АЛАШТЫҢ ҮНI
АЛАШТЫҢ ҮНI
Қазақ жайы
Тiршiлiк — бәсеке, жарыс. Дүние — бәйге үйлестiрушi. Озғанға қарай бәйге бередi. Жарыстың алды боп келген бәйгенiң алдын алады, ортасы боп келген ортасын алады, соңында қалған бәйгеден тiптi құр қалады. Дүниенiң iсi осылай болған соң адамнан адам, жұрттан жұрт, ұлттан ұлт озсам дейдi. Озғанның iсi қай орында да болса, үстiн түсiп, қалғанның iсiн баспақшы. Ғылым, өнерiмен асқандар, бiлiмсiз, өнерсiздердi бiлiмiмен жығып, аяғына баспақшы. Малымен асқандар байлығымен қамыттап жұмысына жекпекшi. Бiз өзiмiзбен өзiмiз болып, басылып бара жатқанымызды, батып бара жатқанымызды бiрақ бiлетiн көрiнемiз. Бiзде ғылым жоқ, өнер жоқ, кәсiп жоқ. Бұлардың бұрын жоқтығы керегi болмағаннан едi. Ендi де керек емес пе? Оқымаған, өнерсiз, кәсiпке ебi жоқ адам басқаларға жалданған малайлықтан басқа неге жарайды?
Мiржақып ДУЛАТОВ,«Қазақ газетi», 1913 ж.