Жаңалықтар

ЖАЯУ САЛДЫҢ СЕРУЕНДЕРI

ашық дереккөзі

ЖАЯУ САЛДЫҢ СЕРУЕНДЕРI

Халқымыздың "Атың барда жер таны желiп жүрiп, асың барда ел таны берiп жүрiп" дейтiн даналығын даңғыл жүрегiне ұялатқан жандардың бiрi филология ғылымдарының докторы, профессор, жазушы-ғалым Тұрсынбек Кәкiшұлы. Ол кiсi тау асып, тас басып жалғанды жаяу кезiп жаһангез атанбағанымен аяғы жеткен жерлердi әлiнше аралап, жол қадiрiн бағалап жүрген жангештi жан.

Бұлайша ой қорытып, қолыма қалам алдырған жақында Алматыдағы "Глобус баспа үйiнен жарық көрген Т.Кәкiшевтiң "Жаяусалдың серуендерi" атты кiтабы. Әуелi кiтапты қолыңа алғанда көзiң түсер мұқабасынан да бiраз сырға қанығуға болатын сыңайлы. Атының өзiнен айтарын ұғындырған кiтаптың бiр тысынан кербез көкше көзiңе ұрылса, ендi бiр бетiндегi бетбақ дала беймәлiм бағыттарға жетелейдi. Шынымды айтсам, "Жаяусалдың серуендерiнiң" алғашқы бетiнен бастап, ақырғы бетiн жапқанша Тұрсекеңмен жаһанда бiрге жүргендей, теңiздi бiрге жүзгендей күй кештiм.

Профессор Т.Кәкiшевтi әдебиет сыншысы, ғалым-жазушысы ретiнде алғашқы кiтабы "Октябрь өркенiнен" бастап жазылған еңбектерiнен жақсы бiлгенiммен мынау жинағынан кейiн тау тұлғалы азаматты тағы бiр қырынан тануға құмарттым. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Унверститетiнiң Филология факультетiнiң табалдырығын алғаш аттаған шағымда осы кiсiнiң алдынан дәрiс алғаным әлi есiмде. Қазақ әдебиет сынының тарихынан лекция оқитын қасқабас ағайдың сабағына ұйыған студенттердiң 80 минут уақыттың қалай өткенiн бiлмей, аңтарылып отыратынын көз алдыма елестетсем, ұлы тұлғаның шәкiртi болғанымды мақтаныш сезiнемiн. Сол кездерде өзге ағай-апайлардың "Тұрсекеңнiң лекциясына мұқият бол, ол кiсi өзi бiр институт қой….",– деген сөздерiнiң мән-маңызын ендi түсiнгендеймiн.

Ең алғашқы сапарын 18 жасында "Әртiс болам-ау" деген арманмен Ақмоладан Алматыға оқуға аттанудан бастаған Бұландының бұл баласы өмiр бойы жаяусалдың образын сомдайтынын ол кезде ойламаған да едi. "Өмiрiме өзек болып келе жатқан бiр құмарым – ел көру, саяхат құру….1974 жылдан бастап каникул кезiнде саяхатқа шығуды машыққа айналдыра бастадым…. Тегiнде, менiң қанымда қазақ көшпендiлiгiнiң бiрдемесi қалып қойған сияқты…." деп ғалымның өзi айтқандай, ағамыз аялдап жұмыс iстеуi айдан асып кетсе амалын тауып, жортып кетiп отырады екен. Мүмкiн бұл көкжалдық мiнез Тұрсекеңе туған жерiнен дарыған қасиет болса керек. Өйткенi, Т.Кәкiшев 1927 жылы 15-тамызда Ақмола облысының Бұланды ауданына қарасты Бөрiлi деген жерде дүниеге келiптi.

"Өзге емес өзiм айтсам" дейтiн ғұмырнамалық мақаладан бастау алған "Жаяусалдың серуендерi" ары қарай "Совет одағы деген кешегi алып елдiң талай өңiрiнiң дәмiн алған" ағамыздың Польша, Франция, Қытай, Иран, Түркия, Египет қатарлы шет елдерге жасаған саяхаттарынан жазылған жолжазбаларымен жалғасын табады. Өзiне тән жазу стилi бар ғалымның естелiктерi ескiрмейтiн мұра. Айтуға жолжазбалар болғанмен саналы жүрекке жетер салиқалы ойы бар бұл еңбек, келешек үшiн таптырмас олжа. Бұл жинақта жарияланған тәлiмдiк ғибраты мол сапарнамалар бұрын-соңды басылым беттерiнде жарық көрген, қоғамның әлеуметтiк мәселелерi, алаштың ардақты ұлдары, ел тарихы жайында қалам тербеткен ғалымның Кама, Волга, Дон су жолдарымен шетелдерге жасаған саяхаттарының жолжазбалары қашанда ұлттық мүдденi алға қоятын ғалымды тағы бiр қырынан танытады.

Көңiлдi сапарладың соңғы нәтижесi де өнiмдi болса керек. Академик жазушы Сәбит Мұқановтың "Жылына бiр рет қазақ даласын араламасам, жоспарлы iсiмнiң бiр саласы орындалмай қалғандай тынысым тарылып, қанатымды жаза алмай жүремiн, жолда тынығамын…" дейтiн салмақты сөздерiнен цитата алған Тұрсекеңнiң "өзiнiң жазып жүрген шығармаларына жаңа эпизод, соны пейзаж, қызықты кездесулер керек болғандықтан, Сәбең сапарға шығатын болса, менде ондай мақсат болып көрген емес бұған дейiн. "Жүргенге жөргем iлiнедi" деген емес пе, кейде көзбен көрiп, көңiлмен шолған уақытта шаттанып кетiп, қолыңа қалам алғың келедi. Оны орындау үшiн жалқаулықты, ерiншектiктi жоя бiлуiң керек көрiнедi. Осы жазбалардың көбi көз қуанып, көңiл толған кезде өзiнен өзi жазылды" деуi де осыны ұғындыратын сыңайлы. "Өмiр мектебiнен" дәрiс алған Сәбеңнiң жолын жалғаған жаһангездердiң бұлай болмасқа қақысы да жоқ едi. "Менде сондаймын" демегенiмен Тұрсекеңнiң де көп демалысының жол үстiнде, сапарлер мен саяхаттарда өтетiнiне осы кiтап арқылы көз жеткiзгендеймiз.

Бұл кiтап жалаң баяндаумен жазылған жол естелiгi емес, қайта әдеби тiлмен жазылған архивтi дерек, ғылыми еңбек. Жоғарыда ғалымның Қытайға, Мекке-Мединеге де жолы түскенiн айтып өттiк. Саналы оқырмандарының қатарында осы кiтаптан сол сапардың жолжазбаларын да iздестiрдiм. Бiрақ кездестiре алмадым. Әңгiменiң ретi келгенде айта кетейiн, өмiрдегi қамқор ағам, ғылымдағы ұстазым болғандығы үшiн Тұрсекеңмен жиi жолығып, сыр-сұхбатта болатын едiм. Сондай сырласулардың бiрiнде ағамыздың "неге екенiн бiлмеймiн, Қытай мен Мекке-Мединеге және елiмiздiң бiраз облыстарына барған сапарларым жазылмады, қаламым жүрмедi" деген едi. Соған қарағанда жақын жылдарда жарық көрер жаяусалдың жолжазбалары әлi де жеткiлiктi сыңайлы.

Не iсте болса да кесiмдi пiкiр, ұтымды ойын айта бiлетiн Тұрсекеңнiң туа бiттi мiнезi жолжазбаларынан да жиi байқалады. Сонымен бiрге ұлтым деген ұлдың ғана қолынан келер кешiрмелердi де кездестiруге болады.

Сөзiмiздiң дәлелi үшiн бiрер дерек айта кетейiн. Осы кiтаптағы ойға қонымды тақырыптың бiрi – "Оралман мәселесiне оралғаны оңды болды" дейтiн мақала. Шығын болса да шындықты айтуды мақсат еткен бұл мақала он жылдың алдында жазылғанымен, әлi де өз құндылығын жойған емес. Дәл бүгiнгi күннiң де өзектi мәселесi болып отыр.

Тұрсекеңнiң бұл мақаланы жазуына алыс-жақын шетелдерге жиi барып, ондағы қандастарымыздың жәй-күйiн көзiмен көрiп, көңiлмен түйгендiктен болса керек. "әл-Фараби атындағы Қаз МҰУ-нiң 90-жылдары "Қазақ диаспарасының рухани әлемi" орталығын ашып, Қытай, Монғолия, Түркия мен Иранға арнаулы эспедициямен барғанда көрiп, бiлгенiмдi елге жеткiзiп қана қоймай, қайтсе оңтайлы шешiмi табылар екен деген ойлар өзiмдi көптен берi қатты мазалап жүрген болатын…" деп өзге елдегi бауырластардың тағдырын өз мүддесiндей ойлаған ағамыздың ел болып ойластырып, оңтайлы жолын iздеген бұл iстегi үлкен азаматтығы бәрiмiздi қуантады. Осындай жемiстi еңбектiң нәтижесiнде алғашқылардың бiрi болып Т.Кәкiшұлының жетекшiлiгiмен Зұфар Сейiтжанұлы Қытай қазақ әдебиетi жайында докторлық, Есенгүл Кәпқызы Монғолия қазақ әдебиетi жайында кандидаттық дисертациялар қорғады. Бұл еңбектер қазақ әдебиетi тарихын зерттеуге қосылған сүбелi үлес болып табылады.

Жасыратыны жоқ, Тұрсекеңнiң 90-жылдар көтерiп, қол салып кiрiскен бұл iстерiн, бүгiнгi таңда Көшi-қон комитетi мен Дүниежүзi Қазақтар Қауымдастығы бiрлесiп атқара алмай жатқанын ешкiмде жоққа шығармайды. Алыстан аңсап келген ағайындарға "келiмсектер", "қашып кеткендер" немесе "оралмандар, оңбағандар" деп ат қойып, айдар тағып, өз бауырын өзекке тебетiн опасыздар осындай мақалалардан кейiн қайтып жер басып жүретiнiне таңым бар. Ондайларға әлi де болса Тұрсекеңнен азамматтық пен адамгершiлiктiң жолын үйренсе кеш болмағанын да ескерте кеткiм келедi.

Кiтаптағы тағы бiр сүбелi тақырып "Көз қуанып, көңiл толған сапар". Бұл жолжазбада ағамыздың өркениеттiң алғашқы бесiгi атанған Мысыр (Египет) елiне сапары туралы баяндалады. Ондағы менiң көңiлiмдi аударған тұсы, ғалымның Мысыр әдебиетiне байланысты тұшымды ойлары. Бейбарыс сұлтаннан бастау алатын Мысыр елiндегi қандастарымыздың рухани болымысын тiлге тиек ете отырып, әдебиетiмiздiң сол жақтағы бастауларының көзiн ашуға тырысады. Қазақстандағы қазақ әдебиетiнен басқа рухани қазынамыз жоқтай сезiнетiн "оқымыстыларға" осындай деректердiң ауадай керек екендiгi айтпасада түсiнiктi. Олай болса, осы жазбада айтылған жәйiттерде талай ғалымның iзденiсiне жол ашар дерек көздерi болуы әбден мүмкiн.

Ғалымның өзi айтқандай "тағдырына айналған" Сәкен тақырыбы да бұл кiтапта кеңiнен сөз болады. Сонымен бiрге "Сарыарқа серуендерi" де оқырман сүйiнiп оқитын тақырыптардың бiрi деп айтуға болады.

Бiз бұл мақаламызда әр жолжазбаның астарына үңiлiп, талдап жатуды мақсат тұтпадық. Қысқа қайырғандағы түйгенiмiз осы.

Әрине, әлем шарлау әлi жеткеннiң бәрiнiң қолынан келгенiмен барған елiнен, көрген жерiнен өз елiне, ұлтына, ұрпағына керегiн ыждағатпен жинақтап, шаң басқан құжаттарды аянбай ақтарып, жалықпай жинап бұлайша еңбек ету тек Тұрсекең сияқты үлкен жүректi азаматтың ғана қолынан келетiн қайсарлық пен қасиет екенiн қызғанышсыз айтуға болады. Өйткенi, онсыз да сөздiң қадiрi кетiп, әдебиеттiң абыройы азайған шақта техникаға иек артқан бос буын ұрпақ ұлт ертеңi деп жол шегiп, көз майын тауысып, шаң жұтып архивте отырмайды. Сол тұрғыдан келгенде бұл кiтаптың мән-маңызы арта түсерi хақ.

Талапбек ТЫНЫСБЕКҰЛЫ Ақын, М.О.Әуезов атындағы

Әдебиет және өнер институтыныңкiшi ғылыми қызметкерi