Жаңалықтар

ӨМIРIН ӨНДIРIСКЕ АРНАҒАН ҒАЛЫМ

ашық дереккөзі

ӨМIРIН ӨНДIРIСКЕ АРНАҒАН ҒАЛЫМ

Қазақ: "Жiгiтте де жiгiт бар, азаматы қайда екен. Жүйрiкте де жүйрiк бар, қазанаты қайда екен?"– дейдi. Сондай айтулы азаматтың бiрi – техника ғылымдарының докторы, профессор Марат Жақыпұлы Бiтiмбаев. Оны ғылыми ортадан былайғы жұрттың бiрi бiлсе, бiрi бiлмеуi кәмiл. Ал ұлтжанды азаматты жалпы жұрттың бiлгенi жөн. Мен осы бiр қарапайым жанды көпшiлiкке мәшһұр ету мақсатымен қолыма қалам алдым. Өйткенi, оның өмiр жолдарын басқаларға үлгi етуге әбден болады.

Марат Жақыпұлы – 1940 жылы 18 тамызда Шығыс Қазақстан облысының Зайсан қаласында дүниеге келген. Әкесi Жақып Бiтiмбайұлы 1905 жылы туылыпты. Кеңес өкiметiнiң кезiнде оқып, бiлiм алған. Алғашқыда өзi туған ауылында мектеп директорлығына тағайындалып, шәкiрттер тәрбиелесе керек. Ол кезде шаруашылықты басқаратын оқыған, бiлiктi әрi бiлiмдi мамандардың жетiсе бермейтiн кезi. Аудан басшыларының көзi Жақып Бiтiмбайұлына түсiп, оны колхоз басқармасының төрағасы етiп сайлайды. Жас маман шаруашылықты басқару жұмысын тез игерiп, санаулы жылдардан соң колхозды алдыңғы қатарға шығарады. Содан бастап тасы өрге домалап, совхоз директоры, аудандық атқару комитетiнiң төрағасы, аудандық партия комитетiнiң хатшысы қызметтерiне дейiн жоғарылатылған. Шаруашылықтың қат-қабат жұмыстарында жүрсе де әйелi Шәрiпжамал екеуi бала тәрбиесiн назарларынан тыс қалдырған емес. Ұлы Мараттың болашағынан зор үмiт күтiп, жастайынан еңбек пен оқуға бiрдей тәрбиелейдi. Соның арқасында Марат орта мектептi "Алтын медальға" бiтiрiп, Алматыдағы Қазақ политехникалық институтына түскен. Ол институт қабырғасында жүрiп, үздiк оқуымен, қоғамдық жұмыстарға белсене қатысуымен өзге студенттердiң алды болды. Сол кездiң өзiнде-ақ ол ғылыми жұмыстарға ден қойған. Ұстаздар тапсырмасын орындауда жаңаша iзденiстерiмен танылып, олардың сүйiспеншiлiктерiне бөлене бiлдi.

Марат институтты 1962 жылы үздiк бiтiрiп, алғашқы еңбек жолын Оңтүстiк Қазақстан облысындағы Ащысай түстi металдар комбинатының ауысым бастығы қызметiнен бастады. "Әке көрген оқ жонар" демекшi, ол өз мiндетiнiң қыры мен сырын тез игерiп, еңбек өнiмдiлiгiн арттырудың тиiмдi көзiн тапты. Аз уақыттың iшiнде-ақ ол басқарған ауысым ұжымы социалистiк жарыстың озаты атанып, алдыңғы қатарға шықты. Комбинат басшылары жас жiгiттiң iскерлiгiн бағалап, бұрынғыдан да ауқымды әрi жауапты қызмет – кенiш бастығы етiп тағайындады. Ол бұл қызметтерде де өндiрiс тиiмдiлiгiн арттыратын жаңаша тәсiлдердi батыл ендiрiп, басшылар сенiмiн ақтады. Кенiш жоспарын мерзiмiнен бұрын орындап, ұжымын алға оздырған. Оның өндiрiс басқарудағы әлеуетi басқалардан әлдеқайда жоғары екенi әр бастама жаңалығынан көрiнiп тұрды. Көп ұзамай комбинат директорының өндiрiс жөнiндегi орынбасары қызметiне көтерiлдi. Өндiрiсте жүрiп ғылыми iзденiстер жасап, 1975 жылы техника ғылымдарының кандидаты атанды.

Марат Жақыпұлы бұдан кейiн еңбек жолын Ертiс түстi металдар комбинатында жалғастырды. Комбинаттың бас инженерi қызметiнде жүрiп, өндiрiстiң өнiмдiлiгiн арттыруда сол кездегi озық әдiс-тәсiлдердiң бәрiн кеңiнен пайдалана бiлдi. Бұл кезде "жариялылық" саясаты қоғамдық өмiрге дендеп енген кез едi. Басшыны жоғарыдан тағайындау тоқталып, ұжымдар өз қалаулыларын өздерi сайлай бастаған шақ. Комбинат ұжымы кезектi жиналыста Маратты директор етiп сайлады. Ол бар уақытын өндiрiстi өркендетумен ғана айналысып қоймай, жұмысшылардың әлеуметтiк тұрмыс жағдайларын жақсартуға да баса назар салды. Жұмысшылар құрметiне бөлендi.

Басшылықта iскерлiгiмен танылғандарды қай өндiрiс орындары да өздерiне шақыратыны белгiлi жайт. Марат Жақыпұлын да жан-жақтан шақырушылар аз болмады. Ол 1986 жылы Қазақ ССР Оңтүстiк Қазақстан мемлекеттiк техникалық бақылау округiнiң бастығы қызметiн атқарған. Осы қызметiнде ол өндiрiстегi қаншама олқылықтарды анықтап, орнын толтырды десеңiзшi. Өз өмiрiн өндiрiссiз елестете алмайтын жанның қашанда да бар ынта-ықыласы кәсiпорында болды. Ол сол өндiрiсте жүрсе ғана Отанға көп пайда келтiретiнiн жақсы сезiнген. Ақыры өзiне етене жақын Ащысай түстi металдар комбинаты басшыларының шақыруын қабыл алып, сонда шахта құрылыс басқармасының бастығы қызметiн атқарды. Шахта жұмысындағы орын алған кемшiлiктердi түзеп, iс барысын жөнге салған оны комбинаттың жалпы жиналысында ұжым директоры етiп сайлады. Басшысы iскер ұжымның табыстары қашанда толайым болатыны сөзсiз. Комбинат бiрер жылдың iшiнде еңсесiн тiктеп алды.

Ол 1990 жылы Қазақстан Жоғарғы Кеңесiне депутат болып сайланған. Марат Жақыпұлы заң шығару жұмыстарымен айналысып, ел аманатын орындаған. Алайда ондай бiлiктi жан сол кезде қиюы қаша бастаған өндiрiс жүйесiне аса қажет едi. 1991 жылы оған Үкiмет басшылары Қазақ ССР Өнеркәсiп министрiнiң орынбасары қызметiн сенiп тапсырды. Сол жылдың желтоқсанында республика тәуелсiздiгiн жариялап, өз бетiнше нарықтық даму жолына түскен едi. Өндiрiстi қайта құрудың қиын да қилы ауыр кезеңдерi алда тұрды. Бұрынғы одақтық байланыстар үзiлген. Бәрiн де жаңаша қайта құру керек. Марат осы мiндетiн жетi жылдай атқарып, бар күш-жiгерiн Тәуелсiз Қазақстан экономикасын көтеруге жұмсады. Үш жылдан соң бiрнеше жылғы iс тәжiрибесi негiзiнде ғылыми жұмыстар жазып, техника ғылымдарының докторы атағын қорғады. 1997 жылы Қазақстан Геология министрiнiң орынбасары қызметiне ауысты. Мұнда да ол бар iстi ғылыми негiзде ұйымдастыра бiлдi. Шетелдермен байланысты күшейтiп, жаңа кен орындарын өмiрге әкелуде көп тер төктi.

Марат Бiтiмбаевтың бұрынғы одақтық және кейiнгi отандық ғылымның дамуына қосқан үлесi зор. Ол өндiрiс жаңалықтарын ашуда 109 авторлық құжат алған. 165 ғылыми еңбек, 15 монография жазған. 1996 жылы Қазақ Ұлттық инженерлiк академиясының академигi, 2000 жылы Халықаралық инженерлiк академияның академигi болып сайланды. Бiрнеше ордендер мен медальдардың, Құрмет грамоталарының иегерi. Ал оның адамгершiлiк қасиеттерi өз алдына бiр әңгiме.

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ