Жаңалықтар

БОЗТОРҒАЙ

ашық дереккөзі

БОЗТОРҒАЙ

Есенбай Дүйсенбайұлына

Қара тобыр не бiлiп iсiнедi,

Құлагер жыр кеудеңде кiсiнедi.

Қазақ жанын ұқпаған қарау қоғам

Сенiң қалай жаныңды түсiнедi.

Көкке қарай қол созған мұнарасы,

Кiмге қуат бермеген құм-даласы.

Жырлағаның күркiреп бұл күндерi

Он сегiз мың ғаламның мұң-даласы.

Туған елге сыбаға үлестiрiп,

Күндер қайда жүретiн нұр естiрiп.

Мына сырқат қоғамның ыңырсыған –

Тұрған жоқ па кеудеңнен үнi естiлiп.

Жұртың сенiң жаныңды түсiнгелi

Тереңiңдi зерттемей бiлсiн ненi.

Қаратаудың басынан бұлт арылмай

Естiледi кеудеңнiң күрсiнгенi.

Қызық қашып қырынан сардаланың,

Күйiн кештiң жаралы шағаланың.

Жалғыз ақын өзiңсiң алты Алашта

Зарын айтып жырлаған замананың.

Кiмге дәрi жарығы тозған Айдың.

Кербестiден бағы артық озған тайдың.

Дүниенi келесiң қорғап әлi,

Шырылдаған үнiмен бозторғайдың.

Тұла бойы жыр болып шымырлаған

Кiмдi азапқа салмаған құрғыр заман.

Салбөксе елдiң келбетi көрiнедi

Сенiң ойлы көзiңнен тұнжыраған.

Шындығымның жасай бер бозторғайы,

Шыңыраудың түбiнде шырылдаған.

Рафаэль Ниязбек