Жаңалықтар

"ҚАРАЖОРҒА" АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚТЫ ӘСПЕТТЕУДI МАҚСАТ ЕТТIК...

ашық дереккөзі

"ҚАРАЖОРҒА" АРҚЫЛЫ ҚАЗАҚТЫ ӘСПЕТТЕУДI МАҚСАТ ЕТТIК...

Өткен аптада Алматыда Қазақ филармониясында "Қаражорға" өнер ұжымының" концертi болып өттi. Концертке негiзiнен Қытайдан келген өнерпаз қазақ жастары қатысты. Концерт қазақтың шертпе күйiмен ашылып, "Қаражорға" биiмен шымылдығын жапты. Қытайдың Шыңжаң автономиялы районынан арнайы ат терлетiп келген әншi сазгер Ахметжан Рабжанұлы, әншi сазгер, "Қаражорға" биiнiң әнi мен сөзiн жазған Қажымұрат Шешенқұлұлы секiлдi бұлбұл көмей әншiлер Алтайдың арғы бетiнде жиi айтылатын, алайда Қазақстанға аса таныс емес халық әндерiн шырқап, қазақтың дәстүрлi халық әнiнде ерекше орын алатын Алтай мектебiнiң өзгеше үлгiсiн көрсеттi. Сондай-ақ, көңiлдi кеште қазақтың ұмыт болып бара жатқан халық билерi билендi. Шертпе күйлерi шертiлiп, домбыра мен гитара дуэтiндегi қазақ күйiнiң орындалуы көрерменге ерекше көңiл күй сыйлады.

Құрылғанына бiр жылдай уақыт болған "Қаражорға" өнер ұжымының басты мақсаты шеттегi қазақтың бай мұрасын атамекенге жеткiзу және сақтап қалу. Бұл жайында "Қаражорға" өнер ұжымының жетекшiсi Талапбек Тынысбекұлы өз ойын былай жеткiздi:

– "Қаражорға" өнер ұжымының мақсаты үлкен. Ол шетте жатқан қазақтың рухани бай мұрасын атамекенге жеткiзу, насихаттау. Тағдырдың жазуымен Қытайда, Ресейде және Өзбекстанда қалып кеткен қазақтар нақты тарихын бiле бермейдi. Негiзiнде шеттегi қазақтар өзiнiң атамекенiнде отыр. Тек, қазақтың байырғы мекендерiн империялар бөлiске салғаны болмаса. Бiз осы бөлiнiсте шетте қалған қазақтардың ғасырлар қойнауына енiп бара жатқан рухани мұрасын сақтап қалуға және оның Қазақстанға кеңiнен таралуына мұрындық болсақ деймiз. Өйткенi, бұл мұра – өзгенiң емес, қазақтың мұрасы. Қазақ өнерiнiң бөлiнбес бiр бөлiгi. Бүгiнгi концертiмiз бiздiң алға қойған мақсатымыздың бiр парасы ғана.

Қазiр "Қаражорға" өнер ұжымының құрамында қырықтан астам өнерпаз бар. Арнайы "Қаражорға" продюсерлiк орталығын құрып жатырмыз. "Қаражорға" атты журнал шығармақ ойдамыз. Бiз тек өнерлi жастарды жинауды ғана мақсат етiп отырған жоқпыз. Шетелден келген қазақтардың рухани-мәдени әлемi болады деген ойдамыз. Бiздiң былай басқосуымыз бүгiнде тоқырап тұрған қазақ көшiне сәл де болса септiгiн тигiзе ме деген үмiтiмiз де жоқ емес. Өйткенi, шеттен келген қазақтардың нарқасқалары мен марқасқаларын үкiлеп халық алдына шығарып, дүйiм қазаққа танытып жатсақ, артта жүрген қандастарымыздың да елге оралуға деген құлшынысы арта түсер едi.

Ал, өнер ұжымының мүшесi Тұрсынбек Кешубайұлы болашақта концерттерiнiң барлығын фонограммасыз өткiзудi мақсат етiп отырғандықтарын жеткiздi:

– Осы кеште бiз әрбiр әншiнiң табиғи дауысымен ән салуын қадағалауды мақсат еттiк. Өкiнiшке қарай, Алматыдағы өнер ордаларының басым көпшiлiгiнiң акустикасы бұған келе бермейдi екен. Оның үстiне теледидарға түсiрудiң де өзiндiк техникалық қиындықтары бар екен. Сол себептi де бiз бұл жолы бiр әндi әншiнiң өз дауысымен, екiншi әндi фонограммамен орындауына мәжбүр болдық. Болашақта бiз фонограмманың тамырына балта шабуды көздеп отырмыз.

Е. БАЙНҰР