БӨКЕНБАЙ ЖАҒАЛАУЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ
БӨКЕНБАЙ ЖАҒАЛАУЫНА ҚАМҚОРЛЫҚ
Жуырда Алматы қаласы, Медеу ауданының әкiмi Бидалы Махамбет жұртшылық алдында есеп бердi.
Алматы қаласының Оңтүстiк шығысында орналасқан Бутаковка шатқалында ұйымдастырылған жиында жыл басынан берi аудан көлемiнде iстелiп жатқан және шешiмiн тауып жатқан жұмыстарға баса мән берiлдi. "Жол картасы" бағдарламасы бойынша көшелердi жөндеу жұмыстары, сондай-ақ қысқы Азиада ойындарына дайындық туралы жиналған қауым хабардар болды. Тап осы шатқалға жиналудың да өзiндiк себебi бар: Бутаковка елдiмекенiне жөндеу жұмыстарын жүргiзу керек. Мәселен, газдандыру жылдық жоспарда бар, бiр-екi ай көлемiнде орнатылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар осы аймақтағы "Южная" көшесiнiң су кептелiсi реттеудi қажетсiнiп тұр. Кезек күттiрмейтiн келелi мәселелердiң бiрi — көлiк жылдамдығын тежейтiн көлденең тежеткiштер орнату. Аталмыш елдiмекенде су құбыры мәселесiнде түйткiл көп-ақ.
Алатау шыңындағы мәңгiлiк мұздықтан бастау алатын Бөкенбай өзенi қала тұрғындарының демалатын орнына айналған. Бiрақ, осынау көрiктi жерлердi демалған жұртшылық аямай ластап-ақ кетедi. Ендi бұған бола қам жемеуге болады. "ИП Колбаев" кәсiпкерлiгi аптасына екi рет көлiк жiберiп, тазартып тұратын болады.
Мiне, аудан әкiмшiлiгi осындай көкейтестi мәселелердiң шешiмiн iздестiрiп, жұрт алдында тиiстi орындарға тапсырма берiп, орындалу уақтысын пысықтады.
Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ