ҚАЙСАР ҚАЗАҚ, ҚАҺАРМАН ТҰЛҒА
ҚАЙСАР ҚАЗАҚ, ҚАҺАРМАН ТҰЛҒА
Ата-баба жерi үшiн, өзi сүйген елi үшiн ешкiмнен тайсалмай өткен мемлекет қайраткерi Жұмабек Тәшенов туралы бiр үзiк сыр
Теңдесi жоқ тағы арыстан жүректi дарабоз тұлға Жұмабек Тәшеневке қазақ жерiнiң тұтастығын алты батпан азапқа да, тозаққа да төзiп, жан-тәнiмен қорғау, ұлтарақтай жерiн де уысынан шығармау, не құрық кетер, не мойын кетер деп нартәуекелге бекiнiп тас жұту, тегеурiндi iс-әрекет, тұйыққа тiрелгенде, алмағайып iсте тұйғындық таныту, шешiмпаздық, ұшқыр көзқарас, рухани кемелдiлiк, ұлт, тiл тағдырын биiктен болжап, терең ойлау тәрiздi үздiк қасиеттер тән едi. Бұған оның ел есiнде, халық зердесiнде сақталған ұшан-теңiз қайраткерлiк, санаткерлiк iстерi жарқын айғақ.
Солардың iшiнде айтулысы — Қазақстанның солтүстiк аймағындағы байлығы шалқыған, егiн-жайы толқыған бес облысты бiрiктiрiп, тың өлкесiн ұйымдастырып, түптiң түбiнде РСФСР-ға қосу, Мәскеудiң құзырына мықтап бағындыру мәселесiндегi Н.С.Хрущевтiң мейлiнше жымысқы, зымияндық идеясына заманның дүрi, әдiлдiктiң пiрi Жұмабек Тәшеневтiң дәйектi дәлелдерiмен мәймөңкесiз айтылған зiлдей мағыналы сес сөзi деуге болады. Тың игеру өлкелiк комитетiнiң бiрiншi хатшысы Т.И.Соколовқа бұл өлке Ресей құрамына қосылмайды, керек десеңiз 24 сағаттың iшiнде қараңызды өшiрiңiз деп, қанкөбелек ойнатады. Ойымызды әрi қарай сабақтау үшiн, ар-ожданнан жаралған өткiр зейiндi оғылан, ой-парасат иесi Жұмабек Тәшеневтiң өз сөзiне жүгiнейiк: "Никита Сергеевич, егер Жоғары Кеңес әр республиканың жерлерiн жергiлiктi орындарсыз шеше беретiн болса, КСРО-ның және ұлт республикаларының конституциясын жою керек қой. Ал, ол Конституцияларының заңдарында әр ұлт республикасы өзiнiң тарихи жерiне, ондағы табиғи байлығына өз меншiгiм деп пайдалануға құқығы бар. Оны өзгертуге ешкiмнiң, ешбiр органның құқығы жоқ".
От ауызды, орақ тiлдi, екпiндi-серпiндi Жұмабек Тәшенев елшiлдiк, мемлекетшiлдiк iстерiнде қазақ жерiнiң жер асты қазынасын, теңiздей толқыған егiнiн, қазақ халқының ересен еңбегiн, шығармашылық қабiлет-қарымын билiк тұтқасын ұстауға төселген майталман мамандар барлығын, орыс халқына пейiл-мейiрiмi өзгеше екенiн айрықша атап көрсетiп отырады. Мемлекет қайраткерi Сағындық Кенжебаев өрi-қыры бiрдей Тәшеневтiң "еңбекшiлердiң күнкөрiс қарекеттерiне, ой-өрiстерiне, ұлттық сана-сезiм мен дәстүрге мән бергенiн", "үлкенге де, кiшiге де тиiстi, тұрақты iзет көрсету оған тән" кiсiлiк, адамгершiлiк қасиеттер екенiн қадап айтады.
Қазақ жерiнiң ғажайып бiр миуалы бөлшегi Бостандық ауданының тағдыры тайталасты күй кешкенде, комиссия төрағасы Тәшенев және құрамындағы академик Хайдар Арыстанбеков, М.Бейсебаев, А.Морозов, В.Тогосов, В.Шереметьевтер мынадай түйiндi қорытынды жасаған: "Бостандық ауданының жерi мал өсiруге мәнi бар екендiгiн, құрылыс материалдарын өндiруге, су-энергетикалық қорларының молдығын, қорғасын, көмiр және машина жасайтын өндiрiстердiң жұмыскерлерi демалатын санаторийлер ұйымдастыруға өте қолайлы екендiгiн ескерiп, бұл ауданды Өзбекстанға берудi өте тиiмсiз санады. Оңтүстiк Қазақстан облысының Бостандық ауданын беру жөнiндегi Өзбек КСР-i үкiметiнiң сұрауын комиссия негiзсiз деп есептейдi".
Алайда КСРО Жоғарғы Кеңесiнiң төрағасы К.Е.Ворошиловтың Жарлығымен Бостандық ауданы 1955 жылдың 12 қарашасында амалсыз Өзбекстанға өтiп кеттi… Бұл сұмдықты естiгенде қазақ қауымы "мал құлағы — саңырау" деп денесi түршiктi, сай-сүйегi сырқырады, қардан кебiс, мұздан құрсау киiндi.
Ұлт руханияты тарихындағы Жұмабек Тәшеневтiң алтын iздерi, сәулелi iстерi санада жарқырайды. Республиканың бас басылымдары "Қазақ әдебиетi", "Социалистiк Қазақстан" газеттерiн сұмдық қатерден құтқарып қалады. 1958 жылдың 28 шiлдесiнде Орталық Комитетте "Қазақ әдебиетi" газетiнiң мәселесi (яғни, ұлтшылдық ағымның жанданып өрiстеуi) қаралған. Бұған Қазақстан КП Орталық Комитетiнiң Бiрiншi хатшысы И.Д.Яковлев, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесi Президиумының төрағасы Жұмабек Тәшенев, идеология бойынша Н.Жандилдин және Сәбит Мұқанов, Жұмағали Саин, Сақтаған Бәйiшев, Қасым Шәрiпов, Сырбай Мәуленовтер қатысқан.
Үстел үстiндегi "Қазақ" газетiнiң бiр нөмiрiн, "Айқап" журналының, Ахмет Байтұрсынұлының "Масасын" көрiп, Сәбит Мұқанов керемет күйге бөленiп әсерленедi. Ал, Ахаңның қасиеттi есiмiн естiген бiр дүмшенiң көзi шарасынан шығып үрейленедi. Осында Жұмабек Тәшеневтiң "тайсақтамай, батыл сөйле!" деп Сырбай Мәуленовтi жiгерлендiруi немесе "Социалистiк Қазақстанды" ашқан да сен емес, жабатын да сен емессiң, не тантып тұрсың өзiң?!" деп, әпербақан редакторға зiлдi жауап беруiнiң арқасында басына төнген қауiптен "Қазақ әдебиетi" газетi аман қалады.
1959 жылы Н.С.Хрущев Қытай Халық Республикасының 10 жылдық салтанатына қатысып Мао Цзе Дунның дастарқанында рабайсыз, даңғаза, көпiрме сөздер айтып, желiгiп-желпiнiп сөйлейдi. Атыңыздың басын тартыңыз дегендей Жұмабек Тәшенев ишарат жасайды. Жол үстiнде Н.С.Хрущев кешегi Маоның тiлмашы қазақша не айтқанын сұрайды. Сол заматта Тәшенев: "Мынауыңа айт, көп ойлап, аз сөйлесiн дейдi". КСРО Қаржы министрi Б.Ф.Гарбузовқа: "Албанияның Премьер-министрi Мехмет Шеху келсе, далаға жүгiрiп шығып, есiк алдында қарсы алар едiң. Ал, Албаниядан он есе үлкен Қазақстанның Премьер-министрiмен неге дұрыс сөйлеспейсiң" — деп, әдепсiздiгi мен әдiлетсiздiгiн бетiне басады. Я болмаса, КСРО Жоғарғы Кеңесi Президиумы төрағасы мiндетiн атқару барысында бiр украин ғалымының жауапты адамның өлiмiне себепкер болуына байланысты тағылған айыпқа (өлiм жазасына) қол қою керек болған. Бұл жағдай К.Е.Ворошиловпен келiсiлген. Бұған қарамастан Тәшенев түрмеге барып, мәселенiң анық-қанығына, ақиқаттығына көзiн жеткiзген. Сөйтсе, оның өзi қария екен, әрi қылмысқа қатысы тiптi жоқ көрiнедi. Содан ол Н.С.Хрущевқа баяндайды. Ол "Ты — молодец!" деп, Тәшеневтiң шешiмiн толық қуаттайды.
Қазақ әдебиетiнiң классиктерi Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiрепов Бауыржан Момышұлының екi мәрте Кеңес Одағы Батырлығына ұсынылғанын Жұмабек Тәшеневке баяндап, жоғарғы жақпен сөйлесiңiзшi деп қолқа салады. Ол Мәскеуде Б.Момышұлының құжаттарымен егжей-тегжейлi танысып, iстiң кiлтi Кеңес Одағының Маршалы И.С.Коневте екендiгiн бiлген соң, онымен кеңеседi. Ол "Мен өз өмiрiмде ешқашан бiр айтқан пiкiрiмдi өзгерткен адам емеспiн" дейдi.
Жұмабек Тәшенев "халық жауларын" ақтау комиссиясын басқарады. Нәтижесiнде С.Сейфуллин, I.Жансүгiров, Б.Майлиндер ақталады. 1958 жылы Мәскеуде қазақ әдебиетi мен көркем өнерiнiң онкүндiгiн ұйымдастырады. Бес дарынға КСРО Халық әртiсi атағын алып бередi. Сондай-ақ, қыран жүректi дауылпаз мiнездi Жұмабек Тәшенев Алматыдағы айтулы даңғылға Абай есiмiн бергiзуi, Абай ескерткiшiнiң құйылуын қадағалауы, Қазақстандағы ядролық жарылыстарға қарсылық жасауы, Мұхтар Әуезовтi Лениндiк сыйлыққа ұсындыруы, Алматы шаһарының ортасынан қазақ зиялыларына пәтер бергiзуi, Алаштың ардақтысы Мағжан Жұмабаевтың зайыбы Зылиқа анамызды пәтерге орналастыруы, Нұрмолда Алдабергеновке екiншi рет Алтын жұлдыз әперуi және т.с.с. елдiк-ерлiк қайырымды iстерi халық жүрегiнде, ел жадында жаңғырады.
1941 жылы құрылған "ЕСЕП" партиясы ("Елiн сүйген ерлер партиясы") төрағасының орынбасары, ұстаз-педагог Махмет Темiрұлы (1923 жылы туған) "аждаһаны ауыздақтаған баһадүр" "Жұмабек Тәшенев" дейтән дастанында: Төнгенде қара түнек көктi торлап,
Шешкен жан шиелi iстi оймен толғап.
Аузынан аждаһаның жұтам деген,
Жан салып, ел мен жерiн аман қорғап.
Жаралған алып батыр, ердiң ерi,
Қазақтың асып туған кемеңгерi.
Жұмабек жан пида деп кiрiспесе,
Зар жылап қалар едi қазақ елi — деп толғайды.
"Тарих деген шежiре, уақыт деген алып бар" деп, Жұмабек Тәшенев өзi айтқандай, сұңқар тектi айтулының пiрi, заманның дауылпаз дүрi, берекелi қимыл-әрекетi тiрi оның тарихи еңбегi уақыт екпiнiмен iлесiп iлгерi басады.
Халық перзентiнiң кiсiлiк, қайраткерлiк жөнiндегi "жiгiттiң арланы" (Нұрмолда Алдабергенов), "кiсендеулi дала жолбарысы" (Сағадат Нұрмағамбетов), "халықтың қайсар перзентi" (Еркiнбек Тұрысов), "арыстан тектi тұлға" (Керiмбек Сыздықов), "ағып тұрған шешен" (Айтбек Бердалин) дейтiн түйiндi ой-моншақтар оның асқақ тұлғасын жарқырата түседi.
Рухани кемелдiлiк — Жұмабек Тәшенев болмысының нұрлы сипаты. Жазушы Әбжаппар Жылқышиевтiң айтуынша: "Жұмекең ғұлама адам едi. Ел тарихы, өнер мен әдебиет, саясат пен экономика, мәдени құрылыс" жайына жетiк екен… Сөйлеген сөзiнiң анықтығы мен нық айтылуынан бойында қажымас қайрат, жасымас жiгер бары айқын сезiлiп тұрушы едi".
Ол Абай өлеңдерi мен "Еңлiк-Кебектi" жатқа заулатқан, халық әндерiн iңкәрлiкпен тыңдап әсерлi қабылдаған. 1934 жылы Алматыда өткен халық өнерпаздарының республикалық бiрiншi слетiне қатысқан.
Ендi бiр-екi ауыз сөз. 1975 жылдың сәуiр айының басында Қазақ ССР Министрлерi Советi жанындағы мемлекеттiк құпияны сақтау жөнiндегi комитеттiң бұрынғы төрағасы, зейнеткер Әбдiрашит Шалабаев (1910 жылы туған) дүниеден озған едi. Бұл азамат Iлияс Есенберлиннiң даңқты романдарын жариялауға мүмкiндiк тудырған, қолдау жасаған. Марқұмның отбасына көңiл айтуға Жұмабек Тәшенев келген-дi: Терең ой, қалың мұңның құшағында сыңайлы көрiндi. Бұл да түсiнiктi. Жасың жеттi деп зейнеткерлiкке шығарған екен. Сондықтан да сыр суыртпақтап сұрауға әрi жас болғандықтан батылым жетпедi. Осы жылдың аяғы болатын. Алматы көшелерi көктайғақ, жалтырап жатқан-ды. Қызметтен кейiн Калинин мен Төлебаев көшелерiнiң қиылысындағы шағын дүкенге келе жатыр едiм, қасымда бiр ақсақал мұрттай ұшып кетiп бара жатқанда, әп-сәтте жерге түсiрмей қағып алдым.
— Сен, бала, бiр сәт кiдiре тұр, мен айран, сүт алып шығайын — дедi. Көп бөгелген жоқ.
— Мынау үйде тұрамын, жеткiзiп сал. Сен менi бiлесiң бе, мен — Дәуленовпiн — дедi.
— Иә, иә. 1960 жылдарда "Социалистiк Қазақстан" газетiнiң бетiнен сiз туралы оқығаным бар — дедiм. Ар жағын айтқан жоқпын.
С.Дәуленов тың өлкесiнiң мән-жайын айта бастады.
— Жер кетiп бара жатыр. Тәшеневтiң де жаны күйiп, отқа түскен көбелектей шырылдайды. Мен сол мезетте обкомның люстрасын сындырып, күл-паршасын шығарды — дедi.
— Мынау менiң пәтерiм. Үйге кел. Әңгiмелесейiк. Баспанаң жоқ болса академияның президентi Асқар Қонаевқа айтайын — деп қоштасты.
Сонау бiр аждаһаның аузынан аман алып қалған жерiмiздiң тағдырын, тарихын тереңдеп түсiнуге, тебiренiп ой толғауға қолайлы сәттердi дұрыс пайдаланбағаныма осы уақытқа шейiн өкiнемiн…
Серiк НЕГИМОВ, филология ғылымдарының докторы