына зор үлес қосқан қаламгерлер: Имашхан Байбатырұлы, Шабдарбай Қатшанұлы, Дайын Қалаубайұлы, Байыт Жанатұлы, И.Жәбенұлы, Кәп Құмарұлы, Егеухан Мұқамадиқызы, Қауия Арысбайұлы, Яки Iлиясұлы, Кәкей Жаңжұңұлы, Зуқай Шарiпақынұлы, Шынай Рахметұлы, Кеңес Iлиясұлы, Тойлыбай Құрмандолдаұлы, Қ.Бодаухан, Солдатхан Орайханұлы, Қуанған Жұмажанұлы, Зүлкафил Мәулiтұлы, Мұ рат Бұшатайұлы, Ә.Дәулетхан, Рысбек Зұрғанбайұлы т.б. Моңғолия қазақтарының көркем әдебиетiнiң проза саласы Қ.Мұқамадиұлының 1955 жылы жазылған "Алғашқы қадам", "Жұрт ала ма, жұт ала ма?" қатарлы көркем әңгiмелерiнен бастау алады. Ол Махфуз Құлыбекұлының "Мұралық", "Көк лақтың құпиясы" әңгiмелерi, "Қызыл қайың хикаясы" повесi арқылы жалғасын тапты. Шерияздан Нығышұлының "Күдiрлi керуен" повесi қазақ және моңғол тiлiнде жарық көрдi. Ақын Алақанұлы "Менiң анам", "Егiншiнiң баласы", "Ананың ақ тiлегi" секiлдi прозалық шығармаларын жазды. Алғашқы роман – Елеусiз Мұқамадиұлының "Қобда қойнауында" атты шығармасы. Одан кейiн Шабдарбай Қатшанұлы "Жырақта қалған жылдар", "Өз қолымен", Мағауия Сұлтанияұлы "Ұрпақ тағдыры", Iсләм Қабышұлы "Ұрпағың үзiлмесiн", Жамлиха Шалұлы "Үлкен үй", Қауия Арысбайұлы "Жиекте", Сейiтхан Әбiлқасымұлы "Қара боран", Сұлтан Тәукейұлы "Мұнар таулар" романдарын жазды. Бұл қазақ әдеби тiлiнiң көркем әдебиет саласындағы дамуының нақты дәлелi. Моңғолия қазақтарының 5 томдық фольклорлық шығармалар жинағы Қ.Қалиасқарұлы, С.Қажыбайұлдарының құрастыруымен жарық көрдi. Көркем әдебиеттiң өрiс-кеңiстiгiнiң ұлғаюына байланысты 1970 жылға дейiн 14 жыл қызмет iстеп келген "Әдебиет үйiрмесi" үлкейтiлiп, Моңғолия Жазушылар Одағының (МЖО) Баян-Өлгий аймақтық қазақ бөлiмi болып құрылды. Сондай-ақ бөлiм жанынан "Көркем сөз" клубы ашылды. Ал "Жаңа талап" журналы өзiне жүктелген мiндеттi орындап шықты деп көрiп, ол "Шұғыла" журналы болып өзгертiлiп, МЖО-ның Баян-Өлгий аймақтық бөлiмiнiң қазақ әдеби журналы болды. МӘДЕНИЕТ 1956 жылы Баян-Өлгийде Музыкалық драма театр ашылып, 1957 жылы 40 адамнан тұратын ұлт-аспаптар оркестрi құрылды. Бұндай игi iстiң басында тағы да Қазақстаннан келген мамандар болды. Соның бiрi – Алдаберген Мырзабеков. Алғашқы ұлт аспаптар оркестрiн құрып, тұңғыш дирижерлiк жасаған адам – Моңғолияның еңбек сiңiрген қайраткерi Қабыкей Ахмерұлы. Қабыкей Ахмерұлы 30 күйдiң авторы, 120 халық күйiн жинап, нотаға түсiрген, 350 халық әнiн жинап, нотаға түсiрiп iрi жинақ етiп шығарған. Қабыкей ақсақал бүгiнде Алматы облысының Алакөл ауданы Қабанбай ауылында тұрады. Шетте жүрiп қазақ өнерiн көркейту үшiн жасаған ересен еңбегi еленбей, 90-ның төрiне жақындады. Бүгiнде Өлгий орталығында Алматыдағы Абай атындағы Опера және балет театры ғимаратының үлгiсiмен салынған үлкен театр бар. Алайда, ғимараты iрi болғанымен, ондағы жағдай тым мәз емес көрiнедi. Бүгiнде театрдың ұлт-аспаптар оркестiрiнде 9-ақ адам бар. Сондай-ақ, театр әртiстерiнiң құрамы да шамалы, материалдық-техникалық база да ескiрген. Баян-Өлгийдiң қол жеткiзген ең iрi табысы – телекоммуникациялардың дамуы. Бiрiншiден, мұнда интернет арзан әрi оңай қосылады екен. Егер, сiз бiздегi мегалайн-хит секiлдi тарифке қосылсаңыз, айына 2000 теңге абоненттiк төлем төлеп тұрады екенсiз. Әрi қосылғаныңыз үшiн модем тегiн сыйға тартылады. Екiншiден, ұялы телефон байланысы, қалааралық телефонмен сөйлесу тым арзанға түседi. ТҮЙIН: 1991 жылы Баян-Өлгийден Қазақстанға көш ағылғанда, баянөлгийлiк ақын Мұрат Пұшатайұлы "Ел көшкенде" деген өлең шығарған едi. Осы өлеңде: "Керей, Уақ, Найманым, Бұзылмаған қаймағың, Қайда тастап барасың, Баян-Өлгий аймағын" деген жолдар бар. Дегенмен, соңғы жылдардағы рухани жұтаңдық, Қазақстаннан баратын газет-журналдардың тоқтап тұруы, баспахана iсiнiң жолға қойылмауы, мектептердегi бiлiмнiң Моңғолияның бiлiм стандарттарына сәйкестендiрiлуi, ондағы азғана қазақтың бiртiндеп ассимиляцияға ұшырауына жағдай жасап отырғандай. Ендi он жылдан кейiн "қаймағы бұзылмаған" қазақы тiрлiк онда да қалмайтын секiлдi. Кеңестiк Қызыл империяның уысында отырса да, Қазақстан өткен ғасырдың 40-80 жылдары жырақтағы отауын жадынан әсте шығарып көрмеген едi. Өкiнiштiсi сол, Қазақ елi өз алдына жеке дербес мемлекет болғаннан берi, шетте жүрген бауырларына көз қырын салуды ұмытып кеткендей. Алғаш Баян-Өлгий аймағы құрылған кездегiдей рухани көмекке баянөлгийлiктер қазiр де зәру. Алайда, оған құлықтылықты байқай алмай отырмыз.

Есенгүл Кәпқызы