Кедендiк одақ: АСТАНА САММИТIНДЕ БЕЛОРУССИЯ РАЙЫНАН ҚАЙТТЫ
Кедендiк одақ: АСТАНА САММИТIНДЕ БЕЛОРУССИЯ РАЙЫНАН ҚАЙТТЫ
5-шiлдеде Астанада Кедендiк одаққа мүше мемлекеттердiң саммитi ту көтердi. Саммитте ымыралас үш мемлекет бiр ауыздан Кедендiк одақтың Кедендiк кодексiне қол қойып, оның өмiрге жолдама алғандығын мәлiмдедi.
КЕДЕНДIК ҮШТIК БОЛАШАҚТАН МОЛ ҮМIТ КҮТЕДI
Бұған дейiн жазғанымыздай, Белоруссия Кедендiк одаққа ену арқылы газ және мұнай өнiмдерiн кедендiк баж салығынсыз алуды көздеген едi. Ал, Ресей тарапы Кедендiк одақ аясындағы келiссөздердiң мұнай өнiмдерi мен газға қатысы жоқ екендiгiн айтып, екi ел арасында газ дауы өрбiген болатын. Беларусь лидерi сол себептi де Кедендiк кодекске қол қоюды кейiнге қалдырып келдi. Сөйтiп, 1-шiлдеде Ресей мен Қазақстан Кедендiк кодекске Беларуссыз қол қойған едi. 2 шiлдеде Ресей мен Беларусь арасындағы газ дауына нүкте қойылды. Олар Ресей газы мен тасымал құнын өзара келiстi. Бiрақ, қалай келiскендiгi жайында әзiрге ақпарат жоқ. Сөйтiп, 3-шiлдеде Белоруссия Кедендiк кодекстi ратификациялады.
Саммиттен кейiн өткен брифингте РФ президентi Дмитрий Медведев Кедендiк одақтың Ресей үшiн "абсолюттiк басымдық" екендiгiн мәлiмдедi. "РФ үкiметi Кедендiк одақтың жұмысына аса назар аудару керек. Бiз осы бағытта алғашқы қадамдарымызды бастап жатырмыз. Кедендiк одақ басы артық проблема тудырмауын қадағалау керек. Кедендiк одақ бұл жаңа конструкция, сондықтан бiздiң бизнесiмiз қалыпты жағдайда жұмыс iстеуi тиiс. Көптеген кәсiпкерлер Кедендiк одақ аясында қалай жұмыс iстейтiндерiн бiлмей жүр. Көбi бизнесiмiз тоқтап қалады деген үрейде. Бiз адамдардың келiп-кетуiн, тауар әкелу мен ақша айналымын қиындатпауымыз керек. Саяси қолдау менiң де қолымда емес, бұл бiздiң әрiптестерiмiздiң мойнындағы жүк" дедi ол. Федеральды кедендiк қызметтiң жетекшiсi Андрей Бельянинов аталған ведомствоның Кедендiк одақ шарттары бойынша жұмыс iстей бастағанын айтты.
Астанада Белоруссия президентi Лукашенко ЕурАзЭҚ-қа мүше мемлекеттердiң саммитiнен кейiн журналистерге берген сұхбатында: «Кедендiк одақ халыққа пайда әкелуi керек» деп мәлiмдеген ол. «арықарайғысын көре жатармыз» дедi.
КЕДЕНДIК ОДАҚ КЕРЕГЕСIН КЕҢЕЙТПЕКШI
REGNUM Новости ақпараттық агенттiгiнiң хабарлауынша, Қырғызстанның президентi Роза Отунбаева Астанадағы ЕурАзЭҚ саммитiнде: "Қырғызстанда Кедендiк одаққа ену мүмкiндiктерiмiздi қарастыратын комиссия құрылды. Бiз Кедендiк одаққа енуге бел байладық" деген мәлiмдеме жасаған. Егер Қырғызстанның Дүниежүзi сауда ұйымына мүше екендiгiн ескерсек, ол бұл қалпында Кедендiк одаққа ене алмайды. Бiрақ, Ресей барлық посткеңестiк елдерге өз әмiрiн жүргiзу мақсатында оларды Кедендiк одақ аясына бiрiктiрудi көздеп отырғанға ұқсайды. Газ соғысында бiр бұлқынған Белоруссия да жуасып, Кедендiк кодекстен керi айналып кетпедi. Ендiгi кезек Қырғызстанға жетiп отыр. Ал, Ющенконың президенттiгi тұсында қарым-қатынастары мүлдем ушығып кеткен Украина да Ресейдiң қолтығына енуге әзiр секiлдi. Украиналық сарапшылар Украинаның Еуропа мен Ресей арасында таңдау жасау қажеттiгiн айта бастады. Ресейдiң "Росбалт" агенттiгiне сұхбат берген Халықаралық трансформация институтының директоры, экономист Олег Соскин: "Ресей, Белоруссия және Қазақстан бiртұтас экономикалық кеңiстiк құрды. Бұл Украина үшiн бiршама қиындықтар туғызады. Ендi Украина Белоруссия мен Қазақстанның рыногына шыққысы келсе, РФ-мен келiсiп, бiрыңғай талаптарды орындауы тиiс. Екiншi жағынан Ресеймен келiсе отырып, Кедендiк одаққа мүше басқа елдердiң есiгi ашылатын болады. Бiртұтас Ресей-қазақ-беларусь алаңы Армения, Өзбекстан, Түркiменстан және Қырғызстанды тартатын болады" дейдi. Соскин Украинаның Кедендiк одаққа мүше болуы қиын екенiн де айтады. Өйткенi, Дүниежүзi сауда ұйымына мүшелiк Кедендiк одақтың ережесiне қайшы келедi. Экономист егер Кедендiк одақ саясаты дұрыс жолға қойылып, бiртұтас валюта құру идеясы жүзеге асатын болса, бұл Украина экономикасы үшiн аса қауiптi болады деген пiкiрде. Өйткенi Украинаның бұл елдермен сыртқы сауда айналымы барлық сауда айналымының 40%-ын құрайды. Олег Соскин Украинаның Батыс пен Шығыс арасында таңдау жасау қажеттiгiне баса назар аудара кеткен.
P.S. Қаржы министрi Болат Жәмiшевтiң мәлiмдеуiнше, бұған дейiнгi келiссөздер бойынша, кедендiк баж салығынан түскен кiрiстiң 87,97%-ын Ресей иеленсе, 7,33%-ын Қазақстан, 4,7%-ын Беларусь иеленедi.
Есенгүл Кәпқызы