ЗИЯТКЕР ҰЛТТЫҢ ЗАМАНАУИ УНИВЕРСИТЕТI
ЗИЯТКЕР ҰЛТТЫҢ ЗАМАНАУИ УНИВЕРСИТЕТI
ЛОНДОН МЕН СИНГАПУР АРАСЫНДАҒЫ ТЕҢДЕССIЗ ОҚУ ОРДАСЫ АШЫЛДЫ
Бiлiмге құштар Қазақстан жастары әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi бiлiм ордаларынан дәрiс алып келдi. Халықаралық талаптарға сай жоғары бiлiм беретiн университет кез келген мемлекеттiң мақтанышы болып есептеледi. Мұндай оқу ордалары Ұлыбритания, Франция, АҚШ сияқты елдердiң абыройын асқақтатып жүр. Жақында ағылшын тiлi мен озық технологияларды жетiк оқытып, ғылымның түрлi саласынан дәрiс беретiн университет Астана қаласында да ашылды. Ол ресми түрде "Назарбаев университетi" деп аталды. Тұңғыш Президенттiң есiмiн иеленген университет биыл 500 студенттi қарсы алмақшы.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осыдан екi жыл бұрын елiмiзде осындай халықаралық университет ашылуын алға тартқан едi. Бұл бастаманың негiзгi мақсаты – жастардың әлемдiк жоғары деңгейде бiлiм нәрiнен сусындап, ел үшiн қажеттi маман даярлау болатын. Сондай-ақ шетел асып, алысқа бармай-ақ өз астанамызда халықаралық дипломға ие болу мүддесi көзделдi. Жаңа университеттi құру жобасының тартымдылығы – Қазақстанның жастары елден шықпай-ақ жетекшi шетелдiк жоғары оқу орындарында ұсынылатын сапасына сәйкес бiлiм алады. Осыған дейiн "Астана университетi" аталып кеткен бiлiм ордасының өз есiмiмен аталуына Елбасы келiсiм бердi, мiне осыдан кейiн тұңғыш "Назарбаев университетiнiң" ашылуына дайындық басталып та кеттi.
– Бұл университеттiң мағынасы мен жағдайы басқа. Бұл университет биылдан бастап жұмыс iстейдi. Қазiргi жұмыс iстеп жатқан интеллектуалды мектептердiң түлектерiн сараптап қабылдайтын болады. Мемлекет осыған биылдан бастап 500 грант бөлiп отыр. Бұл жерде үш ғылыми орталық болады. Шетелдiк профессорлар жұмыс iстейдi. Болашақта зияткер халық, интеллектуалды басқарушы ұйымдар мен ғылымды өркендететiн жастар осында тәрбиеленедi, – дедi Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашылу салтанатында. Бұл басқалардан жөнi бөлек, бәсi жоғары бiлiм ордасы, Елбасы айтқандай, Лондон мен Сингапур арасындағы теңдессiз оқу орнына айналмақ.
Биылғы оқу жылына студенттердi iрiктеу басталды. Бүкiл республика аймақтарында мектеп түлектерiне сынақ ұйымдастырылды. Ал ең бастысы, университеттiң бiлiм беру базасы шетелдiк оқу орындарынан кем түспейтiн болады. Астананың жаңа университетi әлемнiң үздiк 30 жоғары оқу орындарымен ынтымақтасуда. Студенттерде 1 оқу семестрiнен бастап 2 жылға дейiн шетелдiк жоғары оқу орындарында – серiктестiктерде оқуға мүмкiндiк берiледi.
Нұрсұлтан Назарбаев атындағы университет әлемнiң маңдайалды университеттерiмен бiрлесiп жұмыс iстемекшi. Қазақ жастарына дәрiс беруге шетелдiк 11 жоғарғы оқу орнынан ғалымдар шақыртылды. Алайда, халықаралық бiлiм ордасының елiмiзде ашылуы "Болашақ" бағдарламасымен шекара асатын бiлiмгер санын анағұрлым азайтпақ. Елбасының берген тапсырмасына сәйкес, медицина, инженерия және энергетика салаларына тағайындалатын "Болашақ" бағдарламасының шәкiртақысы бұдан былай алынып тасталады. Өйткенi, аталмыш мамандықтар ендi Назарбаев атындағы университетте даярланбақ. Оның үстiне "Болашақ" бойынша шетелде бiлiм алатын жастардың басым көпшiлiгi елге оралуды мақсат тұтпайды. Ендеше Қазақстанның жүрегi Астанамызда ашылған университет түлектерi Отан үшiн қызмет етсе құба-құп.
– Бүгiнде "Болашақ" бағдарламасының шамамен 300-дей түлектерi Қазақстанда жұмысы мен бiлiмiн жалғастыруда. Ендi бұдан былай инженерлiк, техникалық және медициналық кадрларды шетелде оқытпаймыз, дәл осы жаңа университетте дайындайтын боламыз, – дедi Президент дүйсенбi күнi Nazarbaev University-дiң ашылу салтанатында сөйлеген сөзiнде.
ПРЕЗИДЕНТТIК СТИПЕНДИЯЛАР ҚЫСҚАРТЫЛАДЫ
1994 жылдан бастап шетелдiк оқу орындарында қазақ жастары бiлiм алып келедi. Ал жыл сайын 3 мыңға жуық студент шетелдiк оқу ордаларында оқиды. Ал биылғы жылы 1007 стипендиатқа орын әзiрленiп қойған. Қазақстан "Болашақ" бағдарламасы аясында шетелдiк ЖОО-ларда оқитын мамандықтар тiзiмiн қысқартты. "Назарбаев университетiнде" болатын мамандықтардың кең ауқымын ескере отырып және қаржыны елiмiздiң оқу жүйесiне жолдау мақсатында, "Болашақ" президенттiк бағдарламасында қазiргi уақытта белгiленген ұқсас мамандықтарды қысқарту жөнiндегi мәселе қаралды. Ақордада сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевтың төрағалығымен шетелде кадрлар даярлау жөнiндегi республикалық комиссиясының кезектен тыс мәжiлiсi болып өттi.
"Назарбаев университетiнде" болатын мамандықтардың кең ауқымын ескере отырып және қаржыны елiмiздiң оқу жүйесiне жолдау мақсатында, бiз "Болашақ" президенттiк бағдарламасында қазiргi уақытта белгiленген ұқсас мамандықтарды қысқарту жөнiндегi мәселенi қарауға тиiспiз. Ендi аталған мамандықтар бойынша үмiткерлер осы университетке оқуға жiберiледi", – дедi Қ.Саудабаев. Сондай-ақ, "Болашақ" халықаралық стипендиясын тағайындауа бiршама өзгертулер енгiзiледi.
– Қазақстанның тұңғыш Президентi атындағы халықаралық университет жас мемлекетiмiздiң келешегiне зор ықпалын тигiзедi. Жаңа оқу орны жас қазақстандықтарға жоғары деңгейлi бiлiм және халықаралық дәрежедегi диплом бере алады. Бұл оқу орнының арқасында Астана бiлiм және ғылым орталығына айналады деп сенемiн, сондай-ақ елiмiздiң бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттырады, – дедi ол.
"Назарбаев университетiнiң" басты әрiптесi Лондон университетi болып табылады. Бiлiм стандарттарын енгiзiп, бекiтетiн де солар. Осы орайда "Болашақ" бағдарламасы бойынша Ұлыбританияда дәрiс алуға мүмкiндiк азайды: бакалаврлық бiлiм мүлде тоқтатылып, магистр дәрежесiне ғана құжат қабылданбақшы. Себебi, оқытушылардың басым көпшiлiгi осы елдегi Оксфорд, Кембридж оқу орындарынан алынбақ. Осылайша аталған университетiң түлектерi Қазақстанда да, шет мемлекеттерде де мойындалатын ЖОО дипломын алады. Нazarbaev University Астананың сол жақ жағалауында 80 га. аумаққа орналасып, онда университет ғимараты, студенттер жатақханасы, профессорлық-мұғалiмдер құрамына арналған үйлер мен т.б. ғимараттар орналасқан.
Елбасы Қазақстан алдына үлкен мiндеттi – жаңа индустриалдық-инновациялық экономиканы құру мiндетiн қойып отырғанын еске салып өттi. Елде заманауи өндiрiс орындары ашылуда. Жаңа кәсiпорындардың жұмыс iстеуi үшiн жаңа мамандар қажет.
– Қазiргi әлемде бiлiм мен интеллектуалдық әлеует ұлттық байлықтың негiзiне айналып отыр. Бiз мұны түсiнемiз. Бүгiнде онсыз елдiң ұзақ мерзiмдi орнықты дамуы мүмкiн емес. Бiз сондықтан балалардың бiлiм алып шығуы үшiн барлық қолайлы жағдайды жасап отырмыз, – дедi Президент.
2009 жылмен салыстырғанда, биылғы жылы бiлiм беру саласына бөлiнген қаражат 30 пайызға артты. Заманауи ақпараттық технологияны оқытуға ерекше көңiл бөлiнуде. Ал аталмыш халықаралық бiлiм ордасының шетелде де мәртебелi болғаны абзал, себебi Астанадағы университетке әлемнiң түкпiрлерiнен студенттер ағылатын болады.
Ақниет ОСПАНБАЙ