Жаңалықтар

АСТЫҚҚА ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚАУПI ТӨНДI

ашық дереккөзі

АСТЫҚҚА ҚУАҢШЫЛЫҚ ҚАУПI ТӨНДI

Ауыл шаруашылығы министрлiгiндегiлер үстiмiздегi жылы егiстiк алқаптың 700 мың гектарға көбейтiлетiндiгiн мәлiмдеген болатын. Бұл жиналатын дәндi-дақыл көлемiнiң артуына оң ықпал етерi анық. Алайда, кейiнгi кезде күннiң күрт ысынуы, құрғақшылық пен қуаңшылық, зиянкес жәндiктердiң белсендiлiгi биылғы егiнге айтарлықтай қауiп төндiрiп отыр.

Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiктiң хабарлауынша, алдағы бiрнеше күнде Қазақстанда ауа температурасы өте жоғары болмақ. Бiрнеше аймақ антициклон ықпалынан шыға алмаса, шығыс пен оңтүстiк-шығыс жақта атмосфералық ауытқулар болады. Қостанай, Шығыс Қазақстан, Оңтүстiк Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе мен Солтүстiк Қазақстан облыстарында желдiң соғуы секундына 15-22, ал Қызылорда облысында 18 метрге дейiн күшейiп, шаңды дауыл бiрнеше рет қайталанады. Күннiң күрт ысуының салдарынан көптеген аймақта өрт шығу қаупi 5-дәрежеге дейiн жоғарылайтын көрiнедi. Мысалы, дүйсенбi күнi (28 маусымда) Түркiстан қаласының аумағында болған 2 дала өртi 150 гектар жердi шарпыған. Бақытымызға орай, өрттен зиян шеккен тiрi жан жоқ. Есесiне, шыққан шығын шашетектен. Төтенше жағдайлар жөнiндегi агенттiк қызметкерлерi кез келген уақытта тұтанып кетуi мүмкiн өртке алаңдаса, ауыл шаруашылығы министрлiгiндегiлер қуаңшылықтың кесiрiнен егiн бiтiк шықпақ түгiлi қурап қала ма деп қауiптенедi. Ерте көктемде Ауыл шаруашылығы министрлiгiндегiлер биыл астық егу көлемi 700 мың гектарға көбейетiнiн және жаздық егiстiң 19,7 млн. жерге созылатынын, оның iшiнде 16,7 млн. гектар жерге астық (14,3 млн. гектары – бидай) егiлетiнiн мәлiмдеген болатын. Алайда, жазғы маусымның басында жауған жаңбыр топырақтың ылғалдылығын ұзақ уақыт сақтап тұруға жеткiлiксiз. Әсiресе, батыс аймақтағы, сондай-ақ, Қостанай, Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облысындағы күннiң ыстықтығы мен жауын-шашынның сирек жаууы дәндi-дақылдың, күнбағыстың қурауына әкеп соққан. "Жығылғанға – жұдырық" Ақмола мен Павлодар облыстарында зиянды жәндiктердiң, өсiмдiк ауруы мен арамшөптердiң кесiрiнен дәндi-дақылдың қомақты бөлiгi зардап шеккен. Сәуiр айындағы баспасөз мәслихаттарының бiрiнде Ауыл шаруашылығы министрлiгiндегi жер шаруашылығын дамыту және фитосанитарлық қауiпсiздiк департаментiнiң бастығы Анна Буць биыл шегiрткенiң таралуы 600 мың гектарға дейiн ұлғаятынын айтқан. Мамандардың пiкiрiнше, осы аптаның соңына дейiн болатын аптап ыстық жыл соңындағы егiн орағына кәдiмгiдей керi әсер етiп, қамбаларға құйылуы тиiс астық көлемiн едәуiр қысқартуы әбден мүмкiн. Қуаңшылық қаупi тек Қазқстанға ғана төнiп тұрған жоқ. Халықаралық астық трейдерлерiнiң болжамдарына сенсек, 2010 жылы егiн былтырғыға қарағанда, 15 пайызға кем жиналады. Өйткенi, сәуiр мен мамырда жауын-шашын көп түстi, бiрақ маусымның құрғақ болуы көрсеткiштерге керi әсер етпек.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ