ЖЕТI МИЛЛИАРД АМАНАТ
ЖЕТI МИЛЛИАРД АМАНАТ
Адами өсiмнен — ұлтты сақтауға дейiн
Адамзат саны 7 миллиардқа жуықтады. Жақында "Жер халқы" қоры адамзат саны 6 миллиард 890 миллионға жеттi деп мәлiмет таратқан. Құдайдың берген жанын аманатқа алған Адам баласы өзi қолдан жасаған зұлматқа да, қырғынға да қарамастан, тоқтаусыз көбею үстiнде.
Статистикалық мәлiмет бойынша, әр секунд сайын жер бетiнде үш нәресте дүние есiгiн ашады екен. Жыл сайын адамзат саны 80 миллионға артып келедi. Осы қарқынмен өсу жалғаса берсе, 2060 жылдарға қарай жер бетiнде 9 миллиардтан астам адам өмiр сүрмек.
1925 жылы жер бетiнде 2-миллиардыншы адам дүниеге келген. Ал 6-миллиардыншы адамның дүние есiгiн ашқан күнi 1999 жылы тiркелдi. Сонда бар-жоғы 74 жылда жер халқы 4 миллиардқа артты деген сөз. Бұл 74 жылда алып империя құрылып, дамып, қирап, әлем мемлекеттерi екiншi дүниежүзiлiк соғысты бастан өткерiп, кей халықтар ұлы қырғыннан, жаппай аштықтан, саяси қуғын-сүргiннен теперiш көрiп үлгердi. Сонда да Адам баласы 4 миллиардқа көбейiптi.
ХХ ғасырдың басында Мальтус деген ғалым жер бетiнiң халқы әр 25 жылда екi еселенiп отырады деген болжам айтқан. Сол уақыттан берi адамзат санының күрт көбейiп кетуiнен қауiп iздегендер қатары артты.
Бiрақ 7 миллиардтық межеге жақындадық деп, жер бетiндегi дамудың салдарын азық-түлiктiң немесе қазба байлықтың тапшылығымен байланыстырудың қажетi шамалы. Қазақы түсiнiкке салсақ, "бiр қозы артық туса, бiр түп жусан артық шығады". Дүниеге адам келуiнен жамандық iздеудiң қажетi жоқ.
Себебi, нақты дерекке жүгiнетiн статистикаңыздың өзi кейде қайшылыққа ұрынады. Жер халқының жалпы саны көбейiп жатса да, көптеген елдерде адам ресурстарының жетiспеушiлiгi, халықтың қартаюы байқалады. Дамыған мемлекеттердiң барлығында дерлiк адам басының кемуi тiркелiп отыр. 2000 жылғы дерек бойынша, 64 мемлекетте туу көрсеткiшi халықтың көбейiп отыруына қажеттi деңгейден түсiп кеткен. Ал дамушы мемлекеттерде, керiсiнше, туу артып келедi, ең кедей мемлекеттерге жататын африкалық елдер туудың басымдығы бойынша алға түспек.
Бiрақ Африка мемлекеттерiндегi өмiр сүрудiң орта жасы 35-ке де жетпейдi екен.
Осы қарқынмен көбейе берсе, 2050 жылы 49 кедей елдегi халық саны екi есеге артып, 1,7 миллиардқа жетпек.
Жанымыздағы Ресейдiң өзi демографиялық дағдарысқа қатысты дабыл қағып жатыр. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан берi орыс мемлекетiнiң халқы жыл сайын азайып келедi. Ресей мемлекеттiк комитетiнiң болжамы бойынша, алдағы уақытта Ресей халқы 2010 жылы 138,7 миллионға, 2020 жылы – 131,2 миллионға, ал 2050 жылы – 93,8 миллионға дейiн азаймақ. Ендi ресейлiктер адам басының санын 2011 жылға қарай 143 миллион деңгейiнде сақтап тұруға жанталасып әрекет етуде. Бiрақ сарапшылардың айтуынша, бұл мақсаттың орындалуы екiталай. Өйткенi, жыл сайын Ресей халқы 700-750 мыңға азайып келе жатқаны – даусыз шындық.
Ең бастысы, Ресей халқының құрамында кәрiлердiң саны басым, жастар аз. Ендеше, өлiмнiң артып, туудың азаюы да – табиғи жайт.
Ресей тууды көбейту үшiн ұлттық жоба жасады. Биылдан бастап мемлекет тарапынан берiлетiн "жөргекпұл" көлемi 307 мың рубльге дейiн көбейтiлдi. Сондай-ақ көпбалалы отбасы құндылықтарын насихаттау жаппай қолға алынып, Мәскеудiң өзiнде көпбалалы отбасыларға арнап коттедждер салынып жатыр.
Тағы бiр көршiмiз Қытайдағы демографиялық келеңсiздiктiң сипаты басқаша. Мұнда некеге тұруға қабiлеттi ерлердiң саны әйелдерге қарағанда 8 миллионға артық екен. Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылы 20-45 жастағы ерлердiң саны осы жастағы әйелдерге қарағанда 30 миллионға артық болмақ. Бiр шаршы шақырымға 140 адамнан келетiн мемлекет өз азаматтарының шет елдерге шығуына мүдделiлiк танытатыны түсiнiктi. Ендеше, алдағы уақытта Қытайдың "адами экспорты" көршi мемлекеттердегi әлеуметтiк-демографиялық жағдайға елеулi әсерiн тигiзедi деген сөз. Қазiрдiң өзiнде Ресейдiң Қиыр Шығыс облысында қытай ұлты өкiлдерi санының күрт артуы демографиялық келеңсiздiк туғызып отыр.
Адам санының кемуi ең алдымен мемлекетте еңбек ресурстарының азаюына әкеледi. Бұл түптiң түбiнде ел дамуына әсер ететiн фактор. Өйткенi, демография заңдылығы бойынша, саннан сапа шығады. Ендеше, қазақша айтқанда, "жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпар" тууы үшiн де ең әуелi, осы елдi, жердi сүйетiн, қадiрлейтiн адам саны артуы қажет.
Германияда адам саны кемуiнiң басты себебi – әлеуметтiк факторда. Қоғамдағы әйел ролiнiң өзгеруi бала тууды саналы түрде шектеуге жеткiзген. Германия статистикалық мекемесiнiң деректерiне жүгiнсек, 35 жасқа дейiнгi немiс қыз-келiншектерiнiң 40 пайызы (!) бала сүюдiң не екенiн бiлмейдi. Немiс ұлтының өмiр сүру ұзақтығы ерлерде – 78 жасқа, әйелдерде – 84 жасқа дейiн ұзарғанымен, туудың азаюы немiс ұлтын қартайтуда. Қазiрдiң өзiнде әр немiс зейнеткерi үшiн жұмыс iстейтiн үш адам әлеуметтiк сақтандыру төлемiн жасайды. Ал 20 жылдан соң бiр немiс зейнеткерiне шаққанда екi жұмыскер келетiн болады. Түптiң түбiнде, туудың азаюы Германияның өнеркәсiбiн тұралатып, экономика өсiмiн тежеуi мүмкiн.
Демографиялық өсiм материалдық жағдайға ғана байланысты емес. Адам санының көбеюiне отбасы институтының берiктiгi мен қоғамдағы беделi ықпал ететiнiн ендi батыс әлеуметтанушылары да айта бастады. Некесiз бiрге тұра беретiн еуропалықтар бала сүюдi кейiнге ысыратыны белгiлi жайт. Ағылшын әлеуметтанушылары 2031 жылға қарай ағылшындардың тең жартысы некесiз бiрге тұрады деп болжап қойған.
Жапониядағы адам саны осылайша кеми берсе, кейбiр болжамдар бойынша 100 жылдан соң қазiргi 127 миллион жапондықтан бар-жоғы 40 миллион қалуы ғажап емес. Сондықтан да бұл елде адамдарға баланың отбасылық бақыттың ажырамас бөлiгi екенiн ұғындыратын әлеуметтiк мекеме құру қажеттiгi қазiрден-ақ айтыла бастады.
Қазақстанда бiр шаршы шақырымға орта есеппен 5,5 адам келедi екен. Сондықтан қазақ ұлты үшiн демографиялық өсiмдi ұлттық қауiпсiздiктiң бiр бөлiгi деп қарастыру керек сияқты. 2009 жылғы халық санағының нәтижесiне сәйкес, қазiргi таңда Қазақстан халқының жалпы саны 16 миллионнан асады. Ендiгi 5-10 жылда халық саны 20 миллионға жеткен күннiң өзiнде, 7 миллиардтың iшiнде қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалуы оңайға соқпас.
Адам баласы өсу үстiнде. Сан жағынан ғана емес, сапалық тұрғыда жинақталып, ортақ құндылықтарды топтастыру, асылды iрiктеу мен жасықты күресiнге тастауға бейiмдеу байқалады. Бұл орайда, қазақ та жалпы өсiмге өз үлесiн қосып, ғаламдастыру келбетiне аздап қазақы болмысты енгiзуге қабiлетi жетер едi, бiрақ оған қарымы табылса, қанекей?
Гүлбиғаш Омарова