Жаңалықтар

ОН ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ ҮШIН...

ашық дереккөзі

ОН ЖЫЛДАН СОҢ ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ ҮШIН...

Биiк мiнберден мемлекеттiк тiлдi төрге оздырудың нақты жоспары бекiтiлдi. 2020 жылы Қазақстанда қазақ тiлi толығымен үстемдiк құратын болады. Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед жақында: "ендi он жылдан кейiн Қазақстан Республикасының азаматтары мемлекеттiк тiлде сөйлеуге мiндеттi болады" дегендi шегелеп айтты. Демек, биiк мiнбер бұрынғыдай "тiлдi үйрену әркiмнiң борышы" деп жақауратпайтын болды. Мемлекеттiк тiлдi бiлу – мiндет екендiгiн ескертiп жатыр.

Алайда, осы бiр маңызды мәселенi қолдап, қолпаштап кету жағынан Қазақстан қоғамы тағы да екiге жарылып отыр. Бiрiншiсi, – қазақ тiлiнiң болашағы үшiн басын тауға да, тасқа да ұрып жүрген қазақтiлдi ақпарат құралдары болса, екiншiсi, мемлекеттiк тiлдiң төрге озуынан үркетiн орыстiлдi әрiптестерiмiз. Бiрiншiсi – мәселенiң мәнiнiң осында екенiн қадап айтып, қазақ тiлiнде сөйлеу үшiн 10 жыл уақыт қалғанын шегелеп жазып жатса, екiншiсi – елдегi мұндай маңызды оқиғаны байқамағансыды, байқаса да елеусiз ғана мақаланың арқауына айналдырмай, сүйей салды ақпарат бердi.

Керiсiнше, кейбiр орыстiлдi ақпарат құралдарында "Қазақстанның ресми билiгi қазақ тiлiне көшетiн болса, мемлекет құрып тынады" дегендей пiкiр айтылды. Айталық, "Мегаполис" апталығының №21 (14 маусым, 2010 жыл) санында экономика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Төлембаеваның "Кризис дисциплины" атты мақаласы жарияланды. Осы мақалада автор қазақ тiлiнiң төрге озуынан туындайтын салдарлар жайында ой қозғайды. Айталық, "Главная причина в том, что постепенно многие стратегически важные позиции исполнителей заполняются людьми, которые в совершенстве владеют государственным языком, но ничего другого не знают и знать не хотят" деген ол ашықтан-ашық қазақ халқын кемсiтiп отыр. Оның себебiн автор қазақ дүниетанымы мен орыстiлдi дүниетанымның өзгешелiгiнен iздей келе, ұлы Абайға жүгiнедi. Алайда, автор Абайдың тұтастай бiр халықты iске алғысыз етпегенiн айтпайды. Бұл оның "тұтас халыққа берген бағасы" деп ой түйедi.

Дәл осындай оспадар пiкiрлердiң соңғы жылдары азая бастағаны белгiлi едi. Алайда, өз ұлтынан жерiген өгей балалардың өз анасына (бұл ретте тiлiне деуге болатын шығар) топырақ шашуы арқылы, өзiмiздi өзiмiз құрметтей алмайтындығымызды бiлдiрiп аламыз.

Ал, елде бiртұтас ұлттық саясат жүргiзуге билiк те тым мүдделi емес көрiнедi. Елдегi орыстiлдi ақпарат құралдары қазақтiлдi ақпарат құралдарына қарағанда мемлекеттiк тапсырысты анағұрлым артық алады. Айталық, биылғы жылғы бөлiнген Байланыс және ақпарат министрлiгiнiң мемлекеттiк тапсырысын сараптан өткiзiп қарасаңыз, 600 миллион теңге орыстiлдi ақпаратқа, 490 миллион теңге қазақтiлдi ақпарат құралдарына бөлiну жоспарланған. Оның сыртында "Қазақстан темiр жолы", "ҚазМұнайГаз" секiлдi ұлттық компаниялар орыстiлдi ақпарат құралдарына миллиондап қаржы бөледi. Қазақтiлдi ақпаратқа бұл олжадан тиесiлi ештеңе жоқ. Бұның өзi он жылдан кейiн төрге озуы тиiс мемлекеттiк тiлге деген немқұрайлы көзқарасты көрсетiп отыр.

Осыдан бiраз жыл бұрын баспасөзде талмай айтып жүрiп, мемлекеттiк бiлiм грантының проценттiк үлес салмағын 50*50-ден 60*40-қа өзгерткен едiк. Сөйтiп, елдегi мектеп түлектерiнiң 60%-ы мемлекеттiк тiлде жоғары оқу орындарында бiлiм алуға мүмкiндiк алған болатын. Бiрақ, содан кейiн оншақты жыл өтсе де бұл жағдай өзгерген жоқ. Қазақ мектебiнiң түлектерi жыл сайын өсiп, орыс мектебiн бiтiрушiлер азайып келе жатса да, оған назар аударған ешкiм жоқ. Сол жылдары депутат болған Амангелдi Айталы, Мұхтар Шахановтардың талаптарымен мектеп түлегiне қазақ тiлiнде емтихан тапсыру мiндеттелген едi. Бiрақ, мемлекеттiк тiлден алған ұпайыңыз бiрыңғай ұлттық тестiлеудiң нәтижесiне әсер ете алмайды. Демек, бұл iсте де формальдылық басым болып тұрғаны байқалады. Бұндай жағдайда мемлекеттiк тiлдi ендi он жылда төрге оздырамыз деу де құр сөз секiлдi болып тұр.

Есенгүл Кәпқызы