Жаңалықтар

ТОЙ БАСТАЛДЫ АСТАНАДА, СҰЛУ ЕСIЛ БОЙЫНДА...

ашық дереккөзі

ТОЙ БАСТАЛДЫ АСТАНАДА, СҰЛУ ЕСIЛ БОЙЫНДА...

6-шiлде — қазақ халқы үшiн ерекше мереке. Бұл күн — астаналықтар үшiн ғана айрықша боп саналмайды. Өйткенi, бұл күн — қазақтың жаңа, заманға сай астанасының туған күнi. Сондықтан, Астананың мерекесiн барша қазақтың мейрамы деп ұғынғанымыз да абзал.

Қазақ халқы Елордасының туған күнiн тойлауды бастап-ақ кеттi. Бүгiнде сұлу Есiл жағалауы көркiне көрiк қосып, нұрланып келедi. Күн өткен сайын түрленiп келе жатқан Астана — той қарсаңында тiптен құлпыра түскен. "Елу жылда ел жаңа" демекшi, он екi жыл iшiнде Елордамыз адам танығысыз болып өзгердi. Ал, "Елорданың дамуы — елдiң дамуы". Бұл сөз жәй мәтел болғанымен, оның астарына үңiлсек, көп мағына бар. Өйткенi, көршi Ресейдiң астанасы – Мәскеу қаласын алайықшы. “Мәскеу” деген сөздiң тарихи айбары желдей есiп тұр. Париж ше? Франция халқы десе, Франция жұрты десе, ең әуелi Париж ойға оралатынын ешкiм де жоққа шығармас. Париж — француздардың астанасы ғана емес, әлемдiк iрi қалалардың санатындағы жеке аймақ деп қарауға да болады. Өйткенi, жер бетiнде Париж десе елеңдемейтiн халық жоқ.

Қазақтың Астанасы да өзге де мемлекеттердiң астанасынан кем соқпайтын iрi қалаға айналуы шарт. Айналып та келедi. Сұлулығы талайларды тамсандырған Бәйтеректiң өзi Астананы айшықтап тұрған жоқ па? Сонымен бiрге, күн санап көбейiп келе жатқан зәулiм ғимараттарда көз сүйсiндiредi. Оған Астананың туған күнi қарсаңында ашылатын "Хан шатырын" қосыңыз.

АБАЙ – ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНЫҢ ТӨЛҚҰЖАТЫ

Сол сұлу Есiлге, сол нұрланған Елордаға айрықша сән беретiн тағы бiр ескерткiш Астананың төрiнде бой көтердi. Қазақтың Елордасы үшiн бұл ескерткiштiң мәнi де, маңызы да зор. Елордадағы Абай мен Бейбiтшiлiк көшелерiнiң қиылысындағы ҚР Туризм және спорт министрлiгi ғимаратының алдында ұлт ақыны, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының ескерткiшiн ашты. Салтанатты жиынға ҚР Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, мәжiлiс төрағасы Орал Мұхаметжанов, ҚР Мемлекеттiк хатшысы – Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев, ҚР Президентi әкiмшiлiгi басшысының орынбасары Мәулен Әшiмбаев, Мәдениет министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетов қатысты.

– Бұл – халқымыздың бiртуар ұлы перзентi, дана Абайға бас иiп, құрмет көрсету ғана емес, барлық қазақстандықтардың рухын көтеретiн салтанатты күн. Ұлтымыздың рухани ағартушысы, халқына мәңгi өшпес мұра қалдырып, қазақ әдебиетiн әлемдiк деңгейде мойындатқан, майталман классигiмiз Абайға тағзым ету – бiз үшiн аса жоғары мәртебе. Кемеңгерлiк пен даналықтың символы Абай Құнанбайұлына Елордамыздың төрiнен қойылған осы ескерткiш бүгiнгi еңсесi биiк, мерейi үстем, береке-бiрлiгi жарасқан халқымыздың байыпты мақтанышы болмақ. Артына өлмейтұғын сөз қалдырған Абай шығармашылығы – ұлттық әдебиет пен мәдениеттiң ауқымынан анағұрлым асып түсетiн ғажайып құбылыс.

Абай ойға алған бар асыл ниетi халық игiлiгi және ел мұраты едi. Ол – бүкiл саналы өмiрiн өз елiнiң жарқын болашағы үшiн арнаған, мыңмен жалғыз алысқан ұлы тұлға. Ол халқының мұңын жоқтап, жоғалтқанын жаңғыртып түгендедi. Абайдың зары да, мұңы да, елiнiң бiрлiгi мен берекесi болды. Рас, бiз Абай арқылы өзiмiздi бiлдiк, Абай арқылы өмiрдi сараптадық, сол ғұлама ойшылымыз арқылы дүниенi таныдық. Демек, Қазақстан – дана Абай армандаған болашақтың нақты көрiнiсi, – дедi ескерткiштiң ашылу салтанатында ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Абайдың еңселi ескерткiшi қоныс тепкен мекенде алдағы уақытта ұлы ақынның алаңы да пайда болуы ғажап емес. Сонымен бiрге, жыл сайын ақынның туған күнi қарсаңында Абай оқулары өткiзiлетiн болады.

Ұлы ақынның жиенi Балтабек Ерсәлiмов: "Абай – қазақ халқының рухани көсемi, қазақ халқының бет-бейнесi, қазақ халқының төлқұжаты. Бүгiнгi егемен елiмiздiң бүкiл идеологиясы Абайдың өсиетiмен, ақылымен, арманымен жүруi керек", – деген едi өз сөзiнде.

Қазақ халқының асыл мұраты, арманына айналған Абай ескерткiшi ендi мiне, Елорданың төрiнде тұр.

ТОЙҒА ТАРТУ

Бiрер күн бұрын Астанада әйгiлi режиссер Тимур Бекмамбетов бiрiншi халықаралық экшн-фильмдер кинофестивалiнiң тұсауын кестi. Аталмыш шараға ресейлiк кино жұлдыздарымен қатар, шетелдегi танымал актерлер мен белгiлi тұлғалар шақырылған болатын. 27-маусымнан басталған "Астана" Халықаралық экшн-фильмдер кинофестивалi жыл сайын өткiзiлетiн дәстүрлi фестивальге айналмақ.

Аталмыш шараны өткiзу идеясы Тимур Бекмамбетов пен продюсер Майк Симпсонның Қазақстанға келген сапарында туындаған болатын. Бұл идея Астана қаласының әкiмi Иманғали Тасмағамбетовтың қолдауының арқасында жүзеге асып отыр.

– Экшн жанры – өте алуан қырлы. Онда тарихтың тереңi де, сондай-ақ әлемнiң футуристiк бейнесi де өз көрiнiсiн табады. Кино өнерiнiң ең көрнектi сегментi болғандықтан, экшн-фильмдер технологиялық инновацияларымен, сюжеттерiнiң динамикасымен және идеялардың жасампаздығымен ерекшеленедi. Бұл тұрғыдан олар бiздiң елордамыздың бiрегей келбетiмен қисынды үйлеседi. Оның үстiне, осы жарқын шара кино өнерiне табынушылар үшiн ұмытылмас сезiмдердiң, қайталанбас бейнелер мен шығармашылық жаңашылдықтардың әлемiн ашады. Осы келелi кинофестивальге қызығушылық кино саласының Елордамыздың және елiмiздiң мәдени өмiрiндегi неғұрлым маңызды оқиға болып табылатынын көрсетедi, – дедi қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов кинофестивальдiң ашылу рәсiмiнде.

Ашылу және жабылу ресми салтанаттарынан басқа, алғашқы және соңғы көрсетiлiмдi қабылдайтын "Қазақстан" концерт залының да жөнi бөлек. Өйткенi, "Қазақстан" концерт залын Австралияның Сидней қаласында орналасқан опера театрымен жиi салыстырады. "Қазақстан" ОКЗ идеясының авторы – көптеген заманауи жобалардың авторы, атақты сәулетшi Манфреди Николетти. Мұндай бiрегей сәулет өнерiн ТМД-ның бiр де бiр елiнен кездестiре алмайсың. Сондай-ақ, ашылу және жабылу салтанатын үш жарым мың адам тамашалай алады.

ПРЕЗИДЕНТ КУБОГЫ ҮШIН БОКС БАСТАЛДЫ

Той қарсаңында елдi дүбiрге бөлеген тағы бiр шара басталды. Ол – бокстан Президент Кубогы жалауының көтерiлгендiгi. Аталмыш байрақты бәсекеге бағын сынау үшiн 15 елдiң былғары қолғап шеберлерi келiп отыр. Жүлде қоры 93 мың АҚШ долларын құрайтын дүбiрлi додада топ жарып шыққандарға 4 мың доллар бұйырмақ.

Елорда төрiнде өткiзiлген шаршы алаңнан жанкүйерлерiмiз Пекин олимпиадасының чемпиондары украиндық Василий Ломаченко мен ресейлiк Алексей Тищенко кездесулерiн де тамашалайтын болады. Бұл жолғы жарыстан кубалықтар да тыс қалмапты. Кубалықтар жарысқа байрақты бәсекеде топ жарып жүрген бетке ұстар жiгiттерiн әкелiптi. Ал, елiмiздiң намысын екi дүркiн әлем чемпионы Серiк Сәпиев бастаған боксшыларымыз қорғайтын болады. Бокста жүлделер 11 салмақ дәрежесiнде сарапқа салынбақ. Президент Кубогының ашылу салтанатына әйгiлi әлем чемпионы Майк Тайсон арнайы келдi. Елордаға арнайы келген әлемге әйгiлi боксшы өзiн боксшы емес, актер ретiнде қабылдайтынын да жасырмады.

Мұсылман әлемi әлем чемпионының мұсылман дiнiн қабылдағанынан хабардар. Содан берi белгiлi актер бес уақыт намазын қаза қылған емес. Бiздi аса риза еткенi, қазақ даласына табан тiреген Майк Тайсонның күнi кеше Елордадағы «Нұр Астана» мешiтiне келiп, намаз оқығаны болды.

АСТАНА ТОЙЫ – ҚАЛЫҢ БҰҚАРАНЫҢ ТОЙЫ

Астана тойы – астаналықтардың тойы емес, халықтың, қалың бұқараның тойы. Қала күнi – даңғаза, мақсатсыз музыка мен даңғыр-дүңгiр еткен думан кешi емес, өзiндiк астары бар, мәнi зор халықтық, ұлттық жоба. Оның бiр көрiнiсi, жыл сайынғы әдетке айналған "Мыңжылдықтар тоғысы", "Түркi әуендерi", "Көшпендiлер өркениетi", "Қымызмұрындық" сияқты жоралғылардың қала қонақтарына тарту етiлуi.

Қазақтың ән-күйi, сән-салтанаты десе, ерiксiз ауылды еске аламыз. Ал, бүгiнгi Астананың мәдени жаңалығы да сол ауылдан кем түспей тұр. Әнiңiз де, жырыңыз да, биiңiз де, салт-дәстүрiңiз де Астана тойында көрiнiс табатын болады.

Астананың 11 жылдық тойы кезiнде Мемлекет басшысы: "Астана – бiздер үшiн қасиеттi саналатын осы құндылықтарды сақтаушы болып табылады. Бiз 11 жылдың iшiнде иен далада жаңа қала тұрғызып, iс жүзiнде мүмкiн емес дүниелердi атқара алдық. Олай болса, бiз кез келген қиын мiндеттердi мойымай атқара аламыз. Бiз барлығымыз бiрге Елордамызды бұдан да күштi етiп, гүлдендiре аламыз", – деген едi.

Мiне, он екi жыл iшiнде түрленген, гүлденген Астана одан ары айшықтала түстi. Бүгiнде Астананың өзi де ән мен жырға айналды. Елорда туралы сұлу әндер мен жырлар өте көп. Оның бәрi де келбетiне келбет қосқан бүгiнгi Астананың көркi туралы сұлу сөзбен өрiлген әдемi тiркестер.

12 жыл – бiр мүшелге жуық уақыт. Бiр мүшелге жуық уақыт iшiнде талай игi бастамалар болып, талай игi шаралар тұсауын кестi. Осы жылдар iшiнде, көркейе-кемелдене түскен бүгiнгi Астананың тойы – ол барша қауымның тойы. Сондықтан, той – тойға ұлассын дегiмiз келедi.

Гүлзина Бектасова