Жаңалықтар

ЖАЛЫНДАП ӨТКЕН ЖАН ЕДI

ашық дереккөзі

ЖАЛЫНДАП ӨТКЕН ЖАН ЕДI

Абзал азамат Абайдiлда Дәулетбаевты еске алғанда…

Жақында қолыма Абайдiлда Сыздықұлы Дәулетбаев туралы кiтап түстi. Абайдiлда (өз тiлiмiзбен айтқанда — Абай) бiздiң қадiрлi замандасымыз болатын. Сыр өңiрiнде Абайды бiлмейтiн атқа мiнген азамат жоқ шығар. Ол әрқашан бәрiмiзге керек адам едi. Қасымызда болғанын қалаушы едiк. Жақсы iсiмен де, жағымды мiнезiмен де бәрiмiздi ширатып, өмiрге деген құштарлығымызды арттырып жүретiн едi. Ортамыздан кеткенi кеше ғана ғой. Аңқылдап жүрiп, аққан жұлдыздай жарқ етiп өте шықты ғой бұл фәниден. Орны ойсырап-ақ тұр. Оның жарқын бейнесi өзiн бiлген әр пенденiң көз алдында әлi жадырап, шуақ төгiп тұрғанына менiң шүбәм жоқ.

Бiр ғажабы, кiтапты Абайдiлданың ұлы, ғылым докторы, Алматы дәрiгерлiк колледжiнiң директоры Дамир Даулетбаев жазып шыққан екен. «Менiң әкем Абайдiлда Сыздықұлы Дәулетбаев» деп аталады. Осы бiр сөз тiркесi шығарманы қолға алған сәттен-ақ санаңды селт еткiзедi екен. Жүрегiмiзге жаз орнап, жанымыз жалауланып жүре бердi.

Абай еңбеккер жан, бiлiктi маман, бiлiмдi басшы, қабырғалы қайраткер, сенiмдi дос, адал жар, өнегелi әке болды. Үлкенге iлтипатты iнi, кiшiге iзеттi аға, өзiн бiлген ел-жұрты алдында бұғаналы бел едi. Бiз оны осылай бағалап, жүрегiмiзде солай сақтап қалдық. Мына кiтап оның осы қалпын бiздiң кеудемiзде орнықтыра түскендей. Оның тұғырлы тұлғасын санамызда тағы бiр жаңғыртып алаулата түскендей, асқақтата түскендей, сағындыра түскендей.

Абай Орынбор — Ташкент темiр жолының бойындағы Қараөзекке таяу №9 жол бекетiнiң етегiне жайғасқан Майлықұм ауылында дүниеге келдi. Осы темiржолдың Қызылордаға кiре берiстегi номерi 11 бекетiнiң шығыс қапталындағы Тереңсай ауылында мен туған екем. Екi бекет арасы 15 шақырым. Жер табиғатына сәйкес, ел тынысына сәйкес, дәуiр деңгейiне сәйкес екеумiздiң тағдырымызда ұқсастық та көп сияқты. Жақсыда жаттық жоқ деген емес пе — тез табыстық. Жан жарастығы барған сайын жарқырай түстi.

Абай да көбiмiздiң көзiмiздi ашып, кеудемiзге қобыз орнатқан қаладағы №1 мектепте оқып, о бастан есепке жүйрiктеу болған соң инженер болам деп Ташкенттегi транспорт институтына кеттi. Оқу бiтiрiп келген соң қалада 3-4 жыл "Автотрактородеталь" заводында инженер-технолог мамандығы бойынша жұмыс iстедi. Бiр өкiнiштiсi, мен қызмет бабымен 1967 жылы Алатау бөктерiне ауысып кеттiм де Абайдың кейiнгi тағдырына тiкелей куә бола алмадым. Осында Абайдың қасында қалған достарыма қызығатыным да содан. Олар Абай жөнiнде желпiнiп сөйлейтiн болып алды. Әрине, арагiдiк өзiмiз де кездесiп тұрдық қой. Сирек ұшырасқандағы атүстi әңгiмеде не сырласып жарытасың. Алайда әр жолыққанда Абайдың ойлы көзiнiң терең түкпiрiнен шексiз нұр толқып шығып сенiң жүрегiңе өлшеусiз жылу жөнелтiп жататынын аңдамай қоймайтынсың. Осы сәт көздi ашып-жұмғанша ғайып болып, әрқашан әлдебiр бұлақ әуенiне қанбай қалар ең. "Апыр-ай! Мұнша қуат пен шуақ бiр кiсiнiң бойына қалай сыйып тұр?" деп аңтарылып қала беретiнсiң.

Абай дарынды жас маман ретiнде өзiнiң терең бiлiмiмен, қажымас қайратымен, қолға алған iсiне ризашылығының арқасында бар ынта-ықыласымен жан аямай қызмет атқарып айналдырған жетi жыл iшiнде әлденеше сатыдан өтiп, қатардағы инженерден зулап отырып зауыт директорына дейiн көтерiлдi.

Абайдың iскерлiгi мен бiлгiрлiгiнiң арқасында Кәсiпорын қайта жасақталып, аз уақытта ауыл шаруашылық машина (жатка) жасау өндiрiсiнiң флагманына айналды. Өндiрiстi жетiлдiру процесiнде өзiнiң жеке конструкторлық бюросын ашу қажеттiгi туды. Ол оңай шаруа емес едi. Қиыр шетте қиуы кем күн кешiп жатқан, болашағы беймәлiм, өрiсi ашыла қоймаған, өңi жұқа өңiрге Орталық құшақ ашып, құлшына қол ұшын бере қоймайтын. Бұл позицияға тосқауыл қою үшiн аса бiтiмдi болмыс керек. Абайдың ерiк-жiгерi осы құлықты өзгерттi. Мұнымен қоса зауыттың құрылымдық, кадрлық, қаржылық мәселелерiн шешу жолында Абай КСРО-ның түрлi кәсiпорындарымен байланыс орнатып, Москва, Таганрог, Ижевск, Ростов, Тула, Бердянск қалаларында болды. Одақтың Министрлер кабинетiнiң жетекшiлерi Тихонов, Силаев, автотранспорт өндiрiсiнiң жетекшiсi Ежевскийлерге қайта-қайта кiрiп, қажеттi шешiмдерге қол жеткiзiп отырды.

Сөйтiп Қызылорданың кебiр топырағында қанатты кәсiпорын дүниеге келдi. Оның жүйесiнде жаңа цехтар ашылды. Жатка шығару әдiсi жергiлiктi жұмыс ыңғайына сәйкес жыл сайын модернизацияланып, Одақта талай конкурстың жеңiмпазы атанып отырды. Бұл iстiң барысында Абай әлденеше өнертапқыштық жаңалықтар ашып, Орталықтан оншақты авторлық куәлiктер алды. Завод өнiмi республика мен Одақ қана емес Куба, Вьетнам елдерiне де тарайтын болды. Жұмысшылардың еңбек жағдайы жақсарды, жалақысы өстi. Завод төңiрегiнде жаңа ғимараттар: асхана, медпункт, балабақша, спорт алаңы, көпқабатты тұрғын үй, жатақхана салынды. Кәсiпорынның жұмысшыларының игiлiгiне бағытталған мөлдек мал шаруашылығы да пайда болды.

Сыр елiнiң тағдырында күрiш егу басты кәсiп болып қалыптасқаны барша жұртқа белгiлi. Ол су астында жатып сабақтанып, суда тұрып пiсетiн дақыл екенiн бiреу бiлсе, бiреу бiлмеген де шығар. Бала күнiмiзден балағымызды түрiп су кешiп жүрiп күрiш отадық. Күзде жатып қалған күрiштi орамыз деп тiлiм-тiлiм болған қолымызды удай ашытып, таңғы шықпен қайтадан ораққа салатын ек. Абай бiздi сол бейнеттен құтқарған.

Кейiн үлкен үйде қызмет атқарып, кадр мәселесiмен айналысқан кезiмiзде Елiмiздiң iрi өндiрiс орындарында болып, олардың басшыларымен ел экономикасының күрделi мәселелерi жөнiнде сырласқан сәттерiмiз аз болған жоқ. Солардың iшiнде аздаған ұлттық кадрлар да кездесетiн. Бәрi де сынақтан өткен сайдың тасындай, қандай бiр жауапты iс болса да жұмыла кетуге әзiр тұрған, кеуделерiндегi оты жанарындағы үмiтiн қамшылап, армандарын айшықтап тұратын жiгерлi де бiлiмдi жандар болатын. Бiрақ солардың көбiне жетекшiлiк қызмет тие бермейтiн. Абай солардың iшiнде шоқтығы биiк жан едi. Оның биiктiгi iзденiмпаздығында, қоғам мүддесi мен мемлекет мүлкiне адалдығында, қолға алған iсiнен тиiмдi нәтиже шығармай тынбайтын табандылығында болатын.

Абайдiлда Сыздықұлының еңбегi елеусiз қалған жоқ, әрине. Ол кiсi 11 мәрте қалалық кеңестiң, үш дүркiн облыстық кеңестiң депутаты болып сайланды. "Құрмет белгiсi" орденiмен, бiрнеше медальдармен марапатталды. Ибрагим Әбибуллаев айтатын көрiнедi ғой: "Әбекең машина жасаудағы жаңалықтарымен мемлекеттiк сыйлыққа лайық iс атқарды" деп. "Игiлiктiң ерте-кешi жоқ" деген. Алаштың мейiрiмдi ұрпағы күндердiң күнiнде орайын келтiрiп бұл шаруаға да қайтып оралар. Жаңадан салынып жатқан бiр заводқа және бiр мектепке Абайдың есiмiн берсе де артық болмас едi. Орнын тауып ескерткiш орнатуға да лайық тұлға.

Абайдiлда өткен жылы 13 мамырда 71-ге қараған жасында дүние салды. Артында аяулы жары Күлжан мен асылдың сынығындай ұрпағы қалды. Ойсырап қалса да, қатар өскен ортасы қалды. Ескерткiштiң ең үлкенi — солардың кеудесiнен өшпейтiн Абайдың ақжарқын дидары мен мына бiздiң алдымызда жатқан кiтап.

Ал ендi осы бiр атпал азамат жөнiнде жадымызды жаңғыртып отырған осынау шұғылалы шығармаға тағы бiр көңiл аударайықшы. Кiтап көркем безендiрiлiп, сапалы қағазға мәңгiлiк мұқабамен басылып шыққан екен. Көз қуантар алғашқы әсер осы.

Ал оның iшкi мазмұны сыртқы сипатынан әлдеқайда бай. Басылым естелiк түрiнде жазылған. Мұнда Дамирдiң өзiмен қатар Абайдың замандастары да сөз алған. Оқып шыққанда жаңа дәуiрдiң жаңа өндiрiсiнiң дүниеге келуi, және оның жаңа типтi басшысының қалыптасу процесi жайлы қызғылықты көркем роман оқып шыққандай әсерге оранып, тынысың кеңейiп қалады. Кiтаптың құрылымы көңiлге қонымды, тiлi — шұрайлы.

Әкесiнiң өмiр жолын, қоғамдық еңбегiн, қайраткерлiк кескiнiн барынша егжей-тегжейлi баяндай келе Дамир оның кiсiлiгiн қадап-қадап көрсетедi, iшiнара құнды өсиеттерiн жадында жаңғыртып отырады.

"Дүние-мүлiк мәңгiлiк емес, қызмет қолдың кiрi, ал бiлiм мен ақыл — ол сенiң тұрақты байлығың" — дейдi Дамирге әкесi. "Ешкiмнен қарыз алып, мал жинама, табан етiңдi тоздырып, маңдай терiңдi төгiп жинаған дүние сiңiмдi болады".

"Әкем өзiнiң кемшiлiктерiн де бiлушi едi, — дейдi Дамир, — Сол үшiн Алладан кешiрiм сұрап отыратын. "Қателестiң бе, оған өзiң кiнәлiсiң, ол үшiн ағайынмен араздаспа". "Ешкiмге қиянат жасама, адал бол!"

"Әкең өлсе де, әкеңнiң көзiн көрген өлмесiн" деген мәңгiлiк, мұқалмайтын нақыл бар емес пе? Абай туралы оның достары мен жолдастары, туыстары мен әрiптестерiнiң де естелiктерi кiтаптан кең орын алған. Олар бiрiн-бiрi толықтырып, айдарлы азаматтың байыпты болмысын, берекелi бейнесiн барынша шырайлы етiп шынайы ықыласпен көркем кестелеп шыққан.

Ғұлама Конфуций: "Адамдар көп, кiсiлер аз" деген екен. Әбекең сол аз кiсiнiң бiрi едi. Ол аспай-саспай, ешкiммен сөз жарыстырмай, үзеңгi қағыстырмай, ешкiмнiң алдын кеспей, кеудесiн ешкiмге бастырмай, көсемсiмей, шешенсiмей, тура отырып, тура тұрып, тура жүрiп, тура сөйлеп, адамдықтың атын жоғары ұстаған күйi өмiрден өттi" деп еске алады Тұрғанбай досы. Бұған қалай қол қоймассың.

Асылы бұл кiтапты түгел оқып шықпай мейiрiң қанбайды. Тағлымы тым тамырлы. Өмiрдiң мәнi жайлы, жан тазалығы жайлы, биiк мақсат, адал еңбек жайлы. Өскелең ұрпақты келелi iске, iзденiмпаздыққа баулуда атқарар қызметi ұшан-теңiз. Оқу керек бұл кiтапты. Ешкiм де ұтылмайды. Әсiресе, басшы қызметкерлер үшiн, өндiрiстi ұйымдастырушылар үшiн өте тиiмдi еңбек деп бiлем. Мен бұл кiтапты солардың столының үстiнде жататын жетекшi методикалық басшылық құралына айналар деп үмiт етем.

Садықбек ХАНГЕЛДИН, ақын