Жаңалықтар

КЕРЕКУ ЖЕРIНДЕГI ЖАҢА НЫСАНДАР

ашық дереккөзі

КЕРЕКУ ЖЕРIНДЕГI ЖАҢА НЫСАНДАР

Өткен аптада Елбасы Н.Ә.Назарбаев Павлодар облысына ресми сапармен келiп қайтқан болатын. Iссапармен келген мәртебелi қонақтарды облыс әкiмi Бақытжан Сағынтаев арнайы қарсы алды. Президент ең алдымен бүгiнгi таңда қарқынды дамып келе жатқан өндiрiс орны – электролиз зауытында болып, оның екiншi кезегiн салтанатты түрде iске қосты. Ресми сапар барысында қала орталығындағы бiрқатар маңызды шараларға атсалысты.

Электролиз зауытына арнайы атбасын тiреген елiмiздiң көшбасшысын Алмаз Ибрагимов бастаған мыңдаған жұмысшы қауым зор салтанатпен қарсы алды.

2007 жылдың желтоқсанынан бастап iске қосылған зауытты бүгiн әлем таниды. Соңғы технологиямен жабдықталған өндiрiс орнындағы өндiрiлген жоғары сапалы металл қазiрде әлем нарығында үлкен сұранысқа ие. Қазiргi кезде электролиз зауытында екi мыңнан астам жұмыскерлер жұмыс iстейдi. Олар 26,8 млрд. теңгенiң өнiмiн шығарса, биылғы бес айда қол жеткiзген көрсеткiш 24,3 млрд. теңгенi құрады. Зауыттың жоғары дәрежеде дамуымен қоса халықтың да әлеуметтiк жағдайы қатар өсiп келе жатыр. Әлемде теңдесi жоқ жоғары технологияға құрылған электролиз зауытының бiрiншi кезегi небары 27 айда ғана қолданысқа тапсырылған болатын. Елбасы Қазақстандағы тұңғыш электролиз зауытының екiншi кезегiн де павлодарлықтармен бiрге ерекше жағдайда жандандырды. Арнайы түйменi басқан кезде алып кәсiпорынның жаңадан қаланған құю цехында алғашқы алюминий құймасы шығарылды. Қанатты металды Н.Ә.Назарбаевқа зауыт президентi А.Ибрагимов үлкен құрметпен табыс еттi. Бұл сәт қазақ елiнiң өнеркәсiп тарихында мәңгi қалатын оқиға болары анық.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президентi жаңадан ашылған жаңашыл бағыттағы зауыт еңбекерлерiне ағынан жарылып, шын жүректен алғысын бiлдiрдi:

– Құрметтi павлодарлықтар, ардақты ағайын! Бүгiн бүкiл Кереку жұртшылығы үшiн үлкен той. Өйткенi, Қазақстанда алюминий өндiрiсiнiң екiншi кезегi iске қосылған күн. Бұл зауыт үнемi менiң назарымда болды. Мұндай iрi зауыт салу үшiн негiзiнен он-жиырма жыл уақыт кетедi екен. Бiрақ бүгiнгi күнi салынып отырған зауыттың iргетасы небары екi жарым жыл iшiнде ғана қаланды. Бұл – осында жұмыс атқарып жүрген еңбеккерлердiң, құрылысшы, металлургтердiң табан етi, маңдай терi деп ойлаймын. Бәрiңiзге рахмет, – дедi Президент.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сапарының екiншi кезеңiнде Павлодар қаласының орталық алаңында жергiлiктi бiлiм беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының қызметкерлерiне арнайы автокөлiктердiң кiлтiн табыс еттi. Бұл сыйлық барша мемлекеттiк мекемелерде қызмет етiп жүрген жандардың табанды еңбек етуiне шабыт сыйлағандай едi. Қолға табыс етiлген 77 автокөлiктiң 57-сi iшкi iстер органдарының қалалық және аудандық бөлiмдерiнiң үлесiне тисе, 10 жедел жәрдем машинасы үш қаланың медициналық жәрдем стансаларына, ал 10 шағын автобус облыстың коррекциялық және орта бiлiм мектеп-интернаттарына берiлдi.

Елiмiздiң Президентi нашар еститiн және құлағы естiмейтiн балаларға арналған №1 аранайы коррекциялық мектеп-интернатының директоры Саян Мұқановқа, Павлодар қаласының жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасының фельдшерi Елена Щербиеваға және полиция майоры Елнұр Букаевқа темiр тұлпарлардың кiлттерiн табыс еттi.

Елбасының арнайы сый-құрметiне ие болған жандардың қуанышты күнiне арнап жергiлiктi өнерпаздар ән шырқап, салтанатты мереке сәтiн сәндендiре түстi.

Павлодар облысына жасаған сапары барысында мемлекет басшысы Павлодар қаласындағы №29 сәбилер балабақшасында болды. Президент алдымен бақша маңында қойылған "Павлодар облысының әлеуметтiк-экономикалық дамуы" деп аталатын қабырғалық көрмемен танысты. Кейiн "Мерей" атты сәбилер бақшасында тәрбие алып жатқан балдырғандармен кездестi. Мемлекет басшысы сәбилер бақшасының мемлекеттiк тiлде оқытатын 2-шi тобында өткен "Гүлдер алаңқайына саяхат" және орыс тiлiнде тәрбие беретiн ересектер тобында өткен "Творим добро" атты тақырыптар бойынша сабақтарды тамашалады.

Елбасы сәбилер бақшасына сандық фортепиано және компьютерлiк сынып тарту еттi. "Қазақстан алюминийi" акционерлiк қоғамы №29 сәбилер бақшасын қамқорлығына алып, заводтың жұмысшылары балабақша ғимаратына бiр жылдың iшiнде тұрғызған болатын. Әлеуметтiк маңызы бар нысан үстiмiздегi жылдың 1-маусымында, яғни Балаларды қорғау күнi есiгiн айқара ашып, бүлдiршiндердi қабылдады.

Электролиз зауытының басшысы Алмаз Ибрагимовтың айтуынша, алдағы уақытта шағын аудан аумағында екiншi балабақшаның құрылысы қолға алынбақшы.

Еркебұлан Алдабергенов