Жаңалықтар

ҚАЗАҚТIЛДI КӨРЕРМЕННIҢ ҚҰҚЫН КIМ ҚОРҒАЙДЫ?

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚТIЛДI КӨРЕРМЕННIҢ ҚҰҚЫН КIМ ҚОРҒАЙДЫ?

Мемлекеттiк тiл өз мәртебесiн алғалы берi ана тiлiмiздiң қолданыс аясы кеңейсе де, солтүстiктегi облыстарда жағдай көңiл көншiтпейдi. Тiптi, мемлекеттiк тiлдi қолданысқа енгiзуде аймақтағы мекеме, сала көрсеткiштерi берген ақпарлар әралуан. Бiрi – көңiлдi марқайтса, екiншi бiрi жөнiнде "әттеген-ай" деуге болады. Және бұл мәселе бұқаралық ақпарат құралдарында айтылып та, жазылып та жүр. Ал, бұл жолы бiз ұшырасқан мәселе мәдениет саласына байланысты.

Павлодарда мемлекеттiк тiлдi қолдануды жөн көретiн азаматтар мен үйренгiсi келетiн замандастар, сондай-ақ мәдениет пен өнерге, рухани байлыққа жақынырақ жүретiн қазақтiлдi қауым өкiлдерi өздерiнiң құқықтарының ескерiлмеуiне iштей налиды. Осы жайтты екi-үш жыл бұрын телефонмен ауызша жеткiзуге тырысқан едiк. Айтылған сөздiң айтылған жерде қалғаны жанға батқан соң, жазбаша түрде сұрау салуды жөн көрдiм. Сөйтiп, былтыр (21.10.2009) "Қаламыздағы қазақ театрында арнайы құрылғымен қазақ тiлiнде жүрiп жатқан қойылымды орыс тiлiнде тамашалауға болады, ал орыс драма театры қойылымдарын қазақ тiлiнде көру мүмкiндiгi осы күнге шейiн шешiмiн таппаған…" деген хатыма жауап алдым. Мәдениет басқармасының бастығы Қ.Кәрiмовтың өзi қол қойған хатта "Өкiнiшке қарай, қаражаттың тапшылығы мен дағдарысқа байланысты жобаның iске асуы 2010 жылға ауыстырылған" делiнген-дi (27.10.09ж. №1-13/Т-66).

Биыл осы көрсетiлген мәселеге қайта оралдық. Павлодар облыстық мәдениет басқармасына тағы да "А.П. Чехов атындағы орыс драма театры қойылымдарын қазақ тiлiнде көру мүмкiндiгiн iске асыру 2010 жылдың бюджетiнде қарастырылды ма?" деген сұрау-хат жолдадық. Басқарма бастығынан тағы да: "Өкiнiшке орай, облыс мәдениет басқармасының 2010 жылдық бюджетiнде дағдарысқа байланысты жобаға қаржы қарастырылмады… 2011 жылдық бюджеттiк жоспарына енгiзiледi" деген байырғы сарындағы жауап келдi. Бұл уәжге қарағанда, Мәдениет басқармасы тарапынан қазақтiлдi көрермендердiң құқы ескерiлмегендiгiн көрiп отырмыз. Тiптi, мәселенi "мемлекеттiк тiлдiң насихатталуы" деңгейiнен қарасақ-тағы, азаматтарға қазақ тiлiн үйренуiне тигiзетiн пайдасын айтсақ та қойылымдарды мемлекеттiк тiлде тамашалауға қол жеткiзу жөнiнде көрермендерден сұраныс болмаса, мәселе өздiгiнен шешiлмейтiн сияқты.

"Кезiнде мемлекеттiк тiлдiң қолданыс аясын кеңейту мақсатында көрермендер құқын ескерiп, құрылғылармен екi театрды бiрдей қамтамасыз етуге болмады ма?" деген сауал жұртшылық арасын кезiп жүр.

Сонымен, дағдарыс әзiрше, тек "мемлекеттiк тiлдiң жауы" болып тұрғанға ұқсайды. "Дағдарыс" деп, жазғы демалысында курортқа бармаған шенеунiктi, соғым соймаған немесе машинасында жанармай болмай, жаяу жүрген бастықтарды, жиһаз, киiм-кешек алмаған, баласын оқытпаған азаматтарды, тiптi, үйленбеген жастарды, бала сүймеген ананы көрмеген де, естiмеген де екенбiз. Ал мемлекеттiк тiлдi дамытуға мемлекеттiк бюджеттен жыл сайын қыруар ақша бөлiнiп жатқанда қаражат тапшылығын сөз ету қаншалықты орынды? Қазақтiлдi көрерменнiң құқы қашанғы шектеле бередi және мемлекеттiк тiлдi үйренгiсi келген азаматтарға, әсiресе, тәуелсiздiктiң бүгiнгi ұрпағы балалар мен жастарға театр қойылымдарын қалаған тiлде көруге осы күнге шейiн жағдай жасалынбағаны несi?

Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi – тәуелсiз мемлекет ретiнде мемлекеттiк тiлге немқұрайлы қарайтын ұрпақты тәрбиелеуге ешқандай құқымыз жоқ. Сол үшiн де мемлекеттiк тiл мәртебесi айқындалған қазақ тiлiне кiмнiң тарапынан болса-дағы лайықты көңiл бөлiну тиiс деген ойдамыз. Жас өспiрiмдер құқы да, көрермен құқы да адам құқы емес пе едi?!

Төлен РАМАЗАНҰЛЫ