Жаңалықтар

ИНВЕСТОРЛАРДЫ ТӘУБЕГЕ КЕЛТIРГЕН КОНГРЕСС

ашық дереккөзі

ИНВЕСТОРЛАРДЫ ТӘУБЕГЕ КЕЛТIРГЕН КОНГРЕСС

Қазақстан бұрынғы келiсiм-шарттарды қайта қарамақшы

Мемлекетiмiзде ұлы даланың шикiзаттық ресурстарын тиiмдi басқару, келер ұрпақтың нәсiп-несiбесiн табанды қорғау үшiн Минералдық-шикiзаттық кешендi дамыту бағдарламасы әзiрленiп жатқаны мәлiм болды. Өткен аптада Елбасы Н.Назарбаев Астанада өткен Минералды ресурстар мен металлургия жөнiндегi I қазақстандық халықаралық конгрестегi өз мәлiмдемесiнде мұны кеңiнен тарқатып айтқан. "Ол үдемелi индустрияландыру мiндеттерiн ескере отырып, жер қойнауын пайдалану құқықтарын беруге қойылған мараторийге және оны алып тастаудың салдарына қатысты жүргiзiлген кешендi әрi жан-жақты талдаудың нәтижелерiнен түзiлетiн болады", — дедi мемлекет басшысы. Бұдан былай Қазақстан өз мiндеттемелерiн орындаудан жалтаратын, ұлттық заңымызды көзге iле бергiсi келмейтiн инвесторлармен қатаң сөйлеспекшi. Өйткенi, кезiнде арзанға сатылған кен орындарын игерушi шетелдiк әрiптестерiмiздiң көбi экономикалық салалардың дамуын емес, тек қана өз қоржындарының тоқ болуын ойлауға көшкенi көзге айқын байқалады. Ұлан-байтақ даламыздың қойнауындағы қазынаны аямай ақтарып алып жатқандар қысқа уақыт iшiнде 20 млрд. тоннадай қалдық үйiп тастаған көрiнедi.

Ел аумағында осыншама қалдық үйiлiп жатуы мемлекетiмiздiң экономикалық қауiпсiздiгiне ғана қатер төндiрмейдi, барша халықтың денсаулығына да зор зиянын тигiзiп, болашақ ұрпақтың өмiрiне қауiп әкелуi ықтимал. Ең қорқыныштысы сол, қазақ даласында тау болып үйiлген қалдықтардың үштен бiрi қоршаған ортаға және адам денсаулығына аса зиянды болып табылады. "Бұлай жалғаса беруi мүмкiн емес! Экология мен экономика арасындағы теңгерiмдi табу керек. Бұған Мексика шығанағындағы апат мысал бола алады. Бiз табиғатқа керi әсер тигiзудi барынша азайтуға, келер ұрпаққа қамқорлықпен қарауға тиiспiз" деген Елбасы Н.Назарбаев осынау әлемдiк күрделi проблеманы бекерден бекер қозғамағаны белгiлi. АҚШ-тың аса көркем мүйiсi — Мексика шығанағында мұнай өндiрушi алып "Бритиш Петролеум" жол берген апаттан ел экономикасы, ең әуелi, туризм саласы мен Маямидiң маңындағы қымбат жағажайлар орасан зор зиян шеккенiн ескере отырып, Ақ үй әлемдiк компанияға ондаған миллиард доллар айыппұл салған болатын. Ал сайын даламызға улы қалдықтардан тау тұрғызған тау-кен өнеркәсiбi және металлургия компанияларының қылы қисаяр емес. Осыған дейiн табаны құрғап бара жатқан Арал теңiзiнiң зияны барша халық мойнына ауыртпалық болып түссе, бұдан былай аспанмен астасқан қалдықтардың қатерi басты орынға шығуы мүмкiн. Осыған дейiн елiмiз осындай қалдықтарды өңдеп, әжетке жаратуға онша назар аудара қоймаса, бұдан былай жағдай түбегейлi өзгеруге тиiс. Шығыс Қазақстан облысында Металлургия орталығы құрылып, оның жұмысы саладағы қазақстандық кәсiпорындарды технологиялық модернизациялауға, отандық ғылымды, технологияларды дамытуға, озық әзiрлемелердi өнеркәсiпке енгiзуге бағытталмақшы.

Бiр кездерi елiмiздiң мақтанышы болған кен орындары әлемдiк қаржы дағдарысы тұсында тағы бiр бас аурудың себепкерi бола бастағаны айқындалып отыр. Өйткенi, аталмыш конгресте Елбасы Н.Назарбаев күтпеген тұстан аса қатаң мәлiмдеме жасауға мәжбүр болғанын айта кету керек.

"Мен игеру мақсатында кен орындарын ұсынуға мораторий енгiземiн, — дедi Елбасы бұдан әрi қалыптасқан жағдайға төзбейтiндiгiн айқын танытып. — Өйткенi, уақытында кен орындарымызды қаптатып сатып алды, астарына басты, бiрақ ешқайсысы қаражат салу бойынша контрактiлiк шарттарды орындап жатқан жоқ! Ендi шөп маясына жатып алған иттей, басып отыр, басқаларға бермейдi, өздерi де пайдаланбайды!"

Күнi бүгiнге дейiн шикiзат салаларын — мұнай, газ, тау-кен, көмiр және металлургия саласын қайтарымы тез пайда көзi санап келген шетелдiк инвесторлардың шекесiнен шып-шып тер шығатын уақыт таяп келе жатқан секiлдi. Тiптi, инвесторлардың елiмiзде жүргiзiп отырған әрекеттерiне осыған дейiн де көңiл толмайтындығы туралы биiк мiнберлерден көбiрек айтыла бастағаны аңғарылғанмен, дәп осындай қатаң мәлiмдеме жасалған емес.

Дәл қазiр елiмiздiң экономикасына 108 млрд. АҚШ доллары көлемiнде инвестиция салынған делiнедi. Бiр ғажабы, кейбiр деректерде бұл басқаша да көрсетiлiп жүр. Қалай десек те, шетелдiк инвесторлардың Қазақстанға ықыласы ерекше және ТМД аумағында ең көп инвестиция салынған ел — Қазақстан екенi мәлiм. Және мұндай инвестициялардың басым бөлiгi нақты шикiзаттық салаларға ғана салынуы Қазақстан Үкiметiн де талайдан берi алаңдатып келе жатқан жағдай. Тiптi, осыдан бiршама уақыт бұрын Қазақстан Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов мырза Шығыс Қазақстанға барған сапарында, Семей жылу-электр стансасының жаңа құрылысын бастау үшiн инвесторлардың көмегiне жүгiнбейтiнiн де мәлiмдеген. Тiптi, Үкiмет басшысының сөз астарынан Қазақстан бұдан былай инвесторлардың қаржысына мұқтаж еместiгi аңғарыла бастаған. Мексика шығанағындағы апатқа орай Каспий теңiзiнiң экологиялық қауiпсiздiгiн сөз еткен кезiнде де өз уәделерiнде тұрмаған шетелдiк инвесторлардың атына ауыр сын айтқаны белгiлi.

Ал I қазақстандық халықаралық конгресте Елбасы мәселенiң басын ашып айтты. "Бiз ендi контрактiлердегi шарттарды орындамағандардан сол үшiн кен орындарымызды керi тартып алатын боламыз. Сосын қайтадан, оларды барынша тиiмдi пайдаланатындарға және өндiрiске қаржы салатындарға ұсынамыз", — дедi Қазақстан басшысы.

Әзiрге ауыр сынның бәрi тау-кен және металлургия саласындағы инвесторларға қаратылып айтылғанмен, бұл кесiмдi сөздiң астарында "Қызым саған айтам, келiнiм сен тыңда" деудiң жатқаны айдан анық. "Өгiзге туған күн бұзауға да туады" дейтiндi ескеретiн болсақ, 2008 жылы кен орындарын сатуға тыйым салған Қазақстан ендi осыған дейiн жасалған бiрқатар келiсiмшарттарды қайта қарауға мүдделiлiгiн анық аңғартып отыр. Және бұл шара экономикамыздың барлық салаларын қамтуы ықтимал. 2009 жылдың басынан бастап күшiне енген жаңа Салық кодексi бұған толықтай жол ашатынына күмән жоқ.

Елiмiздегi инвесторлардың ертеңгi күндерiне алаңдап, етек-жеңдерiн жиятын кезiне таяп қалған секiлдiмiз. Жетi қат жердiң астындағы қазынамыздың қадiр-қасиетiн бiлмейтiндердiң бетiн берi қаратуға әлi де талай күш-жiгер керек-ау!

Жаңабек ШАҒАТАЙ