ЕУРОПАНЫҢ КӨГIЛДIР ОТЫНСЫЗ ҚАЛУ ҚАУПI БАР
ЕУРОПАНЫҢ КӨГIЛДIР ОТЫНСЫЗ ҚАЛУ ҚАУПI БАР
Бұдан бұрын жазғанымыздай Еуропа мен Белоруссия арасындағы газ тасымалының дауы әлi шешiлер емес. Газ тұтыну мен тасымал төңiрегiнде туындаған келеңсiздiктер Еуропаны газсыз қалдыруы мүмкiн. Осыған қарамастан екi тарап та өз айтқанынан қайтпай отыр.
Жыл басынан берi Белоруссия келiсiмшартта көрсетiлген бағаны ысырып қойып, "Газпром" газын ескi тариф бойынша алып отырған. Осылайша оның қарызы 192 миллион АҚШ долларына бiр-ақ жеткен. Қарызды қайтаруға келгенде белорустар тым жайбасар болып шықты, тiптi әуел баста қарыздың бар екенiн мойындаған да жоқ. Осы кезде Мәскеу сес көрсетуiн үдете түстi. Алғашқыда белорусь тұтынушыларына жөнелтiлетiн газды – 15 пайызға, келесi күнi – 30%-ға қысқартты. Бұл дегенiңiз күнiне 35 миллион текше метрге кемудi көрсетедi. Амалдың жоқтығынан жедел әрекеттерге барған Мәскеу мұнымен тоқтамайтынын ескерттi.
Сондықтан да Белоруссия газдың ақшасын дереу қайтаруға кiрiстi. Алдымен Минск "машина құрылғыларымен және аулышаруашылық өнiмдерiмен" есеп айрысуды ұсынды, бұған көнбеген соң 5 шiлдеге дейiн соза тұруын сұрады. "Газпромға" ет, май, iрiмшiктiң керегi жоқ" деп қайырды РФ президентi Медведев. Iс насырға шапқан соң Белоруссия президентi Александр Лукашенко "достарынан қарызға ақша алғанын", сондай-ақ "Газпромның" бекiткен бағасы бойынша мамыр айына да төлегенiн айтты.
"Газдың ақшасын келiсiмшартта қойылған тариф бойынша төлеуге келiсiп, қарыз өтелгенi расталды", – дедi "Газпром". Десе де қарыз түгелдей өтелген жоқ. Сондықтан Минскiге жөнелтiлетiн газ көлемi әлi азайтылған күйiнде. – Мұндай ақшаны алтын қорынан ала алмаймыз, курсты ұстап отыруымыз керек. Бюджеттен де ала алмаймыз, қаражаттың жұмсалатын өз орны бар. Басқа адамдар бiр күннiң iшiнде қарызға ақша бердi, ал Ресей болса күте тұрудан мүлде бас тартты, – дейдi Лукашенко.
Бұл жерде мәселенiң екiншi жағы да бар. Белорустардың қарызды толығымен өтемеуiне осы да себеп болып отыр. Ресейдiң Еуропаға газ тасымалдайтыны белгiлi, сондай-ақ бұл транзиттiң бiр тармағы Белоруссия аймағынан өтетiнi де белгiлi. Еуроодақ көлемiнде қолданылатын газдың 6,25%-ы белорус аймағы арқылы жеткiзiледi. Мәскеу бұл транзиттiң өтемақысын қаңтар айынан берi бермеген. Ендеше Ресей де Белоруссияға қарыздар. Алайда мұны ескерiп отырған олар жоқ, керiсiнше "Газпромның" жоғын жоқтаумен жүрiп, өз қарызын төлеудi ресейлiктер қаперге алар емес. Ресей қарызы – 260 миллион доллар. Өз кезегiнде "Газпром" қарыздың барын жоққа шығарған жоқ, ал "тасымалдау қаражатын қайтарайын десе, жыл басынан берi Белоруссия тасымалдау жұмыстарының актiсiне қол қоймаған". Лукашенко қарыздарды өзара есепке алып, қолма-қол ақшасыз-ақ мәселенi шешпек болған. Бiрақ Ресей қол қойылмаған актiге ақша төлеуден бас тартты. Есесi кеткен белорустар өз бетiнше тағы батыл қадамға барып, Белоруссия вице-премьерi Владимир Семашко ресейлiк газ транзитiн бекiтiп тастауға пәрмен бердi.
Екiжақты ерегiс салдарынан Еуропа тұтынушыларына газ жеткiзуге қауiп төнiп тұр. Сонда да Батыс елдерi бұл қақтығысқа араласар ниет танытып отырған жоқ. Европарламенттiң төрағасы Ежи Бузек мұндай текетiреске араласудың қажетi жоқ, бұған дейiн Ресей мен Украина арасында да орын алған дейдi.
– Екi ел арасындағы қарым-қатынасқа бiз араласпаймыз, мейлi Украина, мейлi Белоруссия мен Ресей арасында болсын, Еуроодақ бұл қақтығыстың шешiлуiне ат салыспайды, – деп кестi. Дегенмен Еуропаға газ тасымалдауға кедергi болмаса деп тiлейдi. Ал Украина өз аумағы арқылы Еуропаға тасымалданатын газ көлемiн арттыруға келiсiп отыр. "Газпром" төрағасы Алексей Миллер газды басқа бағыттар бойынша тасымалдау қиынға түспейтiнiн айтты. Жаз күндерi газ аз пайдаланылады, сондықтан құбырларды 100 пайызға толтыруға болады.
Мәселенiң мұндай шешiмдерi шығып тұрған соң, сарапшылар тез арада шешiм табылатынына сенiмдi. Әйтсе де Украина мен Белоруссия мысалдары Ресейдiң газ арқылы көршi-қолаңды уысында ұстап отырғанына дәлел бола алады. Украиндардың экс-президентi Виктор Ющенко тұсында "газ қақтығыстары" бiрнеше рет қайталанды, нәтижесiнде Украина газға батысеуропалық тұтынушылар бағасымен төлеуге мәжбүр болды. Ал жақында таққа Виктор Янукович келдi. Оның келуi Кремльмен екi арадағы достық қарым-қатынасты үдете түстi. Сарапшылар Януковичтiң Ресей үкiметiнен қолдау тауып отырғанын айтқан болатын, расында көп ұзамай-ақ алыс-берiс басталды. Кремль газ бағасына 30 пайыздық жеңiлдiк жасады, айырбас ретiнде Қырымдағы әскери-теңiз базасы одан әрi пайдалануға қалдырылды. Ал белорустарға жасалған қысым Кедендiк одақпен тығыз байланысты дейдi сарапшылар. Соңғы кездерi Лукашенко батысеуропалық әрiптестерiмен өте тығыз байланыста. Сондықтан Кедендiк одаққа – ортақ интеграциялық кеңiстiкке кiруге асығар емес. Белорустар кедендiк одаққа кiргенi үшiн Ресейден келетiн мұнайды кедендiк баж салығынсыз тасымалдауды сұрап отыр. Өз мүддесiн көздеп отырған Кремль белорустардың жуық арада ешкiмнен газ сұрай алмайтынына көзi жетедi.
Белоруссияда газ қоймалары, болмаса қор сақтайтын кәсiпорын мен коммуаналды шаруашылықтар жоқ. Ал Еуропада керiсiнше газдың үлкен қоры бар, сондықтан Минск газ транзитiн тоқтатқан күнде де ешбiр қауiп болмайды. Бұл текетiрестiң тағы бiр астары бар. "2004 жылы Ресей ең бiрiншi рет Белоруссияға газ жiберудi тоқтатқан болатын. Сол кезде Александр Лукашенко "газ қақтығысын" екi тәулiктiң iшiнде шешiп тастаған-ды. Олар Польшаға тасымалданатын газды бұрып алды, одан кейiн Литваны бекiттi. Ал Калининград облысына газ Литва арқылы жөнелтiледi. Нәтижесiнде бүтiндей бiр облыс бiр тәулiк бойы газсыз қалып, Ресей саясаткерлерi мен "Газпромды" дереу тәубесiне келтiрдi", – деп жазады "Коммерсантъ" газетi.
Алайда, көгiлдiр отынға қатысты туындаған дау Астана қаласында шешiмiн тапты. 5 шiлдеде Астанада Кедендiк одаққа мүше мемлекеттердiң саммитiнде үш мемлекет те Кедендiк Кодекске қол қойды. Бұған дейiн Белоруссия мен Ресей арасындағы "газ қақтығысы" белорустардың Кедендiк одақты ратификациялауға асықпағанына байланысты орын алды деген жорамалдар болған. Бiрақ бейбiтшiлiк пен татулықтың нышанына айналған Астанада Д.Медведев пен А.Лукашенко газ тарифi мен транзитi бойынша бейбiт келiсiмге келдi.
Ақниет ОСПАНБАЙ