Жаңалықтар

АЖАЛСЫЗ АДАМ

ашық дереккөзі

АЖАЛСЫЗ АДАМ

Бақытбек Бәмiшұлы Баян-Өлгий аймағының, Бұлғын өлкесiнiң тумасы. Санкт-Петербордағы Темiржолдар институтын бiтiрген. "Мәңгi көк аспан астында", "Тұмарлы таң", "Бай Бұлғын жерiм-ай", "Оспан батыр" жыр жинақтарының авторы. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесi, филология ғылымдарының кандидаты. Республикалық және халықаралық жыр мүшәйраларының жеңiмпазы. Бiз оқырман көпшiлiк назарына қаламгердiң тарихи әңгiмесiн ұсынып отырмыз.

Қапыштың суыт жүрiсiнiң өзi сұсты едi. Қара сұр жүзiнде қылаудай қан iзi қалмаған. Сөлсiз. Өлiктiң кейпiндей сұп-сұр. Қоп-қою, қап-қара қастың астындағы от жанған жанары оқтаулы. Қабағының асты анадайдан мылтықтың ұңғысындай үңiрейiп көрiнедi екен. Түрiне жүрегiнiң түгi бар адам болмаса тiрi жан тiктеп қарайтын емес. Бар қанын iшiне тартып алыпты. Түсi қашқан, түзге түнегендей.

Бесiктегi бала шошып оянып, үлкен-кiшi демей үрей билеп, сыбдыр шықса селт етiп, ит үрсе үркiп, үй iшiмен жабыққа жармасып, шығарға көз салып, әбiгерге түсiп әбден запы болған ел едi. Көктемнен берi "ананы ұстап әкетiптi", "мынаны ұстап әкетiптi" деген сөздер жиiлей бастағалы сәбилер бейне бiр даланы жан алғыш кезiп жүргендей сезiнетiн.

Төрге тақау салынған жер төсекте ендi ғана оянып, бiрiн-бiрi түртпектеп, күбiр-сыбыр боп жатқан екi бөлтiрiк-бала киiз үйдiң киiз есiгiн жоғары серпе көтерiп кiрiп келген "қара дәу" – Қапышты көргенде жып-жылы тондарынан көздерi ғана жылтырап бiрi-бiрiне тығыла жым болды. Қапыш төбесi уық қарын тiрейтiн болғасын сол қолымен тымағын сыпырып алды. Жаңа аршылған жұмыртқадай күп-күрең құйқалы бас төрдегi төрелердi тiптi бұқтыра түскен.

– Талағың таң атпай тарс айырылайын деп тұр ғой, төрем,– дедi қазан жақтан Нұртаза молланың бәйбiшесi бiр жағын қалжыңға сүйеп.

– Не жарайын, не жарылайын деп тұрмын! Аға қайда?! – Екi балақай мұны естiгенде ыстық тонды тас бүркенiп, бүктүсiп жатып қалды. Тон астында тiрi жан бары бiлiнбейдi. Құрысқан бiр ақ аюдың терiсiндей ақ тон жатқан секiлдi.

– Абұйыр болғанда амансың ғой, әйтеу?

– Қатын iсi емес! Қаным кеуiп барады.

– Астапыралла! – Шешесiнiң қорыққанда ғана айтатын сөзi құлақтарына жеткенде қос бөлтiрiктiң бiрi құмығып жылай бастады. Үлкенсымағы оны бауырына тартты.

– Жоғары шық.

– Қаным кеуiп барады.

– Қымыз?…

– Бер.

Жәжән бәйбiше бiр тiзерлеп отыра қап, жүк аяққа сүйеулi түйе өркеш торсықты толқып-толқып жiберiп, шар аяққа толар-толмас құйып ұсынған қымызды Қапыш бiр деммен бiр-ақ сiмiрдi. Мол мұртына тамшы да жұқпады. Шеше мен қара дәудiң сөз ләмдерiнен жылымық сезiлдi. Тон жағасынан бiрiнiң үрпиiп кекiлi, екiншiсiнiң сепсиiп айдары көрiндi. Қапыш сырттағы сыбдырға құлағын түрiп тырп етпей тұрып қалды. Үйге кең мол қоңыр шапанын бiр иығына iле Нұртаза молда кiрдi.

– Атың сүмек.

– Түнiмен жүрдiм.

Нұртаза молла қазан жақтағы қайқы бас сүйек төсегiнiң алдына барды. Қапышқа орын нұсқады. Қапыштың жүгiнiп отырғанының өзi Күлтегiннiң көк тасындай екен. Бұғып, қара терге түсiп, малмандай болған қос бөлтiрiк әкесi отырар-отырмаста панасыз iннен қарғып шығып, Қапыштың ту сыртын айналып өтiп, Нұртаза молланың екi жағынан кеп, етегiнiң астына сүңгiп кеттi. Әкенiң қос бүйiрiн бүлкiлдетiп сәл жатып, кеңгiрудiң қалтасынан көрiнген баласындай көздерi жайнап, шапан өңiрiнен бастарын шығарып қара дәуге күлiмсiрей қарады.

Әкесiнiң етегiне енiп барып жүректерi орнына түсiп, қос тiзесiне өңгерiле қозғалыс қимылдары үдей бастаған қос бөлтiрiгiн құйрықтарынан қағып:

– Жүгiр, аталарыңа барып сәлем берiңдер – дегенде, екеуi қараған бұта түбiнен қарғыған қояндай ытқи жөнелдi.

– Ал, құлағым сенде,– дедi Нұртаза молла аталас iнiсi Қапышқа тұқыра бұрылып, көзiнiң қиығын салып. Қапыш ағасының тұлғасына тамсана, қазандай басына сүйсiне қарады. Бүркiт қабақ, жазық маңдай, еттiлеу қыр мұрынды, тоқ мойын, майлы шүйделi мына кiсi қырынан қарағанда қызыл сары мыстан құйған мүсiндей екен. Жасынан жағаласып, арыстармен алысып, күресiп көзге түскен Нұртазаның балуандығын тыйған адам Алтайға аты мәшһүр Мақан молла дейтiн. Нұртаза Тұрфаннан оқып келгеннен кейiн де бiрлi-жарым рет той-томалақта күресiп күш сынасып, бiлек түрiп жүргенiн Мақан молла естiсе керек. Нұртазаның әкесi Шудабай шаңияға хат жазып: "Сiз екеуiмiз Нұртаза қабiлетiн бұдан былай хақ дiн ислам жолына жұмсайтын болады десiп едiк қой" дептi. Жастық жалыны қырқаның астында қылтиып тұрған, жасы қырыққа жаңа толған, сөйте тұра бұ дүниенiң бақытынан о дүниенiң сұрағын көбiрек ойлап, жамандық атаулыдан бiр жолата тыйылуға тәуекел еткен Нұртаза молланың сыртқы тұрпаты қандай тартымды көрiнсе, жүзiнен иман тамған iшкi жан дүниесi де сондай сұлу, таза жан едi. Қапыш ауыр күрсiндi. Iштегi буырқанған ызамен қабаттасып көзiне ыстық жас ұялады. Еңiреп кеп Нұртаза молланы бас салып құшып, ағыл-тегiл жылауға да дайын отыр. "Қайран аға, қалай қиямын, жолыңда өлейiн!".

– Отырасың ба, өртенiп? Айта бер, не естiп келдiң? – Қапыш бүтiн денесiмен бұрылды:

– Анау Боқанай айтқанында тұрды. Ақымер-Шудабайдың алдына төрт қара көз түгел жиналғанда үкiмет адамын айғақ қып отырып, тұқымыңды тұздай құртамын деп тiсiн қайрамап па едi?! – Былтыр күзде болған ащы оқиға Нұртаза молланың есiнен қайдан шыға қойсын.

Үйiмшiнiң1 жетiншi бағына Қобда қаласынан уәкiл келiп бақ2 аралық сауда-саттық iсiн атқаратын – әгентi үкiмет адамын тағайындауға келген. Уәкiлмен бұрыннан тамыр-таныстығы бар, моңғол тiлiн әжептәуiр бiлетiн, алып кел, тауып келге ыңғайлы Боқанай бұл орыннан дәмелi. Дәмелi ғана емес, нақ сенiмдi келген. Сенiмдi болатын себебi, мұның алдында бақ бастығына атын ұсынып, Шудабай шаңияның3 шаңын қауып қалған. Сонда "кезек екi, тәңiр бiр" деп кеткен. Мiне, сол кезек келiп тұр. Сол жолы Қапыш суырылып алға шығып:

– Ежелден елiмiздi басқарып, шып-шырғасын шығармай, ауылымызды айрандай ұйытып отырған Шудабай шаңияны қалжаңнан түңiлерлiк саған қалай айырбастаймыз. Ақылшысы десе – алдында Ақымерi бар, айбары десе – артында азаматы жетедi,– деп өзiн де меңзеген. Араға Ақымер бай кiрiсiп, тұлыбы кең мiнезiне басып:

– Ай, жiгiттер, сөзге қонақ берiңдер, – деп екеуiн тоқтатып алып: – Малдас құрып, малынып отыратын заман бұйырмады бiзге. Қатын-бала қанып ұйықтамады. Ер жiгiттер ереуiл атына шейiн ер салды. Бiр күн белбеу шешiп, бел суытпады. Тамшыдай тыныштыққа тырнақ iлiндiремiз бе деп едiк. Заманымыз тағы да ойпыл-тойпыл болайын деп тұр. Алла Тағала бейбiтшiлiк берсе мәйегiмiз майлы елмiз ғой, аз-ақ жылда дүркiреп, өркен жайып шыға келермiз. Бүгiн Қапыш қалам ұстаса, ертең сен Боқанай басшылық етесiң. Мынау айналамыз тұман, арқан бойы алдымыз көрiнбейтiн шақта егесiп екеуiң не етесiң, ақсақтың аяғын, әлiптiң артын бағайық, – деп тоқтаған. Ақымерге азуы батпайтынын, Шудабайға шарқы жетпейтiнiн, Қапышқа қарсы келсе тарпып тастауы мүмкiн екенiн түсiнген Боқанай:

– Мен шаңияның шаужайына жармасайын демедiм. Қисық сөйлемесiн, Қапыш. “Баққа басшы сайлау керек” деген соң атымды ұсындым, көпшiлiк қалауы солай болса мен де сол шешiмнiң iшiндемiн,– деп кермалдаспай келiсе кеткен. Сондағы ойы орайын тапты деп сенген. Бiрақ, бақ халқы бұл орынға Боқанайды емес, Қапышты құптапты. Ақыры талас туған. Сонда бақтың атқа мiнерлерi ел iшiнде аттары қосарланып айтылып, мiнез-құлықтары "Шудабайдың ашуы, Ақымердiң басуы" деген тәмсiл болып кеткен Ақымер-Шудабайдың ауылына келiп бiтiскенде әгенттiктiң тұтқасын Қапыштың қолына ұстатқан. Бiр емес, екi рет сүрiнген сүйегi бiр болса да, атасы алшақ Боқанай күйiп кеткен. Аузына келгенiн айтып, ат құйрығын кесiп шыққан. Сөйткен Боқанай шынымен алдынан шыққан екен.

– Боқанай де!.. Боқанай…

– Ұлықсатың бер! – дедi Қапыш мәтқапыда. – Алдыңнан өтейiн деп келдiм. Жайратам! Жастығымды ала жатам!

– Сен әуелi бұл ақпардың қайдан шыққанын айт.

– Сағдадан!.. Сағда айтты.

Етектегi егiннiң жайын бiлмекке Қапыш өзенге түскен. Сонда қасында екi шерiгi4 бар Сағдаға жолыққан. Сағда не iстеп жүретiнi белгiсiз, әйтеу, аймақ орталығындағы мемлекеттiк орындарды төңiректеп, сол маңайдан шықпайтын. Бұлғын заставасына бара жатқан бетi екен. Ол заманның түзу күнiнде Ақымер-Шудабай ауылымен аралас-құралас жүретiн. Сондықтан ашық iстi Қапыштан жасырып қалғысы келмей, әуелi, Боқанайдың айтқаны ойына кеп жай кеңеске сылтау қылмақ болды.

– Жә, қой ендi, өң шайыспайық, онсыз да санаулы ғұмыр. Ат байласаң Алтайға – арғы бетке, қытайға қашқалы жатыр дейдi. Топтансаң Әмiрика, Жапонның тыңшысы деп күдiктенедi. Кейбiреуiн Кендiннiң (Гендiн)5 күшiктерi, Демiттiң6 демеушiлерi деп ұстап жатыр – деп, Сағда ел iшiне әбден жетiп, сiңген сүргiн сөздердi айтып салды.

– Естiгемiз.

– Естiсең сол. Ана екi шерiктiң алдына түсiп бөйтектеп кетiп барамын. Бұ дүниеден бiзге орын қалмапты. Алдың да қазулы көр, артың да көр… Алтайдағыңды ажал, қалқадағыңды қаза күтiп тұр, Қапыш! – Қапыш шалт қимылына басып, сарт еткiзiп Сағданың қарыннан қармап қыса қойды. Бесатар орыс мылтықтарын мойнына ендi асып жатқан шерiктер бұйрық түскендей жарқ етiп, жалт бұрылды кезенiп. Сағда оларға қарап даусын шығара күлiп:

– Манай хүн (бiздiң кiсi),.. Айх юм үгүй (қобалжымаңдар),– деп тыныштандырды да, Қапышқа, – Даурықпа, атып тастайды. Үйiмшiнi жауаптанған iшкi iстер өкiлi, Қобда аймағының төтенше ерiктi комиссия мүшесi Герiлшұлуын "үкiметке қауiптi ықпалды адамдарды айтып бер дегенде" iркiлместен он бiр адамның тiзiмiн қолына ұстатқан екен Боқанай. Сол мәлiмет iзiмен ертең, бүрсiгүннен жетедi қарулы шерiктер. Ауылыңа жет. Ақылдас. Арандап қалмаңдар. Менен үш қайтара сәлем де. Боқанайсыз-ақ бiтетiн шаруа ғой. Оған басыңды ауыртпа. Осы жолдан аман оралсам оның сыбағасын мен берейiн,– дедi. Қапыш қарға қадалған қарақшыдай қалшиып қатып қалған. Сағда аттанып, артына бұрылмастан желе жөнелген.

– Сағда – сақ та, сақа адам. Саламат болсын, – дедi Нұртаза молла Қапыштың сөзiн тұтас тыңдап болып. – Атажұрт Алтайдың күнгейiнде бабаңның басы қалды, бiрiн қытай алды, мұңғылдан7 марқадам табамыз деп келдiк… Сондағы шаңияның айтқаны есiңде шығар?

– Есiмде…

1932 жылы Ақымер-Шудабай ауылы Моңғолияның шекарасына жеткенде Шудабай шаңия:

– Мынау белегiрден ары мұқыр толқа – мұңғыл елi жатыр. Бiрiңдi байлап, бiрiңдi айдап әкелдiм. Ендi бiреулерiң етегiмнен ұстап, өз ерiктерiңмен ерiп осы жерге жеттiңдер. Адассам ауылыммен боламын дегендерiң Ақымерге ер, ал қайтамын, қаламын, ақыретте көрiсейiк дегендерiң болса, ұлым Нұртазаға дейiн ұлықсат, екi дүниеде ыразымын,– дегенiн есiне салған Нұртаза молла:

– Бұрындары "сары ноқта салығын" Қобдаға тапсырып тұрған заманда Алтайдың қос қапталына қатар жайлап, қыстап жүрдiк. Сырт мұңғыл бөлiнгеннен кейiн араға крен (граница) шегара түстi. Онда мұздай қаруланған мұңғылдың әскерi тұр, қан тiлеп. Қырып тастайды. Кiмiң күтiп тұр алдыңнан. Қытайға қарсы көтерiлген Елiсханның елi анау, босып кеттi, бес мың түтiнiмен. Қылышыңды қыныңа сал, кеше ғана аталарың алдында берген антыңнан айныдың ба?! – дедi. Қапыш молла ағасының аузынан естимiн деп ойламаған сөздi естiдi.

1938 жылдың көктемi – жазғытұрым. Мал аяқтанып, ел-жұрт жаңалап қонып жатқан кез. Бұлғын өзенi бойында, Төргiн деген жерде Ташкендi ұстап әкеткен. Тәшкен – Базарқұл сұмынының дарғысы, өкiмет өзi тағайындаған адам. 1934 жылдың қысында Ұланбатыр – астанаға барып мемлекеттiк құрылтайға қатысқан. Ендi аяқастынан жау болып, үкiметке қарсы адам болып шыға келдi. Соның алдында ел iшiне бас министр Гендiннiң “халық жауы” екенi анықталып, оның сыбайластары мен құйыршықтарын жою науқаны iшкi өлкелерде аса қарқынды жүрiп жатқан. Осы науқан мiне, елдiң батыс өлкесiне де келiп жетсе керек. Қазақ, моңғолдың бетке ұстарлары бiрiнiң артынан бiрi топ-тобымен кетiп жатты. "Тәшкендi Қобда түрмесiне қамапты, жалғыз емес, құрылтайға қатысқандар мен қызылдан қашқан наймандарды ұстапты. Ұзын саны жүзден асыпты" деген хабардан Ақымер-Шудабай ауылы толық құлағдар болған. Шудабай шаңия ат iзiн суытпай осы хабар жетiсiмен бақтың барлық игi жақсысын шақыртқан. Бәйбiшесiне айтып бiр еркек қара қой алдырған. Келгендер қорадағы тайыншадай қара қойды көргенде-ақ, бұл жиынның шешiмiн сезген-дi. Шудабай шаңия сөздiң турасын айтып, төтесiне көшкен:

– Ағайын, мұңғылға өткенде де "өлсек бiр шұңқырда, тiрi болсақ бiр төбеден көрiсемiз" деп қара қойдың қанынан қасап iшкемiз. Сенген қалқамызға қара бұлт үйiрiлдi. Басымызға әлде қандай күн туса бiрлiкте болайық. Патшанiкi уәжiп. Аманы Алтайдың терiскейi едi. Оған да ұтылап кеп қапты. Қашып құтыла алмайсың. Ұрпақтың қамын ойласаң, қарсы шауып қан кешпе! Құдай салды, құл көндi. Көндiм дегенiң қасап iш,– деген. Ешкiм ләм-мим демеген. Ортаға жаңа ғана сойған қара қойдың қаны келген. Ақымер байдан бастап, Шудабай шаңия қостап "Иә, Алла, өзiң жар бол!" десiп табақтағы қанға бармақтарын малған-ды. Кезек төменiрек жайғасқан жасы кiшi Қапышқа келгенде, қамшысын iлгерi тастай сап ол:

– О, Құдай, құдыретiң күштi, құдай! Қой құрлы қауқарсыз етiп жараттың ба, құлдарыңды,– деп жүгiнген қалпында табаққа қарай жорғалап кеп қою күрең қанға бармағын бойлата матырып алып аузына бiрақ тыққан. Нұртаза молланың "ант" деп отырғаны осы кесiм едi. Қапыш шыр көбелек айналып:

– Сонда мына қу замананың әдiлдiгi қайда кеткен?!– дедi тоқтай алмай.

– Әдiлетсiз жерден әдiлдiк талап етудiң өзi бiлiмсiздiк болады, Қапыш. Әдiлетсiз бола тұрып, әдiлеттi болам десе не астындағы тағынан, не басындағы бағынан айырылады. Бұл екеуi – бақ пен тақ, өте-мөте тәттi нәрсе. Дәмiн бiр таттың – соған құмар болып өтесiң. Құмарлық – бiр пәле. Құныққан құтырады. Ықылым заманнан адамзат баласының талай ғұлама данышпандары оны iздеп шарқ ұрған екен. Таппаған, тарыққан. Қазақта, бiлесiң, "қайда барсаң да Қорқыттың көрi" деген үлкен сөз бар. Үлкен сөз. Түпкi көздегенi сол әдiлдiк болса керек. Бiздiң қазiргi халiмiз басымызға саулық тiлеу ғана. Оның өзiне шама-шарқымыз жетпей қалды. Талап та қыла алмаймыз, тартып та ала алмаймыз. Алланың пендесiнiң тағдыры бүтiндей билеушiнiң қолына өттi. Мына түстiгiңдегi қытайдың, артыңдағы орыстың да iстеп жатқаны осы халқыңа. Мұңғылдың қылығы – көрген көргенiн iстейдi. Бар билiгi басқаның қолында кеткен секiлдi. Кешегi өзiмiздi айдаған сәбеттiк Кенжебектi бiлесiң – кәмисар.

– Тасбикенiң ерлерi болмағанда тайпа ел тайлы-таяғымен тозар едi,– дедi Қапыштың қара бура ашуы сәл-пәл бәсеңсiп.

Қапыштың "Тасбикенiң ерлерi болмағанда" деуiнiң мәнiсi мынада едi: 1933 жылдың көктемiнен бастап Алтай тауының солтүстiк шығысын мекендеп отырған қазақтардың "Кенжебек" дегенде "әзiрейiл" көргендей үрейлерi ұшты. Қатындар жылаған баласын "Кенжебек келедi" деп уатса, "Кенжебек келедi" десе көмпiс кемпiрлер: "көтек" деп орнынан атып тұратын жағдайға жеттi. Сол Кенжебек қасында он шақты қарулы әскерi бар бiр жаз бойы қазақ ауылдарын жер аударып айдады. Айдағанда Моңғолияның iшкi өлкесiне қарай ықсырады. Айдалған елдiң алды мыңдаған шақырым жүрiп қалқа, дөрбеттер iшiне енедi. Ақтабан шұбырынды боп, ел азып-тозды. Кенжебектiң мақсатын ешкiм түсiнбедi, ол түсiндiрiп айтпады. Елдi күшпен, жөн-жосықсыз айдай бердi. Бұған халықтың наразылығы туды. Ақыры Кенжебек 1934 жылы жазға салым тасбике руының азаматтары қолынан қаза тапты. Оны Қобда қаласының маңындағы бiр зиратқа әкелiп жерледi. Қабыр басындағы құлпытасқа "Ардагер чекист Кенжебек.. “халық жауларының” қолынан ерлiкпен қаза тапты?!" деп жазылыпты деседi. Нұртаза молла ұшығы алыста жатқан осы сүргiндi еске алып:

– Мына Сақа мен Сәду Қазақстаннан қашып келдi,– деп жалғады сөзiн. – "Арқада аяз болмаса, арқар ауып несi бар". Балта, тесе, балғамен аспаннан түсер отқа, жерден жауар оққа қалай қарсы тұрмақсың. Жерге кiрсең желкеңнен, көкке көтерiлсең аяғыңнан тартып суырып алады.

– Сонда не iстеу керек? Қол қусырып қарап отыру керек пе? Қашан келiп жанымды алады деп?! – Қапыш тағы қозғалақтап кеттi. Нұртаза молла сабырлы қалпын бұзбады.

– Өткiр деген пышақ тозады, мықты деген күш қайтады. Желiнген көк көктейдi. Жеген иек мүжiледi. Көк – келешек, ұрпақ. Не iстеу керек? Бiзде жалғыз жол қалды: ұрпақты аман сақтап қалу.

– Не болса да көнемiз де!

– Көнемiз. У-шусыз, билiктiң ырқына көнемiз. Ел ағаларының тапқан ақылы, келген тұжырымы осы.

– Ой, астапыралла-ай,.. ой, астапыралла-ай,– деп Қапыш отырған орнында дөңгеленiп кеттi, – сонда мына боқмұрын Боқанайға басыңды алдыр дейсiң бе? Астапыралла-ай! – Қапыш не iстерiн бiлмегенде бiресе “сенге“, бiресе “сiзге” көштi.

– Бұлар емес. Бас алатындар баста отыр. Оны билiк дейдi. Билейтiн болған соң билiк деген. Билiк бiлiмсiздiкке ұрынса билейтiн емес, илейтiн болады елiн. Мыналар билiктiң алынбаған тырнақтары. Сақ болсаң сағағыңнан алады. Ақ болсаң алқымыңнан орады. Көз, құлақсыз. Оған бәрi бiр.

– Қаракетсiз қалай қарап отырамыз, аға. Құзғынға сұңқарды тырнатып. Жанды бақамыз ғой! Асқанға тосқан дейтiнi қайда?!

– Дұрыс. Қоғамды қорқақ билегенде халқына шабады. Ол – асқаны. Қорқауға жем тастай отырып ақырын бағып, аял жасау керек. Ол – тосқаны. Қорқақтың ажалы – Тықыр. Бiз топан судың бетiнде тұрмыз. Бiзге Алладан басқа жәрдемшi жоқ. – Нұртаза молла асықпай орнынан тұрып, арт жағына бұрылып, қол созым жерде, жүкаяқтың үстiндегi сарала сандықта тұрған қалыңдығы жарты сүйем жалпақ қоңыр кiтапты иiлiп алды. Қапыш қақтаған төстiктей сарығайрақ бұ кiтапты бұрын да көрген. Қолына алып, Құран аяттарын да оқыған. Ақырғы сөзiн шариғатқа – Алла сөзiне сүйейтiнiн сездi. Нұртаза молла әуелi Құран-кәрiмдi қақ жарып ашып, маңдайына кiтап беттерiн тигiзiп, iзет жасады. Құран-кәрiмнiң маңдай тиген тұсы қарайып, майланып кейбiр жазулары өшiптi. – Мiне, "Бұзақылардың орны – тозақ. Өздерi жаққан оттың азабын тартады".(Сәжде сүресi, 20-аят). Шура сүресiнiң қырық екiншi аятында бүй дейдi: "Әлбетте адамдарға зұлымдық қылып, жер жүзiнде орынсыз шектен шыққандарға, мiне солар үшiн жан түршiгерлiк азап бар-десе, қырық бесiншi аятта: "залымдар тұрақты азапта болады" деген. Демек, жауыздардың жазасын Алла бередi. Алла да Рұм сүресiнiң қырық бiрiншi аятында олардың бағытынан қайтатынын айтқан,– деп үмiттендiрдi. Ендi көп айналудың қажетi болмады. Қапыш орнынан тұрды.

– Жолыққанша аман бол, Жая, аттанайын. Аға, сау боп тұрыңыз.

– Аттануға асықпа, төрем.

– Асықпауға қойып тұр ма, мiнiс атым ауыл сыртын айналып жүргенсынды.

Алғыр азаматтың астарлы сөзiн амалсыз, үнсiз құптады.

Ертеңiнде Нұртаза молда әкесi Шудабай шаңиямен ақылдасып екi жылдан берi өздерiн пана тұтып жүрген Сақа мен Сәдудi ел көзiнен аулаққа жiберуге келiстi. Өйткенi, керейдiң ителi сүйектi ағайынды екi жiгiтi сонау жылдары Жайсаң (Зайсаң) өңiрiнен қашып шығып, осы ауылға тұрақтанған-ды. Әкелерi НКВД-нiң адамдары әкетiп бара жатқанда айтыпты: "Кемпiр, мен келмеске кетiп барамын. Ана екi құнанды қасқыр жеп кетедi, үйiрiнен бөлiп, күнгейге асырып жайыңдар" деп. Сол сөз бойынша Шыңжаңға өтiп, содан осы ауылды тауып қосылған екен. "Шудабай маңайына қашқан-пысқандарды жинап жатыр" дегендерге атақты Зуха батырмен замандас болғансын, бiр жағы онымен аталастығын бұлдап: "Анау Зуха бүкiл қазақ, мұңғыл, ойғыр, дүңгеннiң жарлы-жақыбайларын қанатының астына алып қамқор болғанда, менiң етегiме екi күшiк сыймай ма?!" дептi, десетiн. Сол екi күшiгi осы – Сақа мен Сәду. Сақа – ершi, Сәду – етiкшi. Сақаның қайыңнан шапқан ерлерi қандай асауға салса қыңқ етпедi. Ат, атан түйеге айырбасталды. Айшықты, арқар мүйiз ашамайларының қаны жерге тамбады. Ал Сәдудiң жасаған көк ала кебiстерiн бай-мырзалардың бәйбiшелерiнiң кигенi де, кимегенi де арманда. Сол екеуiн ел: "найман, тегiн жасырады" деп күндейтiн көрiнедi. Ал мынау пәлекет найман атаулыға да қырғидай тидi. “Көзден кетсе, көңiлден болады ұмыт” деп, Сақаны Шудабай баласы Кәрiмге қосып, ойлатып Шуырғытыға егiнге, Сәдудi кенжесi Ысқаққа ертiп, өрлетiп тау дарасына жылқыға жiберiп, өздерi Байнұр көлiн жайлап отырып қалған.

* * *

1938 жылдың шiлде, тамыз айында Қобда түрмесi қазақ, ұраңқай, дөрбет, қалқа ұлт-руларының “халық жауы” атанған игi жақсыларына лық толды. Бұған Қыстаубай сүйектi Қабдолла сынды жол-жөнекей ұсталып жоспар орындау үшiн қосалқы қосып алғандары да бар. Салынғанына қанша жыл болғаны бимәлiм, сасық түрменiң iшiнде аузы мұрнынан шығып жатқан адамдар. Кейбiр халi нашар келген қариялар бастырылып өлiп жатыр. Ыстық күн. Iшi кепкен мәйiттердi шамасы барлар есiкке таман сүйреп қояды. Түрме төңiрегi иiс-қоңыс, қан сасиды. Қарақұрым қара шыбын. Судың тұнығын iшiп, шөптiң шүйгiнiн жеп, таза табиғаттан өзгемен өзек жалғап үйренбеген аттар Қобда шаһарына қозы көш жер қалғанда-ақ қарғып, осқырынып, кежегесiнен кейiн тартып, iлгерi аттап баспай әлек салады. Қамшының күшiмен ғана аяқтарын қия басады.

Түрме iшi көрсоқыр. Анау биiктегi тор көздi тесiктен түскен болымсыз бозамық түрменiң түбiне қайдан жетсiн. Төбе мен қабырғаның қиюласқан жиегi қарашобыр қандала. Артқы мүшелерi шермиiп адам қанына әбден тойып, тырнақ пен тыпырдан сытылып шығып, мардымсыз бозамықтан жасқанып, ұйлығысып, жасырынып, жусап тұрса керек. Әлгi әлсiз саңылауға қарап отырып Қапыштың есiне бiр ән түстi. "Тесiктен алақандай тiл қатамыз, көңiлдi құмалақпен жұбатамыз…". Әндi ыңылдап айтқан сайын иесiне ынтықты. "Жарықтық, кiм екен? Кiмнiң түрмесiнде, не үшiн зар шектi екен? Ол да бiр бiз құсаған бейуаз болмапты. Абақтының күйiн, арман тiлегiн айтып кетiптi?".

Түс әлетiнде екi шерiк келдi. Тар қапаста жатқан Қапышты екi иiнiнен сiлке жұлқып, дедектетiп сүйреп кеттi. Тұтқындарды тәулiкте екi рет сұраққа әкелмек түгiл жалғыз ауыз жауап алуға мұршалары келмей жатты. Сұрақтан сабалмай, ұрып-соғылмай сау шыққандары жоқ едi. Таудың тағысындай тiк мiнез өңкей ығай мен сығайлар тергеушiлердiң бiр сөзiне келмей тiк шапшып шыға келетiн де, одан кейiн ұрып-соғу, қинау басталып кететiн. Қапышқа қазiр бәрiбiр. Адам таныр түр жоқ. Бағана текпiлеп тастаған. Көзi жұмулы – шоқпардай, аузы буулы – күптей. Жүру де мұң, бұты талыстай, талтақ. Тәнi көнектей. Таңғы сұрақ тағы да қайталанды:

– Алтайға қанша адамды бастап, қашан қашпақ болдың?

– …

– Қанша ат жараттың?

– …

– Жылқыңды қай дараға айдап тастадың?

– …

– Арғы беттен тiл жалғаушың кiм?

– От…тап…сың!

Көк желкесiне кеп тиген мылтық дүмiнен көзiнiң оты жарқ етiп, жүгiнiп отыған жерiнде ұшып түстi. Басына мұздай су құйды. Есiн жиды.

– Мына кiсiнi танисың ба? – Қапыштың қарсы алдында тұрған тергеушi офицер, тайпақ қара әлде кiмнен сұрады.

– Танимын. Қапыш! – Қапыш та жауап қатып тұрған адамды таныды. "Боқанай".

– О, Құдай зауалың бергiр, Боқанай!

Артында тұрған шерiк мылтықпен желкеден перiп қалды.

– Үндеме!

– Мынаның, атын жаратып, қытайға қашпақ болғаны рас па?

– Екi атты байлап, жаратып отырғанын көзiммен көрдiм.

– Әй, Боқанай, өкпеге қисақ та, өлiмге қимайтын ағайын емеспiз бе?

– Көйтiпсiң!.. ағайыншылын. Ағайыншыл болсаң баяғыда қайда қалдың?! Сен маған қанша рет қамшы бiлегенiң есiңнен шығып кеттi ме? Қанша рет жолымды кескенiң…

– Әй, Боқанай…

– Жап аузыңды,– деп Боқанай тайпақ қараның ымымен Қапыштың үйiн тәркiлегенде алған сарала сапты өз қамшысымен жауырынынан асыра тартып қалды. Тергеушi ұяластардың өзiн-өзi талап жатқанына тiптi қыбы қанып, құшырлана тiстендi.

– Бұның Тәшкенмен байланысы бар ма?

– Бар!

– Тәшкен төңкерiске қарсы ұйым құрғаны үшiн тиiстi жазасын алды.

– Бұлар, ана Ақымер, Шудабай, молда Нұртаза, тұқым-жұрағатымен Ташкенмен сыбайлас. Құда!

– О, Құдай, төбеңнен ұрсын, Боқанай!

Тергеушi талтаңдай басып, темекiсiн тұтатып, әлгiндегi сұрақтарды түп-түгел қайта қойды. Қапыш қара түнек. Тiлi байланғандай, қатып қалған. Тергеушi ақырып, тура қарсы алдына тебiтiп кеп, сұғын кезеп төне бергенде, Қапыш ауыз толы қанды түкiрiктi бетiне былш еткiздi. Көзiне қамшы тиген асаудай ыршыған тайпақ қара:

– Муу цус! (Харам қан!),– деп Қапышты тай тепкендей өңменiнен өкiрте тептi. Ол кескен теректей ұзынынан құлады. Тайпақ қара үстел үстiндегi тiстеуiктi iлiп алып оның кеудесiне қона кеттi. Табанымен тап маңдайдан теуiп тұрып Қапыштың екi бiрдей қасқа тiсiн опырып алды. Тайпақ қара сырт айналып басын көтере бергенде Қапыш ышқына шыңғырды. Тiп-тiк көтерiлген саптама етiктiң нәлiлi өкшесi оның қасқа маңдайына шақ етiп тидi. Тайпақ қара шекесiне тас тиген лақтай төбесiмен шаншыла құлады.

* * *

Тайпақ қараның қарасы қайтып көрiнбедi. Қапыштың атын бұл түнi қарауылдар үш қайта шақырды. Бiрақ қараңғы бiр түкпiрде орнынан тұрып келуге шамасыз, құнысып жата бердi. Камера iшiне кiрiп кiмнiң бар жоғын жүрегi дауалап тексерiп нақтылайтын қарауыл болмады. Кiрiп келгенiн ашығып, анталап, қаны қарайып тұрған тұтқындар талап тастауға жынданып әзiр тұр. Сондай бiр сойқан осы түрмеде болып, шамасы жетпеген қарауылдар оқ шығарып, көтерiлiсшiлердi бiрақ қырып тастаған оқиға болған.

Түн ортасында түрме есiгi сықырлай ашылып, iшке фонарьдiң өткiр жарығы түстi. Қапыш өз көзiне өзi сенбедi. Әлгi жарық мол түскен қабырғада сүлкiнi түсiп, сүмiрейiп Қабдолда қарт тұр. Қабдолда жасы жетпiстен асқан, қақ-соқпен шаруасы жоқ, бейуаз жан едi. "Қырғын кiсi талғамайды екен-ау!". Қарауыл шерiктер бiр-бiрлеп тұтқындардың аттарын шақыра бастады. Шыққандар қайтып оралмайды. Қайда кетiп жатқаны белгiсiз. Түнде түрме iшi осылай оңашаланып, тұтқындар сиреп қалады да, таң ата қайта жаңа адамдармен тола бастайды. Тергелгендерден қылмысын мойындаған тiрi жан болмады. Қинаудан жандары қиналғанда барып, "әкелшi андағы немеңдi" деп атып тұрып мойындау қағазына қолдарын қояды, бармақтарын басады. Қалқа тiлiн бiлмейтiн қазақтар өздерiне қандай қылмыс жасады деп, қандай айып тағылып, қандай жаза бұйырғанын, қандай жала жабылып жатқанынан да бейхабар. Қылмыстарын мойындап Моңғолияның Iшкi Iстер министрлiгiнiң төтенше және толық ерiктi комиссиясының өздерiн ең жоғары ату жазасына кескен бұйрыққа қолдарын қойып жатты. Бұйрық қол қойған сәттен күшiне енiп бұлжытпай орындалды.

Қапыш үшiншi тәулiкте ес жиды. Қасында аталары Ақымер бай, Шудабай шаңия, ағасы Нұртаза молла бар екен. Ол Қапыштың басын бiлегiне алып, сүйеп отыр.

– Аға,– дедi Қапыш құдды есi ауысқан жандай елеңдеп басын көтерiп,– тайпақ қараны қайтiп тұрмастай қып тептiм, өлдi! – Ешкiмi ләм-мим демедi. Нұртаза молла Қапышты қатты қыса түстi. "Арыстаным, батырым-ай, құлашыңды кең жазып, қас жауыңмен қасықтай қаның қалғанша айқасып, арсыз ажалды қасқайып тұрып қарсы алып, армансыз аймаласаң арманың бар ма, бауырым?!". – Нұртаза молланың ып-ыстық жасы Қапыштың жүзiне тамды. Ол молланың қолын серпiп тастап жүгiнiп отыра қалды. Жаңа ғана өлi мен тiрiнiң арасында жатқан Қапыш жаңа туғандай ширады. Тас түнектiң түбiнде жатқан тiрiлердi түгел шолып тұр. – Аға, мен әлгiнде алаштың арыстары Әлиханды, Ахметтi, Мiржақып, Мағжанды көрдiм. – Қапыштың ысқырығы басым, даусы нақ та ащы шықты.

– "Сақа мен Сәду аузынан тастамаушы едi". Қайда жүрсе де қазақтың жаны бiр ғой. Айналайын, аруақтар, Алла қолдап жүр ғой, – дедi Нұртаза молла.

Нұртаза молланың даусы шығуы мұң екен, Қапыш тiптi арқаланып кеттi.

– Бiз басымызды бәйгеге тiгiп соғыспадық. Бiз қорқып, қорғалағамыз жоқ. Қанды қолдардың қылышына қылша мойнымызды имедiк. Мысымызды жасытпадық, сағымызды сындырмадық. Қорқаулардың көмейiне ал қызыл адал қанымызды құйдық. Қан өтеусiз болмайды. Қанды кек қайтар. Қайғырма! Қайғырғаннан қараңғы жарық болмайды. Қапасты Алланың ақ дұғасы нұрландырады. Дұғаңды үйiр, Нұртаза! Жазықсыздардың жаназасын шығар! Бұ дүниенiң жарығы бiттi.

Нұртаза молла тап бiр осы тiлектi күткендей iркiлмедi, жүрелеп отырған бойда күбiрлеп дұға қылды да, сонан соң бiр ұзын сүренi сырқырата жөнелдi. Аяттан аятқа ауысқан сайын тынысы ашылып, дабысы зор шықты. Жазықсыздардың жандары жадырап, жақындары қасынан табылғандай. Бәрiнiң жүрегiнде – бiр Алла. Сүренiң соңы дәлелге ауысты. "Лә, илаһа ил Алла", "Лә, илаһа ил Алла", "Лә, илаһа ил Алла",.. Мұхаммед расул Алла! Алла Хақ!". Тұтқындар арасында моллаға iлесетiндер де бар екен. Олар қосылғанда әуездi үн аспандап, түрме iшi күңiренiп кеттi. Оны көршi бөлмедегiлер қостады. Аллаға мадақ зiкiрдi арғы камерадағылар жалғап әкеттi. Сөйтiп бiрiнен бiрiне ұласып тамыздың тамылжыған бiр түнi бүкiл Қобда шаһары қозғалғандай күй кештi. Тап осы кезде, түннiң бiр уағында айғайды салып есiк ашылды. Түрме iшiне көз қарықтырар жарық түстi. Жағына пышақ жанығандай құп-қу қарауылдар мылтықтарын кезенiп келiп тұтқындарды бiр-бiрлеп сүйрей жөнелдi.

– Нэг… хоер… гурав… (бiреу, екеу, үшеу…) арван найм(ан) (он сегiз). Болды! – Қобда шаһарының түнгi тымырсық тынышын "Газ" машинасының жағымсыз гүрiлi бұзды. Шаһар тұрғындары түгел құлақтанып, иманын үйiрiп, бүк түстi. Жағымсыз гүрiл, жан алғыштай естiледi. Шаһардың әр жерiнен иттер шулап, сезiмтал кейбiреулерi тұмсықты көкке қадап қойып озаңдап ұзақ ұлыды. Иттiң ұлығанын жақсылыққа жорымайтын моңғол жұрты да "табаның тартқыр", "қара басыңа көрiңгiр", "шық" деп зекуге батылы бармай бұғып қалды. Қобда шаһарының иттерi түн ортасы ауа ұзақ-ұзақ ұлуын тоқтатпады.

Кебежесiн тұмшалап бүркеп, адамдарды тiкесiнен тiк тұрғызып нығап тиеген машина ырғала ызыңдап отырып Қобда шаһарынан он шақты шақырымдай жүрiп, ұзап тоқтады. Бес атарларын шарқ-шұрқ оқтаған шерiктер машинаны қоршап тұра қалды. Тұтқындарды топырлата түсiрiп, алдын ала қазылған үлкен ұраның жағалауына тұқыртып әкелiп шөгерiп жатыр. Қоршап тұрған шерiктер жүгiрiп кеп тұтқындардың көк желке тұсынан қара құсына мылтықтарын тiреп тұра қалды. Әбден машықтанған әккi. "АТ!" деген аяр дауыспен бiрге қара жер қақ айырылғандай болды. Қапыш қара құсына қадалған мылтықтың от алмағанын сездi. Тоңқайған бойда омақаса ұраға құлап жатқан адамдармен бiрге кеттi. Түн iшiнде, құлақ тұндырар жарылыстан кiмнiң оғы тиiп, кiмнiң мылтығы тұтығып жатқаны белгiсiз болса да, бесатары от алмай қалған шерiк шошығанынан қан сиiп жiбердi. Капитанға жалт қарады да, шақпақты қайта шарт-шұрт тартып, ұраның iшiне қарай атып-атып қалды. Машина жақтан: "Алла-алла! Мына иттер атып жатыр! Ойбай-ай, ойбай! Атып жатыр!" деген дауыстар шулап кеттi. Оларды да тап әлгiндегiдей тiзiп әкеп ата салды. Бұл жолы мүлт кеткен оқ болмады. Қадап тұрып қара құстан атса да көр iшiнен ыңыранып, ыңырсыған дауыстар шықты.

Қапыш қазылған ұраға омақаса құлаған. Басы зеңiп, көзi қарауытып барып лезде ес жиды. "Астапыралла, тiрi екем-ау. Тiрi екемiн". Астында мәйiт жатыр екен. "Қайсысы екен? Кiм екен, ә?". Шошып кеттi. Мәйiттiң жоғары қарай созылып ордың қабырғасына сүйенiп қалған қолының астына қарай басын тықты. Жасырынған сиқы сол едi. "Үндемейiн. Үнiмдi шығармайын. Ей, Алла, әлi де су iшерiм бар ма едi?". Тынысын iшке тартты. Зарлап жылағысы келдi. Оң жақ қолы ұйып, жауырынының асты ашыды. Жараға тұз құйғандай ашыды. Күрс етiп мылтық атылды. Қара аспан қақ айырылып, жұлдыздар жерге жауғандай көр iшi сүттей жарық. Қоп-қою қараңғылық үйiрiлдi. Қара жер тағы түршiктi. Сауылдап топырақ құйылды. Бiреу Қапыштың тап үстiне құлап түстi. Қабырғасына тиген қатты дүмпуден шыңғырып жiбере жаздады. "Шыда, шыда Қапыш. Ендi сақылдап күлгiсi келдi. "О, сайтан алғыр, қу күлкi, әзәзiл күлкi, ендi сенiң арбауың жетпей қалып едi. Атылмай қалған ажалды сен паш етпекпiсiң. “Жәйәм, асықпа” деп едi. Асықпайын". Өр жағынан бiреу ойбайды салды. Қолы ербеңдеп, тыпырлап жатыр екен. Бiр шерiк ұраның шетiне жетiп кеп әлгiнi көздеп тұрып атып, үнiн өшiрдi. Қапыш қапталында жатқан адамның жаны бойынан әлi шыға қоймағанын бiлiп жатыр. Шерiктер ұраны жағалап тұра қалды. Тұра қалып мылтықтарын тұқырта ұстап көр түбiндегi өлiктердi үстi-үстiне бытырлатып атып тастады. Адам атқызған капитанда да, атқан шерiктерде де зәреқұт қалмаған. Не iстеп, не қойып жүргенiн өздерi де бiлмейдi, көздерiне қан толып, "халық жауы", "есiрку" атанған адамды құрту керек, құртқанда тұқымына дейiн қайтып көктеместей етiп жойса құп деп қана бiледi.

Капитан мұздай қатқан шерiктерге жақындап кеп:

– Сендер, Отан алдындағы борыштарыңды абыроймен орындадыңдар. Бiр топ “халық жауы”, “есiркулердi” жойдыңдар. Ерекше ескертемiн! Егерде