Жаңалықтар

ЕЛ ИМИДЖI ЖӘНЕ ЕЛОРДА

ашық дереккөзі

ЕЛ ИМИДЖI ЖӘНЕ ЕЛОРДА

Елбасының сөзiмен айтқанда…

"…Аулада белгiсiз болашақтың есiгiн ашып, 1991 жыл тұрды. Адамзат тарихындағы ең iрi империяның бiрi КСРО-ның құлауына санаулы апталар ғана қалды. Жаңа дәуiр, ал сонымен бiрге бiз күтпеген жаңа өзерiстер келе жатты. Сексенiншi және тоқсаныншы жылдар кезеңiнде әлем индустриалдық қоғамнан постиндустриалдық қоғамға екпiндеп ендi. Ғылыми-техникалық прогресс мемлекеттiң экономикалық құрылымын ырық бермей ауыстырды, өз кезегiнде бұл ондағы қоғамдық құрылымға ықпалын тигiздi. Жаһандану алдын ала өзгерiстерге дайын тұрмаған бiздiң елiмiзге де қауiп төндiре келдi, тарихтың күресiнiнде қалатындай жағдай туды". Қазақ елiнiң тәуелсiз мемлекет құру тарихының бастауында тұрған Нұрсұлтан Назарбаев "Қазақстан жолы" кiтабында осылай дейдi.

Он тоғыз жыл бұрын әлемнiң саяси картасы түбегейлi өзгерiске түстi. Iрi мемлекеттер ыдырап, жаңадан тәуелсiз мемлекеттер құрыла бастады. Ең бастысы, соңғы он тоғыз жылдың iшiнде Қазақстан мемлекеттiк шекарасын белгiлеп, құжат жүзiнде рәсiмдедi, әлемнiң өзге мемлекеттерiмен тең дәрежеде тұрақты қарым-қатынас орнатып, көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болды, өзi де бiрқатар жаңа халықаралық ұйымдардың құрылуына мұрындық болды.

Дегенмен, Қазақстанның сыртқы саясатындағы негiзгi желi Елбасының саяси ерiк-жiгерiнен тартылатыны даусыз шындық.

Елбасы өзiнiң тәуелсiз мемлекеттiң президентi ретiндегi алғашқы ресми iссапарлары, iзденiстерi мен жүздесулерi жайлы былай деп баяндайды: "Мiне, осындай iзденiстер үстiнде бiздер сансыз сапарларда болып, шын мәнiнде, әлемдiк деңгейдегi үлкен тұлғалармен кездестiк. Бiздiң мемлекеттiң қалыптасуы Маргарет Тэтчер, Франсуа Миттеран, Гельмут Коль, үлкен Джордж Буш, Ли Куан Ю, Иоанн Павел II және басқа да көптеген көрнектi дүниежүзi қайраткерлерiнiң қызығушылық бiлдiруi кезiнде жүзеге асты. Бұндай адамдармен араласу арқылы бiздiң әлемдiк кең ауқымдағы көзқарастарымыз қалыптасты. Олармен болған пiкiр-таластар мен қарым-қатынастар маған дүниежүзi қандай даму кезеңiнде жүрiп жатқанын және Қазақстан әлемдiк картада қандай орын алу керектiгiн ұғынуға көмектестi. Бiз әрдайым ашық әңгiмеге дайын болдық, жаңа және бұрын таныс емес идеяларға құлақ асып, бiздiң атымызға айтылған сындарды дұрыс қабылдадық. Егер де басқа елдердiң тәжiрибесi бiз үшiн қызықты болса, оны батыл қабылдадық және өзiмiзге енгiздiк".

Алғашқы жылдары Қазақстан өзiн әлемге егемен ел ретiнде мойындатуы керек едi. Бұл жөнiнде Нұрсұлтан Назарбаев таратып былай дейдi: "Тәуелсiздiк алысымен алғашқы кезектегi маңызды мәселелердi шешуiмiз талап етiлдi. Бiрiншi кезекте, мемлекет ретiнде қалыптасуымыз қажет болды. Бұл дегенiңiз, билiктiң мемлекеттiк институттарын құрудың, жалпы халықаралық аренада мойындауға жетудiң, түрлi дүниежүзiлiк ұйымдарда шығып сөйлеудiң қажеттiгiн көрсеттi. Қазiр, өткенге қарайлай отырып, бұл жоспар көбiне тiрi қалу стратегиясы бола келiп, өз мақсатын орындап шықты деп нақты айта аламыз. Атап айтқанда, ол бiздiң кiм екенiмiздi, таяу және алыс болашақта кiм болатынымызды айқындап бердi".

Тәуелсiздiктiң алғашқы жылдарындағы iссапарлардың барлығы дерлiк мемлекеттiк дамудың қай бағытқа бет алатындығын анықтау үстiндегi жанталаса iздену едi. Сондай iссапарлардың бiрiнен соң "Қазақстан-2030" даму стратегиясы дүниеге келдi. "1997 жылы сәуiрде қазақстандық топ Гарвард университетi жоғары лауазымды адамдар үшiн онкүндiк семинар ұйымдастырған Бостон қаласына жүрiп кеттiк. Семинар барысында қазақстандық сарапшылар Корея, Сингапур және Малайзия секiлдi елдердiң жалпыға белгiлi стратегиялық жоспарлау тәжiрибесiмен ғана емес, бұған қоса "Боинг", "Дженерал Электрик" және "Бритиш Петролеум" сынды әлем алыптарының ұзақ мерзiмдi бизнес-стратегияларымен де танысты. Бұл лекциялар басқа елдермен және трансұлттық корпорациялармен жерi, тұрғыны, iшкi жалпы өнiмнiң көлемi мен көмiрсутегi қоры секiлдi белгiлер бойынша салыстырғандағы Қазақстанның орнын анықтауға жағдай туғызды. Семинар материалдары және жекелеген әлемдiк деңгейдегi сарапшылармен арадағы келесi байланыстар болашақ стратегияның әдiстемелiк негiзiн қалады.

"Қазақстан стратегиясы-2030" төрт кезеңге бөлiндi: 1997-2000 жылдар – дайындық кезеңi, 2000-2010 жылдар – бiрiншi кезең, 2010-2020 жылдар – екiншi кезең және 2020-2030 жылдар – үшiншi кезең, аяқталуына қарай Қазақстан дамыған елдер санатына енуi керек" дейдi Нұрсұлтан Назарбаев.

Бүгiнде бiр мүшелге шыққан Астана Қазақстанның халықаралық имиджiне жұмыс iстейтiн стратегиялық жобалардың бiрi екенi даусыз-ақ. Шындығында, Елбасының өзi бұл қаланы елорда етудi 1992 жылы ойлағанын жазады. "Менiң мойындауым керек, поэзияға аса мықты емеспiн, бiрақ, елорданы Алматыдан Астанаға көшiру үрдiсi барысында, менiң ойымнан үнемi Олжас Сүлейменовтiң "Тауларды аласартпай, Даланы асқақтатайық" деген өлеңдерiнiң бiр жолы шықпай-ақ қойды. Атап айтқанда, Алатаудың бауырындағы тамаша қаланы сақтай отырып (көбiне және осы үшiн), сонымен бiрге, Сарыарқаның төсiнде жаңа астананы салу сияқты өзiмiздiң алдымызға ең күрделi мiндеттi қойдық.

Жаңа астанаға көшу және оны салу туралы ой менде ертеректе, сонау алыстағы – 1992 жылы туған едi, бiрақ мен ол кезде мұны аузымнан шығармадым, өйткенi Қазақстанның экономикасы ойлағанды iске асыруға мүмкiндiк бермедi.

Астананы ауыстырудың басты себебi, мемлекеттiк дамудың перспективаларын толықтай жүзеге асыру болып табылды. Астананың тарихи жағынан Азия мен Еуропаны жалғастырған орталық болуы, оның республикалық басты көлiк, темiржол және әуе жолдарын байланыстырып жатуы да айтарлықтай үлкен рөл атқарды" делiнген кiтапта.

Астана жылдан-жылға халықаралық деңгейде үлкен жиындар, басқосулар өткiзетiн, шетелдiк ресми қонақтарды қабылдап алатын мегаполис қалаға айналып келедi. "Жаңа астананың болашағы шығыс пен батыс мәдениетiнiң жиынтығында болып көрiнедi. Еуразия идеясы секiлдi, идеалдың өзi де өте қарама-қайшы. Бiрақ бұл бөгет емес. Астана Еуропа мәдениетiнен прагматизмдi, ал Шығыстан – рухани дәлдiктi мұра етiп алады" дейдi Нұрсұлтан Назарбаев.

Бұл жобаның ойдағыдай жүзеге асқанының анық дәлелi – оның түрлi деңгейдегi шараларды өткiзу тәжiрибесiнiң арта түсiп, заманауи үлгiдегi, жаңа санаттағы қалаға айналуының халықаралық деңгейде мойындалуы, марапатталуы едi. "Астана қазiрдiң өзiнде әлемдiк мойындауға ие болды. 1999 жылдың шiлдесiнде қала ЮНЕСКО-ның "Әлем қаласы" сыйлығымен марапатталды, ал 2003 жылы дүниежүзiлiк жетекшi рейтингтiк "Moodys Investors Service" агенттiгiмен қаланың несиелiк рейтингi бiрден екi деңгейге – Ва3-ден (тұрақты) Ва1-ге (тиiмдi) дейiн өсiрiлдi. 2003 жылдың қыркүйегiндегi әлемдiк және дәстүрлi дiндер лидерлерiнiң бiрiншi Съезiнiң соңғы кезеңiнде биiктiгi 97 метрлiк "Бәйтерек" монументiнiң көру алаңында дiндер мен конфессиялар басшыларының ағаштан жасалған тарихи полотноға қол қою салтанаты болды, онда қазақ, орыс және ағылшын тiлдерiнде: "Әрдайым, Қазақстан – бейбiтшiлiк пен келiсiм жерi болсын". Әлем дiндерiнiң лидерлерi жер жүзiнiң барлық адамдарына бейбiтшiлiк, қайырымдылық пен келiсiм идеалдарын таратушы мемлекеттiң астанасы ретiнде, Қазақстанның жаңа астанасына бата бердi" дейдi Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның Парламенттiк Ассамблеясының кезектi жиынында сөйлеген сөзiнде Астананың 2003 жылдан берi ғаламдық конфессияаралық диалог орталығына айналғанын айтып өттi. Өйткенi, сол кезден бастап Астанада үш дүркiн Әлемдiк және дәстүрлi дiндер жетекшiлерiнiң құрылтайы шақырылып, алқалы басқосулар өткiзiлдi. Елбасының мұрындық болуымен Қазақстан Батыс пен Ислам дiнi арасында диалог орнатуды бастама етiп көтердi. Келесi жылы Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етедi. Осы ұйымның келесi жылдағы кезектi басқосуы Астанада өткiзiлмек.

Қазақстан Президентi Лондон қаласында болған бiр сапарында "Қазақстан – алға жол" атты конференцияда жасаған баяндамасында "Қазақстан – ТМД, Каспий аймағы мен Орталық Азия экономикасына ашылған берiк көпiр. Бiздiң мемлекетте жаңа идеяларға жол ашық, бiз де әлемдiк тәжiрибенi жiтi меңгеру үстiндемiз" деп атап көрсеттi. Қазақстан осы ұстынынан әлi танбай келедi.

Бұл ұстаным мемлекетiмiздiң Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық ұйымына төрағалығы тұсында айрықша көрiнбек. Елбасы бұл туралы "Бiз ЕҚЫҰ-дағы төрағалығымыз Батыс пен Шығыс қарым-қатынасындағы жаңа сатыға көтерiп, Ванкуверден Владивостокқа дейiнгi аралықта" кең аумақта сенiмнiң нық орналуына ықпал етедi деп сенемiз" дейдi.

Жалпы, Қазақстанның сыртқы саясатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзiмен баға берер болсақ: "Тәуелсiздiк алғалы Қазақстан аймақтық және ғаламдық қауiпсiздiктiң нығаюына әжептәуiр ықпал еткен мемлекет ретiнде мысал бола алады". Бұл орайда, Астана да бейбiт ұстаным мен тұрақты дамудың шынайы көрiнiсiне айналуы керек.

Гүлбиғаш Омарова