Жаңалықтар

ҚАРАПАЙЫМ ЖҰРТ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?

ашық дереккөзі

ҚАРАПАЙЫМ ЖҰРТ ҚАЙДА ДЕМАЛАДЫ?

Жаздың аптап ыстығы басталысымен дүйiм жұрт жанға тыныш, самал ескен, ауасы таза жерлерде демалуға бет алады. Әлбетте, демалыс орнын әркiм қалтасының қалыңдығына қарай таңдайды. Осы орайда, бiз Алматы тұрғындарының арасында сауалнама жүргiзген едiк.

Серiк, 45 жаста, кәсiпкер:

— Мен сонау Өскеменнен Алматы қаласына туыстарымның үйiне қыдырып келдiм. Жыл он екi ай қарбалас тiршiлiктен қол босамайды. Осы жазды пайдаланып, отбасыммен бiрге келдiм. Алматыға келмегенiмiзге 5 жылдың жүзi болған. Қала қатты өзгерген. Әлi көрiктi жерлерiн аралап бiте алмай жатырмыз. Медеу, Көктөбе, Шымбұлақ, мiне, бүгiн Қапшағайға суға түсiп, күн көзiне қыздырынуға тағы кетiп бара жатырмын. Менiң ойымша, осылай бiр сергiп демалу үшiн қыр асып, шет елге барудың керегi жоқ, әсем Алатаудың баурайы жетiп жатыр.

Гүлнәр, 38 жаста, мұғалiм:

— Мен Алматыға қосымша оқуға келдiм. Демалуға еш уақыт жоқ. Болған күнде де оған артық қаражат тапшы. Себебi, бiлесiз, ауылды жерлерде мұғалiмдердiң айлығы аз. Айлық тек күнделiктi тiршiлiктен артылмайды.

Ескендiр, 35 жаста, менеджер:

— Биылғы жазғы демалысымда ауылға барамын. Қаланың ми қайнатар ыстығы мен кептелiсiн бiр сәтке болсада ұмытамыз. Себебi, ауылда ауа таза, қымыз-қымыран iшiп, туыстарымды аралап, оларға егiсте шөп оруға көмектесемiн. Таластың суына түсiп, күнге қыздырынғанға не жетсiн. Ауылымды қатты сағындым. Бармағалы 3 жылдың жүзi болыпты.

Рая, 23 жаста, студент:

— Биыл жазда достарыммен Түркияға қыдырып, әрi демалуға бара жатырмын. Бұл менiң шетелге бiрiншi сапарым болмақ. Осы уақытқа дейiн жазғы демалысты осы қалада өткiзетiнмiн. Ендi бұл жолы қызықты да көңiлдi болады деген сенiмдемiн.

Жазира, 30 жаста, үй шаруасында:

— Жылда жаз басталысымен отбасыммен, достарыммен Ыстықкөлге баратынмыз, биыл оның сәтi түспей тұр. Ол жақтағы жағдай бiзге белгiлi. Теледидардан көрiп, естiп-бiлiп жатырмыз. Ондағы демалатын орындардың бағасын 30 пайызға түсiрген. Яғни жылдағыдан да арзанырақ. Алайда басымыздың саулығы, тыныштық керек. Сәтi түссе Алакөлге барамыз. Бiрақ белгiсiз.

Ерқанат, 35 жаста:

— Жазғы демалыста шетелде боламын. Нақтырақ қай жер екенi әлi белгiсiз. Елiмiздiң табиғатында сөз жоқ. Керемет жерлер көп. Алайда ондағы демалатын жерлер маған ұнамайды. Бағасының қымбаттылығы соншалық, демалатын орынға сай емес. Мысалы, маған Көлсайға барған қатты ұнайды. Бiрақ оның жолы өте нашар. Жеткенше адамды әбiгерге салады. Сондықтан қолда бар алтынның қадiрiн бiлейiк. Бiздегi туристiк аймақтарды әлiде болса дамыту қажет.

Жанар, 25 жаста, даяшы:

– Мен жылда достарыммен Ысттықкөлге барып демалатынмын. Биыл әрине, онда бармаймыз. Жағдайлары белгiлiгi ғой. Әлiде болса соғыстары тоқтамады. Қорқынышты. Бұйыртып жатса, Қапшағайға баратын шығармыз, жұмыстан қол босаған уақытта.

Мiне, халықтың пiкiрi осындай. Бұдан байқағанымыз, шахар тұрғындары, қонақтары жазғы маусымды ұмытпай демалуға да уақыт табады екен. Ел асып, жер асып өзге мемлекеттi де көрген абзал шығар, алайда өзге елдiң қалтасын толтырып, қарнын қампайтқанша, өз мемлекетiмiздiң туристiк, экономикалық дамуына үлес қосқанымыз жөн болар.

Гүлмира ЕРУБАЕВА