Жаңалықтар

ЖЕТIСУ ДИҚАНДАРЫ ДАҒДАРЫП ОТЫР

ашық дереккөзі

ЖЕТIСУ ДИҚАНДАРЫ ДАҒДАРЫП ОТЫР

"Дала аруын" баптағандар пайда таппауы мүмкiн

Өткен жыл жемiсiн аяған жоқ. Астық мол, түсiм өнiмдi болды. Дәндi-дақылдардың түр-түрiнен жиылған егiн рекордтық көрсеткiшке жеттi. Әсiресе, жүгерi дақылы күздi күнi жерге қаратпады. Бiрақ биыл жүгерi өсiмi көңiл көншiтерлiк болса да ауылшаруашылығының атажау зиянкестерi еткен еңбектi зая кетiретiн сияқты.

Зиянкес демекшi, жас өскiнге шырмауықтай шырмалған арамшөптер мен шегiрткелерден келер қауiп жетерлiк. Алматы облысы, Панфилов ауданы бойынша жыртылған жерлердiң 50 пайызына дерлiк жүгерi салынады. Бұлардың басым бөлiгi жеке шаруа қожалықтарының иелiгiнде. Көже-қатыққа бола өсiрiлетiн жүгерi егiстiктерiнiң биыл бойы бәсең. Оған себеп: шырмалып өсетiн арамшөптердiң көптеп шығуы. Жүгерi өскiнiнiң қылтия көктеп шығуынан бастап жайқалып дән бергенге дейiн су мен құнарды бойына алып отыратын кәйзiшөп, шоңайна мен тiкендер бақалдың өзегiн буындырып, алып алқаптардың өнiмдiлiгiн қысқартып отырғаны күмәнсiз. Арамшөптi тазартып үлгерген күннiң өзiнде өнiмдiлiкке айтарлықтай кеселiн тигiзедi: жүгерi бақалының бойын өсiрмейдi, соның кесiрiнен собық та өспей қалады.

Аудан бойынша зиянкес шөптердiң қаулап өсуi бұрын-соңды болмаған оқиға. Иә, бұрын-соңды жүгерi өндiруден алғашқы орынды иеленiп келген аудан тыңайтқыштың түр-түрiн қолданған. Әсiресе, жердiң құнарлылығын арттыратын селитра және жоғары өнiмдiлiкке қол жеткiзетiн симанин тыңайтқыштары кеңес үкiметi тұсында аямай себiлдi. Бiрақ, Кеңес үкiметiнiң құлауымен жергiлiктi совхоздарда тыңайтқыштар талан-таражға түстi. Ал кейiнгi жылдары тыңайтқыш қолдану сап тыйылды. Соның қорытындысы ендi шығып жатса керек.

Бiр атап өтерлiк жағдай, бұл өңiрде жүгерi дақылын өсiрiп, жоғарғы өнiмдiлiкке қол жеткiзген, екi мәрте Социалистiк Еңбек Ерi атанған Н.Н.Головацкий ерлiгiн айтпасқа болмас. Дәп осы 1 гектар жүгерi егiстiгiнен 350 центнерден өнiм алып, одақ көлемiндегi рекордын орнатқан болатын. Кезiнде Жаркент өңiрiнде 40 мың гектар жүгерi егiлетiн. Одан алынған өнiмнiң сыртқа жөнелтiлiп, қалғанына 25 мыңға жуық қой және мыңдаған құс бордақыланып, аудан құс етiн қоса алғанда, жылына 37 мың тонна ет өндiретiн. Жалпы, Панфилов ауданынының жүгерiсi одақтағы құс фермаларын жеммен қамтамасыз еткен. Бұдан кейiнгi жылдары да жүгерi дақылын өндiру тоқтамады, керiсiнше Жаркент өңiрiнде өсiрiлген Америка "майсi" үлкен сұранысқа ие болды.

Жүгерiнiң жаңа отаны саналған өңiрдегi Көктал жүгерi зауыты бой көтердi. Бертiнге дейiн алып зауыт жүгерi шикiзатын өңдеп, тазалап, үгiтiлген дайын шикiзат тұтынушыларға таратылды. Бiрақ, 90-жылдардағы жаппай белең алған дағдарыс бұл өндiрiс орнын да аяған жоқ. Десе де кооператив қолына өткен зауыт бөлшек саудаға түсiп, ұн тарту цехы бiр бөлек, жүгерi тазалау цехы екiншi жармасқанның уысында кеттi. Кезiнде мыңдаған жергiлiктi халықты жұмыспен қамтыған кәсiпорын Үдемелi инновациялық-индустриялық бағдарлама көлемiнде де назарға iлiкпегенi өкiнiштi. Негiзiнен, Алматы облысындағы Қант қызылшасы зауытынан кейiнгi iрi зауыттың осы болғаны белгiлi. Зауыттың Жетiсу өңiрi экономикасының астық саласын дамытып, ауыл тұрғындарының екi қолына ермек болатын жұмыс пен әлеуметтiк мәселелердi реттеудi маңызы зор.

Бүгiнгi таңда инновациялық-индустриялық бағдарламасына баса көңiл бөлiнуде. Аталмыш бағдарлама бойынша елiмiзде 72 түрлi саланы қамтитын өндiрiс орындары ашылып, ел экономикасы әлеуетiне едәуiр ықпалын тигiзуде. Десе де жүгерi өткiзетiн Жаркент крахмал және сiрне зауытының iргетасы 2002 жылы қаланған, бүгiнде жүгерi өткiзетiн бiрден-бiр орын осы ғана. Зауытта үш маусымда 136 адам тұрақты түрде еңбек етiп келедi. Мұнда негiзiнен тамақ өнеркәсiбiне қажеттi крахмал мен сiрне шығарылады. Бұдан басқа қосымша глютен, жүгерi майы және мал азығына қажеттi жем дайындалады. Бүгiнде зауыттан шыққан крахмал мен сiрненi "Рахат", "Қазақстан қағазы", "Жамбылгипс", "Қазупак", "АХБК", "Хамле", "Алматыазық" сынды белгiлi қазақстандық кәсiпорындар тұтынып отыр.

Жүгерi – мал азығына таптырмайтын дақыл. Сондықтан оны мал бордақылауға кеңес заманында көп пайдаланған. Жалпы жүгерiнiң 65-70 пайызы көмiрсутектен, 7-12 пайызы ақуыздан тұрса, бойында 3-6 пайыз май да бар. Сол себептi ауылшаруашылығы саласында жүгерiнiң мал азығын дайындауда басты концентрат ретiнде қолданылғаны белгiлi. Қазiргi таңда жүгерi жер шарында ең көп егiлетiн дақыл ретiнде тек бидайға ғана жол берiп тұр. Жүгерiнi негiзiнен елiмiздiң оңтүстiк-шығыс өңiрiнде өсiруге болады. Жалпы, елiмiз Кедендiк одақ төңiрегiнде ет өнiмiн экспорттауды мақсат тұтып отыр. Ендеше, мал бордақылауда жүгерiнiң таптырмайтын азық екенiн мойындағаны.

Тегiнде, "судың да сұрауы бар" дейдi атам қазақ. Былтыр Панфилов ауданының жүгерiшiлерi соңғы жиырма жылда болмаған өнiмге қол жеткiзiп, жүгерiнi егiстiктерден дер кезiнде жинап алғанымен, өнiмдi өткiзуге келгенде сан соғып қалды. Жергiлiктi халыққа мәлiм, өткен жылы егiстiк даласынан жиналған жүгерi барлық көрсеткiштерден асып түстi. Есесiне қар мен жаңбыр астында қалып, бекер рәсуа болғаны тағы бар. Себебi, ауданда жүгерi қабылдайтын әкiмшiлiк орны жоқ, ал зауыт қайсыбiрiн алсын? Десе де жақында ашылған "Жаркент жүгерi" крахмал-сiрне зауытына бюджеттен 240 млн. теңге жеңiлдетiлген несие де берiлген. Алайда оны алған кәсiпкерлердiң де шамасы көпке жетпедi: қаржыны мақсатты жұмсауда жөнсiздiктер орын алды. Ақыры 21 мың гектарға егiлген жүгерiден 116 мың тонна өнiм жинағандардың арасында мүмкiндiгi барлар ғана азды-көптi пайда тапты.

Ақниет ОСПАНБАЙ