Жаңалықтар

ҚАЗАҚСТАН АЛЫП ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛАДЫ

ашық дереккөзі

ҚАЗАҚСТАН АЛЫП ҚҰРЫЛЫС АЛАҢЫНА АЙНАЛАДЫ

Бiр күнде 72 өндiрiс орны ашылып отыр

Астананың мерейтойы жақындаған сайын ел игiлiгiне қызмет етер жобалар жаппай жүзеге асырылуда. Өткен дүйсенбiде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен "Күштi Қазақстанды бiрiгiп құрамыз" деп аталған жалпыұлттық телекөпiр ұйымдастырылды. Республикалық телекөпiр қарсаңында елiмiздiң барлық өңiрлерi Президентпен тiкелей байланысқа шығып, iске қосылатын 72 өндiрiс орнының тұсауын кестi. Олар тау-кен, химия өндiрiсiнен бастап, энергетика, ауыл шаруашылығына дейiнгi салаларды қамтиды. Ашылу салтанаты мерекеге тұспа-тұс келген өндiрiс орындарының құрылысына жалпы құны 2,5 миллиард доллар жұмсалған.

Үлкен дайындықты талап ететiн телекөпiрде Үдемелi индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асуы тәптiштеп көрсетiлдi. Елiмiзде қабылданған бағдарламалар бұрын-соңды мұндай қарқын алған емес. Ағымдағы жылы тағы да 124 инновациялық нысанды қолданысқа беру көзделiп отыр. Биыл және алдағы жылдары iске қосылатын өндiрiс жобаларының саны 191, ал осы объектiлердi толық аяқтап бiтiру үшiн 20 миллиард доллар бюджеттен бөлiнiп отыр. Жаңа экономикалық стратегия елiмiздiң iшкi және сыртқы рыноктағы қажеттiлiктерiн қамтамасыз етпек.

— Бiз тек өз жерiмiздiң қойнауындағы қазынаға, ресурстарға ғана арқа сүйемейтiн боламыз, бiз баламалы экономиканы құрудамыз. Қазақстан өз тарихында ешқашан өз алдына осындай мiндеттер қойған емес, ешқашан мұндай мiндеттердi iске асырмаған. Бүгiнде бүкiл Қазақстан алып құрылыс алаңына айналады. Қазақстан жаңа кәсiпорындарды iске қосуда, жаңа жұмыс орындарын ашуда, бiзде жұмыссыздық төмендеуде, – дедi мемлекет басшысы.

Кеңес үкiметi тұсындағы зауыт-фабрикалардың жабылып, кейiнгi дағдарыс жылдарында нарыққа iлесе алмай қалғаны белгiлi. Ендi жергiлiктi жердiң экономикасын көтерiп, бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыра түседi. Үдемелi индустриялы-инновациялық даму бағдарламасы жүзеге асырылатын онжылдықта елiмiздiң ЖIӨ-i құрылымындағы өңдеушi өнеркәсiптiң үлесi артпақ. Яғни 2015 жылдары 12,5 пайызға, келесi 5 жылдықта 13 пайызға жетуi керек. Мiне, осы кезде ел экономикасының әлеуетi бiршама артып, экспортқа шығарылатын тауар түрi де көбейедi. Осы жылдарға дейiн Қазақстан тек шикiзаттық өнiмдердi экспорттауда алда болды, ендi шикiзаттық емес өнiмдердi экспорттау 2015 жылға қарай 40%-ға жетедi деп жоспарлануда.

Стратегиялық бағдарлама төңiрегiнде ашылған өнеркәсiп орындары республика бойынша түрлi салада өңдеу жұмыстарын жүргiзедi. Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының Мыңарал цемент зауыты Орта Азиядағы қайталанбас өндiрiс орны болып отыр. Телекөпiрде тiкелей эфирге шыққан Жамбыл облысы әкiмi Қанат Бозымбаев Францияға сапары барысында "Vicat Group" басшылығымен танысып, елге бiрлесiп жұмыс iстеуге шақырғанын айтты. "Жергiлiктi инвесторлар және халықаралық қаржы корпорациясымен бiрлесiп, осы цемент зауытын салуды бастадық. Бұл Қазақстандағы құрылыс индустриясының ең бiр iрi кәсiпорнына айналмақ," – дедi Қ.Бозымбаев. Мыңарал цемент зауыты "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" магистралiнiң, Балқаш электростанциясының құрылысын қамтамасыз етпек. Ал облыста бұдан өзге тағы екi инвестжоба қолданысқа берiлген.

Маңғыстау облысында республикадағы жалғыз кеме жөндеу зауыты iске қосылды. Тiкелей эфир арқылы таныстырылған кеме жасау зауыты тұңғыш рет ағымдық, рейсаралық-техникалық қызмет көрсетуге қабiлеттi iрi база. Бұл жобаның құны 2 миллиард теңгенi құрайды. Баутино теңiз айлағы Қазақстан тауарларының нарыққа шығуына, теңiз арқылы транзиттiк және экспорттық мүмкiндiктерге қол жеткiзедi. Сондай-ақ телекөпiр барысында Каспий қайраңын тиiмдi игеру жұмыстары көрсетiлдi. Айтқандай, бұл облыста Бейнеу астық терминалының таныстырылымы болды.

– Облыста индустрияландыру картасына енген 10 жоба бар, осы жылы төртеуi iске қосылды. Қазiр бiз Бұқар жырау ауданының орталығында тұрмыз. Бұл жерде жүйе қалыптастырушы кәсiпорын аясында шағын кәсiпорындар құру туралы берген тiкелей тапсырмаңыз бойынша "ҚазТерм" компаниясының болат панельдерiн шығаратын зауыт салынды, – дедi Қарағанды облысының әкiмi Серiк Ахметов. Бұрыннан-ақ бұл облыс өндiрiс орындарына бай. Ендеше инновациялы-индустрияландыру бағдарламасы облыстағы өңдеу зауыттарының санын көбейте түстi.

Ал Алматы облысында Балқаш ЖЭС-iнiң құрылысы басталды. Бұл ЖЭС-тiң бiрiншi кезегiн (660 мегаваттық блок құрылысын) 2014 жылға қарай бiтiру көзделуде. Сонда станса жыл сайын 17 млрд. кВт/сағат көлемiнде электр қуатын өндiретiн болады. Бұдан басқа Алматы облысында телекөпiр барысында алты инновациялық нысан iске қосылды.

– Бұл сүт өнiмдерiн шығаратын Danon фирмасының зауыты, соя шығаратын екi зауыт, табиғи тас пен инфузионды ерiткiш алуға арналған бiржолғы жүйе шығаратын зауыттар. Сонымен қатар, бiз облыста гидроэнергетиканың дамуына бағытталған ұзақ мерзiмдi бағдарламаны бастадық, – деп түсiндiрдi облыс әкiмi Серiк Үмбетов.

Аймақ басшысының сөзiнен кейiн "АСПМК 519" ЖШС директоры Виктор Сычевтың қатысуымен Қаратал өзенiндегi бесiншi, шағын жаңа су электр стансасы iске қосылды. Оның құрылысы 2007 жылы басталған болатын. Жобаның құны 783 миллион теңге, қуаттылығы – 3,5 МВт құрайды. Дәл осындай iрi кәсiпорындар республика өңiрлерiнде iске қосылып, жергiлiктi жердiң экономикасына өз үлесiн тигiзуде.

Ақниет ОСПАНБАЙ