Жаңалықтар

КӘРIСТЕР ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI

ашық дереккөзі

КӘРIСТЕР ҚАЗАҚША СӨЙЛЕЙДI

Қазақстан кәрiстерi қауымдастығының бастамасымен және Қазақстан халқы ассамблеясының қолдауымен қазақ тiлiн үйрену мәселесiне арналған Қазақстан – Корей жастарының форумы қорытындыланды.

Бұған дейiн бiр топ кәрiс жастарының қазақ тiлiн үйренiп жатқанын кәрiс ғалымы Сон Ен Хун мырза газетiмiзге берген сұхбатында айтқан едi. Қазақшасы кез келген адамды сүйiнтетiн ғалымның сөзiнде жан бар екен. Форумға қатысқан Оңтүстiк Корея студенттерiнiң қазақ тiлiнде жасаған баяндамалары бiздiң жерлестердiң өзiн таңдай қақтырды. Кәрiс жастары ниет болса, тiл меңгерудiң қиын емес екендiгiн айтып, жиналғандарды бiр серпiлтiп тастады.

Оңтүстiк Кореядағы Хангу шет тiлдер университетiнiң студент қыздары Абайдың әнiн нақышына келтiре орындады. Олар – болашақ қазақстантану мамандары. Қазақстан туралы бiрнеше зерттеу жүргiзген. Алайда, жас ғалымдардың бұл бiздiң елге алғаш сапар шегiп, қазақтармен тұңғыш тiлдесуi. Қазақстанға, қазақ елiне деген ынтызарлықтың әсерiмен олар тiптi бiр-бiрiнiң аты-жөнiн қазақша атайды екен. Бiрiнiң аты – Шолпан болса, ендiгi бiрiнiң аты – Жұлдыз.

"Қазақстанның болашағы өте зор, жарқын деп ойлаймын. Бiрақ Кореяда әлi де Қазақстан туралы жақсы бiлетiн мамандар өте аз. Сондықтан мен Қазақстанды және Орта Азия мемлекеттерiн жақсы бiлетiн, зерттейтiн маман болғым келедi. Сондықтан қазақ тiлiн үйрене бастадым. Қазақ тiлiнiң грамматикасы корей тiлiне өте ұқсас. Онша қиналған жоқпын", – дейдi магистрант Ши Не.

Ал, кәрiс жастарының Қазақ елiн зерттеуiне, қазақ тiлiн жетiк меңгеруiне күш-жiгерiн жұмсап жүрген профессор-ғалым Сон Ен Хун: "Қазақстан тез дамып бара жатыр. Оның мәдениетiн, тарихын терең бiлу үшiн ана тiлiн, яғни, мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлiн бiлу керек" дегендi екпiн түсiре айтады.

Бiр қызығы, қазақ тiлiн үйрену мәселесiне арналған форумның өтуiне де осы кәрiс жастары себепшi болған. Олар қазақи орта болмаса да, қазақ тiлiн үйренуге әбден болады дегендi алға тартады. Форум шеңберiнде 2 ай аралығында "Қазақ тiлiн жылдам және сапалы қалай үйренуге болады?" тақырыбындағы жастар арасындағы ең үздiк эссеге байқау жарияланды; тiл саясаты тақырыбына байланысты әлеуметтiк зерттеулер; қазақ тiлiн жаңа әдiстер арқылы үйрену мақсатында 6 күндiк жазғы лагерь ұйымдастырылып, бағдарламасына қазақ халқының мәдениетi, әдет-ғұрыптарымен таныстыру енгiзiлдi; этносаралық қатынастар саласындағы отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен "Этникалық интеграция және тiл саясатын дамыту тәжiрибесiн зерттеу" тақырыбында дөңгелек үстел болып өткен.

Осы шараға қатысқан Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасы орынбасары Ералы Тоғжанов: "Үш жылдың iшiнде мына жастардың қалай сөйлеп кеткенiн көрiп отырмыз. Тiлдi тек қана сабақ жүзiнде ғана емес, салт-дәстүр мен тарихты зерттеу жүзiнде де меңгеруге болады екен. Жастар арасында тiлдiк қарым-қатынас орнату негiзгi мақсат ретiнде қойылды. Бұл iс жүзiнде жүзеге асты деп ойлаймыз" деп ризашылығын бiлдiрдi.

Форумның тағы бiр жаңалығы – биыл Оңтүстiк Кореядағы Қазақстан жылы аясында ұлы Абайдың 100 өлеңi кәрiс тiлiне аударылған.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ