Жаңалықтар

БАУЫРЖАН – ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ

ашық дереккөзі

БАУЫРЖАН – ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ

Бауыржан Момышұлы – қазақтың маңдайына бiткен санаулы қайраткерлерiмiздiң бiрi. Ол кiсi батыр ғана емес. Жазушылығымен де шектелмейдi. Ол – қазақтың намысы, қазақтың ұлттық ар-ұжданы. Қазақ дейтiн халық еске түссе, әлем Бауыржан Момышұлындай қайсар ұлын еске алары сөзсiз. Сонау бiр жылдардағы зұлмат кезеңнiң өзiнде Бауыржан Момышұлы өзiнiң ұлттық рухын, ұлттық намысын сақтап қалған тұлға. Ұлы тұлғаның бойына бiткен асыл тәрбие алашшыл азаматтардан дарыған екен. Жүз жыл, тiптi, бiрнеше ғасырлар өтсе де, Момышұлы айтқан әрбiр қағида ұрпақ жадында мықтап сақталары сөзсiз. Баукеңнiң жүзжылдық мерейтойы қарсаңында, "Ел-шежiре" қоғамдық қорының ұйымдастыруымен "Түркiстанның" төрiнде бiрқатар Бауыржантанушы ғалымдарымыз бас қосқан едi.

Дидахмет Әшiмханұлы: – Бауыржан Момышұлы – қазақтың рухы. Ол кешегi күнгi соғыста да, одан кейiн де, бүгiнгi ұрпақтың да, ертеңгi ұрпақтың да рухы болып қала бередi. Сондықтан да, Бауыржан туралы қанша айтсақ та, қанша жазсақ та, оның ешқандай артықшылығы жоқ. Биыл Баукеңнiң жүз жылдығын қарсы алғалы отырмыз. Осы уақытқа дейiн iстелген жұмыстарды халықтың өзi iштей бiлiп отыр. Әсiресе, сiздер, Мекемтас аға, өзiңiз бастаған топ, Бауыржан Момышұлының отыз томын баспаға берiп, оның шыққанын күтiп отырсыздар. Нақты жұмыстың басы-қасында өзiңiз жүрсiз. Жұмыс неден басталды, шығармашылық еңбегiн қайдан жинадыңыздар, қайдан алдыңыздар? Көп дүниесiн Баукең өзi сiзге көзiнiң тiрiсiнде аманат етiп кеткен сияқты. Осы жұмыс төңiрегiнде әңгiме қозғасаңыз… Мекемтас Мырзахметұлы: – Баукеңнiң өмiрi жалпы арпалыспен өткен және саналы түрде қуғындалған адам. Қазiр оны ашып айтуға болады. Армиядан қырық алты жасында кетiп қалды ғой. Кеткенде де жетiскеннен кеткен жоқ. Бұл туралы Баукең маған өзi айтып едi. Өзiнiң ұстазы, дивизияның бұрынғы командирi Шестаковқа хат жазады. Ол хатында: "Мен бiр ойға келдiм. Себебi, мен бұл жұмысты қояйын деп отырмын" дейдi. Неге қояды? Өйткенi, бүкiл Кеңес Одағының Қорғаныс министрлiгi Баукеңе қарсы болды. Соғыста жүрген кездiң өзiнде бұл кiсiнiң үстiнен бiраз домалақ арыздар жазылған. Майданда жанында бiрге жүрген политругы, құшақтасып бiрге жатқан досының өзi арыз жазыпты. Сондықтан да, Совет үкiметi системалы, жүйелi түрде Баукеңдi қудалап отырған және үнемi бақылап отырды. Дидахмет Әшiмханұлы: – Не үшiн сонда? Мекемтас Мырзахметұлы: – Халқының мүддесiн ойлағаны үшiн, одан басқа ешнәрсе жоқ. Оның үстiне, Баукеңнiң мiнезi бар, өзiндiк ой-танымы бар, ойын ашық айтатын адам болды. Бiртiлдi халықтар ондай нәрсенi көтере алмайды. Олардың психологиясы ондайды көтере алмайды. Жалпы, Баукеңде мұра өте көп. Бiз қырық бес томын әзiрлеп ұсындық. Әзiрге оның он бес томын алып қалып отырмыз және Мәскеудегi архивi алынған жоқ. Жеке адамдардың қолында да мұрасы өте көп. Оны жинап алуға бiздiң шамамыз келмей отыр. Сондықтан, бұл идея қайдан туды дегенге келер болсақ, Таразға көшiп келдiм. Бiр шаруа iстеуiм керек емес пе?! Серiк Үмбетов ол кезде Жамбыл облысының әкiмi едi. Сол кiсiмен бiр кездесуде Баукең туралы әңгiмелесiп қалдық. Серiк Үмбетовке: "Баукеңнiң тойын тойлаттық. Керемет болды. Бiрақ бiр мiн бар" дедiм. "Қандай?" деп сұрады. "Үлгi-өнеге беретiн той жасау керек едi" дедiм. Ол тағы да: "Қандай?" дедi. "Келесi жолы интеллектiсi жоғары адамдарға той жасаған кезде, олардың мұрасын түгелiмен халыққа берейiк. Тойдың көкесi сонда болады. Сонда халық та оянады, әруақ та риза болады" дедiм. Сөйтiп, "Баукеңнiң отыз томын шығарсам деген ойым бар, энциклопедиясын жасасам" деп, айтып едiм, әкiм: "Жобасын жасап алып келiңiзшi, көрейiк" дедi. Бес жылға жобасын жасап апардым. Ол кiсi қабылдады да, келiсiмiн бердi. Содан кiрiсiп кеттiк. Әуелде, бас-аяғын жинау қиындау болды. Кiмде не бар, бiлмеймiз ғой. Негiзгi архивтiң көбi Бақытжанның қолында қалды. Баукеңнiң өзi бiраз дүниелерiн кезiнде маған актiмен берген. Ол кiсi заң жағына өте мықты едi ғой. Қанша кiтап бердi, қандай қағаз бердi, соның бәрiн қағазға хаттап, жазып бердi. Дидахмет Әшiмханұлы: – Бұл қай жылдары едi? Мекемтас Мырзахметұлы: – Жетпiсiншi жылдардың басы болатын. Содан Баукең бiр күнi маған: "Сен менi өмiрбақи өмiр сүредi деп ойлайтын шығарсың. Қалам тайып кететiн күн болады. Сонда мына дүниенiң басында отыратын адам керек. Сен осыған ие бол" деп айтты. "Ананы анаған тапсыр, мынаны мынаған тапсыр" дедi. Әуелгi кезде "осыншама дүние бар екен" деп ойлаған жоқпын. Қобырап көп қағаз жататын. Кейiн қарасам, ұланғайыр дүние. Тек реттелмеген. Бәрi араласып кеткен. Осылардың негiзiнде Баукеңнiң мұрасын жинауымыз керек деп, кiрiсiп кеттiк. Алғашында көмектесетiн адам таба алмадым. Даяр адам жоқ қой. Сөйтiп жүрiп, Мұқаңды тауып алдым. Қазiр құрастырған дүниемiз қырық бес том болып дайын тұр. Энциклопедиясы да дайын. Бiрақ, энциклопедиясы “ақша жоқ” деп тоқтап тұр. Қырық бес томның да отыз томын ғана шығардық. Негiзiнен, қаржыландырып отырған облыс әкiмшiлiгi. Ендi орындалмаған не қалды дегенге келер болсақ, Баукеңнiң энциклопедиясы қалды, Мәскеудегi архивi қалды. Баукең туралы бүкiл әлемде ұланғайыр дүниелер бар. Бәрiн жинау керек. Ары қарай жалғастыра беретiн болсақ, Баукеңнiң жүз томдығын шығаруға да толық мүмкiндiгiмiз бар. Бұл не үшiн керек дегенде, Баукең – халықтың рухы. Себебi, бiздiң халық ұлттық санасы әбден жаншылып тұрған кезде, соғыс кезiнде ол кiсiнiң атағы шыға бастады. Баукеңнiң арқасында халықтың бойында ұлттық сезiм жаңғыра бастады алғаш рет. Патриоттық тәрбиенiң ошағы осы Баукеңнiң шығармаларында. Бiздiң ағаларымыз айта алмаған, жаза алмаған күнделiктi Баукең жазды. Ол кезде күнделiк жазу өте қауiптi болатын. Өзiн-өзi ұстап берумен бiрдей едi. Екiншiден, Баукең өзiн аямаған адам. Өкпесiн тесiп айтқан. Сол себептен де бiраз адам тулайды. Баукеңнiң өзiнiң айтатыны бар: "Мен өзiмнiң ойыма келген шындықты айттым. Оны кiм қалай қабылдайды, өзi бiлсiн?" Әрине, ұрпақ дұрыс қабылдайды. Бұл еңбек дүниеге келгенде, бiзге не бередi? Қазақтың ұлттық рухын керемет көтеретiн, жастарды ұлттық дәстүрге тәрбиелейтiн, ұлттық санасын оятатын, бiрден-бiр халық мойындайтын мұра – Баукеңнiң мұрасы. Баукеңнiң мұрасын меңгерiп алу, бойға сiңiру, ол үлкен рухани қазына. Бұны әркiм әртүрлi түсiнедi. Бәрiбiр түбiнде бiр пiкiрге келедi. Халық мойындаған нәрсенi, ұрпақ мойындайтын болады. Дидахмет Әшiмханұлы: – Ұрпақ ауысады. Баукеңнiң көзi тiрi кезiнде ренжiген адамдарының бәрi кетедi, бiрақ қазақ қалады ғой. Ал, қазаққа әрқашанда рух керек. Мекемтас Мырзахметұлы: – Снегиннiң айтқаны бар. Снегин: "Сiздiң шығармаңыз көзiңiздiң тiрiсiнде басылмайды" деген екен. Оны Баукең де мойындайды. Неге басылмайды? "Сiздiң араласқан адамдарыңыз туралы айтылған дүниелердi олар қабылдай алмайды. Жақсы көрiп жүрген қазақтарыңыз жек көрiп кетедi. Сол себептен, олардың барлығы кетпейiнше, сiздiң шығармаларыңыз айтылмайды" деген. Шынында да солай. Ұрпақ ауысты. Қазiргi жастарға да үлкен сенiмiм жоқ. Олардың тәрбиесi – ұлттық тәрбиеде емес. Оны ешкiм терiстей алмайды. Сондықтан да, ұрпаққа да сынмен қарауға тура кеп тұр. Дидахмет Әшiмханұлы: – Мамытбек аға, сiздiң Баукең туралы жазғандарыңызды оқырман жақсы бiледi. Баукең туралы жазылған дүниелерiңiздiң өзi бiрнеше том болып қалатын шығар?! Мамытбек Қалдыбай: – Төрт том болады. Дидахмет Әшiмханұлы: – Баукеңнiң ауызекi тiлiн сол қалпында өзгертпей берiп отырған бiрден-бiр адам сiзсiз деп ойлаймын. Расында да Баукеңнiң айтқандарын сол қалпында берiп отырдыңыз ба? Мамытбек Қалдыбай: – Ол кiсiмен бiр жолыққаныңның өзi дайын бiр әңгiме деуге болады. Ол кiсiнiң өмiрбаяны өте бай. Баукең қайталанбас тұлға деп ойлаймын. Ойшылдығы, суреткерлiгi, тарихты терең бiлетiндiгi, Батыс пен Шығыстың әдебиетiн, қазақтың ауыз әдебиетiн терең бiлетiндiгi таң қаларлық дүние. Кез келген деректердi негiзгi мысалдарға сүйене отырып айтқанда, кез келген ғалым келiсетiндей, күмәндi жағдайға апармайтындай етiп айтатын. Қазақта "мың адамның жұмысын бiр адам iстейдi" деген сөз бар. Ол кiсi мыңдаған адамның жұмысын iстеп кеттi деп ойлаймын. Былайша айтқанда, Абай – рухани ұстазымыз. Ол кiсi адамгершiлiктi, туралықты, шындықты жырлады. Баукең болса, сол әдiлдiк, шындық, адамгершiлiк үшiн күрестi. Ары-бергi ұлыларымызды таразылап көрсек, Баукеңдей Абайдың аманатын мiнсiз орындаған ешкiм жоқ қой деп ойлаймын. Және өте жоғары деңгейде орындаған. Бұл бiздi қай жағынан болса да, алға сүйреп, iзденiске бастайтын дүниелер. Баукеңмен 21 жыл араласыппын. Шығарып салам, кейде келе жатса, қарсы алатынмын. Ол кiсi әңгiменi өте әдемi айтатын және бiр айтқанын қайта айтпайтын. Талғампаздығы, жадының мықтылығы және жан-дүниесiнiң соншалықты бай екендiгi көрiнетiн. Дидахмет Әшiмханұлы: – "21 жыл араластым" дейсiз. Ол кiсiмен бiрге талай оқиғаларды бастан кешiрдiңiз. Баукеңе ренжiген сәттерiңiз де болды ма? Мамытбек Қалдыбай: – Ренжiген сәтiм болды. Ол кiсi талай рет: "Есiгiмдi ендi қайтып ашпа!" деп айғайлап қуып шықты ғой. Оған ол кiсi кiнәлi емес, мен кiнәлiмiн. Ол кiсiнiң айтқанын түсiнбей қалатынмын. Бiр рет қатты ренжiдiм. Институтты бiтiрген соң, Баукеңнiң үйiне келдiм. Келем деген ойымда да жоқ едi. Әбiш Байтанаев деген ұстазым "Жазушылар одағының екi күн пленумы болады, соған жүр, жол кiреңдi өзiм төлеймiн" деп, менi Алматыға алып келмекшi болды. Жол жүрердiң алдында аяқ астынан шаруам шығып қалып, ол кiсiден қалып қойдым. Жұмысым бiткен соң, екiншi күнiне барайын деп жолға шықтым. Қазiргi Абай атындағы университеттiң жанында бiр жолдасымның әпкесiнiң үйi болатын. Сол үйге келiп, бiр күн қондым. Таңертең тұрғаннан кейiн, әлгi кiсi менен: "Кiмге келдiң, қарағым?!" деп сұрады. "Пленумға келдiм" деп айтуға ұялдым. Мынаның ойы аспанда екен ғой деп ойлай ма деп қысылдым да, "Бауыржан ағаға келдiм" дей салдым. "Ол кiсi жақында үйлендi" деп, сықылықтап күлiп алды да, Баукеңнiң телефонын терiп бере салғаны. Мен оны күтпегем. Тұтқаны көтере салып: "Бауыржанбысыз" деппiн. "Тәйт, Бауыржан ағамысыз деп айт" дедi. "Бауыржан ағамысыз" деп үш рет қайталап жiберiппiн. Баукең мекен-жайын айтты. Ол кезде бiреудiң үйiнен тамақ iшуге ұялам. Шығып келе жатып, алдымда кездескен асханаға кiрiп, екi сыпырадан тамақ iшiп алдым. Үйге келген соң, Баукең айғайлап тағы бiр ұрысып алды. "Бiреулерге таныстырамын" дедi. Мен қысылып: "Күзде келгенiмде танысамын" деп едiм, соған ренжiдi. Бiр уақытта: "Қатын" деп айғайлап едi, жеңгем жетiп келдi. "Салфетка әкел" дедi. Салфетканы қолыма берiп тұрып: "Аузыңды сүрт" дедi. "Ана сүтi аузыңнан кетпеген әлi баласың. Бүгiн таныстырсам, келесi жолы келгенiңде өзiң сөйлесе бересiң. Күзде келгенiңде мен болмай қалсам, қайтесiң" деп тағы бiраз ашуланып алды. Жеңгей тамақ алып келдi. Бiр тарелка тауық етi, бiр собық, қасында шәйi бар. Тамаққа тойып алғам, кiшкене ауыз тиiп қоя салдым. "Болдым" деп едiм, Баукең орнынан атып тұрды да: "Жеп қой" дедi. Содан үрейiм ұшып, тамақты қалай жегенiмдi бiлмей қалдым. Сөйтiп, Баукеңнiң үйiнде үш күн жаттым. Жұмыс iстеуге келгем. Жұмыс iстейтiн жерiм, тура Кенекеңнiң ауылы екен. Кенекең әуелде менi жақтырыңқырамай қарсы алды. Баукеңнiң үйiнен келгенiмдi, Баукеңнiң Кенекеңнiң үйiнiң қай маңайда екенiн сұрағанын айттым. Ол кiсi менен: "Баукеңнiң кiмi боласың?" дедi. "Iнiсi" болам деп едiм, ол кiсi өзгерiп сала бердi. Сөйтiп, ол кiсiнiң үйiнде он үш күн жаттым. Қасынан менi тастамайтын болды. Сөйтiп жүргенде, ауылға жұмысқа ауысып кеттiм. Көктемде жас жазушылардың слетi әрi ақындар айтысы өттi. Соған келгем. Келсем, Баукең де жүр екен. Барып, амандастым. "Қалың қалай?" дедi. "Осылай, Кенен ақсақалдың ауылынан өз ауылыма ауысып келдiм" дедiм. "Қанша ай iстедiң?" дедi. "Төрт ай" деп едiм, "Сендей тұрақсыз адаммен сөйлеспеймiн, кет, жоғал!" деп дүрсе қоя бердi. Балғамен басымнан перiп жiбергендей, есеңгiреп, тiке ауылға қайтып кеттiм. Шынымды айтсам, ренжiп кеттiм. Содан бұрынғы жұмыс iстеген жерiммен есеп айырысуға жолға шықтым. Алматыға келе жатқанымда, Тараз қаласынан бiр кiсi мiндi. Жұдырықтай қара шал екен. Менiң қасымда отырды. Әңгiмеден әңгiме шығып кетiп, Баукең туралы сөз қозғадық. Өзi бастады әлгi кiсiнiң. Мен: "Ой, мiнезi өте дөрекi екен. Өзiмшiл, менмен кiсi екен" дедiм. "Ендi жоламаймын, үйiне де бармаймын" дедiм. "Сен қателесесiң" дедi маған. "Жамбыл облысы бойынша үш адамға Құдайдың оң көзi түскен. Бiрi – Кенен Әзiрбаев, екiншiсi – Асанбай Асқаров, үшiншiсi – Бауыржан Момышұлы" дедi. "Сен ұрысса да, ұрса да бара бер" дедi. Содан қайтып келдiм ғой. Баукең бұрынғының бәрiн ұмытқан: "Көрiнбей кеттiң ғой" деп қояды. Сөйтiп, қайта араласып кеттiм. Кейiн қанша ұрысса да, бара беретiн болдым. Дидахмет Әшiмханұлы: – Осы әңгiменi естiп отырып, күлiп отырмыз ғой. Баукең туралы қанша естiсек те, риза боп тыңдаймыз. Ол кiсiнiң мықтылығы да осында, яғни мiнезiнде жатса керек. Елен аға, Баукең туралы пьеса жаздыңыз. Баукең сiздiң де тақырыбыңыз екен, ол кiсiнiң характерiн қалай беруге тырыстыңыз? Мекемтас Мырзахметұлы: – Осы жерде бiрнәрсенi айта кетейiн. Бiз Баукеңнiң бiр мұрасын жинай алмадық. Ол – әскери мұрасы. Ол кiсi 207 рет ұрысқа қатысқан ғой. Карталары бар сол туралы. Оны бермедiк. Жыбырлаған дүниелер екен. Бастырдық, басымызға бiреуi де кiрмеген соң, сол күйiнше қоя салдық. Жиналмаған еңбектерi, карталары әлi бар. Мамытбек Қалдыбай: – Әскери өмiрiн жақсы қозғадыңыз. Жақында Берген Сейiтқалиев деген полковникпен жолықтым. Ол кiсi Омбының қазағы екен. "Егемен Қазақстанға" Баукең туралы жақсы материал бердiк. Баукең бес жыл академияда сабақ берген кезiнде қырықтан астам генерал-полковник шыққан көрiнедi. Сол генералдардың бiразы қазiр сол әскери академияда жұмыс iстейдi екен. Берген Сейiтқалиев: "Олармен телефонымен хабарласып тұрам" дедi. Ол кiсi маған: "Баукеңнiң ғалымдық, академиялық жағын ашсақ" деп ұсыныс жасады. Абай атындағы университеттiң ректоры Серiк Пiрәлиевке айтып едiм, "командировка берейiк" дедi. Бiрақ, оған жаз мезгiлi басталып кеттi де, әзiрге тоқтатып қойдық. Мұхамеджан Кәтiмхан: – Бiздiң орталық архивте осы бөлменiң үлкендiгiндей үш үлкен карта жатыр. Не суретке түсiре алмадық, не киноға түсiрiп ала алмадық. Еш мүмкiндiгiн таба алмадық. Егер жақсы бiр маман болса, соның жолын табар ма едi деп ойлаймын. Дидахмет Әшiмханұлы: – Ол картаның Баукеңе қандай қатысы бар? Мұхамеджан Кәтiмхан: – Ол картаның бәрiн Баукең өз қолымен сызған. Батальон командирi болған кезiнде өз қолымен жасапты. Ендi олардың барлығын жинақтасақ, осы картаның өзiнен бес-алты том шығар едi. Елен Әлiмжан: – Баукең өте ұқыпты адам болған. Соғыс кезiндегi телеграммалары, хаттарына дейiн сақталған. Соғыстың уақыты болса да, сақтап отырған. Тiптi, кейбiрiн сақтайды деген адамдарына жiберiп отырыпты. Бұл Баукеңнiң iшкi мәдениетiн көрсетедi. Әрi бiлiмдi адам болды. Жаңа менен: "Характерiн қалай бердiңiз?" деп сұрадың ғой. Бiрiншiден, ол кiсiнi өзiм көрдiм. Бiрнеше кездесулерде болғанмын. Дауыс мәнерi, мiнезi, болмыс-бiтiмi есiмде қалған. Одан кейiн ол кiсi туралы жазылған дүниелердiң барлығын оқыдым. Осы отыз томдықты, яғни, қырық бес томдықты алғаш оқығандардың бiрi болдым. Сондықтан, ол кiсiнiң хаттарында да, жазбаларында да, күнделiктерiнде де мiнезi жатыр. Сондықтан маған аса қиын болған жоқ. Сосын менiң жанымда үлкен кеңесшiм отырды. Мына жерiн дұрыс алып отырмын ба, әлде бұрыс алып отырмын ба, осы Мекемтас ағадан сұрап отырдым. Гүлзина Бектасова: – Мекемтас аға, Баукеңнiң ұлы Бақытжан ағаның қолындағы бүкiл мұрасын алдыңыздар ма? Мекемтас Мырзахметұлы: – Оны түгел алдық. Бiрақ, кiшкене күмәнiм бар. Өйткенi, бiр хаттар бар едi. Оқығанмын. Елен Әлiмжан: – Баукеңнiң қатты қиналған кезi соғыс жылдарында болған. Ол кiсi соғысқа кiрген кезде, қазақ халқының перзентi екенiн сезiнген. Өйткенi, соғыс барлық елдiң бойындағы кемшiлiктiң бәрiн көрсеттi ғой. Баукең комсомолдың тәрбиесiн көрдi. Бiрақ, Баукеңдi ең бiрiншi тәрбиелеген адамдар – ол бiздiң ұлтымыз үшiн күрескен алашшыл азаматтар. Баукең Тұрар Рысқұловтың алдын көрген, ол кiсiнiң әңгiмелерiн естiген, мақтанған ол кiсiмен. Екiншiден, алаштың арыстарының бәрiн оқыған. Әлихан Бөкейхановтан бастап, Мiржақып Дулатовты жатқа айтқан. Жүсiпбектiң шәкiртi болған. Шәкiртi болғанда, тұп-тура ол кiсiден дәрiс алмаған. Мектеп-интернатта оқып жүрген кезiнде Тәңiрберген Отарбаев деген ақыннан дәрiс алған. Ол кiсi Жүсiпбекпен екеуi нағыз достар болыпты. Жүсiпбек ол кiсiнiң кабинетiне жиi келедi екен. Сол жерде Жүсiпбектiң талай әңгiмесiн тыңдаған. Баукең аспаннан түсе қалған ұлтшыл емес. Ол кiсiнiң негiзi арыстарымызда жатыр. Алашшыл азаматтар атылып кеткеннен кейiн, бiр тыныштық орнады, бос вакуум пайда болды. Кемшiлiктiң бәрiн соғыс ашып бергеннен кейiн, атақ-даңқы шықаннан кейiн, ол кiсi өзiнiң үнiн шығара бастады. Сол алашшыл азаматтардың сарынын жоғалтпады. Ол кiсiнiң батырлығы – қайраткер батырлық. Баукең саяси жұмыстарға да көп араласады. Саяси комитетке хаттар жазады. Соғысу басты мақсат бола тұра, артына, халқына қарайлай жүрдi. Бұл дегенiңiз, ол кiсiнiң ұлт алдындағы перзенттiк парызын адал орындауында. Алаш қайраткерлердiң iсiн жалғастырып отыр. "Соғыс психологиясын" не үшiн жазды? Мағжан Жұмабаев қалай "Педагогиканы" жазды, Жүсiпбек Аймауытов қалай "Психологияны" жазды, бұл кiсi де солай "Соғыс психологиясын" жазды. Баукең 60-жылдар мен өткен жылдардың арасындағы бос вакуумды толтырған алтын көпiр болды. Көлбай Адырбекұлы: – Ғылым академиясын құрған Сәтпаев, Әуезов, Мұқанов, Бекмаханов сынды алыптар Баукеңдi төбесiне көтерiп сыйлаған. Ал, ендi Баукеңнiң жүз жылдығы келе жатыр. Қазақта: "Абылайдың асында шаппағанда, атаңның басында шабасың ба?" деген сөз бар ғой. Дәл осы тұста, Ғылым академиясы әлемдiк деңгейдегi тұлғаға халықаралық деңгейдегi ғылыми-практикалық конференция өткiзген жоқ. Не әдебиет, не тарих, не философия, не шығыстану институты селт етер емес. Барлығын журналистер мен жазушыларға артып қойып отыр. Осы қалай? Ендi бiр мәселе. Баукеңнiң бүкiл дүниесi Алматыда жазылды. Сол Алматыда не мұражай, не ескерткiш жоқ. Бес жылдан берi осы мәселе жиi жазылып келе жатыр, бiрақ, Үкiмет селт етпейдi. Мұражай деген үлкен ғылыми орталық, сiз Мекемтас аға ғылым академиясының осы iсiне қалай қарайсыз? Мекемтас Мырзахметұлы: – Ғылым академиясында өте бiлiктi, мықты азаматтар жұмыс iстейдi. Бiрақ, олардың бiлiмi бiржақты қалыптасқан. Сондықтан да бұлардың ең үлкен кемшiлiгi – ұлттық рухтың жоқтығы. Олардың мәймөңкелеп отыратыны сондықтан. Шығыстану институтын алайықшы, онда парсы тiлiн бiлетiн, қазақ тiлiн бiлмейтiн адам отыр. Елен Әлiмжан: – Бұл жерде бар гәп мынада. Бауыржанды тұтастай түсiне алмаймыз. Бауыржанның психолог, философ екенiн, оның соғыс қайраткерi екенiн, соғыстың теоретигi екенiн, соғыс туралы әдебиеттiң негiзiн салушы екенiн, оның бәрiн тұтастай түсiне бермеймiз. Әдебиеттанудағы ауру – негiзiнен, бiржақты қарайды екенбiз. Өйткенi, Бауыржан – ең алдымен батыр. Совет Одағы кезiнде батырлығымен көзге түстi, кейiн жазушы болды. Одан бөлек жағын насихаттатпады. Сол екеуiмен шектелгiсi келедi, оның ар жағындағы қайраткерлiгiне қарай басқысы келмейдi. Мекемтас Мырзахметұлы: – Бiздiң халқымыз – көшпелi халық болды. Бiзде қол бастаған батырлардың бәрi ақын болған. Тоныкөктен бастап, соңы Мәделi қожаға дейiн. Соғыста осы дәстүрдi тiрiлткен Баукең болды. Сондықтан, түрiк халқының әскери әдебиетiнiң бүгiнгi негiзiн салушы Бауыржан Момышұлы екенiн мойындауымыз керек. Қазақ әдебиетiнде бұған талас жоқ. Анандай дәстүрдi алып келу, өзiн барлық жағынан дамыту, ол үлкен тақырыпты қажет етедi. Елен Әлiмжан: – Бұған бiржақты қарауға болмайды. Мәселен, Баукеңдi ұлтшыл деймiз. Отыз томды оқыған адам ол кiсiнiң интернационалист болғанын байқайды. Ол кiсi соғыс кезiнде талай ұлттың адамдарына араша түстi. Өйткенi, ол кiсi әдiл болды. Әдiлет үшiн күрестi. Әдiлеттiң жолында өзiнiң халқының басқа халықтармен терезесi тең емес екендiгiн байқаған. Өзбекке, грузинге қарағанда төмен екенiн сезiнген, Балтық жағалауын былай қойғанда. Сондықтан, Баукеңнiң әдiлетсiздiк жолында күрескенiн байқаймыз. Мамытбек Қалдыбай: – Академик Хайдар Арыстанбекұлымен төрт-бес жыл араластым. Ол кiсi бiр жылдары Баукеңмен кездесу өткiзген екен. Сонда Баукең кездесуде отырып, Сталин мен Шыңғысханға үлкен баға бередi. Орталық комитеттен адам келiп отырды. Ертесiне Хайдар ағамыз Орталық комитеттiң идеология жөнiндегi хатшысына телефон соғады. "Сыбырлайтындар сыбырлап жүре ме?" деп, қорқып, хабарласқан ғой. Сонда әлгi хатшы: "Баукеңе дауа жоқ, қорықпай-ақ қой" дептi. Ол кiсiнiң пiкiрiнше, бiз көзi тiрiсiнде Баукеңдi дұрыс бағалай алмадық. Жастарымызбен жиi кездесу өткiзiп, ол кiсiнiң танымын ұрпақ бойына көбiрек сiңiруiмiз керек едi. Сол кемшiлiк әлi де жалғасып келе жатыр. Мұхамеджан Кәтiмхан: – Жаңа екi сұрақ қойылды. Бiрi – Ғылым академиясына қатысты. 1944 жылы академияда Баукең он шақты күн лекция оқыды. Лекцияны Әуезовтiң ұсынысымен жасады. Сол жолы көп дүниелердi қозғады. Сонда қатысқан ағалардың кейбiрiнiң кандидаттық, докторлық диссертацияларын оқып шықтым. Солардың ешқайсысында, Баукең туралы нақты дүние жоқ. Мәскеуде Ұлы Отан соғысында Мәскеу түбiнде соғысқан дивизияларды зерттейтiн арнайы мекеме бар. Сол мекеменiң адамдарымен сөйлесiп едiм. Олар Баукеңе қатысты деректердiң бәрiн беруге келiсiп отыр. Оны тек сатып алу керек. Сатып алатын адам жоқ. Ертеректе 1979 жылы Қазанның архивiне барғаным бар. Сол архивтiң подвалына түссек, бүкiл қазақтың кiтаптары жатыр екен. Бейiмбет, Мағжан, Жүсiпбектiң кiтаптары жатыр. Сол кезде бiзге: "Осы кiтаптың бәрiн алып кетiңдер. Тегiн беремiз" дедi. Мен: "алайын" дегенiмде, қасымдағы бiрге барған ғалым ағам: "Ойбай, басқаны алма, Бейiмбеттi ғана ал" дедi. Сөйтiп, Бейiмбеттi көтерiп келдiк. Қазiр сол кiтаптар бар ма, жоқ па, бiлмеймiн. Бар болса да, сататын шығар. Соған өкiнем. Баукең "Қазақтың ең мықты прозаигi кiм?" дегенде, "Жүсiпбек Аймауытов" дейтiн, "Қазақтың ең мықты ақыны кiм?" дегенде, "Мағжан ғой, мойындасай" дейтiн. Сонда Баукең оларды айтуға қорықпай өттi ешқашан. Мамытбек Қалдыбай: – Мұхамеджан Әбдiхалықов деген бiздiң идеология жөнiндегi хатшымыздың айтқаны бар едi. "1943 жыл болатын. Мәскеуде жүр едiм. Сквоарцов маған телефон шалып: "Сенi Щербаков iздеп жатыр" дедi. Бардым. Ол кiсi бес-алты қызметтi бiрдей атқарады екен. Ол бiр бума қағаз хаттарды көрсеттi. "Мынау Бауыржан Момышұлы туралы жазылған ұлтшыл, шовинист, командир болуға жарамайды делiнген хаттар" дедi. Содан соң, екiншi бiр бума хаттарды тағы көрсеттi. Ол дивизиядан келген хаттар екен. "Баукеңдi интернационалист, батыр, нағыз командир" деп мақтап жазылыпты. Осының қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс, соны анықтап келуге жұмсады. Бiр бригадаға iлесiп барсам, дивизияда Баукең жоқ екен. Ол кiсi госпитальға түсiп қалыпты. Дивизияның Чебриков деген командирi бар екен. Өте дөрекi адам боп шықты. Өзi маршалдың адьютанты болыпты. Таныстықпен келiп қалыпты. "Полктармен танысамын" деп едiм, Баукеңнiң полкiн ең соңынан жазып қойыпты. "Ең бiрiншi Баукеңнiң полкiмен танысамын" дедiм. Қасымда Панфиловтың қызы бар. Бардық. Кадрларды әр жаққа жiберiп жатыр екен. Баукең екеуi әбден айқасқан. Екеуi ерегiсiп қалыпты, ақырында Баукең госпитальға түсiптi. Госпитальға барып, Баукеңе жолықтым. Әбден жүдептi, ашушаң болып кеткен. Мәскеуге келгеннен кейiн, Смирнов деген дәрiгермен сөйлесiп, госпитальдан Баукеңнiң ауруының көшiрмесiн алдырдым. "Осы кiсiнi екi-үш ай емдетсек" деп едiм, ол кiсi "мақұл" дедi. Алматыға келген соң, менi Скварцов Қостанайға жұмсап жiбердi. Сөйтiп, ол кiсi онда екi-үш ай жүрiп қалады. Әлгi көшiрмесiнiң жағдайы не болғанын бiле алмай қалады. Гүлзина Бектасова: – Мекемтас аға, жаңа сiз барлық мұраның толығымен жетпегенiне күмәнiм бар деп қалдыңыз? Мекемтас Мырзахметұлы: – Орлованың хаты бар болатын. Алты бет. Оны кезiнде Баукеңнен рұхсат алып, оқығанмын. Керемет сырлары бар едi. Зейнептен сұрап едiм, "Қайда екенiн бiлмеймiн" дедi. Сосын Баукең салған өрнектер бар ғой, оюлар. Олар да шықпай қалды. Сондықтан, бiраз дүние жатыр. Дидахмет Әшiмханұлы: – Ел мен жерге ие болып қалатын болашақ ұрпақ десек, келешектi кiммен тәрбиелеуiмiз керек?! Әрине, Бауыржанмен. Мектептерде, жоғары оқу орындарында "Бауыржантану" деген дәрiс өткiзу керек. Жыл сайын бiр күндi белгiлеп, "Бауыржан" күнiн өткiзсек деп ойлаймын. Сол күнi барлық естелiктер айтылса. Бұл бiр жылмен шектелмеу керек сияқты. Сондықтан, "Бауыржантану" сабағын өткiзу туралы министрлiктiң алдына ұсыныс жасасақ. Сiздердiң тараптарыңыздан тағы қандай ұсыныстар бар? Мекемтас Мырзахметұлы: – Тараз педагогикалық институтын Бауыржанның атына берейiк деп едiк, облыс басшыларынан қолдау болмады. Ол институтта балаларды тәрбиелейтiн, балаларға рухани нәр беретiн Бауыржантану дәрiстерi болмақ. Көлбай Адырбекұлы: – Баукең – қазақтан шыққан әлемдiк тұлға. Сондықтан, Баукеңнiң ескерткiшi әр облыста болса деймiз. Тым болмаса, әр облыста Баукеңнiң бюстi қойылса деген өтiнiшiмiз бар. "Көз алдымда бәрiңсiң" деген кiтап шықты. Сол кiтапты оқып шықтым. Баукең осы кiтапты жазған кезде өз пендешiлiгiн де, басқаның да пендешiлiгiн де ашып жазған. Баукең ислам дiнiн өте терең меңгерген адам. Баукең Алланың алдына таза кеткен жан. Елен Әлiмжан: – Баукең исламды жақсы қабылдаған деп жатыр. Ол кiсiнiң Құран туралы жазған түсiнiктерi, жазбалары бар. Бiр өлеңiнде жалғыз Құранға ғана емес, "Библияға" да, Буддаға да баға бередi. Демек, бәрiнен де хабардар болған адам. Бектiң алдына қойған талабы мынадай: "Сен үлкен ағартушылық құрал жазасың" деген. Басқа емес, көркем-ағартушылық құрал. Сондағы психологиялық, әскери дәлдiктерге жауап берген адам. Осының барлығы ол кiсiнiң үлкен дайындықпен келгенiн көрсетедi. Бұл кiсi абсолюттi шындық туралы таласады. Шынында да, интеллектуалды тұлға. Сондықтан да кейбiреуге жақпайтыны рас. Бiз ол кiсiнi жеткiлiктi түсiндiрiп болған жоқпыз. Баукеңнiң батыр, жазушы ғана емес, қайраткер екендiгiн айтуымыз қажет. Мүмкiн, ол ұлт батыры деген атаққа ие болар. Осыны түсiндiруiмiз керек, оны ескерткiш қойып түсiндiремiз бе, кiтап шығарып түсiндiремiз бе, бiлмеймiн. Сейiт Омар: – Бауыржан Момышұлы жәй батыр емес, қолбасы болған адам. Мыңдаған батырдың алдында тұрған адам. Бұл кiсiнiң арғы тегiн зерттеуiмiз керек. Кеңгiрбай менен Қараменденiң арқасында Абай шықты. Абайдың арқасында Мұхтар Әуезов шықты. Бауыржан Момышұлының арғы тегiнде осындай мықты тұлға бар. Мекемтас Мырзахметұлы: – Есiмханның кеңесшiсi Досмұхамет деген би болған. Бұл кiсi Баукеңнiң арғы бабалары болады. Елен Әлiмжан: – Берiрек келетiн болсақ, ол кiсiнiң руы – Дулаттың iшiнде Шымыр ғой. Шымырдың көсемi Байзақ датқа деген кiсi болған. Байзақ датқа қоқанға қарсы, орыстарға қарсы көтерiлген адам. Оны қоқандықтар зеңбiректiң аузына салып атып жiберген. Шымырлар тоғыз мың үй екен. Олардың бойындағы азаттыққа деген рух бертiнге дейiн сақталған. Мекемтас Мырзахметұлы: – Баукеңнiң бiр блокноты бар. Сол блокнотында бүкiл дiндердi талдаған. Христиан дiнi жайында да айтады. Мұхаммед пайғамбар туралы да, бәрi тiзiлiп тұр. Мұның бәрiн берген жоқпын. Кейiн академиялық түрде берген кезде жарияланатын болады. Ол кiсi Құранды көп оқитын. Мықты сенетiн. Мен ол кiсiге: "Өзiңiз полковниксiз, Құран оқисыз" деп күлетiн едiм. Дидахмет Әшiмханұлы: – Қазақ дейтiн халық Бауыржандай ұлының тойын дүркiретiп өткiзуi өз алдына, тойдың артында қалатын үлгi-өнегесi болуы керек. Осыған мән беруiмiз керек. "Бауыржан" күнiн өткiзсек деп жатырмыз, сол күндi Бауыржан Момышұлының туған күнi, яғни 24-желтоқсан күнi деп алсақ, құба-құп болар едi. Жыл сайын осы күнi "Бауыржан" күнi өтсе, бүкiл қазақ халқы Баукеңдi еске алса, жылы-жылы естелiктер айтылса деген ұсынысымыз бар. Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА