Жаңалықтар

ҚОЛӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСI — ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТIҢ ЖАРШЫСЫ

ашық дереккөзі

ҚОЛӨНЕР ЖӘРМЕҢКЕСI — ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТТIҢ ЖАРШЫСЫ

Маусым айының 26-27 күндерi Алматы қаласындағы "Жетiсу" қонақ үйiнде қолөнер жәрмеңкесi болып өттi. Жәрмеңкеде жергiлiктi қолөнершiлердiң еңбектерiмен қатар Орталық Азия шеберлерiнiң, атап айтсақ, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркiменстан, Түркия, Тәжiкстан шеберлерiнiң де туындылары қойылды.

Жәрмеңкенi өткiзудегi басты мақсат – қазақтың дәстүрлi қолөнерiн жаңғырту, дамыту және насихаттау, сондай-ақ, сұранысты өтей отырып, пайда табу.

Алматыда қолөнер жәрмеңкесi 1995 жылдан бастап тұрақты өткiзiлiп келедi. Бастапқы кезде жәрмеңкеге қатысқан қолөнершiлердiң саны саусақпен санарлықтай ғана болған. Ал бүгiнгi күнi жәрмеңкеге Орталық Азияның көптеген елдерiнiң жүзден аса шеберлерi қатысады.

Кез келген ұлтта он қолынан өнер тамған шеберлер мен қолөнершiлер аз емес екенi белгiлi. Қолмен жасалған бұйымдарға қарап, әр ұлттың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерi, мәдениетi жөнiнде терең мәлiмет алуға болады.

Жәрмеңкеде қарасаң көздiң жауын алатын қолөнер бұйымдары, атап айтар болсақ, әртүрлi зергерлiк әшекейлер, музыкалық аспаптар, шахмат, нардалар, жiбек орамалдары, киiмдер, бас киiмдер, қамшы, ер тоқым, тоқыма, қыштан жасалған тостаған табақтар, самаурындар, сырмақтар, былғарыдан және күмiстен жасалған бұйымдар, "сюзане" атты тоқымалар, моншақтан жасалған сөмкелер және тағы басқалары асқан шеберлiкпен дайындалған.

Қолдан жасалған бұйымдар өте қымбат бағаланады. Оларға деген сұраныс та жоғары. Шебер қолдан шыққан туындылардың сапасына, жасалынған материалына қарай бағасы да әртүрлi болып келедi. Ең төменi жүз теңгеден басталып, ең жоғарғы бағасы 150-200 мың теңгенiң көлемiн құрайды.

Қырғыз қолөнершiсi Гүлнара Тезекбаева: "Қолөнер жәрмеңкесi жиi өткiзiлiп тұрады. Шаңқобыз, шахмат, пано, төл, боз үй, киiзден жасалған үйге киетiн аяқ киiмдердi ұсынып отырмын. Тұтынушылардың да қызығушылығы көңiл қуантарлықтай. Сондай-ақ, өнер орталықтарынан да сұраныс жоғары", — дейдi.

"Жәрмеңкеге асыл тастан жасалынған әшекей бұйымдарымен қатар "Шарк" миниатюрасын да қойдым. Алайда, қазақстандықтардың бастапқыға қарағанда сатып алу қарқыны сәл бәсеңдеген сияқты. Бұған дағдарыстың әсер еткенi сөзсiз", — дейдi Өзбекстанның шеберi Анаева Сановар.

Қазақ халқы әуелден өнерлi. "Ер жiгiтке жетi өнер де аз" деген. Он саусағы майысқан өнерлi қыздарымыз да аз емес. Елiмiз тәуелсiздiктiң туын ұстағалы ұмыт қалған салт-дәстүрiмiз қайта оралуда. Сонымен қатар бiздiң ою-өрнек, зергерлiк бұйымдар, музыкалық аспаптар, олардың қазақи нақыштары бүгiнгi таңда көз алдымызда. Оның айқын бiр дәлелi — жәрмеңкеде орын алған қазақ шеберлерiнiң туындылары.

"Мен малдың мүйiзi мен сүйектерiнен жасалған әр түрлi қолөнер бұйымдарын ұсынып отырмын. Әрбiр қолөнершiнiң жұмысы өз халқының дәстүрiн, мәдениетiн бейнелейдi. Соған сәйкес бiздiң туындыларымыз шет елден келген қонақтарға мәдениетiмiз бен тұрмыс салтымызды кеңiнен танытады деп ойлаймын", — дейдi Самат атты қазақ шеберi.

Қолөнер жәрмеңкесi ай сайын тұрақты түрде өткiзiлуiмен ерекшеленедi. Дегенмен, әлi де болса шешiмiн таппай келе жатқан мәселелер де аз емес. Бiр ғана мысал, қолөнер бұйымдарын салт-дәстүрiмiздi сақтап, насихаттау жолында халқымыздың күнделiктi тұрмысына енгiзу жоспары әлi толық iске аспай келедi. Шебер қолдан шыққан дүниелер күнделiктi қолданысқа енгiзiлер болса, бiздiң салт-дәстүрiмiз ұмытылмай, қазақ қолөнерi өркендеп, iлгерi баса бермек.

Ботакөз АХМЕТОВА, ХҚТУ-нiң журналистика бөлiмiнiң 2-курс студентi