АЗИАДА АЛАУЫ АЛМАТЫДАН БАСТАЛМАҚ
АЗИАДА АЛАУЫ АЛМАТЫДАН БАСТАЛМАҚ
Сақтардың шамы сәуле шашпақшы
VII Азиада ойындарының алауы Алматыда тұтатылады. Бұрын-соңды Азиада қысқы ойындарында Олимпиада алауын алып өту дәстүрi ешқашан болмаған. Ендеше тұңғыш рет нұр шашатын алау Алатау баурайындағы ерке қала Алматыдан басталып, басқа өңiрлерге бет алмақшы. Азиада алауы елiмiздiң барлық қалаларын аралап өтедi. Қысқы Азиада ойындарының бұрын болмаған жаңа дәстүрi бiздiң елiмiзде қалыптасқалы отыр. Оның регламентiне Азия Олимпиадалық кеңесiнiң президентi шейх Ахмад әл-Фахад әл-Сабах пен VII қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы Кәрiм Мәсiмов қолдарын қойды. Сондай-ақ қысқы ойындардың жабылу рәсiмi де сүйiктi қаламызда өтедi.
Әл-Кувейт қаласында Азия Олимпиадалық Кеңесiнiң штаб-пәтерi орналасқан. Сондықатн алау алдымен тропикалық белдеуде жағылып, ертеңiнде Алматыға жеткiзiледi.
Расында, Олимпиада алауының соншалықты таңданыс тудыруына не себеп болды екен? Мәселенiң мәнi мынада. Факелдiң үлгiсi сақ дәуiрiне жататын құнды жәдiгер шам негiзiнде жасалмақшы. Бiздiң заманымызға дейiнгi I-III ғасырларға тән құнды жәдiгер Алматы маңайынан табылған. Дәл осы жәдiгердi ұтымды пайдалануды ұйымдастырушылар жөн көрiптi. Алайда, алау тұтқасына айналған жәдiгер көшiрмелерi Қазақстан аумағынан тыс, Қытай елiнде әзiрленбек. Осы орайда Олимпиялық алау эстафетасы мен қысқы ойындар қалалық дирекциясының бастығы Найль Нұров көршi елмен тапсырыс жөнiндегi келiссөздердiң жүрiп жатқанын айтты. Пекинде өткен олимпиада мен Ванкувер қысқы ойындарының алауы дәп осы Қытайда жасалған. “Олимпиада алауын алып жүруге қарапайым халық та қатысады” дейдi ұйымдастырушылар. Мәселен, еңбек озаттары мен әншiлер, журналистер және түрлi кәсiп иелерi алау эстафетасының дiттеген межеге жетуiне септiгiн тигiзбек.
Айжан ҚҰРМАШЕВА