Жаңалықтар

СОҢҒЫ 10 ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАН ИМИДЖI ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДI?

ашық дереккөзі

СОҢҒЫ 10 ЖЫЛДА ҚАЗАҚСТАН ИМИДЖI ҚАЛАЙ ӨЗГЕРДI?

Жақында "Ұлттық идея және Қазақстан имиджi" атты әлеуметтiк сауалнама жүргiзiлген болатын. Аталған зерттеулер "ұлтты қалыптастыру және Қазақстан Республикасының имиджiнiң дамуы тақырыбындағы ұлттық және этникалық бiрегейлiктiң мәнi" атты тақырыпта қоғамдық көзқарасты анықтау жайында жедел сараптама жасады.

Сауалнама "face to face" тәсiлiмен, 18 жабық және ашық сұрақ арқылы жүзеге асырылды. Олардың бесеуi респонденттiң жеке мағлұматтарына қатысты болды. Сауалдың бағытталған тобы – елiмiздiң тұрғылықты азаматтары. Сауалға 16-63 жас аралығындағы адамдар тартылды. Қорытынды нәтижелерiн зерттеу үшiн сауалнамаға Германия азаматтары да қатыстырылған болатын.

"Егер сiзден шетел азаматы Қазақстан қандай ел?– деп сұраса, қандай үш сөзбен елiңiздi суреттей аласыз?" – деген сұрақ қойылды. Ал жауаптардың көпшiлiгi мынаған саяды: адами қасиеттер мен қонақжайлылық, көпұлттылық, береке-бiрлiктегi бейбiт ел, әлемдегi ең көпұлтты елдердiң бiрi, мейiрiмдi, сенiмдi, жүзi жылы халық. Бұдан кейiнгi орында табиғат, қазбалы байлықтар, географиялық орналасудың ерекшелiктерi, аумақтың кеңдiгi туралы айтылды. Сонымен қатар кейбiр жауаптарда ұлттық нышандар да кездеседi. Атап айтсақ, Абай Құнанбайұлы, қазақ үй, қымыз, ет, домбыра, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Байқоңыр ұшыру айлағы.

Келесi сұрақта сұралушылар Қазақстан несiмен қызықтыратынына тайсалмай жауап берген. Әлбетте, тұрғылықты халықтың көбi елiмiздiң табиғат ғажайыптарына тоқталады. Бұл бiр жақты көзқарас, ал елiмiздiң саясаты, мәдениетi мен экологиясына қатысты сұрақтарға жауапта сыбайлас жемқорлық бiрден ауызға алынды. Әрбiр екiншi респондент экология және табиғи байлық проблемаларын қозғаған болатын. Себебi нашар экологиямен дамыған мемлекет болуы мүмкiн емес. Сонымен қатар елiмiздiң байлықтарының басым бөлiгi шетелдiктердiң қолында екендiгiне наразылық танытты.

Осыдан кейiн респонденттерге "Сiздiң ойыңызша Қазақстан Республикасының шетелдегi имиджi жоғары, орташа, төмен әлде мүлдем жоқ па?" деген сұраққа респонденттердiң 43,2%-ы орташа деп жауап берсе, 28,8%-ы төмен деп санайды. Ал 17,6% ешқандай имидж жоқ деп жауап бердi, тек қана 8,8% Қазақстанның имиджiн жоғары деп есептейдi.

Мемлекеттiң жағымды имиджiн қалыптастыру мемлекеттiк билiктiң негiзгi мақсаттарының бiрi. Жақсы имидж сыртқы саясатта, сауда мен экономиканың дамуында, халықты жұмыспен қамтуда, инвестицияларды алуға және де көптеген сұрақтарды шешуге көмектеседi. Ол дегенiмiз – жағымды халықаралық имиджi бар елмен барша қауым дос болғысы, араласқысы, тiлiн, дiлiн бiлгiсi келетiнiн бiлдiредi.

Осы зерттеуде әлемнiң әр түкпiрiнде тұратын адамдардан алған сұраудың тiзiмi келтiрiлген. Сұрауға қатысқан адамдардың елiмiз туралы не ойлайтыны жайлы ақпарат берiлген. Сұрау нәтижесiнде АҚШ-тан, Жапония, Қытай, Австралия, Франция, Ұлыбритания, Латвиядан 380 жауап алынған болатын.

Нәтижесiнде елiмiз жайлы ақпаратты 21%-ы интернет жүйесi арқылы, 18%-ы достарының тәжiрибесiне сүйенiп, 17%-ы ақпаратты газет арқылы, 14%-ы журнал арқылы, 14%-ы теледидар, 8%-ы радио және 2%-ы ғана өз тәжiрибесi арқылы елiмiзге баға бере алды. Сауалнама барысында мынадай қызықты жайт кездестi, зерттеу бойынша шетелдiктердiң 6%-ы елiмiз туралы кiтаптардан бiледi екен.

Шетелдiк азаматтардың 22%-ын Қазақстанның экономикасы қызықтыратын көрiнедi. Ал олардың 18%-ын елiмiздiң мәдениетi және тек қана 15%-ы саясат туралы ақпаратқа қызығушылық танытқан болатын. Қоғам өмiрi респонденттердiң 15%-ын, қаржы саласы 10%-ын, ал бiлiм деңгейi 11%-ын қызықтырды.

Сұрау салу төңiрегiнде шетелдiктерге елiмiздiң халықаралық беделiн жақсарту үшiн қандай әрекеттер жасау керек деген сұрақ қойылған. Респонденттердiң 20%-ы елдiк имидждi жақсарту үшiн инвестициялық заңнаманы өзгерту керек деп ой бөлiссе, 18%-ы туризм саласын дамыту керек деген ойда. Сонымен қоса сұралғандардың 16%-ның ойынша белсендi өткiзiлген конференциялар, форумдар, саммиттер және жәрмеңкелерде қатысуы елiмiздiң имиджiне және танымалдылығына жағымды әсер етедi. Басқа респонденттердiң ойынша имидждi инфрақұрылымдардың жақсы болуы дамытады. Инфрақұрылымдарға жақсы жолдардың, көлiктердiң, қонақүйлердiң, коммуникациялардың халықаралық деңгейде болуын атаймыз.

Ал Қазақстанның имиджi ел iшiнде немесе шетелде қалай қалыптасады деген сұраққа респонденттер екiжақты жауап айтты. Бiрақ сұралғандардың үштен екiсi Қазақстанда десе, 29%-ы шетелде деп жауап бердi. Сондай-ақ 41 пайызы саясаткерлер елдiң басты имиджмейкерi деп санаса, 38%-ы кәсiпкерлер, 14%-ы елдiң азаматтары, 8%-ы зиялы қауым, 5%-ы аталған қоғам мүшелерiнiң барлығы имиджге әсер етедi деп жауап берген болатын.

"Сiздiң көзқарасыңыз бойынша соңғы он жылда Қазақстанның имиджi қалай өзгердi?", – деген сұраққа сұралушылардың 95%-ы жақсарды деп жауап қайтарды. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықпен нәтижелi күрес арқасында ғана инвестияцияларды тартуға болатыны да айтылған. Сонымен қоса БАҚ елiмiздiң имиджiне айтарлықтай әсер етедi екен. Елiмiз жайлы ақпаратты интернет желiсi арқылы алады, алайда осы ақпараттың 1/3-i ғана сенiмдi.

Сұраудың нәтижесiне қарап елiмiздiң имиджiнiң жағдайын көре аламыз. Аталған сұрауға қарап елiмiздiң имиджiн жақсартудың бiрден-бiр жолы экономикамыздың жақсаруы екенiн байқауға болады.

Айжан ҚҰРМАШЕВА