Жаңалықтар

ӘЛЕМДIК ДАҒДАРЫСТЫҢ ҚҰПИЯ АСТАРЫ

ашық дереккөзі

ӘЛЕМДIК ДАҒДАРЫСТЫҢ ҚҰПИЯ АСТАРЫ

Ратников болжамдары қаншалықты рас?

Әр тарихи кезеңнiң өзiндiк бiр дағдырысы болуы заңды құбылыс. Әрi бұл туралы Платоннан бергi данышпандардың бәрi айтып та кеткен. АҚШ-тағы ипотекалық саясаттан кейiн әлемдi меңдеген қаржы дағдарысы талай мықтының есiн шығарған жағдайы бар. Бұрынғы айдарынан жел ескен АҚШ-тың өзiнен ырыс қашып, шаруасы қожырап тұрғаны да өтiрiк емес.

Әлемдiк дағдарыстың түрлi елдердiң саяси-экономикалық ахуалына әсер етiп, үрейлендiрiп отырғаны өтiрiк емес. Ақпарат құралдарына көз салсақ, ғаламторды сүзсек, ондай әлсiздiктi құдiреттi державалардың өзiнен де байқауға болатындай.

Жақында ықтимал энергодағдарыстан ешқандай қауiп күтпейтiн, шикiзатқа бай көршi Ресейде де ғажайып бiр болжам жасалды. Оған сенсек, "әлемдiк дағдарыстың жаңа толқыны АҚШ-ты тұралатып, Ресейдi онан әрi күшейте түсуге тиiс-мыс…". Ресейде биотехнологиялар арқылы мистиканы пайдалана отырып, болжам жасау үрдiсi ежелден бары белгiлi. Ол патшалар дәуiрiнде де, кеңестiк кезеңде де болған.

Таяуда ФСБ Академиясында Борис Ратников экстрасенстердiң көмегiмен әлемдегi және Ресейдегi ықтимал дамудың жағдайы бойынша болжамды баяндама жасады. Онда елдегi әр аймақ бойынша уақыты көрсетiле отырып, әлеуметтiк, табиғи және техногендi катаклизмдердiң ықтималдылығы атап көрсетiлген.

Ақиқатына келсек, генерал-майор Борис Ратников кризистiк дағдарыстарға болжам жасау жөнiндегi ресейлiк тәжiрибелi маман болып есептеледi. Болжам жасау үшiн ол барлық ақпарат көздерiн пайдаланады екен. Өз заманында Ресей Президентiнiң қауiпсiздiк қызметi жөнiндегi бас кеңесшiсi әрi Ресей Федерациясы Бас күзет басқармасының бастығы болған генерал болашақты болжау үшiн бiр топ экстрасенстердi пайдаланған деседi.

Ратников болжамдарына сенсек, үстiмiздегi жылдың екiншi жартыжылдығында әлемдегi ахуал күрделене түспек. Алдымен Еуроодақ құрамындағы бай елдердегi ресурстарды дұрыс реттеп бөлу арқылы қазiргi әлемдiк дағдарыстан жұтап отырған Греция, Италия, Испанияны және басқа да әлсiз әрiптестерiн тығырықтан алып шығуы мүмкiн. Алайда әлемдiк дағдарыстың дәл осы кезде жүзеге асатын екiншi толқыны Ресей үшiн пайдалы.

– Еуропа мен АҚШ-ты әлемдiк дағдарыс қалжыратқан тұста Ресей де бiраз жапа шекпек. Бiрақ салыстырмалы түрде алғанда оның көрер құқайы АҚШ пен Еуропамен салыстырғанда түк те емес, – дейдi Ратников болжамдары.

Сондай-ақ, әлем қаржылық дағдарыстың екiншi кезеңiнiң алдында тұрған сияқты. Барак Обама халықаралық мәселелермен әуре болып жатқанда АҚШ экономикасы жаңа құлдырауға ұшырауға тиiстi-мыс.

Ратников "Америка Құрама Штатындағы дағдарыстың үстiмiздегi жылдың жазында-ақ басталатынын" алға тартады. Алайда оның шарықтау шегi 2011 жылға тура келмекшi. Әлемдiк дағдарыстан Ресей де құтыла алмайды. "Ресейдiң күш-қуатын жиып, дағдарысқа қарсы қауқар көрсетер уақыты бар" дейдi Ресейдiң дәстүрлi емес, бiрақ ғылымға негiзделген ресми болжамшылары.

Атап айтқанда, Кремльдiң қазiргi Украинамен қарым-қатынасты түзеуге жасап жатқан талабы да орынды көрiнедi. Себебi, Украина адам саны мол, экономикалық потенциалы кемел, iргелi ел. Сондай-ақ, мұнайлы-газды Ресей үшiн ең басты тұтынушылардың бiрi.

Болжамдар бүгiнгi саясаттың басты тетiгiне айналып отырған мұнай мәселесiн де назардан тыс қалдырмапты. Оларға сенсек, алдағы ықтимал мұнай бағасының көтерiлуi Ресей үшiн пайдалы болмақ.

Дәл осы жерде бiр мәселенi айта кету абзал. Ресей қаржы министрiнiң орынбасары Игорь Шуваловтың осыдан бiрер ай бұрын, яғни Кедендiк одақтың жұмысы басталар тұста "болашақта Кедендiк одақ ауқымындағы мұнай саудасының Ресей рублi арқылы бағамдалуы мүмкiн екенiн" айтып қалғаны бар. Демек, аса мұнайлы Еуразиядағы мұнай саудасы осы елдiң валютасымен бағамдалып, сол арқылы саудалануы ықтимал.

Қазiр Ресейде құрғақшылық басталды. Құрғақшылықтың заты түгiлi аты да жоқ кезде жасалған болжамның осы бiр табиғи апатты алдын ала болжауы да ойлантарлық жағдай. Ратников болжамдарында екiншi жартыжылдықта Ресейдiң Ставрополь, Астрахань, Кубань, Дондағы Ростов сияқты астықты оңтүстiк аймақтарында құрғақшылық болатыны айтылған едi. Қазiр сол болжам айна-қатесiз келiп те тұр. Ресей мен Қазақстанның астықты солтүстiгiндегi құрғақшылықтың, Канададағы толассыз жауған жаңбырдың салдарынан әлемдiк астық нарқы бiрден аспандап шыға келгенi және рас. Қаншалықты құрғақшылық десе де, Ресейдiң бiр аймағында өспеген астықтың екiншi бiр аймағында жақсы өнiм берерiне дау жоқ. Соған қарағанда бұл жерде де Ресейдiң еш ұтылмайтыны рас сияқты.

2010 жылдың екiншi жартыжылдығын Ратников болжамдары Ресейдегi "рухани революция" кезеңi деп атапты. Яғни, Ресей халқы бiрiгiп, бiр-бiрiне қолұшын беруге, көмектесуге бейiмделе бастамақ. Игi өзгерiстерге негiзделген ортақ патриоттық ұстанымдар салтанат құрмақ. Жаңа құрылымдар өмiрге келiп, ол Ресейдiң қаржылық, экономикалық жағдайына оңтайлы әсер етпек.

Әлбетте, бiздi ойландыратыны осы болжамдағы "жаңа құрылымдардың өмiрге келу" мәселесi. Бiз оны көрiп-бiлiп те отырмыз. Өмiрге Ресей, Қазақстан, Беларусьтi бiрiктiрген Кедендiк одақ келдi. Ондағы ресейлiк пайыздық үлестiң өзгелерден анағұрлым үлкен екенi де белгiлi. Қазiрдiң өзiнде Кеден одағына енуге Тәжiкстан мен Қырғызстан ниет танытып отыр.

Қысқасы, ешқандай ғылым жоққа шығара алмай келе жатқан ерекше құбылыс – дәстүрлi емес және ғылыми негiздердi басшылыққа ала отырып жасалған болжамдарға сенсек, Еуразия құрлығындағы саяси-экономикалық ахуалдың жаман болмайтын түрi де бар. Және оның Қазақстанға да тигiзер әсерi мол болмақ.

Өмiрзақ МҰҚАЙ