Жаңалықтар

АҚИҚАТТЫҢ АҚЫНТАУДАҒЫ АЙТЫСЫ

ашық дереккөзі

АҚИҚАТТЫҢ АҚЫНТАУДАҒЫ АЙТЫСЫ

Ақын Фариза Оңғарсынованың азаматтық поэзиясы хақында

Қазiргi қазақ поэзиясын зерделегенде, тәуелсiздiкке дейiнгi және тәуелсiздiктен кейiнгi деп екi кезеңге бөлiп қарастыруға тура келедi. Соған қарай ақындарымыздың шығармаларын да екi кезеңге бөлiп пайымдаған жөн деп бiлемiз.

Кешегi Кеңес заманы кезеңiндегi көптеген ақындарымыздың шығармаларын зерделей келгенде, олардың бұрынғы ғасырлардағы ақындар мен жыраулар атқарған рухани қолбасылық рольден айрылып, оны уыстарынан шығарып алғанына көз жеткiздiк. Кеңестiк билiк ақындарымыздың адымын аштырмай, олардың азаматтық үнiн еркiн шығаруына кедергi келтiрiп бақты. Соның салдарынан азаматтық лирика зардап шектi.

Әйтсе де олар қоңыр өлеңдер жазып, қоңыр тiрлiк кешiп жүргендерiн, шындықты шырқыратып айтып, әдiлдiк үшiн алыса алмай жүргендерiн ақындар бiлмедi емес, бiлiп жүрдi. Бiрақ атой салып шығуға тәуекел ете алмады. Бiрiнiң ерлiгi жетпедi, бiрiнiң өресi жетпедi. Осы жөнiнде ақын Кеңшiлiк Мырзабековтың "Ақын мен ақ қағаз" атты өлеңiнде өте жақсы айтылған.

Бұл жырын ол қырықтың қырқасына шыққан кезде жазғанға ұқсайды. Ақ қағазға төнген ақын ненi жазу, ненi айту керек екенiн ұзақ ойланады. Шындық менi айт деп шырылдайды, заман мен қоғам қамы да сөз сұрайды, басқа да мәселелер қаумалайды. Ақын шешуi қиын сұрақтармен бетпе-бет келiп, тығырыққа тiреледi. Бiрақ мұндай аса күрделi проблемаларға төрелiк айтуға ақын өзiнiң дайын емес екенiн сезедi, "ойланып барып айтамын" деп орнынан тұрып кетедi.

Шынында, Кеңшiлiктiң ағынан жарылып, "ойланып барып айтамын" деп орнынан тұрып кеткенiндей, шындықты айту қай кезде де оңай емес, қиын болған. Бiрақ оқталған мылтықтың ерте ме, кеш пе, әйтеуiр бiр атылатыны секiлдi, шындық қалай да айтылу керек. “Егер сен нағыз ақын болсаң, шындықты бәрiбiр айтасың” дейдi Кеңшiлiк. Бұл – шындықты ақын айтпағанда кiм айтады деген сөз. Мәселе, оны қай ақынның қалай айтуында, немесе айтпай, айта алмай жүргенiнде.

Фариза Оңғарсынова "от ауызды, орақ тiлдi" дегендей, өткiр де от жүректi ақын. Оның 1987 жылы жарық көрген таңдамалы өлең-жырларының қос томдығын қолға алғанда, шындықты шырқыратып бiр айтса, Фариза айтады деп ойлағанбыз. Бiрақ оның шындықты Махамбетше қақыратып атойлап тура айта алмағанын байқадық. Дегенмен, ол Махамбетше болмағанмен Фаризаша айта алған.

Ендi ақиқатты Фаризаның қалай Фаризаша айтқанын айталық. Ф.Оңғарсынова сол кезде балалар басылымында бас редактор болып қызмет атқарып жүрдi. Кеңес заманында газеттер мен журналдардың редакторлары ақиқатты өздерi айтпақ түгiл, айтқан адамдардың айтқандарын басқыза алмағаны белгiлi. Фариза сондай екi оттың ортасында қалды. Өзi айтса да, айтқанды басса да редакторлығынан айрылатын едi. Бiрақ айтпай тағы қала алмады. Фаризадан да басқа шындықты өзi де айтпай, өзгелерге де айтқызбай, баспай жүрген ақын редакторлар аз емес-тi. Бiрақ олар ақиқатты айта алмай жүргендерi үшiн дәл Фаризадай ар алдында азап шекпеген шығар.

Ф.Оңғарсынова – Махамбеттiң елi мен жерiнен шыққан ақын. Ол жастайынан Махамбеттiң қаһармандық жырларының өршiл рухын қанына сiңiрiп, асқақ азаматтығын бойына дарытып өскен. Фаризаның ақын Сараға арнау жырында:

“…Арман жолда шын-құздар өрiндегi,

Адастырма албырттау, көңiл менi.

Жалқы – Темiрқазығым – Махамбет те,

Жыр-Шолпаным – өзiңсiң көгiмдегi,” – деген серттей жыр жолдары бар. Махамбеттiң өмiрi мен жырларында алшақтық жоқ. Оның бар өмiрi – жырларында. Махамбеттiң жырларын өмiрiнен бөлiп қарай алмайсыз. Демек, Махамбеттi өзiнiң Темiрқазығы еткен ақын өмiрде ержүрек, ақиқатты, ащы шындықты ашып айтар қылыш тiлдi азамат ақын болуы керек. Сол аса зор парыз-мiндетiн Фариза ақынның терең сезiнiп жүретiнi оның жырларынан анық байқалып тұрады. Таңдамалысының екi томының беташар жырының түйiнi мынадай түйiнмен түйiнделедi:

“Зула, менiң жыр-күймем, шабыт жегiп,

Жер бетiне ғұмырлы жарық берiп.

Жүректердiң құрсауын ағыт келiп,

Зорлықтардың зардабын шеккендерге,

Әдiлеттен сыбаға алып берiп!”

Осынау жыр түйiнi ақынның өмiрде әрдайым әдiлдiктiң ақ туының астынан табылуды серт еткен айқын азаматтық позициясын танытады.

Ендiгi мәселе – осы позицияны шеп құрып қорғап, содан шегiнбей тұруда. Өзi өмiрiнiң Темiрқазығы тұтатын Махамбет аруағы да "Серт қайда?!" деп қатулы қабақпен көзiне жиi елестейдi. Сондайда ақын:

“Оян, ар мен адалдық, сағат та оян!

Мен сендердi қашанғы қамап қоям?

Бейшара боп баратқан өзiме-өзiм

Кейде анамның көзiмен қарап қоям.

…Қасиетiм кеткендей ыстықта оңып,

Iшiп-жеуге бейiммiн шықшыт толып.

Бiр билiкке қолымды жеткiзiп ем, –

Кеттi менiң болмысым быт-шыт болып.

Кiнәлiдей әр қадам өмiрi сын,

Қапелiмде кетердей мол ырысым,

Айналаның бәрiне жақсам-ау деп,

Қалтыраймын, қорқамын орын үшiн.

…Өмiрде ешкiм тонамай тоналу бар

Соны ойласам, жанымды соғады ызғар.

Қапелiмде көзiмнен ұшқан арым,

Адалдығым, өзiме оралыңдар!” – деп лауазым мен жұмсақ орынның өзiн қалай өзгертiп, қандай күйге түсiргенiн сезiп, өзiн өзi сiлкiлеп, өзiн өзi ар сотына салады. Отырған орнынан айрылып қалмау үшiн, қалтырап, қорқып жағымпаздыққа дейiн барғаны үшiн өзiн өзi қатты айыптайды.

“Шындықты айту оңай емес шырылдап,

Ақын болсаң сен бәрiбiр айтасың,” – деген Кеңшiлiк ақынның керемет мағыналы қанатты сөзi осындайда ойға қайта оралады.

Кеңшiлiк сол жырында ненi жазу, қандай ақиқатты айту керек екенiн тап баса алмай қиналса, Фариза қалай айтудың амалын iздейдi. Ақын екi от ортасында: бiр жағында – ары, екiншi жағында – партиясы. Ар оты: "Ақиқатты айтпасаң өртеймiн" – дейдi. Ал партиясы:

“Замана заманаға табын дейдi,

Бүгiнгi күн заңына бағын дейдi,” – деген

Көкбай Жанатайұлының әйгiлi философиялық нақыл жырын ақынның құлағына құйып: "бағынбасаң – бағыңнан айырыласың!" – деп азу тiсiн ақситады. Өгiздi де өлтiрмей, арбаны да сындырмай ақиқатты қалай айтса болады? Ақиқатты айту мүмкiн бе екен, сiрә? Фариза сол мүмкiндiктi табады.

Ф.Оңғарсынова өзiнiң ақындық арына салмақ болып, ұжданына ұят болып, жан-жүрегiн сыздатып жүрген ақиқатты айтуға "Мүшәйра" атты поэмасын арнапты. Таңғажайып тарихымыздың бiр беттерiнде Түркiстан мен Отырар арасында Ақынтау атты тау бар екен, сол таудың басында жыл сайын Наурыздың алғашқы күнiнде ақындардың жыр жарысы – Мүшәйра өткiзедi екен дейдi. Сол мүшәйрада ақындар ел мен жер тағдыры, адамдар өмiрi туралы ағынан жарыла ақтарылып, ақиқатты айтуға тиiстi болыпты. Ол жыр айтысты бас төрешi Абыз бастап және өзi қорытындылайды екен. Фариза тарихқа шегiнiс жасап, сол Ақынтауда он жетi ақынды айтыстырады. Олардың орталарында Айсара атты ақын қыз болады. Сөйтiп, бұрынғы ақындар айтысып отырып, өз заманының ғана емес, бiздiң бүгiнгi заманымыздың да шындығы мен ақиқатын айтып, азаматтық ойларын ортаға салады.

Бiрiншi ақын:

“Не қасиет күтерсiң бүгiнгi елден,

Жасқаншақтап күйеудей ұрын келген,

Айтар сөзiн көмейге көмiп қойып,

Күн кешедi қорқумен, дiрiлдеумен.

Қайда кеткен әдiлдiк – асыл қылық,

Көр кеуденi өртейтiн ашындырып?

Кiмдi көрсең бұғады, шындықты айтса,

Кететiндей бiреулер басын жұлып…” – деп адамдардың ұсақтап кеткенiн, таланттардың топшысынан қағып құлатып, шырқауларға еркiн самғайтын шағында қыранды қарға еткенше тыным таппайтынымызды әшкерлейдi.

Екiншi ақын:

“Жағымпаздық жайында жаңарды ұғым,

Ондай дарын болмаса қараң күнiң.

Намысқорлық, туралық, адалдықпен,

Ақымақ боп көрiнер адам бүгiн,” – деп қолында билiгi бар адамдардың алдында құрақ ұшып, жалпаң қағып, құрдай жорғалайтын жұртты жайлаған жағымпаздық дерттiң ел iшiнде етек алғанын ашына айтады. Бұл бұрынғы заманның емес, дәл бүгiнгi заманның асқынған дертi, қазiргi заманның кесапатты кеселi. Бұрын адалдық адамның ең асыл қасиетi саналып, ондай адамдар, мейлi, кедей болса да құрметтелген. Халқымыздың тарихында адалдығымен, әдiлдiгiмен елге танылған Аяз бидей кедейден шыққан билер аз болмаған. Ал бiздiң бүгiнгi заманымызда, адал адамдардың маңдайының бес елi сорына қарай, адалдық, турашылдық, сияқты тамаша қасиеттер архаизмге айналып, ондай адамдар өмiр сүре бiлмейтiн ақымақтар деп есептеледi.

Фариза ақынның қаламынан туған жоғарыдағы жалғыз шумақ жырда бүтiндей бiр заманның, бiздiң заманның шырқыраған шындығы тұр. Оның үстiне жыр қанатты сөзге айналып, қорғасындай құйылып түскен. Бұл – айтыстағы көп өлеңнiң бiрi болмай, заман шындығын жалғыз арқалап, рубағи атанып, дара тұратын жыр.

Бiрiншi ақынға қайтадан кезек келгенде, ол көреалмаушылықпен айтылатын, жазылатын пiкiрлер адал азаматтардың жолын кесетiнен айта келiп:

“Түсiнiксiз заманда түсi мүлдем

азап – қалу өз болмыс, мүсiнiңмен.

Адам бүгiн жанартау орнындағы

Кеуек тастар секiлдi iшi үгiлген,” – деп алғашқы айтқан ақиқат ойын тереңдете түседi. Ақын заманға "түсi түсiнiксiз заман" деп тың анықтама бередi. Шынында тамақ тоқ, көйлек көк болғанымен, адамдардың адамшылығы азайып, бәрi керiсiнше болып жатқаны кiмдi де болсын қайран қалдырады емес пе. Бiр кезде "қайран қазақ қараңғы, надан, сауатсыз, ғылымсыз, бiлiмсiз" деп Абай, Ахмет, Мiржақып, Сұлтанмахмұттар пұшайман болып, “аһ” ұрып, нала шектi. Сол қазақ 20-ғасырдың екiншi жартысында толық сауаттанып, ғылым-бiлiмi, мәдениетi гүлденiп, өркендеп оқу жөнiнен Еуропа елдерiмен терезе теңестiрiп-ақ қалды. Бiрақ соған сәйкес, қазақтың бойына жаңа жақсы қасиеттер дарып, адамның адамшылығы артты ма? Жарайды, адамдар жаппай сауатты, бәрi орта және жоғары бiлiмдi. Бiрақ соған сәйкес жаман қасиеттерден: өзiмшiлдiктен, күншiлдiктен, әдiлетсiздiктен, зұлымдықтан, тоғышарлықтан, қарабасшылдықтан, ойсыздықтан, арсыздықтан және басқа мiнез кеселдерiнен арылды ма? Жоқ, арылмаппыз. Қайта жамандықтарды жамап алған сияқтымыз. Ақын: "бүгiнгi адамдар iшi үгiлген кеуек тастар секiлдi" деп тұжырымдайды. Мiне, бұл – парадокс. Ақынның "түсi түсiнiксiз заман" деп анықтама беруi сондықтан.

Үшiншi ақын екiншi кезегiнде адамдардың жылдан-жылға өз құнын өздерi кемiтiп жүргенiн айта келiп:

“Жаныңа үмiт құймасын жалын сенiң,

Қадiрiңнiң өлшемi – тағың, шенiң.

Билiк болса болғаны қолында тек,

Көк тиындай қажетсiз арың сенiң.

Қажет емес ақылың, адалдығың,

Оларменен артпайды бағаң, құның.

Бiр билiктiң құлағын ұстау үшiн,

Дайын қандай iске де адам бүгiн…” – дей келiп:

“…ожау ұстау – бәрiнiң мұраттары,

әңгi есек пе, атан ба, арыстан ба,” – деп, тiптi, қатты кетедi. Мансапқорлардың билiк үшiн, қазанның құлағын ұстау үшiн арды аттап, адалдықты аяққа басып, нендей сұрқиялық, зұлымдық iстерден тартынбайтынын, сөйтiп билiк тiзгiнiн ақылмен емес, айламен алып жататынан ақын ашынып айтады.

Ақын Әбдiлдә Тәжiбаевтың:

“Бiр нәрсе бар көңiлiмде алаң болар,

Кейбiреудiң ниетi арам болар.

Сақтанбасақ мұндайдан жаман болар,

Ұятсыздар билеген заман болар,” – деп қамкөңiл болған жырын еске алалық. Шынында, билiктi арды аттап, айламен алғандар ел мен жердi, қоғамды оңдыра ма?! Ақыры, солар жүздеген жылдар бойы барша адамзаттың асыл арманы болған социалистiк қоғамды сазға отырғызып тынды емес пе.

Одан әрi айтысқа ақын келiншек Айсара араласып, бөрiктiлерге бөрiдей тиедi:

“Көп жайларды бiлмейсiң, айнам, әлi,

Бұл заманда еркек жоқ. Майда бәрi…,” – деп еркектер ер мiнез, кiсiлiктен арылғанын, турашылдықтан тайып пышырап, ұсақтап кеткенiн айтып, аяусыз әшкерелейдi:

“Бөрiктiлер жетерлiк, рас, мұнда:

Кiсiмсiген шетiнен тыраш "тұлға".

Өсек-аяң бүгiнде – ердiң iсi

Қашан әйел қалғаны қыр астында.

Қыбыр тiрлiк, айбынды үн, күй ақтармай,

Күн көредi – жiгiтке ұят қандай!

Еркектер жоқ, құландай кең даладан,

Ауып кеткен тiгерге тұяқ қалмай.”

Ф.Оңғарсынова Айсара ақынның аузымен өлтiре сынап отырған еркектерi бұрынғының емес, осы заманның еркектерi. Қарсы дау айта алмайсыз. Ақын қазiргi заманның еркектерi туралы ақиқат ащы шындықты айтып отыр. Адалдық ақымақтыққа саналған заманда еркектер кiсiлiктен айырылып, ұсақтамағанда қайтедi!?

Жыр айтысы – Мүшәйрада келесi ақындар келесi кезектегi кеселдердi мұртынан тiзiп көз алдымыздан өткiзедi. Бесiншi ақын шындықты шыңырауға тастап, шығармай жүргендер жөнiнде жыр толғайды:

“…Шығып алып кездейсоқ қыш тұғырға,

Жол бермейдi қиялы ұшқыр ұлға.

Жалғандықтың жан-тәнiн сақтау үшiн

Кешiрмейдi шындықтың ұшқынын да.”

Төрт жолы төрт түрлi шындықты ашып, жалғандықпен жандары жымдасып, шындықты тұмшалап отырған мансап иелерiнiң сұрқиялық iстерiн беттерiне баттита басып әшкерелеп тұрған, төрт жолы түгел тайпалған төрттаған жыр. Бұл да бүтiн бiр кезеңнiң трагедиялы шындығы. Жершiлдiк пен қандастық қолтығынан көтерiп, тұғырға шыққандар жан-жағына жерлестiк, жiкшiлдiк дертiн жайып, адал азаматтарды қалай қуғын-сүргiнге салғанын бәрiмiз де көзбен көрiп жүрдiк. Қазiр де солай емес пе.

Жетiншi ақын:

“Баяғыша атуда жарық таңым,

Естiлмейдi қайғыдан тарыққан үн.

Бiрақ адам жоқ бүгiн даналықпен

Шын ойлайтын ел мұңын, халық қамын,” – деп тағы бiр шындықты шыңыраудан тартып шығарады.

"Сүйреп қосқан тазы түлкi алмайды" дегендей, ақылмен емес айламен, арамдықпен жерлестiң желеп-жебеуiмен, соның сүйреуiмен, тiреуiмен басшы боп жүргендер ел мұңын, халық қамын қайдан ойласын. Олардың күндiз-түнi ойлайтындары халық қамы емес, құлқын мен қарын қамы ғана.

Жетiншi ақын соңында тағы да сөз алып, ендi жалғандықтың жағасынан алады:

“…Жалғандықтың жартасы мықты қандай,

Жер жарылып жатса да нық тұрардай.

Ақтың аппақ екенiн бiреулерге

Күйзелесiң дәлелдеп ұқтыра алмай.

Аяқ бассаң, сыпсың мен сыбыр тiрлiк,

Дөңгеленiп жұмыр бас, жұмыр құрлық,

Арасында шырқырап құлын-шындық,

Бара жатыр зымырап ғұмыр сырғып…”

Айналамыздың бәрiн жалғандық жағалай жайлап, жаулап алған, халықты қамалына қамап, тұтқынында уысында ұстап тұрған, сөйтiп сананы улап, адамдарды аздырған бұл қай заман, қай ғасыр? Заман да өзiмiз өмiр сүрген, өмiр сүрiп жатқан – қазiргi, тап бүгiнгi заман. “Бұл – баяғы заман” деп ешкiмдi сендiре алмайсыз. Өйткенi, турашылдық пен әдiлдiк, әсiресе адалдық ақымақтыққа, өмiр сүре бiлмеушiлiкке саналған, жалғандық елдi осынша жайлаған заман бұрын болмаған. Онда адалдық адам бойындағы ең жақсы қасиет саналған. Саналмаса, қазiргi заманда саналмай отыр.

Сөйтiп, Ф.Оңғарсынова өзiңнiң "Мүшәйра" атты поэмасында "Ақынтауда" бұрынғы заман ақындарын жарыстырған боп отырып, бүгiнгi бiздiң заманымыздың ащы шындығын, ақиқатын айтып, кешiргiсiз кемшiлiктерiн көрсетiп, кескiн кейпiн, бар болмысын, бет-бейнесiн суреттеп, бейнелеп берген.

Мiне, ақиқатты – Махамбетше емес, Фаризаша айту дегенiмiз осы. Алайда, осы айтылған ақиқаттарды ақын бұрынғы өткен ақындардың жыр-жарысы етiп астарламай, бүгiнгi ақындардың мүшәйрасы етiп бергенде, бұл хас шындықты Махамбетше айтқан болар едi. Сонда бұл мүшәйра бiздiң заманымыздағы қазақ поэзиясы тарихындағы қаһармандық жырдың үлгiсi болып қалар едi. Бiрақ ақынның оған батылдығы жетпеген. Жеткiзуi керек едi! Дегенмен, осыған да шүкiршiлiк, ақынның бұл поэмасындағы ақиқаттың бұрынғы емес, қазiргi заманның шындығы, бүгiнгi өмiрдiң бет-бейнесi екенiн түйсiгi барлар түсiнедi, санасы барлар ұғады.

Поэмада жыр жарыстың бас төрешiсi Абыздың мүшәйраны қорытындылған жыры да тас түйiндей:

“Ой кешiп, көрмей жан тыным,

тергенмен сөздiң алтынын,

тапқанмен кейде хан тiлiн,

ақындар ақын бола алмас

айтпаса мұңын халқының!

Тозғанша тоқым-таралғың,

шертпесең шерiн заманның…

…Күн көрмей, ылғи түн қатқан,

Халықтың жүгiн зiл батпан

жеңiлдет отты жырыңмен.

Күш-қуат ессiн үнiңнен,

Халқына қайрат бере алмас

жылауық жырлар түңiлген.

Ертеңгi күннiң алауы

Ұшқынын алсын бүгiннен!..”

Абыз жырынан алынған осынау үзiндi жыр жолдары – халықтың ақындарға қашаннан айтып, тапсырып келе жатқан аманаты.

Жұма-Назар СОМЖҮРЕК, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi