Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗСТАН ӘЛI ДЕ КӨМЕККЕ ЗӘРУ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗСТАН ӘЛI ДЕ КӨМЕККЕ ЗӘРУ

Қырғыз елi абыр-сабыр уақытты бастан кештi. Бүгiнде қара халықтың елде оқтын-оқтын орын алып жатқан қақтығыстардан құты қашып, зәрезап болған. Онсыз да өз жыртығын әрең жамап отырған мемлекеттiң экономикасы тоқырауға ұшырап, тұрғындардың әлеуметтiк жағдайы күрт төмендедi. Ағайынның басына күн туған заманда, Қазақстан тарапы ЕҚЫҰ-ға төраға ретiнде қолдан келген көмектi берiп жатыр.

Қырғызстанда Уақытша үкiметтiң билiкке келгенiне 100 күн толды. Мемлекет тiзгiнiн ұстаған жаңа билiк осы уақыт iшiнде не бiтiрдi? Қандай мәселенi шешуге талпыныс жасады? Құрманбек Бакиевтi тақтан тайдырып, барлық саяси шешiм шығару құқын өз қолына алған Уақытша билiктiң мұраты орындалды ма?

Әу баста сәуiр айында тұтанған қақтығыс маусымда маздаған әскери жанжалға ұласты. Бұқара халықтың жазықсыз ажал құшуы, еңiреген әйел мен баланың көз жасының төгiлуi Уақытша билiктi де есеңгiретiп тастағаны сөзсiз. Олар тығырықтан шығар жолды өзiнше iздеп бақса да, бұған халықаралық қауымдастықтың тигiзер көмегi қажет болды. Әсiресе, Қазақстан тарапы ЕҚЫҰ төрағасы ретiнде қолдан келетiн жәрдемдi үйiп-төгiп, өз мiндетiн абыройлы атқарды.

Қырғыз жұрты есiн ендi ғана жиып келедi. Олардың тiлейтiнi — елдегi тұрақтылық. Уақытша үкiметтiң конституцияны өзгертуге байланысты өткiзген референдумына да жұрт осы мақсатпен қатысқан сияқты. Алда болатын Парламент сайлауынан да көпшiлiктiң күтетiнi — бейбiт өмiр. Қазiр халық кiмге сенерiн бiлмейтiн қалде. Оппозициялық топтардың да қарсыластарынан айырмасы жоқ. Себебi, жеме-жемге келгенде әрбiр оппозициялық топтың арасында елдiң мұң-мұқтажын ойлап, елде тыныштық орнатудың орнына таққа деген бақталастық басым екенi байқалатын секiлдi.

Қазақ-қырғыз шекарасы төңiрегiнде шыққан дау-дамай да күдiктi ұлғайтып отыр. Тараз-Алматы тас жолы бойынан өткен болсаңыз, жаңадан жүргiзiлген шекаралық қоршауды көзiңiз шалады. Және қолына мұздай қару асынған солдаттар "Бұл бiздiң шекаралық аумақ" деп тiл қататындай. 100-ден астам қазақстандық отбасы Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы бейтарап аймақта қалып қойған. Тараздан 30 шақырым жерде шекараны межелеу кезiнде "Юбилейный" саяжай аумағы тiкендi сыммен қоршалып тасталған. Соның салдарынан бiрнеше тұрғын баспанасыз қалатын түрi бар. Жергiлiктi тұрғындар балаларын Қырғызстанда орналасқан ең жақын мектепке бара алмайтын болды. Оған қоса, өз үйiне жету үшiн саяжай тұрғындары мемлекеттiк шекараны бұзуға мәжбүр. Әзiрге 200 үйдiң 20-сы қиратылады деген дерек бар.

Қазақ-қырғыз шекарасы толық ашылғалы берi кеден мен шекара қызметi күшейтiлген режимде жұмыс iстедi. Өткен айда қос мемлекет арасында тауар тасу шектеулi тәртiппен жүргiзiлдi. Тек жанармай, дәрi-дәрмек, азық-түлiк пен ауылшаруашылығы өнiмдерiн алып өтуге рұқсат етiлдi. Ендi шекара барлық тауар түрлерiн тасу үшiн ашылып, шекара бекеттерiндегi күшейтiлген режимнiң күшi жойылды.

Қырғыз елiне әлемнiң түкпiр-түкпiрiнен гуманитарлық жәрдем жүгi ағылып жатыр. АҚШ-тың мемлекеттiк хатшысы Хиллари Клинтон демократияның дамуы мен жергiлiктi елдiң ахуалын қалпына келтiруге деп, Ақ үй 3 миллион доллар бөлгенiн айтты.

Қазақстан Үкiметiнiң басшысы Кәрiм Мәсiмов Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсету туралы екi қаулыға қол қойды. Соған байланысты Қазақстан қырғыз елiне арнап антидағдарыстық бағдарлама түзуде. Дайындалып бiткен бұл құжат17-шi тамызда Мәскеуде Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың отырысында таныстырылмақ. Бұл қырғыз елiне қаржылай қарыз алуға септiгiн тигiзерi сөзсiз. Өйткенi, қырғыз экономикасын қайта қалпына келтiруге 1 миллиард доллар қажет. Оның үштен бiрi ел бюджетiнiң қарызын жабуға жұмсалады. Көршi елден жуырда ғана келген бiрiншi вице-премьер Өмiрзақ Шөкеев: "Тек қарыз ақшамен ғана жағдайды түзеу қиынға соғады. Ол жерде қарызға берiлген қаражатпен жұмыс iстеуге келмейтiн салалар да бар. Сол себептi Елбасының қолға алуымен арнайы қор құру туралы шешiм қабылданды. Бiздер көршi елдiң экономикасына арналған донорлық жиын өткiзбекпiз. Бұл отырыстар шiлденiң соңына таман Бiшкекте өтедi, ал екiншiсiн Қаржы министрлiгi Сыртқы iстер министрлiгiмен бiрлесе отырып тамыз айының соңында ұйымдастыруды ұйғарып отыр" дедi.

Нәтижесiнде Қазақстан көршi елге гумантиралық көмек ретiнде 11,6 миллион АҚШ долларын бөледi. Алғашқы көмек көшi осы аптаның соңында жетпек. Елiмiз қырғыз елiнiң қираған инфрақұрылымын қайта қалпына келтiруге де қаржы салуды көздеп отыр. Бұдан өзге жергiлiктi стансалардың тоқтаусыз жұмыс iстеуiне iрi көлемде көмiр де жiбередi. Мұнай және газ вице-министрi Ләззат Қиынов: "Қазақстан 5 млн. 800 мың доллар көлемiндегi көмiрдi тегiн беретiн болды. Ендi 40 мың тонна мазут пен 80 млн. газды қырғыз жағына қалай жiберуге болатынын қарастырып жатырмыз" деп алдағы жоспармен бөлiстi.

Премьер-Министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев: "Қырғызстанда үкiмет жаңадан жасақталып жатыр. Ал бiзде бұл саланы жетiк бiлетiн мамандар бар. Сол себептi бiз өз тарапымыздан көмек көрсетуiмiз керек. Бұл iске асқан жауапкершiлiкпен қарауымыз қажет. Өзiмiзге арналған жоспарды әзiрлеп жатқандай жұмысқа кiрiсу керек, "бөтен ел" деген көзқарас болмауы керек", – дедi қиын iске жұмыла кiрiсуге шақырып.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ