Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ ШИПАЖАЙЛАР ДА ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДI

ашық дереккөзі

ОТАНДЫҚ ШИПАЖАЙЛАР ДА ҚАЛЫПТАСЫП КЕЛЕДI

Жылдың жаз бен күз айларында жұрт еңбек демалыстарын тиiмдi өткiзуге тырысатыны заңдылық. Бiразы шетелдердi қызықтауға сапарға шықса, бiразы шипажайларға жол тартып, емделiп қайтуға асығады. Елiмiзде сондай сауықтыру орындарының бiрi әрi бiрегейi – Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Сарыағаш курорты. Оның мың да бiр ауруға ем суының шипалық қасиетi республика халқына және одан тысқары жерлерге кеңiнен мәлiм. Елiмiз Тәуелсiздiк алғалы бергi уақытта бұл курорттың көлемi ұлғайып, бiрнеше шипажай жаңадан бой көтердi.

Халықтың әл-ауқаты жақсара бастауына орай, демалушылар саны да артып келедi. Ашылғанына көп уақыт бола қоймаса да "Алтынай" шипажайы емдiк қасиетiмен және ұжымының мiнсiз қызмет көрсетуiмен көпшiлiктiң көңiлiнен шығуда. Шипажай директоры Асылхан Ойсаевпен болған әңгiме-сұхбат отандастарымыздың денсаулығы, аурудың алдын алу, тағы да басқа өмiрлiк мәселелер төңiрегiнде өрбiдi.

– Тұрмыс деңгейi көтерiлген сайын, халықтың өз денсаулығына деген көзқарасы да өзгердi. Бұл ретте шипажайлардың алар орны ерекше. Елiмiзге танымал "Алтынай" шипажайы қашан ашылды? Мұнда жылына қанша адам демалып, ем қабылдайды?

– Шипажай 2005 жылдан берi халыққа қызмет көрсетiп келедi. Қысқа ғана уақыт iшiнде көп жетiстiкке жеттi. Әзiрге үш қабатты бiр корпусымызда 120 адам ем қабылдап, дем алуда. Үстiмiздегi жылдың соңында тағы екi корпус пайдалануға берiледi. Сол кезде келушiлер саны екi есеге дейiн өспекшi.Сол корпустардың бiрi жасы ұлғайған ардагерлерге арналған. Жалғыз қабаттан тұратын жайда оларға барлық жағдай жасалынады. Әр бөлмесiнде екi жатын төсек болады. Бөлмелерге салқындатқыш қондырғылар орнатылып, тоңазытқыштар мен теледидарлар қойылады. Күзде жаңа емдеу орталығын да ашпақшымыз. Қазiр оған шетелдердiң ең жетiлдiрiлген медициналық аппараттары әкелiнуде.

– Сарыағаш суының емдiк қасиетi жұртшылыққа кеңiнен танымал.Тiптi, түрлi аңыздарға да арқау болған ғой. Жалпы шипажайда қандай ауру түрлерi емделедi?

– Иә, Сарыағаштың суының емдiк қасиеттерi ерекше. Әсiресе асқазан, бүйрек, бауыр жалпы iш құрылысы ауруларына көп көмегi тиедi. Сондай-ақ, мұнда асқазан мен iшектердi жуу және буын сырқаттарын балшықпен емдеу түрлерi де бар. Бiзде тыныс жүйелерiн, өкпе мен өт жолдарын тазалауға да ем қолданылады. Оның үстiне физикалық емдеу тәсiлдерi тағы бар. Баз бiреулер бiздi суды тасымалдайды деп жүрген көрiнедi. Бұл – бос сөз. Емделушiлерге күнделiктi пайдаланылатын минералды суды курорт орталығынан арнайы жүргiзiлген құбырлармен есептеуiш құралдар арқылы сатып аламыз.

– Судың емдiк қасиетi көп.Алайда оны дұрыс пайдалана бiлу керек қой. Бұл орайда дәрiгерлер көмегiне сүйенбей өздiгiнен пайдалана беруге болмасы анық.

– Әрине жұрт шипажайға ем iздеп келедi.Дегенмен, емдiк қасиетi бар екен деп суды жөн-жосықсыз пайдалануға болмайды. Олар әуелi бас дәрiгер Сұлтанмұрат Мәмбетовтың қабылдауында болып, алғашқы байқаудан өтедi. Ол келген кiсiнiң сырқат түрлерiне қарай қандай ем қолданатындарын анықтайды. Содан соң ғана ем алу кiтапшасына жазып бередi. Онда су iшудiң мөлшерi мен ванна қабылдау уақыты нақты көрсетiледi. Егер емделушi дәрiгердiң талабын дұрыс орындаса науқастарына шипа табары сөзсiз. Кейбiреулер денсаулығына арналған кiтапшасын өздерiмен бiрге ала келедi. Бұл бiздiң дәрiгерлерге көп көмегiн тигiзерi сөзсiз. Бiздiң шипажайда тағы Айбек деген "УЗИ"-дiң бiлiктi маманы бар. Ол биыл Тәшкенттiң орталық ауруханасынан бiзге ауысты. Қазiр оған курорттағы көршi шипажайлардан келiп көрiнушiлер саны күннен-күнге өсе түсуде. Бiздегi уролог пен гинекология мамандарымыз да бiлiм– бiлiктiлiгiмен көпшiлiктiң алғыстарына бөленiп жүр. Қызмет көрсететiн медбикелердiң бәрi арнайы орта бiлiм алғандар.

– "Ас – адамның арқауы" деген ұлағатты сөз бар. Шипажайда емделушiлердi тамақтандыру жағы қалай?

– Жеңiл қорытылатын диеттiк тағамдар күнiне үш мезгiл берiледi. Тағамдардың оннан астам түрi бар. Келушiлерге қай күнi қандай тамақ түрi берiлетiнi бiр апта бұрын жоспарланады. Жан басына ұсынылатын нормативтерi сарапшы мамандар арқылы келiсiлген. Салатқа пайдаланылатын жемiс-жидектер жергiлiктi өнiмдер. Бiреулер барынша тойып жегендi және қуаты күштi тағамдарды талап етiп жатады. Мысалы қазы-қарта, жал-жая дегендей. Ал бұл астардың ем алу кезiнде асқазанға және басқа ауруларына керi әсерлерi болатынын ескермейдi. Дәрiгерлерiмiз ондай жандарға түсiндiру жұмыстарын жүргiзiп келедi. Кейде бiр отбасы түгел келiп, өздерi қалаған тамақ түрлерiне алдын ала тапсырыс бередi. Бiздiң аспазшылар сол тапсырыстарын да орындайды.Бiзде отбасымен келгендер тұтас бiр бөлмеге жайғасып жатады. Бiр сөзбен айтсам, әркiм өз шама-шарқына қарай орналасуға мүмкiндiк туғызылған.

– Адамдар емнен бос уақыттарында қалай дем алуда? Мәдени шаралар өткiзу жағы қарастырылған ба?

– Мәдени шараларды ұйымдастыру бiзде дұрыс жолға қойылған. Аптасына бiр рет әншi, термешiлер келiп,өз өнерлерiн көрсетедi. Ойын-сауық, би кештерi тұрақты түрде өткiзiлiп тұрады. Бильярд клубы жұмыс iстейдi. Сондай-ақ, шипажайдың арнайы көлiктерiмен Отырар, Арыстанбап, Түркiстан, Үкәш ата секiлдi киелi орындарға, Қазығұрттағы тарихи орындарға, Тәшкенге, Самарқанға саяхаттар ұйымдастырылған.Сол жерлерге барып қайтқандар есте қаларлықтай әсермен оралуда.

– "Алтынай" шипажайы ашылғалы берi мыңдаған адам денсаулығын түзеп, жаңа iстерге жақсы ниетпен кiрiстi. Салауатты өмiр салтын қалыптастырып жатқан елiмiз үшiн атқарған еңбектерiңiз тегiн кетпейдi. Халыққа көрсетiп жатқан қызметтерiңiз жемiстi бола берсiн демекпiн.

– Оқырман қауымдарыңызды шипажайымызға шақырамыз. Жалпы келiп емделушiлерге есiгiмiз әрдайым ашық.

Сұхбаттасқан Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ