АСТАНАНЫҢ ТОЙЫНА ТАРТУ
АСТАНАНЫҢ ТОЙЫНА ТАРТУ
Астанада алғаш рет мюзикл қойылатын болды
Жанрлардың iшiнде мюзиклдың орны бөлек. Өйткенi, онда диалог та, ән де, музыка да кездеседi. Мюзиклдың тағы бiр ерекшелiгi – онда хореографияның рөлi маңызды. Сол маңызды жанр Астана күнiне орай 25-26 маусым күндерi Елордада Бейбiтшiлiк пен келiсiм сарайында қойылатын болады.
Астанада тұңғыш рет қойылайын деп жатқан мюзиклдың авторы – Алмас Серкебаев. Ұзақ жылдар бойы Америкада тұрған Алмас Серкебаевқа мюзикл жанры аса жат емес. Ал, либреттосын жазған – Юрий Кудлач. Мюзиклдың қоюшы режиссерi – Ресейдiң халық әртiсi, Қазақстанның Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, "Достық" орденiнiң иегерi Юрий Александров. Мюзиклда өнер көрсететiн әртiстердiң барлығы дерлiк Күләш Байсейiтова атындағы Опера және балет театрының ұжымы.
Мюзиклдың оқиғасы да ерекше. Астананың әуежайына Жапониядан Асами есiмдi қыз келiп түседi. Жапондық бойжеткенге әуежайда Арман есiмдi қазақ жiгiтi ғашық болып қалады. Ал, Асамидi Тамура есiмдi жапон жiгiтi қарсы алады. Бiрақ, жапон қызы Тамураны емес, Арманды ұнатып қалады. Асамидi Арманға ғашық еткен Естайдың "Құсни Қорланы". Арманның әуездi әнi қыздың жүрек қылын шертiп, ғашық етедi. Соңында қыз бен жiгiт қосылады. Мюзикл соңы жар-жармен, қазақы тоймен аяқталады. Мюзиклдың тағы бiр қызығы, Асамидiң атасы кезiнде тұтқынға түсiп, Қазақстанда болған екен. Мұнда оны қазақтың бiр келiншегi өз қамқорлығына алып, бағып-қаққан екен. Ұзақ жылдардан соң, қазақтардан көрген жақсылығын ұмытпаған жапон шалы өз немересiне Қазақстанды көрудi өсиет етiп қалдырады.
Мюзиклдың басты мақсаты – Астана жастарының қандай екенiн елге көрсету. Елорданың махаббаттың қаласы екендiгiн, бейбiтшiлiктiң мекенi екендiгiн дәлелдеу болса керек.
Едiге БЕКТАС