Жаңалықтар

МЕЙIРIМСIЗ ҒАСЫРДЫҢ БЕЗБҮЙРЕК МҰҢЛЫҚТАРЫ

ашық дереккөзі

МЕЙIРIМСIЗ ҒАСЫРДЫҢ БЕЗБҮЙРЕК МҰҢЛЫҚТАРЫ

Қазiргi уақыт талабы өте қатал. Олай дейтiнiмiз, күн сайын өрши түсiп отырған қымбатшылық, белең алған дағдарыс адамдардың алқымынан қысып, оларды аласұрған кейiпке түсiрдi. Тiптi, қазiр адамдар бiр-бiрiнен қорқатын жағдайға жеттi. Өйткенi, көшеде де, қоғамдық орында да қанын iшiне тартқан бұзықтар бел алып барады. Сонда "Адам адамға дос, жолдас, бауыр" деген ұғымның ұмытыла бастағаны ма?! Ал ендi осындай мейiрiм мен қайырым азайып, қатыгездiк белең алған заманда көңiлiң көтерiңкi, алаңдамай өмiр сүру мүмкiн бе? Осы ойлардың жаныңды жегiдей жеп, жүрек сыздатары шындық.

Оған нақты дәлелдер iздесеңiз жетiп артылады. Ол үшiн соңғы жылдағы ғана бұқаралық ақпарат құралдарын шолып шықсаңыз анық көзiңiз жетедi. Шығыс Қазақстан облысында соқталдай екi жiгiт мүгедек қарт ананы соққыға жығып, есiнен тандырып, қол сөмкесiн алып кеткен. Ал, алименттен құтылғысы келген "әкесымақ" өзiнiң төрт жасар жалғыз ұлын бесiншi қабаттағы балконнан лақтырып жiберсе, маскүнем ана сәбиiн Балалар үйiне өткiзiп жатып бiр шөлмек арақ алу үшiн ақша талап еткен. Қызылорда облысында В. деген азаматты соққыға жығып, күштеп өлтiрiп, өлiктiң мәйiтiн өртеп жiберген. Қарағанды қаласында үш жiгiт кәмелетке толмаған жасөспiрiм қызды күш қолдана отырып зорлаған. Павлодарда О. деген азамат К. деген азаматты атып өлтiрген. Осылай кете бердi, осылай жалғаса бередi. Бұлардан басқа да айтуға ауыз бармайтын, естiгенде есеңгiретiп, тыңдағанда жаныңды түршiктiретiн сұмдық оқиғалар қаншама?! Ерте ме, кеш пе, қолмен iстегендi мойынмен көтеретiн, қиянат-қылмысқа заң алдында да, ар алдында да жауап беретiн күн тумай қоймайды. Күнәсiз көз жасы тегiннен-тегiн кете қоймас. Әсия да бiр жiгiттi сүйдi, күйдi, жанды, бала көтердi. Болмашы нәрседен араларынан алажiп өттi. Жiгiт пен екеуi суысып қалды да, Әсия айы-күнi жетiп босанған соң баласын ашу үстiнде Сәбилер үйiне өткiзiп те жiбередi. Арада екi-үш ай өткенде "адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйiрiн тапқан соң" деп, жiгiт өз Әсиясына қайта оралды. Оралды да екеуi ақ босағаны имене аттап, тұрмыс құрды. Ауыл-елде әңгiме жата ма, өз немересiнiң жетiмханада жүргенi күндердiң күнiнде сыпсыңдап ененiң құлағына да шалынды. Аштық пен жалаңаштықты, тұрмыс-тiршiлiктiң зiлман қиындықтарын басынан өткерiп, көптi көрген ана-жүрек бұл қатыгездiкке шыдамай, баласы мен келiнiн ертiп Сәбилер үйiне келдi. Келiп немересiн сұрады. Бiрақ кеш едi. Бiр перзент зарықтырған қайырымды адамдар осыдан бiр апта бұрын сәбидi өз аттарына аударып, бауырларына салып та қойған-ды. Сәбилер үйiнiң директорына жалынды, жылады. Амал қанша, Әсияның арызындағы "Алдағы уақытта баламды iздемеуге мiндеттенiп, уәде беремiн" деген бiрауыз сөзi бейкүнә сәбидiң бүкiл болашақ тағдырын шешiп те қойған едi. Келiнi мен баласына iстер шарасы болмай ана елiне назаланып қайтты. Сөйтiп, ашумен асығыс қабылданған шешiмнен туған қатыгездiк бiр үйлi жанның жүрегiне жазылмас жара салды. Әсия бұдан соң бала көтерген жоқ. "Жас сәбидiң көз жасы жiбермедi, айналып соқты", – десiп жүр жұрт. Әке-шешелерiн көздерiн жәудiретiп тұрып Қарттар үйiне өткiзiп жатқандардың, сәбилерiн бiреудiң қорасына, күл-қоқыстың арасына, әжетханаларға тастай қашатындарды былай қойғанда, ендi ата-анадан, туған ұядан безiнген бала да таңсық болмай қалды. Полицияның бөлушi-таратушы бөлiмiнде қазақ бүлдiршiндерi де әркез жетiп артылады. Осындай балалардың да әртүрлi қылмыстық әрекеттерге бой ұрып, қатыгездiк iстерге бейiм болатындығын өмiрдiң өзi көрсетiп келедi. Оған мысал, безбүйрек балалардың бiр тобы көгершiндердiң тұяқтарын қырқып, олардың телеграф сымдарына қона алмай, шарасыз күйде жерде домалап жатқандарына қызыға қарап, рахат сезiмге бөленген. Осындай балалардың бiрер жыл бұрын қарлығаштардың ұясын қиратып, жұмыртқаларын таптағандарын да естiген едiк. Бесiктен белдерi шықпай жатып, оларға осындай қатыгездiк кесел қайдан жұқты екен?! Әлде алименттен құтылғысы келген әкенiң өзiнiң төрт жасар жалғыз ұлын бесiншi қабаттағы балконнан лақтырып жiбергенi, маскүнем ананың сәбиiн Балалар үйiне өткiзiп, жатып бiр шөлмек арақ сұрағаны тәрiздi жиi естiлетiн жантүршiгерлiк әрекеттер бала сезiмiн уландырып, жан-дүниелерiн лайлап тастады ма екен? Қалай дегенде де бала жаны елiктегiш қой. Әрине, олар үлкендерге елiктемей тұра алмайды. Оның есесiне қазiр әрбiр бұрышта көрсетiлiп жатқан бейне фильмдердегi атыс пен шабыс, зорлық пен зомбылық, өртеу мен қирату, нашарқорлар өмiрiн ашық насихаттау да жасөспiрiмдердi елiктiрiп, олардың дұрыс тәрбие алуына керi әсер етерi даусыз. Бесiктегi баланы айырға шаншып, есiкке қадап кеткен айуандық әрекеттердi теледидардан көрiп отырған баланың балаң сезiмiнде қатыгездiк ұрығы көктемесiне кiм кепiл? Асылы, қатыгездiктiң әрқашан мейiрiмсiздiк пен дәрменсiздiктен туындайтыны белгiлi. Осы орайда қатыгездiктiң өрши түсуiне материалдық жетiмiздiктiң, тұрмыс қиындығының әсерi мол дегендей дауыстар да естiлiп жатады. Оның да жаны бар, әрине. Олай дейтiнiмiз, бүгiнгi таңда жай халық пен бай халықтың, яғни билiктiң арасындағы әлеуметтiк алшақтықтың ұлғайып бара жатқандығы шындық. Қазынадағы ортақ байлықтың әдiл бөлiске түспей отырғандығы да даусыз. Кең байтақ жерiмiздiң асты да, үстi де байлыққа толы деймiз. Ендеше, осынша байлықтың иесi – халқымыз неге кедей?! Неге жұмыссыз ұл-қыздарымыз Сейфуллин мен Сайн көшелерiнде телмiрiп, босып жүр? "Жетiм бұрышты" сағалап жүргендерi қаншама? Мүмкiн, осылардың арасынан кейбiрi мәжбүрлiктен қылмысқа ұрынып, түрмедегiлердiң қатарын толықтырып жүрген жоқ па? Осындай жағдай – тұрмыс пен басқа түскен тағдыр тәлкегi, бәлкiм, оларды қатыгездiгiне ұрындырып жүрген шығар. Бiрақ, осы жайларды елеп, екшеп жүрген кiм бар?! Билiк осыны көрмей отыр ма?.. Ендеше, "ендiгi жерде өрттей қаулаған қатыгездiктiң белең алмауы үшiн не iстеуiмiз керек?" – деген сауал шығады алдан. Иә, не iстеуiмiз керек? Алдын алған ауру асқынбайды. Олай болса, дәл бүгiндерi көптеген әйелдердiң жеке басын күйттеуден өзгеге жете мән беруден қалғанына, баланы артық бейнет санайтынына бейжай қарамауымыз қажет. Сонда ғана жоғарыда айтып өткенiмiздей, өз нәрестесiн өзi өлтiруден тайынбайтын, адамгершiлiк қасиеттерден жұрдай, қатыгез аналарымыздың алдағы уақыттарда қателiкке ұрынбауына ықпал ете аламыз. Асылы, әйел-ананы тәрбиелеу, қыз баланың өскен үйiнде, тәлiм алған ортасында басталуы қажет шығар. Оларға мектепте үй шаруасы, бала тәрбиесi, кiсi күту сияқты өмiрде керек жағдаяттар оқытылса қандай жарасымды. Өкiнiшке қарай, осы ретте болашақ жас аналардың көптеген жақын адамдарды, сондай-ақ, өзi оқитын, қызмет iстейтiн ұжымы олардың жеке тағдырына өте салғырт қарайды. Оның зардабы кейде жоғарыдағыдай ағаттық iс жасауға ұрындырады. Егер де, жастармен тәрбие жұмысы шын мәнiнде ашық, жан-жақты жүргiзiлер болса жоғарыдағыдай қолайсыз жағдайлар болмас едi-ау. Абай айтқандай: "Адам баласын заман өсiредi, кiмде кiм жаман болса замандасының бәрi кiнәлi" Рас, жетiм балалар далада қалып жатқан жоқ. Олар үкiметтiң аялы қамқорлығының арқасында алаңсыз оқып, бiлiм алуда. Бiрақ, сол бүлдiршiндердiң бiршамасының әке-шешесi балаларын тiрi жетiм етiп, өздерi сау-саламат сайрандап жүр ғой. Ұрпақ тәрбиесiнен өз басын алып қашқан берекесiз жан балаға түзу тәрбие берiп жетiстiрмес деген күдiк туса, онда балаларды бағып-қағуға қашқын ата-ана материалдық жағынан үлес қоссын. Себебi, бүкiл ауыртпалықты "оқыту, бiлiм беру, киiндiрiп-тамақтандыру" мемлекеттiң мойынына бiр ақиық түрде артып қойып, уайымсыз жер басып жүру адамгершiлiк нормаларына сыйыса ма, айтыңыздаршы? Жоқ, сәбидi жарық дүниеге әкеле бiлген жан оның алдағы келешегi туралы жауапкершiлiктi де бөлiсе бiлуi керек. Қолмен iстегендi мойныңмен көтерген абзал. Сондықтан, перзентiн қараусыз немесе әдейi қатыгездiкпен тастап кеткен ата-аналардан алимент өндiрудi заңдастыру да қажет шығар. Өрттей қаулап бара жатқан қатыгездiкке бәлкiм сонда тосқауыл қойылар. "Жамандықты жазаламаған адам – оның дем берушiсi" деген бар. Сондықтан, iшкенге мәз, жегенге тоқ, ойсыз, қамсыз, қатыгез ұрпақ көбейiп барады. Бұл үлкен жараның кеселi тез тыйылмайтыны секiлдi қасiрет. Дегенмен, қалай болғанда да әйтеуiр жаман әдеттiң қоғам бойына таралып, меңдеп кетпеуi үшiн баршамыз сергек көңiлмен атсалысуға тиiспiз. Осы ретте тәуелсiздiгiмiз бен егемендiгiмiздi баянды ету жолында қоғамның әрбiр азаматы, мемлекетiмiздiң өркендеп көркеюi үшiн өмiрдiң терең иiрiмдерiндегi қиын құбылыстарға жауапкершiлiкпен қарағанымыз абзал. Болат ШАЙМАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты