Жаңалықтар

ӨШПЕС ТАРИХТЫҢ IЗДЕРI

ашық дереккөзі

ӨШПЕС ТАРИХТЫҢ IЗДЕРI

Қазақ елi небiр қиындықты бастан өткердi. Сондай қиын сәттерде үш жүздiң басын қосқан Ордабасы тауы бүгiнде Оңтүстiк Қазақстан облысындағы үлкен аудандардың бiрiне айналған. Орталығы Темiрлан болған бұл ауданға қарасты көптеген ауылдар бар. Тарихы тереңде жатқан Бiрлiк ауылы да осы ауданда орналасқан. Бұл ауылға кетiп бара жатып, көшенiң екi жағына көз жүгiртсең, кең байтақ дала мен шексiз көк аспанды көресiң. Жазғы күндерi дала жасыл түске боялып, қызыл-сары қызғалдақтармен өрнектеледi. Ал қысты күнi қар жамылған кең дала ұйқыға кеткендей, тыныш қалпын бұзбай жатады.

Бiрлiк ауылында өткен тарихтан өшпес iздер қалған. Мысалы, Алтынтөбе, Қарауылтөбе, Қараспан төбелер осы өшпес тарихтың бiр бөлiгiн құрайды. Ертеректе осы Бiрлiк елдi мекенiнде ағайынды төрт жiгiт өмiр сүредi. Соның бiрi – шешендiгiмен көзге түскен ақын Сапақ, ал екiншiсi ауылына жау шапқанда әскерiн жинап, жауға қарсы шабатын Мұсабек батыр болған. Бұл екеуiнiң есiмi халық де аңызына айналған тұлғалар. Ауылға жау шапқанда жоғарыда атап өткен төбелерге от жағып, келесi ауылдарға белгi берген деседi. Бұл ауылда Сымтас деген қасиеттi тас, iшi құпия-сырға толы жер асты жолдары бар. Аталғандардың әрқайсысының ұзағынан-ұзақ өз тарихы бар. Сонымен қатар бұл ауылда атақты ақын-жазушылар да өмiр сүрдi. Қазақтың ақын-жазушыларын, атақты ғалымдар мен ғұламаларын алып қарасақ, қарапайым ғана ауылдан шыққанын оқып бiлемiз. Ақын Қосжан Мүсiрепов осы Ордабасы ауданы Бiрлiк елдi мекенiнен түлеп ұшқан. Аталмыш ауданда екi өзен бар: Бөржар мен Бадам өзендерi. Бұл екi өзен қосылып, Арыс өзенiне келiп құяды. Арыс өзенiнiң барлық құпиялары табиғаттың тылсым күшiне байланысты өзгерiп отырады. Бөржар өзенiнiң тұныұқтығы, қасиеттiлiгi сонша, ақын Қосжан Мүсiрепов көз жұмар алдында "Шiркiн, Бөржар суын iшсем ғой, арманым болмас едi-ау" деп тiл қатқан. Сонда ағасы Қосжанға Бөржар суын әкеп iшкiзедi. Мiне, осылайша Қосжан Бөржар суын iшiп, о дүниеге армансыз кеткен деседi. Кейiннен өз ауылына ақынның атынан мектеп ашылды. Ауыл тарихын халық ешқашан естен шығармайды. Ауыл асыл әжелердiң аңыз-әңгiмелерiне, өсиет-нақылдарына, аталардың ақ батасына, ағалардың қайырымды, iзгi iстерiне толы. Мiне, осындай киелi жерлерi бар елiмдi мен әрқашан жүрегiмнiң түбiнде сақтаймын.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, ХҚТУ-дың журналистика

бөлiмiнiң 1-курс студентi