Жаңалықтар

СЕЗIМ МЕН СЕНIМ

ашық дереккөзі

СЕЗIМ МЕН СЕНIМ

Сезiм деген – ойдағы алып-ұшпа бiр күй ғой.

Көзiмiз де көрмеген, өзiмiз де сезбеген атажұрттың есiгiн ашып кiрiп, топырағында сайрандап жүремiн деп ойлаппын ба, сiрә да. "Әуелi — Құдай, сосын — себеп" дейдi халқымыз. Құдайымыз орнында ғой, ал, себепшi болған сағыныш сезiмi бойда жүгiрiп, жүрек тебiренген сәттерде балқып-шалқып кететiн, алыста жүрген бiздердi ауылға жетелеген бiр түрткi — Қазақстанның егемендi ел болып, қандас қазағымның мәртебесi көтерiлiп, тәуелсiз халық атануы едi. Әрине, дәл қазiр сол қуаныштың басы-қасында, сол бiр көл-көсiр көңiлдiң, дария бұлақтың бастауында ердiң жасы елудi ендi ерттеген Елбасымыз — Нұрсұлтан Назарбаевтың тұрғандығы еңкейген шалдан бастап, еңбектеген балаға дейiн белгiлi.

Мiне, содан берi 11 жыл да өтiп бара жатыр екен. Бұл аз ба, көп пе? Оған таласып жатудың қажетi де, қисыны да жоқ қой деймiн. Бұл — рас, тарих үшiн қас қағым ғана сәт, ал халық үшiн, әрбiр қазақ үшiн әр күнi қаз-қалпында сақталған әдемi бiр сурет — тағдыр. Олай дейтiнiм — жақсылықтың барлығы көрер көзге жасалып жатыр. Өмiр өзгерiп келедi, кейде жаңалыққа жатырқай қарайтын халықпыз ғой, соның өзiнде Қазақстанда тұрып жатқан, өзiмiз күнделiктi араласып-құраласып жүрген қай қазақтан сұрасаң да, елiнiң ертеңiне кәмiл сенетiндiгiн, қазақ жерiнiң жыл өткен сайын жасарып, жаңарып келе жатқандығын аса бiр қуанышты жылы сезiммен әңгiмелейдi. “Осы бiр аңқылдаған ақ адал сезiмнiң арғы жағында сүйеу болып кiм тұр?” дейсiз ғой…. тағы да Елбасы, әрине, Нұрағамыз — Қазақстан Республикасының тұңғыш президентi, көшбастаушымыз — Нұрсұлтан Назарбаев! Мен өзiм ата-баба қонысына қонақтап отырғаныма, ата-баба елiнде жер басып жүргенiме, қаракөз қарындастарымның арасында екендiгiме Елбасымыз — Нұрағаңа мәңгiлiк ризамын, ғұмыр бойы борыштармын.

Осы арада ойыма өткен ғасыр тарихында өшпестей болып жазылған 1992 жыл оралады. Сол жылы Дүниежүзi қазақтарының алғашқы құрылтайы өткендiгi баршаға мәлiм. Тарих тағылымында талай-талай ұлттардың тақиясына тарлық ететiн, бүкiл дүниенi дүр сiлкiндiрген жержүзi қазақтарының тұңғыш құрылтайы төрткүл дүниеде тарыдай шашылып жатқан қандастарымыздың жүрек қылдарын дiр еткiзiп, құлақтарын елең еткiзедi. Әлемнiң әр бұрышында әртүрлi жағдаймен күн көрiп жүрген жерлестерiмiздiң үлкендi-кiшiсi бар, еркек-әйелi бар орындарынан тұра сала, бабаларының кiндiк қандары тамған Қазақстанға көз тiктi. Сағынды, аңсады, көргiсi, келгiсi келдi. Бiрақ, қалай, қайтiп? Бұл жолда тұрған бөгеттер, алынар асулар мен белдесер қиыншылықтар аз емес едi-ау, өзi…

Айтайын дегенiм — сол 1992 жылы ежелгi Иран жерiнен 14 адамнан құралған делегация (iшiнде мен де бармын) туған Қазақстанға келдiк. Шынын айтқанда, құрамдағы қай адамның да өшкенi жанып, өлгенi тiрiлген де сәт едi сол кез. Байырғы қазағымның ерттеп мiнген аттары тұяғымен жол салған қанша таулардың ара-арасын аралап, тарих тұла бойында қанша тауқымет кешкен, сонда да кiндiк кескен елiн, өскен жерiн сары, саф алтындай сақтап қалған қандастарының шөлiркеген шөлдерi мен мөлдiреген көлдерiн көрдiк. Қаратау мен Алатаудан асып өтiп, Арқа жерiн араладық. Иранға қайтар бағытта аталарымыз бен бабаларымыздың iзi қалған Атыраудан, Маңғыстаудан бiрақ шықтық. Көрген нәрсемiздi көңiлге сыйғызу, әй қиын едi-ау. Ата-бабаларымыз артына қалдырып кеткен қайран қазағымның ғажайып салт-дәстүрлерi, тар жол, тайғақ кешулердiң өзiнде тасада қалдырмаған қонақжай қасиетi, туысқандықты ту етiп көтерген, сол тудың астына шақырған қаны да бiр, жаны да бiр қазақтың ақ адал ниетiн-ай!….

Жоғарыда келтiрiлген сол бiр мақал тағы ойыма оралып отыр: "Әуелi — Құдай, сосын — себеп"… Құдай орнында, себеп кiм? Әрине, Елбасы, Мемлекетiмiздiң президентi, жержүзi қазақтарының жетекшiсi — Нұрағамыз, Нұрсұлтан Назарбаев!

Бес саусақтың бiрдей емес екенi белгiлi. Маңдайға жазса тегiс жолда ат сүрiнедi. Ал мынадай үлкен iсте, ұлы тiрлiкте аяқ астынан кездесер қиыншылықта, ауыр сындар тiптi аз болмаса керек. Алайда, түбiрлi шешiмi бар, тиянақты мақсаттың орындалары сөзсiз. Өйткенi, сезiм сенiмге жетелейдi. Сенiм бар жерде сезiм бар, үкiлi үмiт бар. Сол үмiттiң жер шарындағы барлық қазақты алға жетелерi күмәнсiз.

Елбасыда күмән жоқ Ертеңiне елiнiң.

Ұлан асыр байлығы гүл жайнаған жерiнiң,

Алтын, күмiс тығылған жер астында шөлiнiң,

Қызыл балық,ақ балық ерке назбен ойнайды

Ақ көбiгiн атқылап көлбей жатқан көлiнiң!

Айналыңдар, аталар мен ағалар,

Мақтан тұтып барына Елбасыдай Ерiнiң,

Ал бiз болсақ жастарымыз сенiмi мол ертеңге,

Жақынына күмән жоқ, Қазақстан төрiнiң!

Ақәли Шалақ,

Иран